Үкімет назарына
Еліміздің егемендік алғанына 20 жыл толған торқалы тойы қарсаңында, еліміздің алтын бесігі, барлық байлықтың көзі, береке-бірлігінің негізі ауылдың, ондағы тұратын елдің мұң-мүддесін нақты білетін, ауыл шаруашылығы саласында маман, басшы болып қызмет атқарған біз және барлық ауыл зиялылары, қазіргі ауылдың жағдайы, хал-ахуалы туралы тілек-ұсыныстарын Үкіметке, ауыл шаруашылығы басшыларына жеткізуді азаматтық парыз деп білемін.
Кейінгі жылдары мемлекет ауыл шаруашылығына қомақты қаржы бөліп, ауылдағы мектеп, емхана, ауыз су салаларын салуды, жөндеуді және әр облыста ет, сүт және құс өнімдерін өндіретін кешендер салу жұмыстарын қолға алып жатыр. Мұндай шаралар өнім өндіруге және сол көлемдегі біраз елді жұмыспен қамтуға үлес қосқанымен, ауылдың қазіргідей тұралап қалған жағдайын, жұмыссыздық салдарынан, елдің әсіресе жастардың жан-жаққа тозып кеткен келеңсіз үрдістерін, бұрынғы қалпына келтіруге жеткіліксіз екендігін және толық шеше алмайтынын атап айтқан дұрыс.
Бұған дәлел ретінде қазіргі ушығып тұрған «Думан» шағын ауданындағы жағдайды алайық. Қаладағы баспанасыз азып-тозып жүргендер, «Думан» шағын ауданындағы бос жатқан жерді басып алып, үй салмақшы болғандардың барлығы да ауылдан келген жастар – қазақтар. Олар ауылдан отбасын асырайтын жұмыс таппаған соң қалаға келіп, құрылысқа кіріп, базарда сауда-саттық жасап, арба сүйретіп, болмаса жеке адамдарға жалданып, жұмыс істеп, күнін әзер көріп жүргендер.
Олардың мұндай дәрежеге душар болуына, қазіргі ауылдағы тұрмыстық, әлеуметтік ахуалдың төмендеп, жастардың өсіп-өркендеуіне қажетті жағдайлардың болмауы себеп. Сондықтан да жастардың қалаға қарай ағылуы жыл сайын көбейіп барады.
Сонымен қатар ауылдан шалғай елді мекендерде, мал учаскелерінде тұратын елге тиісті күнделікті тұрмыстық жағдайларды жасай алмағандықтан, оған жұмсалатын шығындарды қысқарту мақсатында жергілікті әкімдердің ұсынысымен, Үкімет 2004 жылы 800 елді мекенді келешегі жоқ деп тауып, ол жерлерде тұратын елдің жан-жаққа кетуіне жол ашты. Бұрын ол учаскелерде мал өнімдерін өндіретін фермалар болған. Әлі де ол жерлерде жеке меншік малын бағып отырған біраз ел тұрады.
Бүгінде алыстағы мал жайылымдарына баратын мал жоқ. Бұрын Жамбыл облысының Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандарының, оңтүстіктен Созақ ауданының төрт түлік малдарының 60-70 пайызы Бетпақдала арқылы Арқаға шығарылатын. Кең жайлауда мал да, адам да рақаттанып, шалқып отыратын еді. Қазір ол жерлерде ешқандай тіршілік жоқ, иен дала бос жатыр.
Бұрынғы үйір-үйірімен алдыңнан кесіп өтетін киіктен де тұқым қалмаған сияқты. Бетпақдаланың сай-салаларында өсіп тұрған табиғи сексеуіл де таусылыпты. Енді жұмыссыз жастардың біразы Бетпақдаладан қайрақтастарды қазып дайындап Алматыға, Таразға артып жіберіп жатыр. Жастардың осындай әртүрлі уақытша шаруалармен айналысуына ауылда істейтін тұрақты жұмыс болмауы себеп. Жастардың моральдық тәрбиесі төмендеп барады.
Қазіргі кең өріс алып отырған жұмыссыздық салдарынан жастардың ауылға тұрақтамауы еліміздің өсіп-өркендеуіне теріс ықпал жасайтын аса қауіпті жағдай. Елдегі қазіргі егін егіп, мал бағып, өнім өндіріп отырған қариялар жұмыстан кеткен соң, ол шаруашылықты кім атқарады, елді қалай, немен асырайды? Бұрынғы жүйедегі бір шаруашылықтың өндіретін, мемлекетке өткізетін өнімдерін, қазіргі бір аудан көлеміндегі ұсақ, орта, ірі шаруашылықтардың барлығын қосқанда өндіре алмайды. Біз тек қана өзіміздің елімізді ғана емес, бірнеше мемлекеттерді тиісті өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар, жері бай елміз. Біздің елдің болашағы жарқын.
Ал, қазіргі жағдайда осындай кең көлемді берекелі шалқыған жерде отырып, өз халқымыздың сұранысын қамтамасыз ете алмай Қытайдан сапасы күмәнді ет пен шұжық, Бразилия мен Ресейден құрғақ сүт, Ресей, Белоруссия, Қырғызстаннан өсімдік майлары, Литва мен Эстониядан көкөніс пен жемістерді, т.б. заттардың импортталып тасылып, әкелетіні өте өкінішті. Ол біздің елдегі ауылшаруашылық жүйесінің дұрыс құрылмай, барлық байлықты игере алмай отырғанымызды көрсетіп отыр. Ауылды жекешелендіруден құрылған майда шаруашылықтар, орташа фермерлер техника, қаражаттың жеткіліксіздігінен, негізгі себебі дұрыс ұйымдастыра білмегендігінен тиісті өнім ала алмай, өздерін де қамтамасыз ете алмай отыр. Ірі шаруашылықтардың саны аз, олар негізінен астықпен айналысады.
Баспасөзде жарияланған сараптама көрсеткендей, 1990 жылмен салыстырғанда астық өндірісі – 73, ет өндірісі –57, сүт өндіру – 94, жұмыртқа өндіру – 79 пайыз кеміген. Көкөніс пен бақша өнімдері 50-75 пайыз төмен. Бүгінде бұрынғы жүйенің барлық жетістіктерін мансұқ етіп, әсіресе ауыл шаруашылығын өркендету жөніндегі пәрменді шаралардың нәтижесінде қол жеткен табыстарды бүркемелеп іске алғысыз етіп көрсету әдетке айналған. Бұрын Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп отырған 2500-ден астам совхоз бен колхоз болды. Олардың қамтуындағы барлық елді мекендерде мәдени-тұрмыстық қызмет мекемелері тұрақты қалыптасқан жүйеде жұмыс атқаратын. Ауылдағы жұмысқа жарамды елдің бәрі жұмыспен қамтылған, себепсіз жұмыс істемей жүрген адамдар болса арамтамақ ретінде жауапқа тартылатын. Ол кезде жұмыс туралы ешқандай қиыншылық болған емес. Елдің бәрінің жұмысы бар, айлық алды. Үй іргесінде жері бар. Мүмкіндігіне қарай жеке меншік мал ұстады. Нәтижесінде ауылдың берекесі артып, ауылдағы ел жақсы өмір сүрді.
1990 жылы Қазақстанда 36,8 млн. қой, 9,8 млн. ірі қара, 1,6 млн. жылқы, 3,3 млн. шошқа болса, қазір мал басы барлық түрінен 2-3 есеге кеміп кетті. Жалпы егістік алқабы 35,2 млн. гектардан 21,8 млн. гектарға төмендеді. Сонымен қатар, еліміздің экономикасының түпқазығы, халықты барлық қажетімен қамтамасыз етіп отырған егістік жер құнарының жылдан-жылға кеміп, тозып бара жатқаны, соған сай алынған өнімнің де көлемі азайып, сапасы төмендеп бара жатқаны аса қауіпті жағдай. Өйткені, топырақтың құнарын қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт жоғары агротехникалық шаралар қолдануды қажет етеді. Жеке шаруалардың егістік жерге ауыспалы егіс жүйесін енгізу, органикалық-минералды тыңайтқыштар қолдануға және түрлі зиянкестермен күресуге шамасы келмейді. Жеке шаруашылықтар егістіктің тұқымын жаңарту, мал тұқымын асылдандыру шараларын да орындай алмайды. Ондай кешенді шараларды ұйымдасқан ірі шаруашылықтар ғана атқара алады.
Сонымен қатар, жайылымдық жерлер де тозып барады. Жеке шаруалар өзіне бекітілген жеріне ғана малын жайып жерді тақырлап бітеді. Бұрынғы кездегідей жайылымдықты суландыру, екпе шөп егіп құнарландыру, қоршау, тыңайту жұмыстары бүгінде ұмыт болуға айналды.
Қалаларда үй құрылысын дамыту саясаты құрылысты жүргізуші олигархтар үшін өте пайдалы, оның әр шаршы метрін пәлен есе артық бағаға сатып отырса, байлардың ойлаған мақсаты орындалады. Қазірдің өзінде көп қабатты үйлер сіресіп тұр. Олардың біразында ел тұрмайды, өйткені бағасы тым қымбат, сапасы төмен. Бұл бағытта халықтың көпшілігін қалаға, қаланың маңына жинақтап, өнім өндіретін ауылдағы елді азайту, жерді бос қалдыру дұрыс бола қояр ма екен? Сонда күнделікті тасқындай өсіп отырған қала халқын тамақпен кім асырайды? Қазірдің өзінде ауылдағы таза сапалы өнім беретін егістік жердің толық пайдаланылмай жатқаны, шабындықтың көпшілігінің орылмай, жиналмай қалатыны, ұшан-теңіз жайылымдықтардың пайдаға аспай бос жатқаны, соған сай алынатын тиісті көлемдегі өнімдер алынбайтыны ауыл шаруашылығына дұрыс бағыт жасалмағанын көрсетеді.
Батыс елдерінде ауыл шаруашылығын экономиканың басқа салаларымен тең деңгейде дамыту үшін және ол бір құласа қайтадан көтерілуі ұзаққа созылатын қиын сала болғандықтан, өз қоғамдарының қауіп-қатерсіз өмірін қамтамасыз ету үшін, ауыл шаруашылығына жеткілікті жағдай жасалған. Дамыған елдер тауар өндірушілерге берілетін субсидия арқылы ауылшаруашылық өнімдерін арзандатып, өз халқына арзан өнім ұсынады және оны экспорттау арқылы басқа елдердің өзіне тәуелділігін және өз ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Ал, Белоруссияда ауыл шаруашылығының колхоз жүйесі сақталып, елдің де, жердің де тозбауына жағдай жасалынған. Ресейде ұйымдасқан шаруашылықтың жеке шаруалардан өндірістік жағдайлары артық екенін шаруаларға түсіндіру арқылы жыл сайын мыңдаған жеке шаруалар іріленген шаруашылықтарға ұйымдасып, үкімет оларға қаржылай және техникамен көмек беріп отыр.
Осы жоғарыда келтірілген дәлелдерді зерделей отырып, ауыл шаруашылығындағы қазіргі тоқырауды тоқтатып, ілгері өркендету үшін шаруаларды, олардың бөлінген пайларын біріктіріп іріленген өндірістік шаруашылықтарға ұйымдастыру ең шешуші мәселе болмақ. Ұйымдасқан, іріленген көп салалы шаруашылықтың жеке шаруадан артықшылығын, өндірісті өркендету және елді жұмыспен қамтамасыз ету ісінде бірден-бір тиімді жолы екенін шаруалардың барлығы қуаттайды. Бірақ жеке меншік пиғылдан аса алмай біреудің жері жақсы, біреудің тракторы бар, т.б. сылтаулармен өз бетімен тез арада бірігіп кете алмайды. Сондықтан ауыл халқының қазіргі азып-тозған жүдеу жағдайын жөнге келтіру үшін ең алдымен, Үкімет шаруаларды және олардың пайға алған жерлерін біріктіріп, көп салалы өнім өндіретін, өңдейтін өндірістік құрылымдар ұйымдастыруға нақтылы бетбұрыс жасауы керек. Нәтижесінде жер пайдаланудың технологиясы жақсарып мәдениетті шаруашылыққа айналады, өнім өндіру еселеп артады. Өндірілген өнімдерді өңдейтін, тұтынушыға жеткізетін қосымша цехтар жұмыс істейді. Сол уақытта ауылдағы жұмыссыздық мәселесі шешіледі.
Екіншіден, жастарды ауылға тұрақтандыру үшін ауылдағы тұрғын үй, жол құрылысы, мектеп, аурухана, клуб, спорт кешендерін салуға мемлекет қаржылай көмек берумен қатар, өзіміздің инвесторларды ауылға бағыттау керек.
Үшінші, ауыл шаруашылығын керекті кадрлармен қамтамасыз ету үшін орта дәрежелі ауылшаруашылық кадрларын дайындайтын толық мемлекет есебіндегі кәсіптік-техникалық училищелердің жүйесін қалпына келтіріп, ауыл мектептерінде оқитын жастарды соған бейімдеу керек.
Төртінші, Үкімет келешегі жоқ деген ауылдан шалғайдағы елді мекендерді бұрынғы қалпына келтіруі керек. Ол жерлерде мал бордақылайтын, құс өсіретін, қымыз, шұбат өндіретін базалар жасалуы керек. Сонда сапалы өнім өндіру ісі жақсарады, ел тұрақтанады.
Бесінші, алыстағы пайдаланылмай жатқан мал жайылымдықтарына, Бетпақдала, Шу бойына, т.б. жерлерге сексеуіл ексе, елдің, жердің келешегі үшін атқарылған игілікті іс болар еді. Сексеуіл өссе жайылымдық жақсарады, елдің берекесі, даланың көркі кіреді.
Осы шаралар іске асырылса, барлық байлықтың көзі, еліміздің алтын бесігі ауылымыз өркендеп, қаладағы ел өзінің ауылына барып демалуды аңсап тұратын жағдайға жетер едік.
Шамсия ИЛЬЯСОВ, еңбек ардагері.
Алматы.