• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
04 Тамыз, 2011

Елдіктің құқықтық қуаты

419 рет
көрсетілді

Біздің еліміз тәуелсіздік жыл­да­рын­­­да өсіп-өніп, көркейді. Өткен жиыр­ма жыл ішінде мемлекетіміз іргесін мықтап қымтап, болашағына жол ашты. Осы кезең аралығындағы атқа­рыл­ған жұмыс­тар­ды талдау, өз­ге­рістер өлшемін дәйек­теу, алда тұр­ған міндеттерді саралау Тәуелсіздік туын тіктей түсу болмақ. Бұл орайда еліміздің әлеу­меттік-экономикалық және саяси ре­фор­маларының табыс­ты болуы кө­бі­не мемлекеттің құқық­тық жағ­дайы­на тікелей байланысты дейміз. Ал соттар мем­лекеттің негізгі құқықтық инс­титуты болып табы­латындығын Елба­сы Судьялар ода­ғы­ның V съезінде атап өтті. Ендеше азаматтар үмітінің ақ­талуы, олар­дың әділеттілікке деген сенімі судьялар қызметтерімен тығыз. Сон­дық­тан сот жүйесінде туындаған өзекті мәсе­лелер әр­қашан мемлекеттің және бүкіл қоғам­ның назарында болу­ға тиіс, деді Президент. Міне, бұл қа­ғи­даны басшылыққа алған Жоғарғы Сот Төр­аға­сы Бектас Бекназаров атал­ған қыз­мет­ке сайлануына жүз күн толуына орайластырылып жақында өт­кізген бұ­қаралық ақпарат құрал­дары­ның өкіл­деріне арналған баспасөз мәс­ли­хатында атқарылған жұмыстар­ды, өзекті мәсе­ле­л­ерді, өзгерістерді, ал­да тұр­ған міндеттерді қоғамның назарына салды. Жоғарғы сот органы басшы­сы өткіз­ген алғашқы баспасөз мәс­ли­ха­ты­ның ерек­шелігі, мұнда облыстық және оған теңес­тірілген соттарға ша­қы­рыл­ған ай­мақ­тық тілшілер қауы­мы онлайн режімде бейне-­кон­­фе­рен­ц ­байланыс жү­йе­сін пайда­ланып, сұ­рақ­тарын тікелей қоя алды. Об­лыс­­та­р­дың, Астана мен Алматы қала­лық, жалпы алғанда рес­публиканың 18 сотына жинал­ған журналистерден келіп түскен сұрақ­тар саны 100-ге жуықтады. Қазақ­стан­дық сот жүйе­сі­нің алдына қойып отыр­ған мақсат­тары, жүзеге асырылып жатқан реформалар, кадр, халықтың сотқа деген сенімін арттыру сияқты мәселе­лер­ге қатыс­ты еліміздің бас судьясы бір жарым сағат­тан артық уақыт бойы жауап қайтарды. Жоғарғы Сот Төрағасына арнал­ған сұрақтардың мазмұны да түрлі болды. Соның алғашқысы қолданыс­тағы үш буынды сот жүйесін реформалау мәсе­лесі көпшіліктің көке­йін­де жүрген сұрақ ретінде қойылды. Бұ­ған еліміздің бас судьясы тия­нақ­ты жауап берді. Қазақ­стан­ның сот жүйесін одан әрі жетілдіру мәселесін Елбасы Судьялар одағының V съезін­де қойған болатын, деді Төраға. Бұл жұ­мыс кезең-кезеңімен жүзеге асы­ры­лып келеді. Еліміз 2010 жылдан бастап үш буынды сот жүйесіне өтті. Іс ал­ғашында аудандық сотта қара­ла­ды, заң­ды күшіне енбеген сот актілері облыс­тық соттардағы екі алқада қаралып, ал заңды күшіне енген сот актілері Жоғар­ғы Сотта тексеріледі. Бұл негізінен сот жүйесін жетілдірудегі дұрыс қадам болды. Осы жүйеде бір жарым жыл бойы жұмыс жасай келе, бір орында тоқтап қалмай, оны одан әрі дамыту қажеттігі айқын­дал­ды. Бірінші сатылы сотта жол берілген кемшіліктер тез арада әрі сапалы түрде жойылып, сот актісі заңды кү­ші­не енуі тиіс. Қазіргі күні заң­ды кү­ші­не енген сот актілерін Жоғарғы Сот қарайтын болғандықтан, халық тікелей оған әділдік іздеп келетін бол­ды. Былтырғы жылы облыстық сотта қа­рал­маған 10 000 мыңға жуық іс бо­йын­­ша сот актілерінің заңды­лы­ғын тексеру жөніндегі өтініштер тікелей Жоғарғы Сотқа келіп түскен. Бұл істер бойынша сот актілерінің заң­дылығы алғашында облыстық сот­тың апелля­циялық және касса­ция­лық алқала­рын­да тексерілуі тиіс еді. Бүгінде Жоғар­ғы Сот төменгі сатыларда шешілуі тиіс мә­селелерді қарап, судьялар мен сот қыз­меткерлерінің жүктемесі өте ауыр болып отырғанын байқады. Жоғарғы Соттың әрбір судьясы қазіргі күні 70-80 істі қарап, зерттеп жатса, облыстық соттың әлеуеті толыққанды іске асып жатқан жоқ. Сонымен қатар, облыстық сот­тар­дың төрағалары сот әкімшілеріне ай­на­лып отырған жайы бар. Олар ал­қаны басқар­майды, іс қарамайды, бұл өз кезегінде кейбір соттар тәжі­ри­бесі­нің қадаға­лаусыз қалуына алып келді. Біздің пікірімізше, об­лыс­т­ық сот төр­аға­лары кассациялық сот алқасын бас­қарып, жалпы облыс бо­йынша қа­был­данған сот актілеріне нақ­ты жауап беруі тиіс, деді Бектас Бекназаров. Арыз-шағым тақырыбындағы сұ­рақ­тар да аз болмады. Халық судья­лар­дың іс-әрекеттеріне қаншалықты жиі шағым­данады және бұл ша­ғым­дар қанша­лықты негізді деген сұ­рақ­қа Б.Бекназаров: «Судьяларға қа­тыс­ты келіп түсетін шағымдар мәсе­ле­сін қарастырған кезде, ол шағым­да­р­дың қайсысы апелляциялық немесе кассациялық тұрғыда, ал қай­сы­сы судьялардың іс-әрекеттеріне қа­тысты екендігін ажырата білуіміз қажет. Ша­ғым­дардың тексерілуі жә­не шешілуі қазіргі күні ерекше қадағалауға алы­нып отыр. Судьялардың іс-әре­кет­тері­не қатысты шағымдар саны өте көп деп айта алмаймын. Сотқа қорғау, қол­дау іздеп келген адамдарда кей жағ­дай­да істі жүргізетін судья екінші тарап­ты қолдап, оның мүддесін қорғап отыр деген ой қалыптасуы мүмкін. Со­н­ы­мен қатар, сот актілері уақытылы бе­ріл­меуі, істің апелляция­лық және кас­сациялық сатыда қарауға уақытылы жіберілмеуі секілді жайттар да кездеседі. Халық өз шағымын алғашында облыстық сотқа жолдап, жауабын ала­ды. Мысалға, қа­зір­гі күні жалпы ша­ғым­дардың 90 па­йызы облыстық дең­гей­де өз шешімін тауып отыр. Обл­ыс­тық сот тарапынан берілген жауапқа кө­ңілі толмаған жандар Жоғарғы Сот­қа жүгінеді. Біз өз кезегімізде әрбір ша­ғым бойынша нақты тексеруді жүр­гізіп, жауабын беріп, шағымдануға негіз болған жайттарды ретке келтіреміз», – деді . Сонау 2007 жылдан бастап қол­да­ныс­қа енгізілген алқабилер сотына қа­тысты берілетін баға, олардың қаты­суы­мен қаралған істер бойынша шы­ға­рылған сот актілерінің сапасы қазір кімді болса да қызықтыратыны анық. Осыған байланысты сұраққа Жоғарғы Сот Төрағасы: «Қылмыстық істер бо­йын­ша мамандандырылған соттар об­лыс орталы­ғын­да орналасқан. Бұл соттарда кәсіби судьялар аса ауыр істерді қарайды. Алқаби­лердің қатысуымен қа­ралатын істер жалпы алғанда заң та­ла­бымен шешілуде. Ағым­дағы жыл­дың алты айында 183 қылмыстық іс ал­қабилердің қатысуымен қаралып, олар бойынша 248 адам сотталса, 39 адам қылмыс құрамының болмауына байланыс­ты ақталды. Жалпы алғанда был­тырғы жыл­дың осы кезеңімен са­лыстырғанда алқабилердің қатысуы­мен қаралатын істер саны күрт өскен. Қазіргі күні алқабилердің қарауына ауыр қылмыстар бойынша істерді беру мәселесі талқылануда. Алқабилер ту­ра­лы заңға сай, олардың тізімін жасау кезінде 25 жасқа толмаған, өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар, сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдар, судьялар, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар, мемлекеттік қызмет­ші­лер мен әскери қызметшілер, сон­дай-ақ құқық қорғау органдарының қыз­мет­кер­лері, наркологиялық немесе психо­неврологиялық диспансерде есеп­те тұр­ған адамдар енгізілмейді. Заң бо­йын­ша қор­ғаушы мен прокурор алқа­би­лерге үміт­кер­лерге негізді және негізсіз наразылық қөр­сету құқығын пай­даланып, ақыр аяғында процеске қа­ты­сушылардың барлығы сенетін ал­қабилер ғана қалады», деді. Еліміздің сот қауымдастығының судья­лардың халықаралық ассоциа­ция­­сы құрамы­на енуіне қатысты мәселе сот жүйесінің жалпы әділ төрелік етудегі әрекет деңгейін таныта алатын­ды­ғы белгілі. Сондықтан бұл сауал да назардан тыс қалмады. Судьялар­дың ха­лық­аралық ассо­циациясы 1953 жылы құрылып, қазіргі күні БҰҰ мен Еуропа Одағы жанындағы ұйым мәртебесіне ие. Аталмыш халық­аралық ұйымның негізгі мақсаты – дүние жүзіндегі сот құрылым­дары­ның тәуелсіз­дігін қамта­ма­сыз етуге қолдау көрсету. Халық­ара­лық ассоциация әлемде барлы­ғы­ның көңілінен шығатын сот жүйесі жоқ екендігін алға тартады, ал мен мұны­мен толықтай келісемін. Сондықтан сот құрылымының оңтайлы түрін іздеу жұмы­сы әлі жалғасуда. Ағымдағы жылдың мамыр айында осы ұйым өкіл­дерімен кездестік. Ассоциация өкіл­дері Қазақстан­ның сот қауымдас­тығы туралы есеп да­йындап, соның негізінде алдағы қыркүйек айында Түркияда өтетін 54-ші отыры­сында ҚР Судьялар одағының осы ұйымға то­лық­қанды мүше болуға қатысты өті­ніші қаралып, шешілетін болады. Са­рап­шылар Қазақстанның сот жүйесі көптеген негізгі көрсеткіштері бойын­ша халықаралық стандарттарға жа­қын және осының негізінде еліміздің сот қауымдастығы халық­аралық судьялар ассо­циа­циясының құра­мына енуге то­лық мүм­кін­дігі бар екендігі туралы пікір айтуда. Елі­міз­дің сот жүйесінің атал­ған ұйым құрамына енуі ұлттық сот билігін жоғары сатыға көтер­мек. Біз қазіргі күні осы маңызды қадамға дайындалып, құжаттар рәсімдеп, ке­ліс­сөз­дер жүргізіп жатырмыз. Қазақ­стан­ның сот жүйесінің бұл халық­ара­лық ұйымның мүшелігіне өту-өтпеуі 70 ел қатысатын дауыс беру кезінде шешілмек, деді Жоғарғы Сот басшысы. Әр судьяға қойылатын талап өте жо­ғары. Ал сот төрағасына әрі судья ретінде үлкен жауапкершілік жүкте­ле­ді. Осы орайда сот төрағалығына үміт­кер тұлға­ларға қойылатын талаптар жөніндегі сұраққа жауап өзге­лер үлгі алатындай қай­­тарылды. Ұзақ жыл­дар бойы сот саласында қызмет етіп келе жатқан Б.Бекназаров судья­лық және сот төрағалық тәжіри­бе­леріне сүйене отырып, сот төр­аға­сына қай кезде болмасын қатаң талаптар қойылатынын жеткізді. Сот төрағасы судья ретінде біріншіден саналы түрде іс қарау керек, ол шығарған шешім әр уақытта әділ болып, ол өзге судьяларға үлгі болу қажет. Басшы ретінде өзінің мінез- құлқымен, тәртібімен, адамгершілігімен, өмірлік бай тәжірибесімен өзгелерге үлгі болатын адам ғана сот төрағасы болуға ұмтылуы керек. Жо­ғар­ғы Соттың басшы­лығы және Жо­ғарғы Сот кеңесі сот төр­аға­сы мәсе­ле­сін шешкен кезде алдымен осы талап­тар­ды орындауға ден қоямыз. Кадр мәселесіне келгенде мен Жоғарғы Сот Төр­ағасы ретінде ашық­тық пен жария­лы­л­ықтың болуын қалай­мын. Биылғы жыл­дың сәуір айынан бастап барлық саты­да­ғы сот төрағаларына ұсыныла­тын канди­да­тураларды, Жоғар­ғы Сот­тың Төр­аға­сы ұсынған кандида­ту­ра­ларды бұқара­лық ақ­парат құрал­д­а­ры арқылы жариялап, ең ал­дымен заң­гер­лердің, жалпы көпші­лік­тің, халық­тың пікірін де білуге әрекет­тенеміз. Бұл қадамы­мызды дұрыс деп есептеймін, осылайша біз осы кандидатуралар бо­йынша әртүрлі пікірлер де алатын бол­дық. Судьялардың саны да, сапасы да жұртшылықты алаңдататын мәселе. Осы орайда қойылған сұраққа Төраға: – Судья­лардың санын көбейту мәсе­ле­сі қазір шешімін тауып жатыр деп мен айта алмай­мын. Өткен жылғы қараша айындағы Елбасының Жарлығы бо­йын­ша қысқа­р­туға байланысты 71 судья өз қызметінен кеткен болатын. Со­ны­мен қатар осы Жар­лықпен 114 судья отставкаға шықты, сөйтіп судья­лар­дың саны әлдеқайда қыс­қарды. 400-ге жуық адамның саны қыс­қарып, солардың істері, жүктемесі жұ­мыс­­та­ғы басқа судьялардың мойнына түсті. Әрине, бұл мәселе біз үшін үлкен қиындықтарды алып келді. Соған қа­ра­мастан жалпы республика бойынша өткен жылы да, биылғы бірінші жарты­жылдық­тың қорытындысы бойынша да жұмыс сапасы төменде­ген жоқ. Жуық арада жасөспірімдердің істері бойынша маман­дандырылған сот мәселесін шешеміз деген ойда­мын, бұл орайда Мемлекет бас­шы­­сы­ның тарапынан қолдау тауып оты­р­мыз. Жақында Үкімет те осы бағыт­ты қол­дап, бізге қосымша 40 судья мен 114 сот маманы қызметке келетін болады, деді. Негізгі сұрақтардың тағы бірі зей­неткерлік жасқа жеткен судья­лар­дың одан әрі қарай жұмысты жалғас­тыруы­на мүмкіндік беру және жаңа реформа ба­ғыт­тарының бірі болып саналатын судья­лардың өмір бойына мемлекет қамқор­лы­ғында қалу мәсе­ле­леріне қатысты болды. Бұл орайда Төраға зейнетке шығу мерзімі мәсе­ле­сі ешкімді айналып өтпейтіндігін айтты. Судьялық міндет жоғары жауапкершілікті сезіне отырып, қыруар жұ­мысты атқаруды талап етеді. Қа­зір­гі таңда 65 жастан асып әрі қарай жұмысын атқарып жатқан судьялар жоқ. Елімізде зейнеткерлік жасына жеткен 39 судья қызметін атқаруда. Әйел аза­матшалардың зейнетке шығу мерзімі 58 жас, ал ерлердің зейнетке шығу мерзімі 63 жас. Біз зейнеткерлік жасқа жетіп, өз қызметін тиісті деңгейде атқарып отыр­ған судья­лар­ды барынша қолдауға тырысамыз. Барлығын зейнеткерлікке шығару мә­се­лесін қойып отырғанымыз жоқ. Қалыптасып келе жатқан жаңа судьялар буынын да ұмытпауымыз қажет. Жас судьялардың шеберлігін артты­ру­ға барынша қолғабыс жасап, шың­дай тү­суі­міз керек. Ал әлеуметтік қамсыздан­дыруға келгенде бізде біршама сұрақтар туындайды. Ресей, Әзербайжан, Украина, Тәжікстан секілді елдердегідей судья­­лардың өмір бойына мемлекет қам­қорл­ығында бо­луы мәселесі жөніндегі біздің бас­та­мамызды Елбасы қолдады. Атал­мыш жайт еліміздің экономикалық мүмкіндіктерін есепке ала отырып шешілетін уақыт еншісіндегі мәселе. Осы сұрақтың оңды шешімін табуы үшін біз қолдан келгенді жасауға тырыса­мыз. Өмір бойы өз қызметін абырой­мен атқарып, зейнеткерлік жас­қа жетіп, отставкаға кеткен судьяларға мемлекет тарапынан сәй­ке­сінше түпкілікті қамқорлық көрсетілуі тиіс. Келесі кезекте сұрақ судьялардың қызметіне жүргізілетін мониторинг, негізсіз шешімі үшін судьяның жауапкершілігі, олардың кәсіби деңгейі­нің төмен болуына байланысты қыз­метінен боса­тылу мәселесіне қатыс­ты болды. Бұл мәселеде сот мониторингі бірінші саты­лы және облыстық сот судья­лары­ның қызметін сараптап, судьяның қанша­лықты кәсіби дайындалғандығы, біліктілігі, іс қарау барысындағы мұқиятты­лы­ғы бойынша баға береді, деді Бектас Бекназаров. 2010 жылы жүргізілген мониторинг барысында сот төрелі­гін сапа­сыз жүргізетін 209 судья анықталды. Олардың 195-і аудан­дық сатыдағы, 14 судья облыстық және оған теңестірілген соттарда қызмет етеді. Сараптама нәти­же­­сін­де 8 судья қызметінен босатылса, 125 судьяға қатысты материалдар облыстық соттарда талқыланды. Бұдан кейін олардың жұмыс сапасы жоғары­лағандығын айту қажет. 15 судьяға қатысты құжаттар облыс­тық соттармен Сот жюриіне беріліп, 5 судья кәсіби жарамсыз деп та­нылса, 2 судья өз еркімен қыз­меті­нен босатылды. 6 судьяға өзі­нің кәсіби біліктілігін жоғарылату қажеттігі туралы ескертілді. Жүзеге асырылған шаралар нәтижесінде қазіргі күні көптеген судьялардың өз жұмы­сына деген көзқарасы өз­геріп, сот актілері толықтай заң та­лап­тарына сай қабыл­данып жа­тыр. Ағымдағы жылы 103 судья­ға қатысты сот мониторингі жүргізі­ліп, оның ішінде 35 судья Елба­сы­ның Жарлығымен қызметтен боса­тылса, жуық арада өз қызметіндегі шалалығы, немқұрайлығы және сапа­сыз қызметі үшін 52 судья қызметімен қош айтысуы мүмкін. Егер судья сот төре­лігін жүзеге асыруда қойылып отырған қатаң талапқа сай болмаса, өз еркімен арызын жазып жұмысынан кетеді. Егер өз еркімен қызметінен кетуден бас тартса, Сот жюриі арқылы лауа­зымынан босатылады. Судья­ларға қойылатын талаптың өте қатаң екендігін тағы да қайталап айтамын. Бұл жұмыс одан әрі жалғасын табатындығына ешкімнің күмәні болмасын, – деді. Александр ТАСБОЛАТОВ.