Мен зейнеткермін. «Егемен Қазақстанды» жаздырып алатын едім. Еліміздің бас газеті ғой, елде болып жатқан жақсылық істерді бағдарлап, бақылап отыратын мемлекеттік басылымнан елдің бағыт-бағдарын көріп, естіп отырайын дегендей мақсатпен жазылып едім. Бір жәйт менің қолыма қалам алдырды. Газеттің 2011 жылғы 24 мамырдағы №215-216 нөмірінде «Толғандырар тақырып» айдарымен «Етті ірі қара мал ел бренді бола ала ма?» деген атпен ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Болат Жүнісовпен тілші әңгімесін оқып, сол түні ұйықтай алмай, ақыры қолыма қалам алып, хат жазғанды жөн көрдім.
Ғалым өз жауабында шетелден әр басын 3 мың доллардан 70 мың герефорд тұқымды сиырын «ҚазАгроҚаржы» ұлттық компаниясы елімізге әкелетін көрінеді депті. Ол 210 млн. доллар. Сұмдық-ай! Ғалым аталық бұқа әкелуге болар десе де, жаппай сиыр әкелуге ол да келіспеген. Ғалым Қазақстан табиғатының малға қолайлылығын терең талдамай, өте қысқа сөйлепті, бірақ «герефордқа» дұрыс түсінік берген.
Ал мен қарапайым қазақ шалы ретінде ақша кімдікі екеніне қарамастан, бұл күлкілі істі тоқтату керек демекпін. Бұл қазақ халқын күлкі ету.
«Герефорд» – ол зауыт, фабрика, болмаса жоғары технологиялық құрылғы немесе күніге бәлен кило ет беретін машина да емес. Ол асыл тұқымды, беретін өнімі тілінде, қарапайым зоотехник шығарған ет бағытындағы ірі қара мал. Біріншіден, герефорд жайылымдық мал емес. Екіншіден, Канада мен Қазақстан табиғаты жер мен көктей. Қатал ауа райына көндікпейді. Үшіншіден, бізде герефорд жейтін шөп өспейді. Ексең, өте қымбатқа түседі.
Қазақстанға одан гөрі бүгін күнде бір жұмыртқа беретін мекиен тауық артық. Нан жеп ет беретін герефорд тұқымды сиыры босқа берсе де қажет емес. Себебі, Қазақстанда ауыл шаруашылығына жарақты 113 млн. гектар жер бар болса, оның 6 млн. гектары егіншілік, 13 млн. гектары шабындық, ал 93 млн. гектары жайылым. Міне, байлық осы жайылым. Осыншама жайылым мен қазақ деген халық тұрғанда ет өндіру елді неге дүрліктіріп, қинайды? Айдың күні аманында осынша жайылымдық жер тұрғанда бізді соншалық мұқтаж етуші кім өзі?
Менің білімін жоғары, мамандығым ғалым-зоотехник. Мен ғалым-зоотехникпін, себебі, біріншіден, селекционермін. Екіншіден, РНК, ДНК, хромосомаларды қажетті жеріне жұмсай алатын генетикпін. Үшіншіден, зоотехникпін – ол зоо-жануар, техник-инженер, дәл қазақшаласам жануар жасаушысымын. Міне, осы үш ғылымды меңгерген маған 1967 жылы ғалым-зоотехник деген мамандық берді.
Сол күннен бері менің қолымнан ет, жүн, сүт жасау келеді, жасадым, жасай да аламын. Нақтыласам, Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Абай атындағы совхозда кезінде болған, қазір ізі бар, 90 мың қазақтың құйрықты Еділбай қойы өсірілді, жекесі тағы бар. Осы қойлар түгелдей боз жүнді. Неге екені ғалымға, ақша керек адамға түсінікті. Осыншама мал сұрыпталған тұқымға қажетті талаптарды толық қанағаттандыратын, осы типті мал тұқымына сай ет, жүн бере алатын етті-құйрықты қазақы қой тұқымы болды.
Бүгін зоотехния ғылымы күлкі болып отырған жоқ, «жібекті түте алмаған жүн етеді» дегендей, осы ғылымды өз қажетіне жарата алмай, ағылшынның «герефорд» сиырын әр басын 3 мың долларға сатып алып, мұхиттардан асып ұшақпен әкеліп отырғанымыз нағыз күлкі.
Бұл қатені тез түзету керек. Ол іс осы Қазақстанның институтын бітірген зоотехниктің кез келгенінің қолынан келеді. Тек, мақсаты – айқын талап қажет.
Ал әр басы 3 мың доллар тұратын бұл «герефорд» деген өзі шын мәнінде не? Ол не береді? «Герефорд» – етінен сүйегі көп, егер әрқайсысының салмағы 500 кг. болатын болса күніне 25 к.ед., егер салмағы 800 кг. болса күніне 40 к.ед., (әрбір к.ед., 1 кг. арпаға тең) сапалы құнарлы мал азығын жеп тұрғанда төрт жылда ғана өз салмағына жетер өнім беретін баяу өсетін сиыр малы. Бір бас малды бағу үшін бір жылға тек қана мал азығына 9125 кг. арпа қажет. Оның құны 231 125 тг. болмақ. Егер жерің құнарлы, еккенің сенімді өнім беретін болса ғана жей беретін-жей беретін, өнімі тілінде, өнімі сатулы сапалы ет беретін асыл тұқымды мүйізді ірі қара. Ондай жер бізде егіннен ауыспайды. Ал осы бір герефорд сиырының құнына екі бие сатып алсаң және артық ақша қалады. Ол Қазақстандағы 93 млн. гектар жайылымда өзі жайылып, ішетін суатын бір көрсетсең өзі суға құлап, екеуі келесі жылы ешбір бейнет-шығынсыз екі құлын әкеледі. Құлын етінің сапасын қазаққа суреттеудің қажеті болмас. Күзде әр жабағыны әрқайсысын 85-90 мың теңгеден сатып жүр. Сондай-ақ, ол сол жылы өз құнының жартысына жуығын қайырып беретін мінсең тұлпар, жесең ет, ішсең шипалы сусын беретін ата-бабамыздың аса қасиетті малы. Қазақ өсірген үш түлік малдың екі түлігі жылқы мен қой малдарының төлі сол жылы аналарының 45-70 пайыз салмағына жетіп, өнім ретінде пайдалануға жарайды. Саулықтан туған марқа анасының 65-70 пайыз салмағын, жабағы енесінің 40-55 пайыз салмағын сол жылы береді.
Шаруашылық есеппен есептесем, бұл жұтпа жылқы етінің 1 килосы, бір кило нанның құнынан екі есе арзанға түседі екен. Жылқы бағуды қазақ баласына үйретудің қажеті жоқ. Оның қанында бар.
1961 жылы 21 наурызда Алматыда өткен Қазақ КСР ауыл шаруашылығы озаттарының кеңесіндегі жасаған баяндамасында КОКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы, КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы Н.Хрущев КСРО-дағы арзан қой еті Қазақ КСР-і Ақтөбе облысы Байғанин ауданы, Жамбыл атындағы колхозда, басқарма Аманғосов Сұлтан 54 мың қой өсіреді. Бір центнер қой етінің өзіндік құны 27 сом 50 тиын деді. Міне, бұл 93 млн. гектар жайылымның құдіреті болатын. Біз сол жылдары Алматыда студент едік. Дүкенде нан 16 тиын тұратын. Бұл қой етінің өндіру құны. Қойға ең кемі 1,5-2 айға шөп дайындалады. Ал жылқыға шөп дайындалмайды. Нақты дәлел осы.
Менің бүкіл еңбек жолым Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында өтті. Сол өңірде Түгіскен деген аймақта ауданның немесе 9 совхоздың 18-20 мың жылқысы бағылды. Төлін қоссаң, сол заманға көп жылқы болатын. Ал бүгін одан 1,5-2 есе артық өсіруге болады, себебі қой жоқ.
Басқасын, тіпті ішкен-жегенін, күтімін, ұшақпен әкелу құнын есептемегенде, тек қана сол герефорд тұратын бір қора құнына 5000-5500 бас бие сатып алуға болады екен. Кеңес өкіметі кезеңіндегі ең төменгі көрсеткіш 100 биеден 80 құлын алынатын болса, сонда 4400 бас құлын, оны 85-90 мың теңгеге көбейтсең, келесі жылы осыншама ақша қайтарылады. Қазақстанның табиғатына, жайылымға, ғасырлар бойы жердің отына, ауа-райына үйреніскен, ата-бабалардың негізгі түлегі болып қалыптасқан, бір теңгені шөп үшін жұмсамай келер жылы өзінің жарты құнын беретін қасиетті қазақтың жабы тұқымды жылқысын неге өсірмейміз, неге көбейтпейміз? Оған оқу-ғылым қажет емес, тек адал еңбек керек.
Елбасы өзінің халыққа жолдауларында мал шаруашылығы өнімдерін жедел өндіру жөнінде тапсырма берді. Ол үшін 150 млрд. теңге ақша бөлдірді. Өте-өте көп ақша, егер орнына жұмсаса артық та. Маған берген жауабында Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өзі алған ақшаға не істегенін айтпапты. Неге біз өзгенің кез келген ісіне көзсіз ереміз. Шикізатымыз, ұлан-ғайыр жеріміз тұрғанда, тәуелді болмайтын затқа тәуелді боламыз. Неге олардың алдында мүсәпірдің күнін кешеміз. Қазақтың құдай берген өз ақшасына қазақтың қажеттілігі неге істелмейді?
Кешегі сырттан заттарды тасымалдау жойылған жылдары елде қант болмай қалған мезгілде, қант қызылшасын өсіріп, ел өзі өндірген қантты жеді. Сұйық май керек деген соң, күнбағыс егіп, Ақтөбеде оны сығатын кәсіпорын ашып, сұйық майын өздері өндіріп, пайдаланды. Өз елінде, өзінің жерінде өсіріп, өндіруге болатынына көздері жетті.
Құдайға шүкір, елдің, жердің байлығы жеткілікті, тіпті жетіп артылады да, тек қана сол байлықты игерер, меңгерер, иесі болар қазақ ұлы болса.
Іс соны күтіп тұр.
Бақберген ҚАРАҚОВ, еңбек ардагері.
Ақтөбе.