Сәрсенбі күні елордадағы Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығында қазақстандық дәрігерлердің алғаш рет лапароскопиялық тәсілмен бүйректі алмастыру бойынша жасалған операциялар қорытындысы туралы баспасөз мәслихаты болып өтті.
Орталық мамандары бүйректі алмастырудың жаңа әдісін Оңтүстік Кореяның Анам госпиталінің мамандарымен тәжірибе алмасу кезінде үйреніпті. Әріптестерімен бірлесіп лапароскопияның көмегімен 3 бүйректі алмастыру операциясы жасалыпты.
Дәрігерлердің айтуынша, Қазақ елінде алғаш рет орындалған операцияның бір артықшылығы ота кезінде жарақат аз болып, сырқаттардың оңалуы 2-3 күнге қысқарады екен. Яғни науқас 2-3 күннің ішінде емін-еркін жүріп-тұра алады.
Баспасөз мәслихаты барысында Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығының басқарма төрағасы Болат Баймаханов еліміздегі созылмалы бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі бар сырқаттардың жағдайымен таныстыра келе, мұндай операцияға 1500 науқастың мұқтаж болып отырғандығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазіргі таңда бір жылдың ішінде елімізде 10-12 бүйректі алмастыру операциясы жасалады. Бірақ бұл көрсеткіш науқастардың қажеттіліктерін толық өтеп жатыр деуге болмайды. Сонымен қатар, ол мұндай операцияның құны елімізде өте қымбат екендігін де жасырмады. «Алдағы уақытта жасалатын операциялардың басым бөлігі лапароскопия көмегіне жүгінетін болады. Ота жасау барысындағы барлық шығын мемлекет қаржысымен атқарылатын болса, науқастарға көмек тегін көрсетіледі. Ондай жағдайда орталық аптасына 2 ота жасауға қабілетті» деді Б.Баймаханов журналистермен жүздесу үстінде.
Бүгінгі таңда Ұлттық медициналық холдинг Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, қазақстандықтар үшін жоғары мамандандырылған дәрігерлік көмекке қолжетімділікті барынша арттыру үшін жұмыстар жасап келеді. Солардың бірі адам мүшелерін алмастыру дер едік. Орталық мамандардың пікірлері бойынша алдағы 5 жылдың ішінде елімізде жыл сайын жасалынатын мұндай ота жасау көрсеткіші кемінде екі есе ұлғаю керек. Бұл міндеттерді орындау үшін Ұлттық медициналық холдингтің мамандары шетелдік әріптестерінің алдыңғы қатарлы тәжірибелерімен танысып, оны өзіміздің отандық медицина саласына белсенді пайдалануға талпынуда екен. Мәселен, бүйректі алмастырудың жаңа әдістерін толық игеру үшін оңтүстіккореялық мамандар қазақстандық оташыларды өздерінің тәжірибелерімен танысу үшін өз елдеріне шақырыпты. Ол мемлекет мұндай ота жасауда әлем елдерінің алдыңғы қатарынан көрініп отырғаны белгілі. Олардың клиникаларында жылына 2 мың бүйрек және 1 мың бауыр алмастыру операциясы жасалатын көрінеді. Өткен жылы бұл елдегі клиникалардың бірі 208 ота жасап, Гиннестің рекордтар кітабына еніпті. Мұндай көрсеткіш біздің елде де болады деген сенімдеміз.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.