• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2011

Катонқарағайдағы жаңа аурухана

457 рет
көрсетілді

Үстіміздегі жылдың  қаңта­рын­да Катонқарағай ауылында ел есінде қаларлықтай елеулі оқи­ға болды. Бұрынғы аудан ор­талығы сонау 1997 жылғы ық­шам­дау саясатынан кейін тоз-то­зы шығып, талай әлеуметтік ғи­ма­раттар иесіз қалды. Құрылыс негізінен алғанда аудан орталығы болған Үлкен Нарын ауылында салына бастағандықтан елеусіз қалған Катонқарағай ауылы жү­деп-жадап, ондағы тұрғындар­дың басқа елді мекендерге көше бастағаны да шындық. Шекаралас аудандарды қайтадан ашып, оларға аудан орталығы мәрте­бе­сін беру жөніндегі сөздер де шын­дыққа жанаспады. Не істеу керек? 2007 жылдың сәуірінде ауданға жаңа әкім келді. Сол кездегі облыс әкімі Жәнібек Кәрі­б­жанов жаңа әкім Серік Зайнулдинді депутаттар алдында т­а­ныс­тырып тұрып, іскер, жас жігіттен үміт күтетінін, оған жан-жақты қолғабыс жасау қажеттігін шегелеп тұрып тапсырған. Өңір бас­шысы аманшылық болса, келесі жылы бұрынғы аудан орталы­ғында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша екі миллиард теңгеге 75 төсектік,  заман талабына сай аурухана құ­ры­лысы салынатынын айтқан еді. Аудан әкімі С.Зайнулдин іске қызу кірісті. Катонқарағай ауы­лындағы иесіз қалған ғимарат­тар­ды ауданның беделді аза­мат­тары қайтадан жөндеп, «екінші тынысын» ашты. Мәселен, об­лыстық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденді Темірбек Исабаев бұрынғы екі қабатты ғи­ма­ратты күрделі жөндеуден өткізіп, онда «Баян» шипажайын ашты. Өз аулындағы бір жарым ша­қы­рым жолға асфальт төседі. Аудан әкімі Серік Зайнулдин ауданның экономикасын көтеріп, жаңа аурухананың мерзімінде пайда­ла­нуға берілуіне көп күш жұм­сады. Аурухана құрылысы қызу жүріп жатқан кезде, іссапарда болғанымызда, ауыл тұрғын­да­ры­ның сенбілікке қатысып, жаңа ғимараттың құрылысын тездетуге атсалысқандарына куә бол­ғанбыз. Сонымен жеті айдан бері жаңа аурухана жұмыс істеп тұр. Оның салтанатты ашылуына облыс әкімі Б.Сапарбаев қатыс­ты. Шалғайда жатқан ауыл тұр­ғындары енді облыс орталығына немесе ауданға  қатынамайтын болды. Себебі белгілі, жаңа ауруханада не керектің бәрі бар. № 2 медициналық бірлестіктің бас дәрігері Арқабай Қадыр­баев­пен тілдескенімізде, ол Аққай­нар, Ақ­су, Өрел ауылдарында өзде­рі­нің бөлімшелері бар екенін тілге тиек етті. Қазіргі күні меди­ци­на­лық бірлестікте 36 дәрігер қыз­мет етеді. Барлығының біліктілігі жоғары, өз мамандығының шеберлері. – Ішкі ағзалар, хирургия, гинекология, инфекция, реанимация, басқа да бөлімдер заманауи жабдықтармен, қондыр­ғы­лар­мен қамтамасыз етілген. Шет­елдер­дің, Ресейдің дәрігерлік жаб­дық­тары сапалы, сырқатпен түскен­дерге дер кезінде түрлі тек­се­рулерді жүргіземіз. Қан құ­рамын анықтайтын зертханада іскер қыз­меткерлер талапқа сай жұмыс істейді. Қысқасы, шал­ғай­дағы жаңа аурухана ел Тәуел­сіздігінің 20 жылдығына лайық­ты тарту болды, – дейді бас дә­рігердің орынбасары Гүлмира Қабыл­ға­зықызы. Гүлмира Қабылғазықызымен бірге үш қабатты еңселі ауру­ха­наны аралап жүрміз. Сырқаттар емделетін бөлмелер айнадай таза, жарық екен. Жоғары санатты дәрігерлер Г.Алипинова, Ж.Жанпейісова, С.Болаев, Қ.Шериязданов және тағы басқалар өз міндеттеріне үнемі жауапкершілікпен қарайды. Жоғарыда аты атал­ған ауылдардағы медициналық бөлімдерге де қажетті көмектің барлығы жасалады. Катонқара­ғай ауданының қазіргі әкімі Арман Бекбосынов жаңа ұжымның қызметіне көңілі толатынын айта келіп, алдағы уақытта тұрғын­дар­ға медициналық қызмет көр­се­тудің сапасы арта түсетініне сенімі нық. Иә, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша пай­да­лануға берілген жаңа аурухана ұжымы халыққа мінсіз де сапалы қызмет көрсетуді басты парыз санайды. Ондасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы. –––––––––––––––– Суреттерде: жаңа аурухана; медициналық бірлестіктің дә­рі­герлері.