• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2011

Алқабилер алған асу

1305 рет
көрсетілді

Кез келген адамның құқын әділ қорғай алу – мемлекеттің міндеті. Осы мақсатты заң аясында орындау үшін шынайы сот төрелігін жүзеге асыруға қашанда ерекше назар аударылады. Ал еліміздің дамуындағы экономикалық, демократиялық жетістіктер мен өске­лең заман талабы сот төрелігін жүр­гізу­де тың үлгілерге жол ашуына мүм­кін­дік берді. Соның бірі ретінде алқа­би­лердің қатысуымен сот ісін жүргізу тәжірибеге енді. Сөйтіп, осыдан бірнеше жыл бұрын қабылданған «Алқаби­лер туралы» Заң қылмыстық сот ісін жүргізуге алқабилердің қатысуына бай­ланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін, алқабилердің құқықтық мәрте­бе­сін, тәуелсіздігінің кепілдіктерін, олар­дың қызметін қамтамасыз етудің құқық­тық, экономикалық және ұйымдас­тыру­шылық негіздерін айқындайтын болды. Мемлекет басшысы алқабилер сотын енгізу қағидатты қадам болды деп атап өтті. Бұл демократияның ажы­рамас бөлігі ретінде азаматтық қоғам институттарын дамытудағы және адам құқықтарын қорғаудағы жауапты ке­зеңге айналды. Одан бері алқабилердің қатысуы­мен елімізде бірнеше істер қаралды. Жалпы, алқаби дегеніміз соттың қыл­мыс­тық істі заңда белгіленген тәртіп­пен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған еліміздің кез келген азаматы. Сондықтан да алқаби сотын – сот төрелігін жүзеге асыруға халықтың қатысуының бір түрі дейміз. Алайда, бұл жай ғана қылмыстық іс жүргізу институты емес, ол ерекше әлеу­меттік институт, бұл ретте қара­латын істердің қаншасы оның үлесіне тиесілі екеніне қарамастан, мұндай соттың елде болу фактісінің өзі осы елде жарыспалы сот төрелігінің бар екендігін білдіреді. Бұл жөнінде біз әңгімелескен Жо­ғарғы Соттың судьясы Әділ Құрық­баев елімізде алқаби соты орнықты, ол бүкіл қылмыстық процестің мәні мен мазмұнын өзгертетін сот ісін жүргізу­дің жаңа түрі болып табылады дейді. Арнайы іріктелген адамдар істің нақты мән-жайларын бағалап, шешім шыға­рады. Азаматтық қоғам мен мемлекет үшін осы институттың құндылығы ал­қа­билердің кәсіби судьяларға қара­ған­да сот қызметіне істі қабылдауды, өмір­лік тәжірибені, ақиқат пен әдепті­лікті қоғамдық ұғынуды өзгеше енгізуінде болып отыр. Ресейдің атақты заң­гері А.Ф.Конидің айтуынша, алқабилер сотта көріп, естігендері бойынша өз­дері еркін және тәуелсіз құрған ішкі нанымы бойынша істерді шешеді. Ондай наным оларға істі талқылау ықпал еткен түрлі әсерлер жиынтығын іштей өңдеуден туындайды. Қандай да бір дәлелдемелерге сенуді немесе сенбеуді олардың ар-ұжданы шешеді. Бұл сөз­дер бүгінгі күні де өзекті болып та­бы­лады. Алқаби сотын көп жағдайда «қо­ғамдық ар-ұждан соты» деп айтады, ол қоғамда ақиқат пен әділеттілік туралы ұғымды дерексіз емес, нақты түсінік­тер арқылы қабылдап, қолдайды. Қазақстанда алқаби соты енгізілгеннен бері бірнеше жыл өтті, осы кезеңде алқаби сот­тары біршама тәжірибе де жи­на­ға­ны анық. Мәселен, үстіміздегі жыл­ғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша республикада барлығы 208 адамға қатысты 113 қылмыстық іс қаралған. Бұл ретте егер 2007 жылы 61 адамға қатысты 36 қылмыстық іс қаралған болса, биылғы жылдың 8 айында 69 адамға қатысты 35 іс қаралды. Соттардың алқабилер­дің қатысуымен қарайтын істердің көбеюі оған сенімнің артып отырғанын білдіреді дейді мамандар. Сот төрелі­гінің осы институтына туындап отыр­ған қызығу­шы­лық оның өміршеңдігі мен маңыз­ды­лығының белгісі болып табылады. Аймақтар арасынан облыстық және оған теңестірілген соттарға баруға жата­тын сотталушылардың  алқаби сотын неғұрлым жиі таңдап отырғанын атауға болады. Соның ішінде өткен кезеңде алқабилердің қатысуымен ең көп істерді Алматы облыстық соты  және Оңтүстік Қазақстан облыстық соты қараған. Одан кейін Атырау облыстық соты 12 іс, Астана, Алматы қалалық және Маңғыстау облыстық соттары 11 істен қараған. 2007-2008 жылдары Павлодар, Қа­ра­ғанды облыстық соттары алқа­би­лер­дің қатысуымен қылмыстық істерді қа­ра­маған, бірақ биыл жағдай өзгерді. Қа­рағанды облыстық соты 3 іс қарады жә­не жақында Павлодар облыстық соты­на бірінші іс түсті. Өткен кезеңде рес­пуб­ликаның Әскери соты ғана алқа­би­лердің қатысумен істерді қарамағаны белгілі. Әрине, біздің елімізде әлі де алқа­би­лер соты алғашқы қадамдарын ғана жасап келеді, сондықтан күдіктер де, сын да айтылады. Атап айтқанда, алқаби со­ты­на қарсы пікір білдірушілер алқаби со­тын енгізу әлі ерте, ондай сот біздің менталитетімізге жат деген уәждер келтіреді. Кейбіреулер мұны шығарылған сот шешімінің себептерін заң ғылымына және практикасына ешқандай қатысы жоқ адамдардың, кейбір жағдайда тіпті мамандар үшін де қиын болып табыла­тын кінәлілігі, дәлелділігі, жауаптылығы туралы аса күрделі мәселелерді шеше ал­майтындығымен түсіндіруге тырыса­ды. Кейде алқабилердің төмен әлеумет­тік мәртебесі туралы да айтылып жатады. Бұл пікірлермен бірқатар мамандар нақты келіспесе де алқабилердің қаты­суы­мен жүргізілетін сот ісін жүргізу әлі толық жетілмегендігін алға тартады. Бі­рақ, алқаби соты демократияның сөзсіз жеңісі екені, оны барынша қорғау және дамыту керектігі анық. Қазақстандағы сот реформасының қазіргі заманғы тұ­жы­рымдамасы оны ең алдымен, сот жарыс­па­лылығын ынталандыруға, сол арқылы азаматтардың құқықтары мен бостандық­тарын неғұрлым пәрменді қорғауға ықпал етуге арналған институт ретінде қарайды. Осы тұрғыдан алғанда біздің үмітіміз ақ­талды, оны ақтау үкімдерінің көбейіп келуі көрсетеді. 2007 жылы алқабилер 3 адам­­ды ақтап қалса,  2008 жылы соттар 5 ақтау үкімін шығарған. Ал осы жылдың бірінші жартыжылдығында 9 сотталушы ақталған. Барлық осы кезең ішінде іс жүр­гізу негіздері бойынша бір ғана ақтау үкі­мінің күші жойылған көрінеді. Мәсе­лен, Атырау облыстық сотынан сот қыз­меткері Б.Ғалиев хабарлағандай, онда алқабилер­дің қатысуымен сот істері қаралуына бай­ланысты көптеген өзгерістер бар көрінеді. Жалпы, жергілікті халық өкілдері бо­лып табылатын алқабилердің сот шешімдеріне қатысуы, жәй қатысып қоймай, олардың шешім шығаруға нақты ықпал етуіне жағдай жасайтын бұл өзгеріс еліміз ұстанған демократиялық қоғам құру та­лаптарынан туындады. Алқабилер тура­лы заң талабы аса ауыр қылмыстарға қатысты қолданылады және де олардың қатысуы­мен іс тек  сотталушының өтініші бойын­ша қаралады деп заңда нақты көрсетілген. Егер сотталушы бас тартса, қылмыстық іс кәсіпқой судьялардың қарауына алынады. Сондықтан алқабилердің қатысуымен өтетін соттың жетістіктері мен олқы түсіп жатқан жақтары қандай, нендей ерекшеліктері мен өзгешеліктері бар, судьялар мен мемлекеттік айыптаушылардың, алқа­би­лердің сот барысындағы қарым-қатына­сы қандай, алқабилердің қатысуымен өтетін сот процестерін ұйымдастырудағы проблемалық мәселелер қандай деген мәселелер жиі көтеріледі. Алқабилердің қатысуымен өткен сот процестеріне шолу жасаcақ құзырлы органдар жүргізген тиісті тексеруден кейін әрбір алқаби мүшесі сот басталар алдында ант қабылдайды. Олар өздерінің ішкі нанымы бойынша шешім шығарады. Сотта қаралатын дәлелде­мелерді зерттеуге, сотқа қатысушыларға судья арқылы сұрақтар қоюға, сот отыры­сын­да істің жария етілген мазмұнымен танысып, түсініксіз мәселелер бойынша сауалдар беруге құқылы. Сот ісінде жария­лылыққа, тәуелсіздікке қол жеткізу бағы­тын­да дүниеге келген алқабилер инсти­туты­ның ең басты ерекшелігі олар кеңесу бөлмесінде бірқатар маңызды мәселеге айрықша назар аударады: әрекеттің орын алғаны нақты дәлелденді ме, бұл әрекетті сотталушының жасағаны расталды ма және бұған сотталушы кінәлі ме? Міне, осы сауалдар арқылы сотталушының кінә­лі­лік дәрежесі анықталып, соған сәйкес айыптап соттауға немесе жауаптан бо­сатуға шешім қабылданады. Ата Заңымызда белгіленген сот тәуел­сіз­дігі, кінәсіздік презумпциясы, тараптар­дың теңдігі және жарыспалық қағидатын сақтай отырып, ар-ождан таразысы арқы­лы адамдардың тағдыры шешіледі. Бұл рет­те қоғам мүддесін білдіретін алқаби­ле­р­дің мо­ральдық бейнесі кіршіксіз, азамат­тық ары таза, адамгершілік ұстаны жоғары болуы­на баса назар аударылады. Өкінішке қарай, алқабилер тізімін жасаған кезде құзырлы органдар тарапынан тексеру жұмыста­ры­ның дұрыс жүргізілмеуі салдарынан олар­дың қатарына өткен өмір жолы күмәнді, жауапкершілік жүгін жете түсінбейтін, тіпті тәртіпсіз адамдардың да еніп кеткен фактілерінің бар екенін жасыруға болмай­ды. Мысалға, кейде алқабилердің қатысу­ы­мен екі айға созылған сот барысында үкім шығарған кезде алқаби мүшесінің бірі ла­йықсыз екендігі анықталды. Нәтижесінде екі ай бойғы тергеу, тексеру жұмыстары­ның барлығы зая кетіп, бәрін қайтадан бастауға тура келді, дейді Б.Ғалиев. Әрине, көш жүре түзеледі дегендей, алқабилердің болашағы зор екені және оны халқы­мыз­дың қолдап отырғаны сот жүйесіндегі үл­кен өзгерістің дұрыс екендігін айқын көр­сетеді. Конституциямыздың 75-бабында жазылғандай, қылмыстық істі қараудағы өзгеріс оған алқабилерді қатыстыру болып табылады. Алқабилер тарихын жазып жүрген Жоғарғы Соттың судьясы Ә.Құрықбаев заңгер зерттеушілердің ай­туына сүйене отырып, алқабилер  соты Англия королі Генрих ІІ-нің тұсында пайда болған дейді. Ол қалада тұратын өзі­нің қоластындағыларының әр жүзінен 12, ауылдық жердегі әр жүзінен  4 адамнан шақырып алып, белгілі бір қазылар алқасын құруды міндеттеген. Олар ар­найы тапсырмамен жер-жерлерді аралап келгеннен кейін, орын алған қылмыстар және оны жасаған адамдар жөнінде ко­рол­­дің судьяларына ақпараттар беріп оты­рады екен. Басқаша айтқанда, адам­ның қылмысқа кінәлі  немесе кінәлі  еместігін шешетін қазіргі присяжный деп аталатын судьяның ғана емес, олар айыптаушының да, куәнің де және ха­бар­шының да рөлін атқарыпты. Мысал­ға, ағылшын мемлекетінің сот құрылы­мын сараласақ, присяжныйлар соты  көп­ке дейін азаматтық істерді, соның ішінде, жер дауларын қарайтын болған. Кейіннен ғана присяжныйлар соты қыл­мыстық істерді қарауды қолға алыпты. Ал өз тарихымызға  үңілсек, ІV ға­сыр­да қазақ мемлекеті пайда болған кезден бастап, хан билігімен қоса, сот би­лігінің, яғни билер билігінің қатар дам­ы­­ғанын көреміз. Көшпелі қазақ қоға­мын­да билер құзыреті елдік биліктің ең көп тараған, халыққа жақын әрі түсінікті, оның  құрметіне бөленген, сондықтан да мейлінше пәрменді әрі  қуатты салала­ры­ның бірі болған. Оның үстіне ХV –XVІІІ ғасырлардағы қазақ хандығы  монархия мен аристократиялық республи­ка­ның  элементтерінен тұратын далалық мем­лекеттің дәстүрлерін бойына жинақ­та­ған иерархиялық әлеуметтік-саяси құ­ры­лым еді. Онда жыл сайын ханмен бірге жалпы мемлекеттік  мәселелерді шешу үшін ру ақсақалдары мен билері қатысатын құрылтай шақырылатын. Сол кездегі ру билері соттың және  әкімшілік биліктің міндеттерін қатар атқарғаны рас. Бірақ, артынан, қазақ даласы Ресей­дің қол астына қарағаннан  кейін билер ауқымын тарылтып, орыс  судьяларының рөлі басым түсе бастады. Кеңес дәуірі кезінде Қазақстандағы сот әділдігін ат­қару бір судья мен екі халық заседа­телі­нің қатысуымен жүзеге асырылды. Ал 1995 жылдан бастап сот үкімін шығару­ды тек кәсіптік судьялар қолға алды. Әрине, алқабилерді қатыстырып сот ісін қарау жүйесін әңгіме еткенде, зерттеушілер оларды англо-саксондық және құрлықтық құқықтық жүйе түрлері деп екіге бөледі. Қолданыстағы заңдарды пайдаланып, соның негізінде өздерінің сот жүйесін құрған Англия, Америка, Канада және басқа елдер соты англо-саксондық құқықтық жүйедегі болып табылады. Бұл жүйедегі мемлекеттерді присяжныйлар кеңесу бөлмесінде өз­дері ғана болып, шешім шығарады. Ал құ­ры­­лықтық жүйедегі мемлекеттерде болса присяжныйлар соты шешімді кәсіп­тік судьямен бірге отырып шығарады. Қай жүйеде болмасын бұлар, негізінен, төрт сұраққа жауап беруге тиіс.  Біріншіден, қылмыстық оқиға орын алды ма, екіншіден, егер қылмыстық оқиға болса, онда жаңағы айыпталып отырған адамның қатысуымен өтті ме, үшіншіден, ол қылмысты жасады ма, төртіншіден, осы айыпталып отырған адам жасаған қылмысына кінәлі ме? Алқабилер қатарына мүше болатын адамдарды түрлі деңгейдегі сайлауға түсетін үміткерлер тізімі арасынан әуелі облыс және аудан әкімдері таңдап алуға тиіс. Таңдауға түсетіндер, ең алдымен, 25 жасқа толған, денсаулығы жақсы, ақыл-ойы дұрыс, бұрын сотталмаған жан болуы керек. Бұларды қалалық, облыс­тық әкімдіктер жинап, іріктегеннен кейін, оларды сот мүшелері тағы да тексереді. Бұл сұрақ-жауап арқылы жүргізі­ле­д­і. Өйткені, бұрын құқық қорғау орга­нын­да істегендер, адвокаттар, немесе қа­зір сондай қызмет саласында жүрген­дер алқабилер құрамына енбеуі тиіс. Себебі, алқабилердің заңға ешқандай қатысы жоқ адамдар болғаны жөн. Ондай алқа­билер шешім қабылдағанда, заңдылықты сақтай отырып, сот талқылауында дәлел­дерге шынайы баға береді және шығар­ған шешімдер қылмыстық оқиғаға сай бо­лып, адамның шын мәнінде кінәлі  еке­нін анық­тау жолдары іздестірілуі керек. «Алқабилер туралы» Заңға сәйкес елімізде алқабилер 2007 жылдың 1 қаң­тарынан бастап қылмыстық істерге қатыса бастады. Олардың асықпай шешім шығаруына барлық жағдай жасал­ған. Нақты бір істі қарауға таңдалған он бір алқаби қанша қажет болса, сонша рет сот процесіне қатысады. Олар­ға кәсіпқой судьялар жалақысының 50 пайыз көлеміндегі айлық төленеді. Дегенмен, бәрі олардың сот ісіне қатыс­қан күндер санына байланысты. Ал алқа­би­лер жасақталғаннан кейін боса­ған қал­ған үміткерлерге олардың сотқа ша­қырылған, келген күндеріне ақы төлеу мен қызмет орнындағы айлық­тары­ның сақталуы заңда қарастырыл­ма­ған. Ал­қа­билер тізімін жасақтау жергілікті әкімдіктерге жүктелген­дік­тен, олардың арасына талапқа сай келмейтін адамдар да қоса ілеседі. Сон­дықтан ол тізімдегі үміткерлерді компьютер арқы­лы таңдағанда небір адам­дардың алқа­би болып шыға келетіні сөз­сіз. Дегенмен, бұл кемшіліктердің бәрі түзелетін қолдағы іс. Ең бастысы, ал­қабилер қа­ты­суымен қаралатын сот процестерінің ізгілікті және әділдікті арқау ететіні халыққа үлкен сенім ұя­ла­тады. Бұл – сотқа деген сенім. Александр ТАСБОЛАТОВ.