• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Тамыз, 2011

«Болашаққа» үміткерлер іріктеу ашық жағдайда жүргізілді

393 рет
көрсетілді

Кеше Білім және ғылым министрлігінде «Болашақ» бағдар­ла­масына үміткерлерді іріктеу бой­ынша Тәуелсіз сараптама ко­мис­сиясының ашық отырысы өт­­ті. Ашық отырыс болатын себебі, ол бұқаралық ақпарат құра­л­да­ры өкілдерінің қатысуымен жариялы түрде өтті. – Бұқаралық ақпарат құрал­да­ры өкілдерінің қатысуымен «Бо­ла­шаққа» үміткерлерді ашық жағ­дайда іріктеу үдерісі осы бағ­дар­лама басталған жылдары болып еді. Сонан кейін отырыстар жа­бық жағдайда өткізіліп жүрді. Бұ­ған негізгі себеп, Елбасының шешіміне сәйкес жылына кемінде 3 мың жасты «Болашақ» бағдарла­масы бойынша шетелдерге оқуға жіберген кезімізде үміткерлер са­нының көп артуынан туындаған еді. Жылына бір кезеңнің ішінде 4 мың үміткерге дейін сынақтан өтіп жүрді. Сол тұста іріктеу үдерісі ауырлағаннан кейін ашық жағдайда отырыстар өткізу бірте-бірте шектеліп қалды. Енді осы дәстүрді қайта жаңғыртқалы отыр­мыз. Мұнан кейінгі іріктеу үде­рістерінің барлығы БАҚ өкіл­де­рінің қатысуымен ашық жағдайда жүргізіледі. Әрине, БАҚ өкілде­рінің қатысуы сынақтан өткізу үдерісіне кедергі келтірмеуі де керек. Бұл жағын да ойластыратын боламыз, – деді журналистерге бер­ген қысқаша сұхбатында Ха­лықаралық бағдарламалар орта­лы­ғының басшысы Саясат Нұрбек. Саясат Нұрбектің айтуынша, биылғы жылы елімізде 2,5 мың­нан астам үміткер «Болашақ» бағ­дарламасы бойынша шетелдерде оқуға ынта танытқан екен. Бы­лайша айтқанда, бір орынға төрт адам таласып отыр. Үміткер са­нының азаюына «бакалавриатқа» оқыту сатысының жабылуы әсер еткен. Бағдарлама бойынша енді тек магистрлікке және докто­ран­тураға оқитындар мен тағы­лым­дама бойынша әзірліктен өтетін­дер жібірілетін болады. Биылғы жылы үміткерлерді іріктеу үдерісінің қалай жүргі­зілетіндігі және оның тәртібі туралы Білім және ғылым министрлігі Стратегиялық жоспарлау және ақпараттық технологиялар департаменті директорының ор­ын­басары Ақерке Абылайхан ай­тып берді. – Тәуелсіз сараптама комис­сиясының құрамы мемлекеттік ор­гандардың, ірі ұлттық компа­ния­лардың, жоғары оқу орын­да­ры­ның, ғылыми-зерттеу инсти­тут­та­рының және «Халықаралық бағ­дарламалар орталығы» АҚ-тың өкілдерінен, мамандан­ды­рыл­ған сарапшылардан және үміт­кердің шет тілін білу дең­гейін айқын­дай­тын шетелдік ұйымдар өкілде­рі­нен жасақталып отыр. Комиссия жұмысын жетілдіру, біліктілігін арттыру мақсатында оның құрамы айталықтай ұлғай­тылды. Оған министрліктер мен ведомстволардың, халықаралық білім агенттік­те­рі­нің, Қазақстан­дағы шетелдік елші­ліктердің өкіл­дері енгізілді, – деді ол өз сөзінде. Мұнан кейін БАҚ өкілдері үміткерлерді іріктеу жүріп жатқан бөлмеге кіріп, сынақтан өткізу үдерісімен көзбе-көз танысты. Комиссия алдында болып шыққан үміткерлерді өз қалаулары бой­ынша әңгімеге тартып, олардың пікірлерін білді. Солардың бірін біз де сөзге тартқан едік. – Менің аты-жөнім – Кен­же­ғұл Социалұлы. Мен зағип жан­мын. Бірақ соған қарамастан өмір­ден өз орнымды алуға талпы­нып, сабақты жақсы оқыдым. Алматы қаласындағы зағиптар мектебін, сонан кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­си­тетінің тарих факультетін бітірдім. Енді «Болашақ» бағдарла­ма­сының негізінде АҚШ-тағы Индиана университетінде магистр­лік білім алмақ ойым бар. Осы­ның алдында тілдік және психо­логиялық тестті жақсы тапсырып, жаңа ғана Тәуелсіз сараптама ко­миссиясының алдында әңгіме­ле­су­ден өттім. Көптеген сұрақтарға жауап беруге тура келді. Сү­рін­беген секілдімін. Бірақ қорытын­дысы әзір маған белгісіз. Ол 10 тамыздан кейін белгілі болады, – деді ол. Кенжеғұл қазақ, орыс, ағыл­шын тілдерінде сайрап тұр екен. Біз оның талабы мен біліміне, ең бастысы, ерлігіне сүйсініп, іштей сәттілік тіледік. Бірақ көңілімізде тұрған «шет елге жалғыз өзің барып оқымақсың ба, сенің ден­саулық жағдайыңа ауырлық бол­май ма» деген сұрақты да амал­сыз болсын қойып қалдық. – Иә, жалғыз өзім барып оқи­мын. Бірақ мен ол жақта жалғыз болмаймын. Ол жақта достарым бар. Ең бастысы, арқамнан сүйеп тұрған елім бар ғой. Жаңа сіздің сұрағыңызды менен комиссия мүшелері де сұрады. Мен сонда ағайлар мен апайларға Индиана университетін неге таңдап отыр­ғандығымды айтып бердім. Бұл университетте және дамыған ел­дердің басқа да бірқатар жоғары оқу орындарында біз секілді мү­гедек адамдардың оқуына қолай­лы жағдай жасалған. Арнаулы бағ­дарлама бойынша оқытады. Бәрін айта берсе көп әнгіме. Ең бастысы, бұл жерде біздің елі­міз­дің заңдары мен секілді жастарға «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға мүмкіндік береді, – деді ол. Сонымен «Болашақ» бағдар­ла­масы бойынша үміткерлерді ірік­теу мәселесі енді БАҚ өкіл­дерінің қатысуымен ашық жағ­дайда өтетін болды. Уақыт өткен сайын алға басып, әр жүректе үміт отын лаулатқан елімізде бұл жаңалықтың да өзіндік маңызы аз емес деп есептейміз. «Болашақ» бағдарламасы шынайы да ашық жүргізілген жағдайда ғана нағыз болашаққа айналатындығына сенім зор. Іске сәт, дейміз ендеше. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.