Жуырда белгілі көсемсөзші, БАҚ саласындағы Президент сыйлығының лауреаты Айтбай Сәулебектің Астанадағы «Фолиант» баспасынан шыққан «Тәуелсіздік нұры» атты кітабы қолымызға тиді. Әріптесіміздің жинақтағы ең бірінші мақаласы «Елбасы үнін өшірген полигон» деп аталыпты. Көп айтылып, көп зерттелген полигон ғой, 1998 жылы жазылған мақалада айтылған дүние қазір өзектілігін жойған шығар деген оймен салғырт қарап шықпақ едік. Қайдағы... Қаламгердің жүрек түбінен шыққан жолдар адамды бірден тартып әкетеді екен. «Радиациядан есеңгіреп қалған жұрттың ұлттық намысқа шауып, өзіне жасалған қастандықпен күресуге шамасы жетпеген-ді. Алдымен адамдарды жалмаған атом біртіндеп Жер-Ананы ауруға шалдықтырды», дейді Айтбай. Одан әрі күрсінісі көбейіп, күңіренген Жер-Ананың бойындағы кейбір пенделердің адамдықтан жұрдай болып, азып бара жатқанын жолай түйрей кетеді. Мәселен, атомның зардабынан екі қолсыз туса да өмірден үмітін үзбеген қайсарлығымен даңққа бөленген, дарынды суретші, полигонның сұмдығын Олжас Сүлейменовтің қатарында тұрып бүкіл әлемге жеткізуші Кәріпбек Күйіковтің өзінен көмірін жеткізіп алуға көлік сұрағанда 40 мың теңге талап еткен аудан әкімі сондайлардың «сойынан» екені анадайдан көрініп тұр...
Айтбай Сәулебектің қай мақаласын оқысаң да ішкі сезіміңе әсер етіп, тосын ой, өзгеше күй тудыратынын барлайсың. Мәселен, ол Президент Н.Назарбаевтың металлург мамандығын алған Днепродзержинск қаласында болғаны туралы жазады. Бұл қалада біз де болғанбыз, сондықтан жаңалығы бола қоймас деп ойлаған едік. Бірақ автор біз білсек те көңіл аудармаған бір фактіні жол-жөнекей айта кетіпті. Ол – Украинада, әсіресе Днепр өзенінің бойындағы жер-су атауларында қыпшақ сөздерінің көптігі еді. Осының өзімен-ақ ол Украина даласында біздің ата-бабаларымыздың ізі қалғанын мегзей кетеді.
Жемқорлық туралы жазылған мақаласында Айтбай оның жеті ағайынды екенін айтады: 1.Жемқор. 2. Дүниеқор. 3. Пайдакүнем. 4. Сұғанақ. 5. Қомағай. 6. Қанағатсыз. 7. Парақор. Әрине, осындай кеспірлердің біріне шырмалған адам қалай жемқор болмасын? Адам өз басындағы осындай ластықпен күресе білсе, бәлки жемқор болмақтан адаланар еді дегенді айтады ол.
Жасыратыны жоқ, осы күні кейбір жерлерде, әсіресе әділетсіз, адамгершілігі жоқ инвесторлар өндірістерді сатып алып, ел мен жерді билеп алған аймақтарда қазақ даласы қайғыдан күңіреніп кетті. Алпауыттар қазақ заңын сақтамайды, ал сатымсақ соттар мен пасық прокурорлар оларға заң талабын орындатудың орнына пара алып, солардың сөзін сөйлейді. Сондайда тек баспасөз ғана шырылдап ара түсіп, шыж-быж болып жатады. Айтбай Сәулебек те әділетке ара түсетін сондай лектің алдыңғы шебінде жүреді. Мәселен, бір баласы «Қазақмыстың» руднигіндегі апаттан қаза болып, екіншісі соның карьеріндегі опаттан өліп қала жаздаған ананың көрген құқайын, заңға тиіс берілуге тиісті жәрдемақыны ала алмай басын тауға да, тасқа соққанын боямасыз жазады. Алдына барған Жоғарғы соттың бір судьясының: «Бір балам өлді деп шапқылап жүрсің, баяғыда соғыста қазақтың бес баласы бірдей өлген», деген сөздері әбден тойынып, адамгершіліктен жұрдай болған судья, яғни әділеттің «әділ таразышысының» қандай күйге жеткенін де көрсетеді.
Жалпы кітап барынша тартымды, оқырманын селқос қалдырмайтын дүние.
Жақсыбай САМРАТ.