Рамазан - жаһанды ізгілікке жұмылдыратын, имандылыққа ұмтылғандарды түрлі дерттен тазартатын ай. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Уа, иман еткендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер», деп айтқан.
Шын мәнінде, оразаның шынайы сауабы – аштықта емес, тақуалықта. Ал тақуалықтың негізгі орны – жүректе. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тақуалық мына жерде болады», деп көкірегін үш мәрте нұсқап, адамның тақуалығы жүрегінде болатынын айтқан (Бұхари). Адамның табиғатында, яғни әу бастағы жаратылу болмысында оның жүрегі сау болады және ізгі амалдар, құлшылық жасау арқылы өзінің сау күйін сақтайды. Ал егер пенде күнәлі іс істейтін болса, оның жүрегі дертті халге душар болады. Кейін рухы сөнеді. Міне, сол себепті де мұсылман өзінің жүрегіне әрдайым назар салып, ондағы дертті белгілі амалдар арқылы тазартып отыруға тиіс. Өйткені адамның жүрегі дұрыс болса, бүкіл амалы дұрыс болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Расында адам денесінде бір кесек ет бар. Егер ол дұрыс болса, адамның бүкіл денесі дұрыс болады. Егер ол бұзылса, барлық денесі бұзылады. Ол кесек ет жүрек емес пе?» деген (Бұхари, Мүслим).
Осы ретте жүректі түрлі дерттен тазартатын негізгі амалдарға тоқтала кетсек. Алла Тағаланы еске алу – жүректі түрлі дерттен тазартатын амалдың бірі. Мұсылман шамасы келгенше Алла Тағаланы көп еске алып, зікір етуге тиіс. Бұл оның иманын күшейтіп, жүрегін түрлі дерттен тазартады. Ал Жаратушыға ұнамсыз сөз айту, керісінше, жүректің қатаюына, иманының әлсіреуіне алып келеді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланы еске алмайтын бос сөзді көбейтпеңдер. Алла Тағаланы еске алмайтын бос сөздің көп айтылуы жүректі қатайтады. Расында, адамдар арасындағы Алла Тағаладан ең алыс болғаны – жүрегі қатайғандар», деген (Термизи).
Жүректі түрлі дерттен тазартатын негізгі амалдың тағы бірі – өзгелердің қателігін кешіру. Қасиетті Рамазан – кешірім айы. Бұл айда Жаратушының кешірімін үміт етіп әрі өзіміз де өзгелерді кешіруіміз қажет. Себебі өзге адамдарға деген өкпе, реніш, кек сақтау сынды шынайы мұсылманға жат істердің барлығы пенденің жүрегіне дақ түсіріп, рухани ластануына себепші болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нұр» сүресінің 2-аятында: «Кешірімді болып, көңілдеріне алмасын. Сендер Алланың өздеріңді кешіргенін жақсы көрмейсіңдер ме? Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді», деп айтқан.
Адал ас – жүректі түрлі дерттен тазартатын негізгі амалдың бірі. Адал ас адам тәнінің саулығына және жүрегінің түрлі рухани дерттен ада болуына, ниеті мен амалына қарай мол сауапқа кенелуіне тікелей әсер етеді. Сол себепті де Алла Тағала қасиетті Құранның «Муминун» сүресінің 51-аятында: «Таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер», деп бұйырған. Адамдар имам Ахмадтан (оны Алла рақымына алсын): «Дертке душар болған жүректі қалай емдеуге болады?» деп сұрағанда ол: «Адал ас арқылы», деп жауап берген екен. Ал әл-Жунайд әл-Бағдади (оны Алла рақымына алсын) деген ғалым: «Шынайы ихсан жолындағы адам – жүрегін Алла Тағаладан өзге нәрседен тазартқан пенде», деген екен.
Адам баласын екі дүниеде бақытсыздыққа апаратын қасіреттің бірі – тәкаппарлық. Тәкаппарлық – Алла Тағала сүймейтін, адамдыққа жат сипаттың бірі. Ал көкіректік – адамды өзгелерден жоғары ұстауға итермелейтін ішкі сезім, жағымсыз мінез-құлық. Сондықтан ондай қылығын байқаған мұсылман бірден Алладан кешірім сұраса, ақыреттік азаптан құтылады. Бірде Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Адамдардың ең абзалы кім?» деп сұрайды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Таза жүректі әрбір адам мен сөзі дұрыс болған жан», дейді. Сахабалар: «Сөзі дұрыс дегенді түсіндік, таза жүректі деген не?» деп қайта сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол – күнә, бас көтеру, алдау мен хасад болмайтын жүрек», деп жауап береді. Көреалмаушылық деген ұғымды білдіретін «хасад» – Алланың біреуге берген нығметін одан қызғану, онда болмауын қалау деген сөз. Қасиетті Рамазан айы адам баласын осындай жаман мінез-құлықтан, түрлі жүрек дертінен алшақ болуға тәрбиелейді. Ораза – ең алдымен жүректің амалы. Рамазан – жүректі тазартуға, ниетті түзетуге, нәпсіні тәрбиелеуге және тақуалыққа жетуге мүмкіндік берілген қасиетті ай. Оразаның шынайы рухын түсінген адам ас пен судан тыйылуды басты мақсат етпейді. Ауыз бекітудегі негізгі мақсат – жүректі Аллаға жақындатып, ой мен жүректі түрлі дерттен тазалау, ішкі жан дүниені көркем мінезбен безендіру.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың назары жүректе болатынын баяндап: «Расында, Алла Тағала сендердің бейнелерің мен дүниелеріңе назар аудармайды, алайда жүректерің мен амалдарыңа назар аударады», деген. Шын мәнінде оразаның шынайы сауабы – аштықта емес, тақуалықта.
Сан ғасырдан бері Ислам дінін рухани тірегі еткен халқымыз берекелі Рамазан айын ерекше дайындықпен күтеді. Сауаптар еселеніп жазылатын айда ауызашар беріп, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап,үлкендердің алғысы мен батасын алуға тырысады. Аллаға шүкір, оразада игі ниетпен орындалатын ізгі амалдар бүгінде салт-дәстүрімізге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Осы ретте барша отандастарымды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті айда ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырамын.
Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық! Берекелі, сауабы мол айда Алланың мейіріміне бөленіп, әрбір ізгі амалымыздың жақсылығы еселеніп жазылғай! Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти