Сылаңдап ағар Сырдария суы шекара дегеніңізге селт етпейді. Ғасырлар бойы жасап алған арнасымен тынымсыз аға бермек. Дегенмен, бүгінде судың да жолын бөгеушілер, өздеріне қарай арнаның аузын кеңірек ашып қойғысы келетіндер табылар. Орталық Азияға ортақ Сырдың суын күні кеше Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан тел еметін еді. КСРО күйреген соң аталарының басқа екені естеріне түсіп, жеке-жеке қожайындық жасап, дарияның төменгі бөлігінде жатқан Қазақстанды шөміштен қысатын болды. Мұның зардабын әсіресе Мырзашөл даласында отырған диқандар қатты тартуда. Кезінде күзгі-қысқы және көктемгі су тасқындарымен күресу үшін және олардың кері әсерлерінен сақтану үшін Елбасы Н.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында қысқа мерзімде “Көксарай” су реттегіші салынып, пайдалануға берілгені белгілі. Бұл өз кезегінде ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы елді мекендерді су басу қаупінің бетін қайтарды. Енді жоғарыдағыдай мәселелер туындаған соң Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданындағы егістік алқаптарын Шардара су қоймасының суымен тұрақты қамтамасыз ету үшін Президенттің тапсырмасы бойынша 90 мың гектар алқапты суаруға қабілетті 30 шақырым магистралды каналы бар сорғы стансасы салынуда. Трансшекаралық Амудария мен Сырдария өзендерінің су ресурстарын пайдаланудағы барлық түйткілдерді шешу мақсатында Елбасы төрт ел басшыларына үлестік қатысу арқылы мемлекетаралық су-энергетикалық консорциумын құруды ұсынды. Бұл әр мемлекеттің аталған өзендердің су ресурстарына теңдей қолжетімдікке ие болуы үшін қажет.
Қалай есептесеңіз де кезінде Өзбекстаннан тартылған “Достық” каналының суы Мақтааралдағы 132000 гектар суармалы алқапты толық қамти алмайды. Су жетімсіздігінен барлық несібесін жерден айырып отырған диқандар шілдеде бау-бақшасы мен мақтасын шөліркетіп, ойдағыдай өнім ала алмай бармақ тістеп қалып жүр. Енді, міне, мақтааралдықтардың бұл мәселесі шешілгелі тұр. Аталмыш құрылысқа Үкімет тарапынан 13 млрд. 655 мың теңге бөлінген.
Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен су тапшылығы жөніндегі түйткілді проблеманы тарқату мақсатында оңтүстікке арнайы іссапармен келген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев іске өзі араласқан. Жаңа жобаның маңыздылығына Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Анарбек Орман да ерекше көңіл аударды.
Бүгінде 30 шақырым магистралды каналы бар сорғы стансасын “Құрылыс” ЖШС“ салып жатыр. Облыста бірнеше құрылыс нысандарының бой көтеруіне ықпал болған ұжымды тәрбиелі маман Қилыбек Тұрлыбек басқарады. ЖШС-ның Ш.Ділдабеков атындағы ауыл округіндегі бас штабында болып, құрылыс жайымен танысудың реті келген. Мұндағы күні-түнгі қарбалас тірлік сенім үдесінен шығу үшін жанталасып жатқан канал қазушылардың ерен еңбегін, жауапкершілігін танытқандай. Қилыбек әңгімесін былай бастады:
– Шардара су қоймасынан осы жерге дейін 13 шақырымдық канал тартылуда. Оның ені 100 метр, тереңдігі 10 метр. Су өз ағысымен осы арна арқылы ГНС-1 сорғы стансасына келеді. Үлкен насос 12 метр биіктікке көтеріп, секундына 50-60 текше-метр су шығарады. Бұдан әрі қарай ағын су ұзындығы 11 шақырымдық канал арқылы ПМС-2 сорғы стансасына жетеді. Мұндағы насос суды 9 метрлік биіктікке көтереді. Міне, осы тұстан өткен су “Достық” каналына құйылады. “Достық” каналының бөгетін биіктету арқылы үшінші көтерілімде судың мол қоры алынбақ. Былтырғы жұмыс құрылысшыларымызды көп қинады. Көктемде жауын-шашынның мол түсуінен жерасты сулары көтеріліп кетті. Ми-батпақ шалшықты кеше жүріп жұмыс жасадық. Бірақ қиындықтарға мойымадық. Тығырықтардан шығу үшін 25 ұңғы қазып, канал танабында жұмыс істеп жатқан жер снарядтары мен экскаваторшылардың балшықты сыртқа шығаруларына мүмкіндіктер туғыздық.
Мырзашөлге екінші тыныс бергелі отырған жаңа каналдың қазылу барысымен танысу үшін лай кешіп, батпаққа батып бірнеше күн жүруімізге тура келген. Жанкешті жұмысты көктемде көргенбіз. Расында 30 шақырым каналды қазып, іргесін бекіту оңай шаруа болмай шықты. Жерасты суы көтеріліп, қазу жұмыстарына көптеген қолбайлаулар тудырғанын көзімізбен көрдік. Оның үстіне бұл өңірдің топырағы құмды келеді. Қазған жердің опырылып түсіп жатқаны, жұмысқа жұмыс үстеп беретіні құрылысшыларды қажытпайды деп айта алмаспыз. Мұнда жаңа каналмен қатар бұрынғы арна да бар. Басқа жердерден топырақ тасымалданып, ескі арна толтырылса, қазылған каналдың лайы мен балшығы аулағырақ апарылып төгілуде. Қазірге дейін каналдың 26 шақырымы бетондалып бітті.
Қазір осы маңызды нысанда “Құрылыс” ЖШС-ден басқа 22 қосымша мердігер мекеме жұмыс істеуде. “Югстройсервис”, “Батсу-Водоканал”, “Барат”, “Эс-групп”, “Южводстрой” сынды құрылыс мекемелері бар. Олар өздеріне тиесілі нысанды дер кезінде кестеге сай салып бітіруде. Әлеуметтік маңызы жағынан ғасыр құрылысы атанған нысанда бас мердігер болып табылатын «Құрылыс» ЖШС бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналысуда. Құрылысқа 212 арнайы техника, 2 бетон зауыты, 823 адам жұмылдырылған. Олар екі ауысымда еңбек етеді. Негізінен, маңызды нысанға бұрын құрылыс саласында еңбек еткен тәжірибелі мамандар тартылуда. Біздің елде әлі де экскаваторшы, бульдозерші, автокраншы, бұрғылаушы сияқты жұмысшы кадрлар тапшы екенін осы жерден аңғаруға болады. Қазекемнің барлығының қолтығына папкі, басына шәпкі керек. Құлап қалмаса болды, астарына бір-бір үстел, құлаштап соғар мөр қажет.
Мұнда күндіз-түні жұмыс бір толастамайды. Жүздерін күн қақтаған жұмысшылар серпінді жобаны жыл соңына дейін аяқтап шығу жолында аянбай тер төгуде.
«Құрылыс» ЖШС директоры Қилыбек Тұрлыбектің айтуынша, жерасты суының көтерілуі жұмыс қарқынын арттыруға қолбайлау болуда. Жер қазатын бульдозерлер 2 метр тереңдікке дейін топырақ қазған соң қалған жұмыс арнайы топтың үлесінде екен. Олар су астындағы құмды тереңдете қазады. Құм аралас суды жағаға атады. Жобада бұл жұмыстарға қаржы қарастырылмаған. Мұнда қазір екі ресейлік, қалғандары қазақстандық мердігерлер жұмыс жасап жатыр. Су қоймасының алдынан №46 бекеттен бөгет тұрғызылған. Алайда, жерасты суы көтерілуде. Бұл Шардара су қоймасындағы судың ернеуіне жетіп тұрғандығынан. Бір кездердегідей артық су дарияға жіберіліп жатқан жоқ. Көксарайға да жинақталып жатыр. Кейін бұл сумен егістікті суландырады.
Шардара су қоймасынан тартылған арна арқылы су ГНС-1 су сорғысына келеді. Аквакамера деп аталатын аймақта жұмыс қызған. Әрқайсысының салмағы 22 тонна болатын 12 қозғалтқыш орнатылуда. Осы сорғы агрегаттар арқылы диаметрі 1652 мм 12 құбыр арқылы 12 метр биіктікке көтеріліп, секундына 60 текше метр су шығарылады. Бүгінде 6 қозғалтқыш монтаждалып бітті.
12 құбырмен сорып алынған су бассейнге құйылады. Үлкен қысыммен келетін судың қысымына шыдас беретіндей бассейн бекем етіліп бетондалған. Апатты жағдайда су тастайтын шлюзі де бар.
Су айдайтын стансаға Сарыағаш ауданының Абай елді мекенінен электр желілері тартылыпты. Су айдау машинасына 16 мың кВт. трансформатор қойылмақ. Кентау қаласында құрастырылатын аппараттар биыл сыналмақ. Бұл жұмыстармен ақтөбелік «Осакаэнерго» қосалқы мердігер ұйымы айналысуда. Соңғы жылдары Мақтаарал ауданының тұрғындары электр қуатының тапшылығын сезінуде. Нысандағы электр қуаты Мырзашөлдің мұқтажын да қанағаттандырмақ.
Алла жазса, шілде айының соңына қарай жаңа арнамен аққан су егістік алқаптарына жетпек. Міне, сонда түкпірдегі мақташылар да су тапшылығын тартпайды. Қысқасы, Шардара су қоймасынан Мырзашөл аймағына “Достық” каналы арқылы су жіберу үлкен олжаға кенелткелі тұр. Тәуелділіктен құтылған диқандар мақта, көкөніс, бау-бақша өнімдерін молайтамыз деп қос қолдарын ысқылап отыр. Әрине, олар Елбасының көрегендік саясатына, оңтүстікқазақстандық мақташыларға жасап отырған үлкен қамқорлыққа қуанады. Сонымен қатар қиындықтардан қорықпастан қарқынды жұмыс жасап жатқан құрылысшылар қауымына айтар алғыстары шексіз.
Иә, тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында оңтүстікте тағы бір оң іс аяқталып, елді қуантқалы тұр. Мырзашөлдің мейірі қанса, береке-байлық та мейлінше тасқындай түспек.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.