• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2010

ЖОҒАРЫ ШЫҚ, 2010, АДАМЗАТТЫҢ ТӨРІНЕ!

8100 рет
көрсетілді

Сиыр жылы сүтті һәм құтты жыл болды ма? Бұл, енді әркімнің патша көңілі пайымдайтын сұрақ. Мақтайтын да, даттайтын да адамдардың табылары айдан анық. Алайда олардың өзі де елдік тұрғыдан таразыланар ақиқатпен астаса бермесі анық. Жалпы, қандай оқиғалар орын алса да, қалай дегенде де жылдың жаманы болмайды. Белгілі бір ауыртпалық артар, қиындықтар туғызар. Бірақ... Бірақ, елің аман, жүртың тынышта, іргең бүтін, заман дұрыста сау-саламат келесі он екі айға өткізген жылды жаман деуге аузың бара қоймас?! Бұл “Көппен көрген ұлы той. Жеке бастың қайғысынан сақтасын” деген тұрғыдағы тұспалды ой. Жүрдек уақыт жүрісінен жаңылмайды. Өйткені, ол адам баласының пайым-тілегіне, сана-сезіміне еш тәуелді емес. Табиғи жылдам­дық өлшемі біреулерді алдыға сүйреген арынды арманнан да, енді біреулердің етегінен кейін тартқан керенау жалғаннан да тыс. Жақсылық пен жамандыққа да, қуаныш пен қайғыға да, жетістік пен кемшілікке де ортақ. Тіршілік сонысымен де сара, сонысымен де дара. Ал жаңылмайтын заңдылығына келетін болсақ, күнді күнге алмастырып, қапысыз қайталанып жатады. Сөйтіп, әрбір 365 тәулік шегінде айды ай арқалап, жылды жыл жетелеп... жүйтки бермек, жүйтки бермек. Осындайда қазақтың тауып айтқыштығына таң қалмасқа лажың жоқ. “Туған ай – туралған ет” деген ғой. Қалай тауып айтқан десеңізші. Міне, кеше ғана есігімізді қаққан Сиыр жылын шы­ғарып салып, 2010 жылды қарсы алып отырмыз. Сиыр жылы сүтті һәм құтты жыл болды ма? Бұл, енді әркімнің патша көңілі пайымдайтын сұрақ. Мақтайтын да, даттайтын да адамдардың табылары айдан анық. Алайда олардың өзі де елдік тұрғыдан таразыланар ақиқатпен астаса бермесі анық. Жалпы, қандай оқиғалар орын алса да, қалай дегенде де жылдың жаманы болмайды. Белгілі бір ауыртпалық артар, қиындықтар туғызар. Бірақ... Бірақ, елің аман, жүртың тынышта, іргең бүтін, заман дұрыста сау-саламат келесі он екі айға өткізген жылды жаман деуге аузың бара қоймас?! Бұл “Көппен көрген ұлы той. Жеке бастың қайғысынан сақтасын” деген тұрғыдағы тұспалды ой. Ал тұғырлы Тәуелсіздігіміздің, бодандық бұйдасын сыпырып тастаған Бостандығы­мыз­дың, аңсаумен жеткен Азаттығымыздың, ел еңсесін көтерген Еркіндігіміздің, ұлағатты Ұлттық мүдде мен асқақ Рух тұрғысынан көз тастағанда нені көрер едік? Бөркімізді аспанға атқызып, мерейімізді тасытатын, жанарымызбен жер шұқытып, жігерімізді жасытатын тұстары­мыз қайсы? Өркениет өлкесінде қандай ғимарат салдық, үздік үрдістен өзімізге ғибратты не алдық? Көсегеміз көгерді ме, өркеніміз өсті ме? Ырысымыз артты ма, жоқ, кежегеміз кейін тартты ма? Осы тұрғыдағы ойдың бір парасын ортаға салсақ, ол былай өрбитін сияқты: бүгінде әлемнің барлық елдері дерлік таныған, іргелі мемлекеттер түгел өміршеңдігін мойындаған Қазақстан Республикасы жаһандық экономика­лық және қаржы дағдарысына қарамастан қайығын қара суға қарсы есті. Әлем қауымдас­тығы­ның бірқатар елдері тұралап жатқанда жерлестеріміз төрт аяғынан тең басып, тайпалып кетпегенімен, негізгі көрсеткіштер бойынша қарқынын бәсеңдетпеді. Дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан бөлінген 1 триллион 87,5 миллиард теңге қаражат “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” акционерлік қоғамы арқылы іске қосылды. Олардың негізінен қаржы секторын, орта және шағын кәсіпкерлікті қолдауға, инновациялық, индустриалық, инфрақұрылымдық және әлеуметтік салаларды дамытуға жұмсалғанын жалпақ жұртшылық жақсы біледі. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзге жуық іргелі жобалардың жүзеге асқанын, “Жол картасы” бағдарламасының аясында мыңдаған шақырым жолдардың күрделі жөндеуден өтіп, жүздеген мектеп пен ауруханалардың қалпына келтірілгенін, соның нәтижесінде 400 мың адам­ның жұмыспен қамтылғанын, 90 мың отан­дасымыздың мемлекет есебінен қосалқы маман­дықтар меңгергенін ауыз толтырып айту ләзім.     Қазірдің өзінде “ғасыр құрылысы” деген атқа ие болып үлгерген “Түркіменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай” газ құбыры іске қосылды. Бұл туралы “Егемен Қазақстан” газетінің 90 жылдық торқалы тойына және редакция ұжы­мы­ның жаңа ғимаратқа көшуіне орай “Арна Медиа” холдингінің бұқаралық ақпарат құрал­дары басшыларының сұрақтарына қайтарған жауабында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев былай деп атап көрсетті: “Түркістан-Қытай газ құбырын алайық. Біріншіден, біз транзиттік мемлекет ретінде ақша аламыз. Екіншіден, май айдайтын ондаған стансаларда біздің азаматтар жұмысқа тұрады. Трасса бойында автомобиль жолы болады, электр желісі тартылады. Демек, мұнда елді мекендер пайда болады. Каспийден Қытайға дейін мұнай құбырын төсеу аяқталады. Тепловоздар жинау ұйымдастырылды. Осының бәрі де – дағдарыс кезінде болды. Әлемде осындай құрылыспен айналысқан тағы кім бар екен?”  Міне, осы сөздердің өзі-ақ көп жайды аңғартып, біраз мәселенің мәнін ашып берсе керек. Сиыр жылы астықтан да мол өнім жиналды. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері де ерлікке тең іс тындырды. Саяси саладағы жетістіктеріміз де көз қуантып, көңіл тойдырғандай. “Кәрі құрлық” – Еуропа қауымдастығы өркендеудің өрінен көрінгенімізді мойындап, өз төрінен орын берді. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз, сөз жоқ, Тәуелсіздігіміздің теңдессіз жетістік­терінің бірі ғана емес, бірегейі дегеніміз жөн. ТМД-ның үш елі арасында Кеден одағын құру туралы келісімге қол қойылды. Мәдениеті­міз бен әдебиетіміз, жалпы өркенді өнеріміз өз өрінен көрінді. Ұлттық болмысымызды бейнелеуге талпынған тың туындылар, сахналық қойылымдар, сәулет саласының сәтті шешімдері мен ел еңсесін көтерер ескерткіштер өмірге келіп жатыр. “Мәдени мұра” бағдарламасы маңызды іс-шараларын одан әрі жалғастыруда. Жаңа мәдениет ошақтары бой көтеріп, көнер­ген­дерінің көбі жөнделді. Ал әдебиетіміздің абызы Әбіш Кекілбаевтың тәуелсіз мемлекеті­міздің тұңғыш Еңбек Ері атануы, қазақ поэзия­сының жыр жауһары Фариза Оңғарсынованың Отанымыздың жоғары наградасымен қатар, славян әдебиеті қауымдастығының С.Есенин атындағы алтын медалімен марапатталуы сөз қадірін біліп, құрметтейтін, пәтуалы сөзге тоқтай алатын жұртымыздың жұлдызын жоғарылата түскені даусыз. Сондай-ақ, жыр жампозы, саңлақ сазгер, жезтаңдай әнші, “Алатауға ексең де ... ” екі айналып келмейтін Кенен Әзірбаев, әлемді әнімен әлдилеген бұлбұлымыз Бибігүл Төлегенова мен сезімтал суретші, қазақтың тұңғыш дизайнері, сан қырлы саңлақ Гүлфайруз Исмаилованың мерейтойларына орай халқының құрметі мен қошеметіне бөленуі ұлтымыздың өнерлі өрендерге қашанда бай екенін, тыңдар­ман мен көрерменнің көзайымына айналған ардақтарымен қашанда сағына, қуана қауыша­тынын тағы бір мәрте дәлелдеп бергендей. Ендігі ойдың бір парасы елдегі тұрақтылық пен ұлтаралық келісім мәселелеріне келіп тіреледі. “Жерімізде 130 ұлт пен ұлыстың өкіл­дері тұрады, 46 конфессия бар, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған” деген сөз тіркестерін жиі естиміз, алайда осы сөзге жете мән бермей­тін сияқтымыз. Бұл – біздің тарихи тағдыры­мыз, ендеше, тірлігіміз бен бірлігімізді нығайта түсеміз десек, бұл бағыттарда да ауқымды іс атқаруымызға тура келеді. Атқарып та жатқаны­мыз – қуантуға тиіс. Тәуелсіздігімізді жариялаған тұста ел халқы санындағы қазақтардың үлесі небәрі 42 пайыз болса, бүгінде ол 65 пайызды құрайды. Оған қалай мақтанбасқа?! Елдің даңқын асырып, өркендеу өрісін паш ететін, мемлекеттің гимнін шырқатып, ұлттық туын желбірету арқылы жеңісті жетістігін жаһан жұртына жариялайтын “бейбітшілік елшісі” – спорт саласында да қомақты үлестерге қол жет­кіз­дік. Әсіресе Алексей Ни шәкірттері, Оңтүстік Кореяда өткен ауыр атлетиканың әлемдік чем­пионатында айды аспанға шығарып, алтыннан алқа таққан Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза, Владимир Седов пен Светлана Подобедова Отан абыройын айтарлықтай асқақтата түсті. Басқа спортшыларымыз да Қазақстан қоржынына хал-қадерінше ұпай салды. Голлан­дияда өткен жаһан біріншілігінде Максим Раков ең күшті дзюдошы атанса, Финляндия жеріндегі жарыста Наталья Гурова жылжымалы нысан атудан алдына жан салмады. Су асты бағдарлауы бойынша Венгрияда болған чем­пионат­та Людмила Шумилова мен құрбылары жасындай жарқылдады. Сондай-ақ Белградтағы Дүниежүзі жазғы универсиадасындағы таэквондошы Гүлнафис Айтмұхаметова мен Тайпейдегі (ҚХР) спорттың олимпиадалық емес түрлері бойынша әлем біріншілігіндегі каратэші Халид Халидовтың алтын медальдары үздік көрсеткіштердің көрінісі еді. Ал Денис Урубко болса, дүниедегі 8 мың метрлік 14 шыңды түгел бағындырған тұңғыш қазақстандық атанумен қатар, әлем мен Азия құрлығының ең абыройлы екі атағына бірдей ие болды. Сөз жоқ, қысылшаң шақтағы құтты қадамдарымыз аз емес. Әйтсе де, тірлігіміз тек толайым табыстардан тұрады дей алмайтынымыз да ақиқат. “Әттегенайлар” да кездеспей қалмай­ды. Өткен жылы да олқы тұстардың орын алғаны жасырын емес. Тек жыл басында оларды жерден жеті қоян тапқандай, санамалап жатудың да қажеті шамалы. Өйткені, ондай келеңсіз­діктерімізді ешкім де құлықсыздығынан немесе әдейі істеп отырған жоқ. Көбісі-ақ қысқа жіптің күрмеуге келмейтінінің кесірі. Оның үстіне, олардың бәрін дерлік билік те, жұртшы­лық та жақсы біліп отыр. Демек, ол мәселелер оң шешімін табады деген сенімді серік еткеніміз жөн. Табалдырығымыздан аттап отырған жаңа – Барыс жылынан не күтеміз? Әлбетте, әуелі үміт артамыз. Әрі ол үмітіміз де үкілі. Өйткені, өткен жылдың өзінде-ақ жоспарланған жақсы істеріміз бар. Сол жарқын жетістіктер заңды жалғасын табуға тиіс. Атап айтқанда, және ең бастысы – Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі. Бұл – Тәуелсіздігіміздің толайым да теңдессіз табыстарының бірі. Сондай-ақ жыл ортасынан бастап Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеміз. Одан соң Шанхай ынтымақтастығы ұйымы... Жаратқан ием жар болып, ешкім көп көрмесін. Бұлардың қай-қайсысы да екі елдің бірінің басына қона бермейтін бақ. Демек, еліміз жаңа жылда сәулелі сәттерден сәулет жинайтын болады! Ұзағынан сүйіндіргей! Үкімет 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған елімізді дамытудың аса маңызды құжатын әзірлеп отыр. Ол бағдарлама осы аралықта Қазақстан экономикасын 50 пайызға өсіру мақсатын көздеуде. 2010 жылдан бастап соның алғашқы бесжылдық жоспарын жүзеге асыруға кіріспекпіз. Және үстіміздегі жылы жаңа 170 өндіріс орны ашылады деп күтілуде. Жыл барысында тағы бір алып құрылыс жобасы – Батыс Қазақстандағы Бейнеуден Шымкентке дейін өзіміздің, қазақстандық газ құбыры іске қосылатын болады. Ал бұл дегеніңіз – өз халқымызды арзан бағалы көгілдір отынмен қамтамасыз ету, екінші жағынан әрі алғашқысынан маңызы мүлде кем емес – көршілерімізге газға деген тәуелділіктен құтыла­мыз деген сөз. Сонымен қатар, Батыс Қытай – Батыс Еуропа автомобиль жолының құрылысы басталмақ. Ендеше, еліміздің тарихындағы тағылымды тұстардың бірі – Ұлы Жібек жолының қайта жаңғырып, тамырына қан жүгіретін күндер де алыс емес! 2010 жылы жан-жақты аталып өтетін Конституциямыздың 15 жылдығы мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдық торқалы тойлары да ел мерейін еселеп, тың табыстарға тартары да хақ. Алайда, еңбек қана бәрін де жеңбек. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадисінде: “Алла пендесінің тілегін береді. Тек, сол тілегінің орындалуына талап қылғандарға алдымен береді” дегенге саятын ғибрат та бар. Бір ойды бір ой тудырып, осындайда мынандай тәмсіл еске түседі. Баяғыда дарияның жағасындағы бір ауылды селі бар, тасқыны бар, күндіз-түні толассыз жауған жаңбыры бар – нағыз топан су жайлапты. Ағып келе жатып бұтаққа іліккен бір бейшара ағаштың ұшар басына шығып алып: – О, құдіреті күшті Құдай! Құлым десең, құтқара гөр! – деп жалбарына бастайды. Бір кезде құлағына періштенің: – Қорықпа да қапаланба. Рахымды Алланың құзырына жетті, құтқарып алады, – деген үкімді үні естіледі. Содан көңілі жайланып, отыра береді. Әудем уақытта қасынан қайық өтеді. Қайықтағылар: – Ау, Пәленше, кел, орын бар, – дейді. Сонда әлгі пақыр: – Жоқ, жүре беріңдер. Мені Құдайдың өзі құтқарады, – деп орнынан қозғалмайды. Енді біраздан соң екінші қайық өтеді. Ондағылар да шақырады. Алайда ол тағы да жаңағы жауабын қайталайды. Судың ағысы күшейіп, деңгейі көтеріле түседі. Сол тұста үшінші қайық өтеді. Қайықтағылар құтқармақ болып тағы шақырады. Ол да жауабынан жаңылмайды. Сөйткенше, кезекті қуатты тол­қын әлгі пақыр отырған ағашты тамырымен қоса жұлып алып, жапырақша жөңкілте жөнеледі. Батып бара жатып: – Құдайдың өзі құтқарам деп еді?.. дегенді ойлап үлгеріпті. Сонда періштенің талып жеткен үні естілді дейді: – Ау, пәруардігер! Хақ тағала саған бір емес, құтқарсын деп үш қайық жіберді. Өзің қырсығып, ағаштың басында отырып алдың емес пе? ­– деген екен дейді. Бұдан түйетін ой, адам алдымен ниет қылуы керек. Сосын сол ниетін жүзеге асыруға талап қылуы керек. Сонда ғана Алла тағала жар болып, жәрдемдеседі. Даяр асқа тік қасық болып, “Алма піс, аузыма түс” деп жата беруге болмайды. Иә, кірген Барыс жылы. Ал, Барыс деген бекзат аң біздің өркендеуіміздің бейнелі болмысындай. Ол туралы “Қазақстан-2030” Стратегиялық бағдарламасында былай делінген: 2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия Барысына айналады және өзге дамушы елдер үшін үлгі болады деп сенемін. ... Жануарлар әлемінде барыстың өзіндік ерекшеліктері де бар. Ол өзіне тән тектілігімен, алғырлығымен, жасқануды білмейтін  батыл­дығы­мен, айлалығымен дара­лана­ды. Ол ешкімге бірінші болып шабуыл жасамайды әрі тікелей соқтығыстардан бойын тартады. Рас, егер өзінің еркіндігі мен тұрағына, ұрпағына қатер төнген жағдайда, оларды бұларды басын тігіп, бойындағы барын салып қорғайды. Ендеше, қазақстандық Барыстың бойына дамудың алдыңғы қатарлы үздік деңгейіне үстелген батыстың талғампаздығы да, шығыстың кемеңгерлігі мен төзімділігі де тән болуға тиіс. ... Қалай дегенде де қазақтың құлан түзіне жаңа жыл жарқын жүзімен аттап кірді. Дастар­қанымызға дәм толды, кеңістігімізде ән қалық­тады. Ал, ол жылдың тарихымызда қандай ерекшелігімен, қаншалықты табыс – таралғы­сымен қалатынын уақыт көрсетеді. Тек, “жыла­маған балаға емшек бермейтін” без­бүйректеу кезеңде “таңғы нәсіп Тәңірден” дейтін тоқмейіл тәубешілдігімізге тәнтілік танытып отыра беруге болмайтынын да ұмытпайық, ағайын! Қадыр ӘЛІМҚҰЛОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. ӘЛЕМ МОЙЫНДАҒАН ДАРА ТҰЛҒА Светлана ГАИТОВА, Қазақстан халқы Ассамблея­сының жанын­дағы “Ұлағат” ақсақалдар кеңесінің төрайымы. Елдің назарын аударған мақа­ла­ларды ұйғыр тіліне аударып, көшіріп басу “Ұйғыр авази” га­зетінің бір жақсы дәстүрі. “Егемен Қазақстан” жариялаған “Азамат­тың тілеуін тілейік, ағайын!” атты сұхбатты да ұйғыр жұртшылығы өз ана тілінде оқи алды. Бүкіл ел құрметтейтін Бәйкен Әшімов ақ­сақалдың сол сұхбатта айтқан ой­лары менің де қолыма қалам алдырып отыр. Біз, қазақстандықтар, өзімізді бақыттымыз деп айтуға құқымыз бар. Себебі, сан ғасырлар бойы елі мен жерінің азаттығы үшін күре­сіп, ұрпақтарына аманат етіп қалдырған қасиетті қазақ топыра­ғында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Түркі жұртына тән Асан қайғы Желмаясына мініп жұртына жән­­нат жер іздегені жайлы аңыз баршаға белгілі. Сол жерұйық қазақ даласынан табылса, бүгін біздер, Қазақстанды мекендейтін барша ұлт өкілдері осы киелі жер­дің бел баласы екендігімізді ерекше мақтанышпен айта аламыз. Отан деген – ұлы сөз. Ол менің пікірімше, ортақ аумақпен, шекарамен, болмаса қандай да бір заң жиынтығымен ғана өлшен­бейді. Отан – рухтың бірлігі, ниет пен мақсаттың тұғыры. Демек, мүддеміз бір болса, Отан алдын­дағы жауапкершілігіміз де бір ұғымда түйісіп, алға жылжудың, бірлесе күрес жүргізудің басты шарты – елжандылық деген қасиеттің беріктігіне әкеледі. Қазақстан тәуелсіздігін жария еткен кезден бері Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан халқы форумында бұл достықтың ғасырлар бойы жинал­ған тәжіри­бесінің негізінде қалып­тас­қанын атап айтқан еді. Әлем­дегі тарихи жағдайларға байланыс­ты қоныс аударған өзге ұлт өкіл­дерінің бірі тір­шілік жасау үшін келсе, бірі зорлық­шыл биліктің зобалаңына түсіп, жер аударылып, туған жерінен еріксіз түн қатып көшкендер. Дегенмен, қазақ хал­­қы олардың барлығын жатсын­бай, жамандық жасамай, тең құқылы өмір сүруіне жағдай туғызды, жоғын түгендеп, барымен бөлісті. Өткен ғасырдың 90-шы жыл­дарын­да КСРО құрамындағы рес­пуб­ликалар тәуелсіздігін жарияла­ған тұста көптеген мемлекеттер бірінші кезекке өз ұлтының мүд­дес­ін қойды. Тәуелсіз Қазақстан алғашқы қадам­дарын мұндай өрескел әрекеттермен емес, қайта қазақ жерін мекендейтін барлық ұлттардың алаңсыз, өз мүм­кіндік­теріне сай өмір сүріп, еңбек етуіне жағдай жасаудан бастады. Сөйтіп, дүние жүзінде баламасы жоқ қоғам­дық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы дүниеге келді. Елімізде ұлттық мектептер ашыл­ды, театрлар өркен жайды, газет­тер шыға бастады. Еліміздің Ата Заңында қазақ жерін мекендейтін барша ұлттар мен ұлыстардың тең құқықтығы жарияланып, бұлжыт­пастан орындалуда. Мемлекет басшысының: “Өз жерінде, өз елінде жүріп қазақтай зардап шеккен ешқандай халық жоқ”, деп айтқаны есімде қалып­ты. Тарихқа көз жүгіртсек, әрісін айтпағанда, сонау азамат соғысы­нан бері қарай байларды тәркілеу, 30-шы жылдары орын алған ашар­­шылық пен қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы қазақтың қан­ша­ма азаматтарының қатарын сире­тіп, басын бәйгеге тіктірді десеңізші. Мен сан ғасырлық тарихы, өзіне тән дәстүр-салты, өнері мен мәдениеті бар ұйғыр халқының қызымын. Өз ұлтымды сүйіп, танып, өз тілімде сөйлеймін. Алай­да, қандай шаруамен айналы­сам десем де кедергі көріп отыр­ған жоқпын. Қазақтармен құқы­мыз бірдей, жағдайымыз жақсы. “Құр­ғақ қасық ауыз жыртады” дегеннің керін келтірмей, енді біз “Қазақ жақсы, қазақ қонақжай” деген сөздерді қайталай бермей, оларға көмектесу үшін нақтылы шаралар­ға көшуіміз керек. Демек, біз қазақ ұлтының өркендеуі ар­қы­лы өз бақытымызды толық­қан­ды сезіне­тінімізді ойлайтын күн келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның сессиясында біз жеріміздегі бейбітшілік пен келі­сімге үйреніп кеткеніміз соншама, оны күнделікті жұтып жүрген ауа сияқты аңғармайтын болғанбыз, деген еді. Расында, шетелде біз­дегі татулықты “қазақстандық керемет” деп қабыл­дайды. Бірақ біз жайбарақаттыққа, мардымсуға жол бермеуіміз керек. Бір нәрсе айтпас бұрын, әлдебір әрекет жасар алдында бұл қылығым ор­тақ Отанымыздың мүддесіне сай келе ме, ұлтаралық достық пен татулыққа кесірін тигізбей ме деп ойланып алғанымыз дұрыс. Қазақстаннан Германияға көшіп кеткен жерлестеріміз жай­лы мы­нандай бір әңгіме бар. “Бір­де бүл­дір­шін қыз ентіге жүгіріп кіріп, шеше­сіне неміс тілінде: “Мама, біздің қазақтар келді. Домбыра! Домбыра! Жүр, барып тыңдаймыз”, деп айқай салған көрінеді. Сонда көптеген адамдар жұмыстарын қоя салып, жүгірген екен. Осылайша туристік сапар­мен жүрген қазақ­стан­дық авто­бустың ішінде ойнап тұрған қазақ музыкасын тыңдап, бір жасап қалған”, дейді. Бұл Қазақ­станда туған сол сәбидің қазақ жері­не, оның өнеріне деген сүйіспен­ші­лігін, жүрегіне ұялаған махаб­батын көрсетпей ме? Меніңше, қазақтың салт-дәстүрін көріп, ұлттық тағам­дарынан дәм татып, ән-күйін тыңдап өскен өзге ұлт өкілдерінің қай-қайсысы болсын қазақ жерінің қасиетін ұмытпай­тыны анық. Келер жылы Қазақстан Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына төрағалық етеді. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы арасында және Орталық Азиядағы мемлекеттер ішінен бірінші болып мұндай мәртебені Қазақстанның иеленуінде заңдылық жатқан сияқты. Бұл біздегі экономикалық жетістіктердің ғана нәтижесі емес. Бұл, ең алдымен, еліміздегі ұлт­ара­лық татулықты қалыптастыру­дағы тәжірибемізге мойынсұнған­дық деп ойлаймын. Себебі, өрке­ниет өріне шыққан елдердің өзін­де ұлтаралық қатынас мәселесі толық шешімін таппай келеді. Осы орайда біздің тәжірибемізді Еуропаға қолданудың да сәті түскендей. Біз бүгін өте күрделі әлемде өмір сүріп жатырмыз. Жан-жағы­мызда ұлттық, діни тұрғыдағы кикілжіңдер жиі орын алуда. Осы орайда ұйғыр ұлтының өкілі ретінде қазақ халқына деген ізгі ниетімді ерекше айтқым келеді. Мемлекет басшысының өзі үлкен шаңырақтағы ұлттар мен ұлыстар­дың тең құқығын қамтамасыз еткені осыған дәлел. Қазақта “Үй ішінен үй тікпес болар” деген мәтел бар. Сол айт­қан­дай, баршамыз жеке “ұлттық пәтерге” бөлінуді ойламай, ортақ Отанымыздың болашағына алаң­дауға тиіспіз. Ол үшін әрқайсы­мыз­дың жүрегімізде қазақстандық патриотизм, ел мен жерге деген кір­шік­сіз сезім болуы керек. Ағаш тамыр­сыз болмайды. Егер ұрпақ­тар арасындағы айрандай ұйыған татулық үзілсе, онда мемлекеттің болашағы да бұлыңғыр. Бұл жерде мен ана, әже және “Ұлағат” ақ­сақал­дар кеңесінің төрайымы ретін­де аға ұрпақ өкілдерінен балаларды елжандылыққа, достық пен тату­лық­қа тәрбиелеуге, ұлт­ара­лық келісімді ана сүтімен бойға сіңіруге үндер едім. Барша отан­дастарым бұл айтқандарымды дұрыс қабыл­дайтынына сенемін. Екіншіден, және де бүкіл айт­пағымның негізі еліміздегі тамыры бекем татулығымыздың басты үйлестірушісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев деп білемін. Сол кісінің ішкі-сыртқы сарабдал саясатының арқасында мемлекетімізде ұлтара­лық татулықтың, халықаралық келісімнің берік негізі қаланып отыр. Ел егемендігі тұсында да бір табыстарға қол жеткізсек, солар­дың барлығы Елбасының есімімен тікелей байланысты. Демек, Нұр­сұлтан Әбішұлындай дана басшы­мыз бар кезде Қазақстан тек өсіп-өркендей береді деп толық сенім­мен айта аламын. Яғни, күш-қуаты жетіп тұрған шақта тәуелсіз елімізді Нұрсұлтан Назарбаевтай әлем танып, мойындаған дара тұлға ғана басқара беруі тиіс деп білемін. Алматы облысы. КӨШБАСШЫҒА ЗОР ДЕНСАУЛЫҚ ТІЛЕЙМІН! Келе жатқан Барыс жылы елімізге тыныштық, халқымызға бақыт, береке әкелсін деп тілек айта отырып, өткен Сиыр жылына үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Өткен жыл елімізге көп табыстар әкелді. Әлемді жайлаған қаржылық-экономикалық дағдарыстан аман-есен өттік деп айтуға болады. Оның бір айғағындай, біздің медициналық университет тарихында 33 қызметкер­леріміз пәтер алып, жаңа жылда қоныс тойын тойлап жатыр, бұл 45 жылда болмаған жағдай. Әріптесіміз Ж.Жұмаділов Құр­мет орденімен марапатталды. Университетте ректордың тікелей қамқорлығымен 7 адамнан тұра­тын қазақ тілі бөлімі ашылды. Ғылыми кеңес­теріміз мемлекет тілінде жүргізілсе, іс қағаздар жыл басынан бастап қазақ тіліне көшетін болды. Бірнеше ғалымдарымыз алыс шет елдерде болып, тәжірибе алмасып келді. Университетіміз халық­аралық аккридитацияға дайындық үстінде. Өзіме келсек, “Құрметті ұстаз” атағымен марапатталдым. Кафедрамыз универси­тет­тің 60 кафедрасы арасында 6-орынға шықтық (ғылымнан – 4, клиникадан –5) Ұстаздар ара­сында бір доцент пен бір ассистент бірінші орынға шықты, бұның бәрі өткен жылы қол жеткен жетістік­теріміз. Барыс жылынан күтетін үмітіміз де көп. Ең бастысы – университетіміз медициналық холдингтің құрамында Н.Назарбаевтың атындағы халықаралық университеттің қанатының астына кірді. Оқудың сапасы жоғарылап, біздің білім ордамыз өркениетті елдердегі жоғары оқу орындарымен терезесі тең болады деп сенеміз. Ол үшін көп жұмыс істеу, ізденістер қажет. Еліміздің халықаралық беделді ұйым ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, біздің елімізді тағы да бір қырға, жоғары дең­гей­ге шығарады деп сенеміз. Сол үшін Президентімізге зор денсаулық тілей отырып, елімізге тыныштық, халқымызға байлық, зор денсаулық тілеймін. Әбубәкір ЕРЕКЕШОВ, дәрігер.