«Өртке тиген дауылдай» өршіл өлеңдерімен қазақ поэзиясына жаңа леп, ерекше екпін алып келген дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толуына байланысты ақын шығармашылығына арналған мәдени іс-шаралар жер-жерде өтіп жатқаны белгілі. Осындай игі шараның бірі таяуда С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрында да өтті.
Ақын өлеңімен аттас «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы!» деген атпен қойылған поэтикалық қойылым көптің көңілінен шықты. Қойылымның сценарийін жазған әрі сахнаға шығарған режиссер театрдың талантты актрисасы Райхан Ибраева.
Жиналған қөпшілік ақын өлеңдері бірінен соң бірі кезекпен оқылатын әдеттегі жыр кешін күтіп отырған. Алайда, қойылымның өзгеше басталуының өзі бұл шығарманың көтерер жүгі салмақты екенін байқатты. Жүректі тербетер әуенмен бірге сахна шымылдығы жайымен сырғып ашылған сәтте көзге түскені – сахна бұрышында тұрған шағын үстел.Үстел үстінде кітап-қағаз, балауыз шам. Бейне ақын Қасым түнімен майшамның жарығымен бұрқыратып өлең жазып, орнынан енді тұрып кеткендей. Сол кезде көрермен залынан көтерілген екі-үш жас үстелді жағалай отырды. Сахна төріндегі портреттен оларға «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ?» – деп ақын әрі қызыға, әрі сынай қарап тұрғандай. Балалардың бірі Қасым Аманжоловтың:
Балалар – біздің болашақ!
Сүйсінеміз. Сүйеміз.
Бұл болашақ тамаша-ақ,
Болашаққа иеміз, – деген жыр жолдарын оқып, болашақтың иесі – бүгінгі жастарға үлкен сенім артқан, жаны – от, рухы – биік ақынның артында қалдырған мол мұрасы туралы не білетіндерін ортаға салуға шақырды. Қалғандары бұл ұсынысты қолдап, ақынның алмас қылыштай жарқылдаған өлеңдерін бірінен-бірі іліп алып, жігерлене оқи жөнелді. Сахнадағы қойылым көріністері де осы жастардың ортаға салған ойы, толғаныстары сияқты өрбіді.
Ақын өмірі мен шығармашылығының басты-басты кезеңдері – балалық және жалынды жастық шақ, арайлы Алматыдағы ақындық қалыптасу кезеңдері мен Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі шабытты шығармашылық жылдары қамтылған қойылымның көптің көңілінен шығуы үшін театр әртістері мен Жезқазған музыкалық колледжі актерлік факультетінің студенттері барынша күш салды.
Алғашқы көрініс Қасымның балалық шағы, әкеден жастай қалып, жетімдіктің тақсыретін тартқан кезі туралы сыр толғайды.
Қыс. Қыстау. Ата-мекен Қызылдағы
Ерттеулі аттар толы қора маңы.
Томпаңдап үйге жалғыз келе жаттым,
Тойдырып күресіннің сырғанағы.
Жармасып босағаға үйге енгенде,
Түскендей болды жүрек ыршып жерге, –
Сұп-сұлық жатты әкем алдымызда,
Бүркеніп жайнамазын оң жақ төрде, – деп тебіренеді жетімдіктің тауқыметі иығына ерте түскен бала Қасым әке табыты жанында тұрып.
Бұдан кейінгі көріністерде Қасымның Орал педагогика институтында оқыған жалынды жастық шағы, Алматыға келіп журналистік қызметке кіріскен, ақындыққа біржола бет бұрып, Абай үлгісіне, аудармашылыққа ден қойған және қазақ поэзиясында өз үнін танытқан кездері кезең-кезеңімен көрініс тауып, осыған орай сыршыл сезімге толы, жігерлі жырлары оқылды.
Қазақтың кең даласын, Сарыарқаның сары жайлауын, Ертістей сұлу өзенін, Оралы мен Жайығын, ақбасты Алатауын жалынды махаббат, сарқылмас сағынышпен жырлаған Қасымның:
Қош бол, досым, жақыным,
Уақыт тығыз, сөз қысқа.
Кетіп бара жатырмын,
Сұрапыл бір соғысқа, – деп майданға аттанып, от пен оқтың ортасында жүріп, жанартаудай жалынды жырларымен алапат соғыстың адамзатқа әкелген апатын, өмір мен өлімнің арпалысын, жауынгерлердің ерлік сипатын шынайы көрсеткен ақынның бөлекше тұлғасын театр актерлері Ерке Бәйдешов, Жасұлан Түсіпбеков, Бақытжан Ибраев, Әбілқасым Шоманұлы, Құрман Игібаев, Теміржан Жанботаев «Сен – фашиссің, мен – қазақпын», «Сырласым», «Ақын өлімі туралы аңыз», «Бауыржан», «Достар, қайда жүрсіңдер?», «Үстімде сұр шинелім» деген өлеңдері арқылы әсерлі жеткізе алды.
Алапат өрттің ортасынан аман шыққан ақын жүрек :
Келдім сені сағынып,
Алтын ұям – Алматым.
Кең көшеңде басар нық,
Мен бір ақын – солдатың, – деп шаттана жырлайды. Ақын өлеңдерінің осы кездегі басты тақырыбы махаббат , батырлық, ерлік , туған жердің жасыл жайлауы, тастан-тасқа секірген бал бұлағы екенін көрермен «Алматы», «Сақыпжамал», «Махаббат періштесі», «Дариғашым» т.б. өлеңдер арқылы таныды.
Бір сөзбен айтқанда, лапылдаған жалындай екпінімен қазақ поэзиясын дүр сілкіндірген Қасым Аманжоловтың мәңгі өлмес өлеңдері мен театрдың әнші-әртістері Дүйсен Кенжеев, Әбілқасым Шоманұлы, Жасұлан Түсіпбеков, Айнұр Досымбаева орындаған ақынның сөздеріне жазылған қазақ композиторларының «Дариға, сол қыз», «Туған жер», «Өзім туралы», «Оралым», «Жас дәурен», «Алма бағында», «Ақсәуле» сияқты әндерінің құдіретті рухы көрерменнің жүрегін баурап, жүректеріне ыстық леп туғызып, ерекше күйге бөледі. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досжан Жанботаев ерекше жігермен оқыған ақынның «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы!» атты өлеңі қойылымның соңғы нүктесі, қорытынды түйіні болды.
Үмітай МОЛДАБЕРГЕН, С.Қожамқұлов атындағы музыкалық театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі.
Жезқазған қаласы.