• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2011

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы №676

362 рет
көрсетілді

2011 жылғы 20 маусым Астана, Үкімет Үйі

Азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдарға қойылатын сертификаттау талаптарын бекiту туралы

«Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 50) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

1. Қоса берiлiп отырған азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдарға қойылатын сертификаттау талаптары бекiтiлсiн.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi        К.МӘСІМОВ.

_______________________________________________________

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 20 маусымдағы №676 қаулысымен бекітілген

Азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдарға қойылатын сертификаттау талаптары

1. Жалпы ережелер

1. Осы азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі ұйым­дарға қойылатын сертификаттау талаптары (бұдан әрі – сертификаттау талаптары) «Қазақстан Республи­касының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материал­дарымен қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдарға қойылатын сертификаттау талаптарын айқындайды. 2. Жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі ұйым (бұдан әрі – ЖЖМҚҰ) өз қыз­метін дербес заңды тұлға ретінде немесе азаматтық авиация ұйымының құрамында жүзеге асырады. 3. ЖЖМҚҰ мынадай жұмыстарды: 1) әуежайдың қоймаларына жанар-жағармай материалдарын және арнайы сұйықтықтарды (бұдан әрі – ЖЖМ) қабылдауды; 2) ЖЖМ-ді сақтауды; 3) ЖЖМ-ді құюға дайындауды және беруді; 4) ЖЖМ-ді азаматтық әуе кемелеріне құюды жүзеге асырады. ЖЖМҚҰ көрсетілген жұмыстардың барлық кешенін де, олардың бір бөлігін де жүзеге асырады. ЖЖМҚҰ көрсетілген жұмыстардың бір бөлігін жүзе­ге асырған жағдайда, ЖЖМҚҰ азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі сертификаты (бұдан әрі – сертификат) бар ұйымдарды тартады. 4. ЖЖМҚҰ-ның қызметі: 1) ЖЖМ-ді беру процесінде оның сапа көрсет­кіштерінің өзгергенін анықтау және қолдануға да­йындау мақсатында, сондай-ақ әуе кемелеріне құюға ЖЖМ-нің жарамдылығын бағалау мақсатында аза­мат­тық әуе кемелерін жанар-жағармай материал­дарымен қамтамасыз етудің тиісті кезеңдерінде ЖЖМ-нің сапасына бақылау жүргізілуін ұйымдас­тыруды; 2) азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету кезінде экология­лық нормалардың, еңбекті қорғау және өрт қауіп­сіздігі нормаларының орындалуын қамтамасыз етуді; 3) әуежай қызметтерімен, пайдаланушылармен, авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу ұйымдарымен, сондай-ақ басқа да ұйым­дармен өзара іс-қимылды жүзеге асыруды қамтиды. 5. Сапаны зертханалық бақылауды жүзеге асыру үшін ЖЖМҚҰ өзінің құрылымында ЖЖМ зертха­насын құрады немесе сертификаты және өзінің құрылымында ЖЖМ зертханасы бар ұйымдарды тартады. ЖЖМ зертханасының аккредиттеу жөніндегі орган берген зертхананы аккредиттеу аттестаты болады. 6. Егер ЖЖМ беруге арналған шарттар пайда­ланушымен (аваикомпаниямен) дербес жасал­ған болса, ЖЖМҚҰ мамандары берілетін ЖЖМ-нің стандарттар мен техникалық шарттардың талаптарына сәйкес келетінін, белгіленген тәртіппен қолдануға жіберілгенін және әуе кемелерінің тиісті үлгілерін ұшуға пайдалану және техникалық қызмет көрсету жөніндегі басшылықтың тиісті бөлімдеріне енгізілгенін куәландырады.

2. Азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдардың ұйымдық құрылымына қойылатын талаптар

7. ЖЖМҚҰ құрылымы мынадай негізгі міндет­тердің шешілуін: 1) азаматтық әуе кемелерін ЖЖМ-мен қамтама­сыз етуді; 2) осы сертификаттау талаптарында белгіленген талаптардың деңгейінде ЖЖМҚҰ-ның қызметін қолдауды; 3) құрылыстарға, технологиялық жабдықтарға және техникалық құралдарға техникалық қызмет көрсетуді; 4) жабдықтармен, қосалқы бөлшектермен, шығыс материалдарымен жинақтауды қамтамасыз етеді. 8. ЖЖМҚҰ-ның ұйымдық құрылымы мынадай басқару деңгейлерінен тұрады: 1) басшылық жасау; 2) өндірістік бөлімшелерге басшылық жасау; 3) өндірістік учаскелерге, ауысымдарға, брига­даларға, топтарға басшылық жасау. Жұмыс көлемі шағын ЖЖМҚҰ-да басқарудың кейбір деңгейлері біріктірілуі мүмкін. 9. ЖЖМҚҰ-ның басшы персоналы: 1) азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етуді ұйымдастыруды; 2) ЖЖМ сапасын бақылауды ұйымдастыру мен жүргізуді қамтамасыз етеді. 10. ЖЖСҚҰ құрылымдық бөлімшелерінің барлы­ғы үшін ережелерді ЖЖМҚҰ әзірлейді және бекітеді. Көрсетілген ережелерде жиынтығында тұтастай алғанда ЖЖМҚҰ іске асыратын функциялардың толық кешенін қамтитын әрбір бөлімшенің және оның басшысының функциялары көрсетіледі. 11. Бүкіл басшыға және инженерлік-техникалық персоналға ЖЖМҚҰ-ның бірінші басшысы лауазымдық нұсқаулықтарды әзірлейді және бекітеді.

3. Жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі ұйымның ақпараттық және құжат­тамалық базасына қойылатын талаптар

12. ЖЖМҚҰ-ның өз құзырында: 1) «Қазақстан Республикасын әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңын; 2) ЖЖМҚҰ қызметін реттейтін актілерді; 3) өз қызметінде пайдаланатын ЖЖМ-нің стан­дарттары мен техникалық шарттарын; 4) жалпы және өкімдік сипаттағы құжаттарды, лауазымдық және технологиялық нұсқаулықтарды (карталар), техникалық қызмет көрсету регламентін; 5) жұмыс технологиясын; 6) жанар-жағармай материалдарының сапасын қамтамасыз ету жөніндегі басшылықты қамтитын құжаттама жиынтығының болуын қамтамасыз етеді. 13. ЖЖМҚҰ азаматтық әуе кемелерін ЖЖМ-мен қамтамасыз ету үшін жабдықтардың барлық түрле­ріне құжаттаманың мазмұны мен жүргізілуін қамтамасыз етеді. 14. ЖЖМҚҰ: 1) азаматтық әуе кемелерін ЖЖМ-мен қамта­масыз ету жөніндегі жүргізілетін жұмыстарды; 2) келіп түсетін, сақталатын және құюға берілетін ЖЖМ-нің мөлшері мен сапасын; 3) технологиялық жабдықтың нақты даналары­ның жұмыс істеуін және техникалық жай-күйін, жабдыққа арналған қондырғыларды және одан жи­нақтаушы және басқа да бұйымдардың алып тас­талуын, жүргізілген жөндеулерді тіркеуді, кезеңдік техникалық қызмет көрсету мен бір реттік тексеріп қарауды есепке алуды жүзеге асырады. Есепке алу нысандары Қазақстан Республика­сының Үкіметі бекітетін Қазақстан Республика­сының азаматтық авиациясы ұйымдарында ава­циялық жанар-жағармай материалдары мен арнайы сұйықтықтарды сақтау, құюға дайындау мен олардың сапасына бақылау жүргізу қағидасында белгіленген журналдарда жүзеге асырылады. 15. ЖЖМҚҰ әуе кемелерін ЖЖМ-мен қамтама­сыз ету процесін реттейтін жұмыс технологиясын (бұдан әрі – жұмыс технологиясы) әзірлейді және оны ЖЖМҚҰ басшысы бекітеді. 16. Жұмыс технологиясы өзіне мынадай бөлім­дерді: 1) жалпы ережелерді; 2) технологиялық процестердің орындалуын ұйымдастыруды қамтиды. 17. Технологиялық процестердің орындалуын ұйымдастыру бөлімі: 1) ЖЖМ-ді қабылдау тәртібін; 2) ЖЖМ-ді сақтау тәртібін; 3) ЖЖМ-ді айдау тәртібін; 4) ЖЖМ-ді дайындау және оларды құюға беру тәртібін; 5) әуе кемесіне ЖЖМ-ді құю тәртібін; 6) сапаны бақылауды ұйымдастыру тәртібін; 7) персоналға қойылатын талаптарды қамтиды. 18. Сапаны бақылауды ұйымдастыру мынадай жұмыстарды: 1) ЖЖМ-нің сынамасын іріктеуді; 2) сапаны зертханалық бақылауды; 3) сапаны әуеайлақта бақылауды; 4) жабдыққа техникалық қызмет көрсетуді ұйым­дастыруды; 5) авариялық және штаттан тыс жағдайда жұмыс­ты ұйымдастыруды қамтиды. 19. Жұмыс технологиясы мынадай ерекшеліктер: 1) ЖЖМҚҰ орындайтын жұмыстардың көлемі; 2) пайдаланушылар қолданатын ЖЖМ-нің мөлшері мен түрлері; 3) ЖЖМҚҰ оларға құю үшін өз қызметін жүзеге асыратын әуе кемелерінің саны мен түрлері; 4) ЖЖМҚҰ пайдаланатын технологиялық жаб­дық пен техникалық құралдарының саны, құрамы мен жай-күйін ескеріле отырып әзірленеді. 20. Жұмыс технологиясының әрбір бөлімінде көзделген міндеттерге сәйкес ЖЖМҚҰ азаматтық әуе кемелерін ЖЖМ-мен қамтамасыз ету процесін нақтылайтын технологиялық нұсқаулықтарды (карта­ларды) (бұдан әрі – технологиялық нұсқаулықтыр (карталар) әзірлейді және бекітеді. Технологиялық нұсқаулықтарда (карталарда) орын­далатын жұмыстардың көлемі мен дәйектілігі, персоналдың біліктілігі мен саны, қауіпсіз жұмыс әдістемелері, технологиялық жабдықтың, техникалық құралдар мен аспаптардың тізбесі, сондай-ақ қажет болған кезде ЖЖМ-нің сақталу дәрежесі мен қолдануға дайындық деңгейін айқындайтын аралық нормативтер айқындалады. 21. ЖЖМҚҰ пайдаланатын технологиялық жаб­дық пен техникалық құралдарға техникалық қызмет көрсету регламентін (бұдан әрі – регламент) ЖЖМҚҰ әзірлейді және бекітеді. Регламент жабдықтың нақты үлгісін пайдалану жөніндегі дайындаушылардың паспорттары мен нұсқаулықтары негізінде әзірленеді. 22. ЖЖМҚҰ жанар-жағармай материалдарының сапасын қамтамасыз ету жөніндегі басшылықта көрініс табатын сапа жүйесін енгізеді. Жанар-жағармай материалдарының сапасын қамта­масыз ету жөніндегі басшылықты ЖЖМҚҰ-ның бірінші басшысы бекітеді.

4. Жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі ұйымның техникалық жарақталуына қойылатын талаптар

23. Орындалатын жұмыстарға қарай ЖЖМҚҰ-да жарамды технологиялық жабдық, ЖЖМ-ді қа­былдауды, сақтауды, айдауды, тазартуды, оның сапасын бақылауды және құюға дайындау мен беруді, әуе кемелерінің жүйелеріне құю мен одан төгуді қамтамасыз ететін құралдар мен объектілер, сондай-ақ ғимараттар, құрылыстар, үй-жайлар мен инженерлік жүйелер кешені болады. Көрсетілген объектілер қызметін жүзеге асыру кезеңінде ЖЖМҚҰ-ның тұрақты пайдалануында болады. 24. ЖЖМҚҰ резервуарларының саны мен көлемі кемінде күнтізбелік он күн мерзімге әуе кемелеріне май құюды және ЖЖМҚҰ-ның күнделікті мұқтаж­дықтарын қамтамасыз етеді. 25. Жаңа және жаңғыртылған технологиялық жабдық, ЖЖМҚҰ пайдалануға беретін құралдар мен объектілер Қазақстан Республикасының заңнама­сында оларға қойылатын талаптар мен нормаларға сәйкес болуға тиіс. 26. ЖЖМҚҰ технологиялық жабдыққа, құралдар мен объектілерге қызмет көрсетудің кезеңді нысан­дарын, сондай-ақ ЖЖМ-ді әрбір қабылдау, құрал­дарын толтыру алдында, әрбір ауысымның басында ЖЖМҚҰ-ның жұмыс технологиясында белгіленген параметрлер бойынша оларға қызмет көрсетуді жүзеге асырады. 27. Технологиялық жабдыққа, құралдар мен объектілерге техникалық қызмет көрсету нәтижелері тиісті журналдарда, актілерде, сыйымдылықтарды тазарту кестелерінде тіркеледі.

5. Азаматтық әуе кемелерін қамтамасыз ету кезінде пайдаланылатын жанар-жағармай материалдарына қойылатын талаптар

28. ЖЖМҚҰ азаматтық әуе кемелерін қам­тамасыз ету кезінде мынадай талаптарға сай келетін: 1) әрбір үлгідегі әуе кемесін қолдануға рұқсат етілген және ұшуға пайдалану жөніндегі құжат­тарына енгізілген; 2) дайындаушының (берушінің) сапа паспорттары (сертификаттары) бар; 3) сәйкестік сертификаттары бар (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сертификат­тауға жататын ЖЖМ үшін) ЖЖМ-ді пайдаланады. 29. Әрбір үлгідегі әуе кемесін қолдануға рұқсат етілмеген және ұшуға пайдалану жөніндегі құжат­тарына енгізілмеген ЖЖМ-ді пайдалану әуе кемелерін жасаушылармен және конструкторларымен келісім бойынша жүзеге асырылады.

6. Жанар-жағармай материалдарын қабылдауға, сақтауға, құюға дайындау мен беруге, жанар-жағармай материалдарын құюға қойылатын талаптар

30. ЖЖМ келіп түскенге дейін ЖЖМҚҰ қабылдауға арналған құбыржолдар мен резервуарларда ЖЖМ-ді қабылдауды, сапасын және қалдық­тарының тазалығын бағалауды қамтамасыз ететін технологиялық жабдықтың, құралдар мен объек­тілердің жай-күйі мен жарамдылығын бағалау жөнін­дегі іс-шаралар кешенін, сондай-ақ келіп түсетін ЖЖМ-нің қойманың резервуарларындағы кондиция­ланбайтын ЖЖМ-мен араласу мүмкіндігін болдыр­мау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады. 31. Құбыржол арқылы келіп түскен ЖЖМ-нің араласуын болдырмау үшін теміржол немесе автомобиль цистерналарында ЖЖМҚҰ ЖЖМ-нің әрбір түрін төгу үшін жеке құбырлар, құбыржол коммуни­кацияларын, сорғылар, резервуарлар бөлуді қамта­масыз етеді. Зауыттық орамада келіп түсетін ЖЖМ үшін ЖЖМ-нің әр түрі (маркалары) үшін бөлек сақтау орындары бөлінеді. 32. ЖЖМҚҰ қоймаға ЖЖМ-ді қабылдау кезінде құюға дайындау және беру процесінде пайдалану­шымен шартта (келісімде) келісілмеген ЖЖМ түрінің (маркасының) түсу мүмкіндігін болдырмауға бағытталған операцияларды жүргізеді. Көрсетілген операциялар ілеспе құжаттамаға (сапа паспорты мен сәйкестік сертификатына) бағалау жүргізу, сынамалар алу және талдау жүргізу жолы­мен түр-түрі, саны және сапасы бойынша ЖЖМ легін сәйкестендіруді қамтиды. 33. ЖЖМ-нің келіп түскен легінің сапасын және оны құюға беруге дайындау процесіне тарту мүмкін­дігін растау ЖЖМ-нің легі ЖЖМ қоймасының резервуарларына қабылданғаннан кейін, сондай-ақ ЖЖМ-нің басқа легін әрбір толтырғаннан кейін қабылдау мақсатындағы бақылау жүргізу жолымен жүргізіледі. 34. Келіп түскен ЖЖМ жасалған шарттарға (келісім­шарттарға) сәйкес пайдаланушылардың қа­жет­тіліктерін үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажетті мерзім ішінде және көлемде резервуарлар мен ыдыс қоятын қоймаларда сақталады. ЖЖМ-ді сақтау кезінде жеңіл фракциялардың булануы, ластануы немесе ЖЖМ-нің басқа түр­лерімен (маркаларымен) араласуы, зауыт ыдысының герметикалығының бұзылуы есебінен олардың сапасының өзгеру мүмкіндігі болмайды. 35. ЖЖМ-ді сақтау кезінде: 1) жеке құбыржол коммуникациясымен айнал­дыра орай отырып, ЖЖМ-нің әрбір түріне резер­вуарлардың жекелеген топтарын бөлу; 2) кондицияланбаған ЖЖМ бар резервуарларды құбыржолдардың жалпы жүйесінен бөліп алу; 3) технологиялық жабдықтарға, құралдар мен объектілерге техникалық қызмет көрсетуді тұрақты жүргізу; 4) ЖЖМ-нің түрлерін (маркаларын) гертетикалық ыдыста және оның жай-күйін тұрақты қарай отырып, бөлек сақтау; 5) кепілдікті сақтау мерзімінің сақталуы; 6) резервуарлардан бос сулар мен ластарды жою; 7) ЖЖМ-нің тазалық деңгейін бақылауды жүзеге асыру қамтамасыз етіледі. Сақтау кезінде ЖЖМ сапасының сақталуы қой­мада бақылау көлемінде оның сапасын тұрақты бақылаумен расталады. Қоймада бақылаудың қанағаттанарлық нәти­желері кезінде ЖЖМ сақтауға немесе қоймаға берілуге жатады. 36. ЖЖМ-ді құюға беруге дайындау мыналарды: 1) тұндыруды, механикалық қоспалардан және судан тазартуды; 2) қажет болған кезде ЖЖМ-ге суға қарсы кристалдандыру сұйықтығын қосуды; 3) қоймааралық және қоймаішілік айдауды; 4) сапаны әуеайлақта бақылауды қамтиды. 37. Дайындаушының зақымданбаған орамасын­дағы ЖЖМ құюға дайындау жөніндегі арнайы алдын ала операцияларды қажет етпейді. Сақтау мерзімі аяқталғанға дейін, стандарттарда немесе техникалық шарттарда белгіленген сақтау шарттары орындалған кезде герметикалығын сақта­ған ыдыстағы ЖЖМ азаматтық әуе кемелерін құюға беріледі. 38. ЖЖМ резервуарларға түскеннен кейін резервуарда оның маркасы мен құйылу биіктігімен айқын­далатын мерзім ішінде оның тұндырылуы қамта­масыз етіледі. ЖЖМ-ді резервуарларда тұндыру мерзімін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды. Тұндырудың талап етілетін уақыты біткенге және тазалық деңгейін тексерудің қанағаттанарлық нәти­желері алынғанға дейін ЖЖМ резервуардан берілуге жатпайды. ЖЖМ-ді құюға беру процесінде ЖЖМҚҰ ЖЖМ-нің сапасын әуеайлақта бақылауды жүзеге асырады. 39. Әуе кемелеріне ЖЖМ-ді құю құю құрамынан жүзеге асырылады. Әуе кемелеріне ЖЖМ зертханасы немесе азамат­тық әуе кемелеріне құйылатын ЖЖМ-нің сапасын бақылауды жүзеге асыратын ұйым берген сапа паспорты бар ЖЖМ-ді құю бақылау талондары бар құю құралдарынан жүргізіледі.

7. Жанар-жағармай материалдары зертханасына қойылатын талаптар

40. ЖЖМ-нің зертханасы жұмыстардың мынадай түрлерін орындайды: 1) ЖЖМ-ді беру және қолдануға дайындау процесінде сапа көрсеткіштері мәндерінің өзгергенін анықтау мақсатында, сондай-ақ ЖЖМ-нің әуе кемелеріне құюға жарамдылығын бағалау мақсатында ЖЖМ-нің, суға қарсы кристалданатын, гидравли­калық, мұз қатуға қарсы сұйықтықтардың сапасына бақылау жүргізу; 2) одан әрі пайдалану мүмкіндігін бағалау мақса­тында авиациялық жүйелерде жұмыс істеген ЖЖМ-нің сапасына талдау жүргізу; 3) азаматтық әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғаларды және инциденттерді тексеруге байланыс­ты іріктеп алынған ЖЖМ-нің сапасына талдау жүргізу. ЖЖМ зертханасы көрсетілген жұмыстардың барлық кешенін де, оның бір бөлігін де орындайды. ЖЖМ зертханасы көрсетілген жұмыстардың бір бөлігін жүзеге асырған жағдайда ЖЖМҚҰ ЖЖМ сертификаты мен өз құрылымында зертханасы бар, аккредиттеу аттестаты бар ұйымдарды тартады. 41. ЖЖМ зертханасын ЖЖМ сапасына бақылау мен талдау жүргізу жөніндегі жұмыстардың орын­далуын қамтамасыз ететін және ЖЖМҚҰ бас­шысына бағынатын басшы басқарады. 42. ЖЖМ зертханасы ЖЖМ зертханасында ЖЖМ-нің сапасына бақылау мен талдауды жүзеге асыру кезінде еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігі талап­тары мен нормаларының орындалуын қамтамасыз етеді. 43. ЖЖМҚҰ мыналарды әзірлейді және бекітеді: 1) ЖЖМ зертханасы туралы ереже; 2) ЖЖМ сапасын қамтамасыз ету жөніндегі басшылық; 3) сынамаларды іріктеп алу технологиясы; 4) ЖЖМ зертханасының басшысы мен қызмет­керлерінің лауазымдық нұсқаулықтары; 5) сынамаларды іріктеп алу мен талдау нәти­желерін тіркеуге арналған бақылау құжаттамасы. 44. ЖЖМ зертханасында мынадай құжаттар ескеріледі және сақталады: 1) ЖЖМ дайындаушылар (жеткізушілер) сапа­сының паспорттары (сертификаттары); 2) ЖЖМ дайындаушыларының (берушілерінің) сәйкестік сертификаттары; 3) ЖЖМ зертханасы беретін сапа паспорты; 4) ЖЖМ зертханасы беретін сапа көрсеткіштерін талдау; 5) сынамаларды іріктеу актілері; 6) ЖЖМ сапасына тексеруді есепке алу журналдары. 45. ЖЖМ сапасына бақылау мен талдау жүргізу нәтижелері ЖЖМ зертханасы беретін сапа паспорт­тарында және сапа көрсеткіштерінің талдауларында және ЖЖМ-нің сапасын тексеруді есепке алу журналдарында көрсетіледі. 46. ЖЖМ зертханасы жеке тұрған ғимаратта немесе ЖЖМҚҰ-ның өндірістік ғимаратымен қоршал­ған ғимаратта орналастырылады. 47. ЖЖМ зертханасы: 1) құйылу-сорылу желдеткішімен, ішкі су құбы­ры жүйелерімен және кәрізбен, электр энергия­сымен және байланыс құралдарымен; 2) химиялық талдауларды орындау және сынақ­тардың дұрыс нәтижелерін алу үшін қажетті шығыс материалдарымен және заттармен; 3) сынақ әдістеріне арналған стандарттар мен техни­калық шарттардың талаптарына сай келетін және талап етілетін метрологиялық сипаттамаларды қамтамасыз ететін мәлімделген қызмет саласында жұмыстарды жүргізу үшін өлшеу құралдарымен және сынақ жабдықтарымен жарақтандырылады. ЖЖМ-нің сапасын бақылау мен талдауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сәйкестікті растау жөніндегі аккредиттелген орган сынақ жадбықтарымен жүргізеді. 48. ЖЖМ зертханасының штат саны ұшудың ауысымдылығын, қолданыстағы кестесін және жұмыс­тардың көлемін ескере отырып, жұмыстардың қажетті көлемін орындауды қамтамасыз етеді. 49. ЖЖМ зертханасы ЖЖМ-нің сапасын бақы­лаудың мынадай түрлерін жүзеге асырады: 1) келетін көлік құралдарын, ЖЖМ-нің мөлшерін және ілеспе құжаттаманы тексеру жолымен ЖЖМ легін қоймаға қабылдау кезінде жүзеге асырылатын кіріс бақылауы. ЖЖМ үшін тазалық деңгейін тексеру жүзеге асырылады; 2) кондицияланбаған ЖЖМ-ді құюға беруге дайындау процесіне тарту мүмкіндігін болдырмау мақсатында резервуарлардағы ЖЖМ-нің маркасы мен сапасын тексеру үшін ЖЖМ үшін жүргізілетін қабылдау мақсатындағы бақылау. Қабылдау мақса­тындағы бақылау ЖЖМ-ді резервуарларға қабылдау және резервуарға ЖЖМ-нің басқа легін әрбір құю аяқталғаннан кейін жүргізіледі; 3) сақталатын ЖЖМ сапасы параметрлерінің өзгеру деңгейін айқындау және ЖЖМ-ді одан әрі сақтау немесе қолдану мүмкіндігін растау үшін жүргізілетін қоймалық бақылау; 4) ЖЖМ-ді әуе кемелеріне беру мен құюға дайындау кезінде жүргізілетін әуеайлақтағы бақылау. Әуеайлақтағы бақылау кезінде ЖЖМ тазалығының талап етілетін деңгейін және ЖЖМ зертханасы берген сапа паспортын бағалау жолымен құюға берілетін ЖЖМ маркасының сапасы расталады. Әуеайлақтағы бақылаудың қанағаттанарлық нәти­жесі кезінде құю құралына бақылау талоны ресімделеді. 50. Құюға ЖЖМ беру жүзеге асырылатын әрбір резервуарға кіріс және қабылдау мақсатындағы бақылаудың оң нәтижелері кезінде ЖЖМ зертханасы ЖЖМ-нің белгіленген талаптарға сәйкес келетінін және азаматтық әуе кемелеріне құюға беруге жарамдылығын куәландыратын сапа паспортын ресімдейді. 51. Сапа паспортын ресімдеу үшін: 1) ЖЖМ-ді авациялық техникада қолдануға рұқсат беру; 2) ілеспе құжаттаманың (сынамаларды алу актілері, дайындаушы зауыттың сапа паспорттары, сәй­кестік сертификаттары) болуы; 3) ЖЖМ-нің сынамаларын сынаудың оң нәтижелері; 4) сынамаларды іріктеп алу және талдау жүргізу барысында ЖЖМ-ге тән емес қоспалардың және тән емес сипатының болмауы негіз болып табылады. Сапа паспортына талдауды орындайтын зертхана­шы техник қол қояды, ЖЖМ зертханасының бас­шысы бекітеді және ол ЖЖМҚҰ мөрімен бекітіледі.

8. Жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ететін қызметкерлерге қойылатын талаптар

52. ЖЖМҚҰ ЖЖМҚҰ орындайтын жұмыс­тардың көлемін ескере отырып, әуе кемелерінің нақты түрлерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты жұмыстарға аттестатталған және жіберілген білікті қызметкерлерден тұрады. 53. ЖЖМҚҰ сертификаттауды жүргізу кезінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей бай­ланысты мынадай қызметкерлерді аттестаттауды қамтамасыз етеді: 1) әуе кемелеріне ЖЖМ-ді құюға қабылдауды, сақтауды, дайындауды ұйымдастыруға жауапты адамдар (ЖЖМҚҰ басшысының орынбасары, жетекші инженер немесе көрсетілген лауазымды атқаратын өзге де адам); 2) май құю бригадасының жұмысын ұйым­дастыруға жауапты адамдар (май құю бригадасының басшысы, ауысымның басшысы немесе көрсетілген лауазымды атқаратын өзге де адам); 3) авиотынды сүзетін технологиялық жабдықты пайдалану, суға қарсы кристалдандыру сұйықтығын мөлшерлеу және құю құралдарына ЖЖМ-ді беруге жауапты адамдар; 4) ЖЖМ зертханасының мамандары.