Қасым Аманжолов – 100
Қасым туралы көп шындық бүгінгі күнге дейін айтылмай келеді. Ақын туралы елдің білетіні, тек оның өлеңдері. Ал оның арғы тегі, туып өскен жері туралы мағлұмат аз. Өмірдерегінде Қасым Қызыл Көшен тауының етегінде туған деп жазылған. Ал оның қай жердегі тау екені айтылмайды. Қасым кедейден шыққан, жеті атасынан жарымаған әулет еді дейтіндер де бар. Мұнысы өрескел әрі дөрекі қателік. Бұл кеңестік идеология өзіне бейімдеп, қолдан жасап алған ақынның өмірбаяны. Бүгінгі күнге дейін қасымтану кенже қалып келеді. Қоғамның Қасым турасындағы ойы өзгерген жоқ...
Қасымның әкесі Рақымжан сері болған адам. Ауыл балалары оның атын жетектеп әкелуге құмар көрінеді. Өйткені, аттың тұсауына айналған жібекті алса, белдеріне белдік қып тағып, бір жарып қалмақ. Рақымжан ескі салтпен екі-үш әйел алған. Қасымның шешесі қожаның қызы. Қожалар қызын қалыңсыз бере ме ол кезде. Оның үстіне тоқалдыққа. Ойланып отырсақ, Қасым кедейден шыққан деген кеңестік идеологияның жаңсақтығы осыдан-ақ көрініп тұр. Бүгінде бұл түсінікті өзгертуге әбден негіз бар. Ақын турасында тың деректер табылуда. Таратып айталық.
Ақынның ауылы Сарыобалыға жол түскен. Ұзынқұлақтан Қасымның кіндік шешесіне Рақымжан әулеті сыйлаған күміс білезік пен жүзік табылыпты-мыс. Елдің айтуынша, ол осы ауылдың тұрғыны Дәулетқазы Егізбаевтың үйінде. Анығында солай екен. Сарыобалыға жеткесін құлақпен естігенді көзбен көріп, қолмен ұстадық. Әңгімеміз әріден басталды. Шежіреге жетік, майда тілді Дәукең құнды жәдігерлер турасында былай әңгімеледі:
– Шәрия менің нағашы әжем. Мына жәдігерлер анам Жұмабикеден қалған. Шәрия әжем 1973 жылы біздің шаңырақта дүниеден озды. Ол осы өңірге есімі белгілі Шашты Сыпатай мырзаның немере қарындасы. (Біздің бұрын Сыпатай болыс туралы естігеніміз бар-тын. Дәулетқазы одан да әрмен тереңдете әңгімеледі). Сыпатай байларды қудалау кезінде өзгелер сияқты жаяу-жалпыламай, пәуеске жегіп, сән-салтанатымен жөнеліпті. Құдды бір қуғын көрмегендей, қонаққа бара жатқандай дейтін жұрт. Оның бұлайша еркінсуіне Угар Жәнібековпен достығы себеп болса керек. Кейін Батыс Қазақстан жаққа жер аударылған оны қызыл үкімет ақыры Сібірге айдатып тыныпты. 1946 жылы ол ақталып шығыпты. Халыққа жайлы, қолы ашық болған азамат байлығынан айырылып қалса да сол мырзалық әдетін қоймапты. Алдынан кездескен көңілі жақынға үстіндегі киімін шешіп, иығына жауып кетеді екен. Сыпатайдың Дөңмаңдай атты сәйгүлігі осы өңірде алдына қара салмаған жүйрік болыпты. Өзі бапкер, өзі мырза Сыпатайдың есімі көпке таныс. Шәрия әжем, міне, осындай абзал азаматтың қарындасы. Қазақтың салты бойынша текті мен текті құда болады. Менің нағашы атам Нарманбет Есенқұл дегеннің баласы. Есенқұл бәйбішесі (Нарманбеттің шешесі) өлген соң екінші әйел алыпты. Онысы жетімді мүйіздей берсе керек. Қорлыққа төзбеген бала үйінен қашып кетіп, оны Есенқұлдың аталасы Төребай қажы тауып алыпты. Жас үлкендігі бар қажы Есенқұлға ренжіп, Нарманбетті өз бауырына салып алған көрінеді. (Төребай қажы Рақымжанмен туыс, Қара руының ішінде бірі Ақкісіден, екіншісі Ақжолдан тарайды.) Кейін осы Нарманбетке Сыпатайдың қарындасын айттырып, екеуін бөлек шығарады. Төребай Қосбұлақ қыстауында, Сыпатай Қарадөң (Сарман) қыстауында отырған. Екеуінің ортасындағы Қызыл Көшен қыстауы Рақымжандікі. 1911 жылы дүниеге Қасым келгенде ақын кіндігін Шәрия шешеміз кескен. Рақымжан баласының кіндігін кез келген біреуге кескізбесі хақ. Сыпатай мырзаның қарындасы, Төребай қажының келіні Шәрияны лайық көріпті. Рақымжан ұлының кіндік шешесіне екі күміс білезік пен екі жүзік сыйлапты. Бұдан да бөлек тарту-таралғылар болса керек. Бізде қалғаны осылар. Менің қолымда қазір бір білезік пен бір жүзік қана бар, – деп Дәукең жәдігерлерді алдымызға тосты.
Білезіктің бедері кете бастаған, кей тұстары жұқарыңқырап қалыпты. Жүзіктің жиегіндегі оюлары анық көрінеді. Біз Дәукең екеуміз кеңестік дәуірде Қасым туралы жазылған кітаптардағы олқылықтарды түзету қажеттігін әңгімеледік. Расында да өзгесін айтпағанда, оларда ақынның туған жерінің аты да бұрмаланып жазылған. Ол олқылықтар әлі де түзелер емес. Мысалы, Қасым тойы Сарыобалыда емес, Қасым Аманжолов (бұрынғы Фрунзе) атындағы совхозда, Кент тауының етегінде өтпек. Біз ойға шомамыз. Қасым осы Кент тауын көрді ме екен? Олай деуімізге Қасымның атажұрттан, яғни Сарыобалыдан бала жасында кетіп, одан кейінгі жылдарында туған жерге қайтып оралмағандығы негіз болып отыр. Сырбайға айтқан үш арманының бірінде ақын туған жерге бір барып қайтсам деп қиялдайды. Өйткені, қайтіп Қасым туған жеріне ат ізін салмаған. Қасым есімі Сарыобалыдан 60 шақырым жердегі Фрунзеге берілсе, 30 шақырым жердегі Аққора мектебі ақын атын иеленді. Ал туған жеріне мұндай бақыт бұйырмады. Ең болмаса Алматыдан келетін ақын-жазушылар Рақымжанның қорасы мен құдығын көруге Қызыл Көшенге ат басын бір бұрса, ол да көңілге жұбаныш болар еді. Біздің ойымызша, осының бәрі кезінде дұрыс жазылмаған кітаптардың кесірі. Жазушыға кейбір ақсақалдардың: «Біз бала кезімізде Қасыммен бірге Бұқатышқанның басынан шана теуіп едік», дегені шылғи өтірік. Әдеби терминде айтсақ «халтура».
Дәукеңнен әңгіме соңында: «Жәдігерлерді мұражайға өткізесіз бе, қайтесіз?» деп сұрадық. «Жоқ, ешқайда да бермеймін. Балаларыма қалады», деп ол кесіп айтты. Дұрыс-ақ.
Әдетте ақынның «Шықшы тауға, қарашы кең далаға» деп басталатын өлеңі Кент тауына байланысты туған шығар деп ойлайтыны хақ. Алайда Қасым туған таудың аты Көшен. Ол онша биік те Кент тауындай әдемі де емес. Ол жаққа барудың мехнаты да көп. Жолы ойқыш-ойқыш, шаң қапқан сары дала. Бірақ, ақын нақ осы жерде туған. «Шықшы тауға, қарашы кең далаға» деген өлеңі де осы тауға арналған. Оған ешкім де дау айта алмайды.
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ.
Суреттерде: Қасымның кіндік шешесі Шәрия әже; Шәрия әжеге Рақымжан сыйлаған күміс білезік пен сақина.