• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Тамыз, 2011

Есімі еске алуға әбден лайық

632 рет
көрсетілді

Бүгінгі күні Семей облыстық пар­­тия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев туралы үнсіз қалғанымыз дұрыс болмас. Өйткені, ол есімі еске алуға әбден лайық күрескер басшы болатын. Кешірім Бозтайұлы облыс басшысы қызметіне тағайындалған осы өңірден шыққан алғашқы да соңғы бірінші хат­шы еді. Мамандығы жөнінен металлург ол бұған дейін өнеркәсіпті Өскемен қа­ла­сында өз мамандығымен қатардағы шебер, цех бастығы, алып комбинаттың партия ұйымының хатшысынан облыс­тық атқару комитетінің төрағасына дейін өз күшімен сатылап өсіп, үлкен өмір мектебінен өтіп келген-ді. Ол қазірде замандастары айтып та, жазып та жүргеніндей мінезі жұмсақ, біреу­ге дауыс көтеріп сөйлеуді білмейтін сы­пайы басшы болатын. Білесің, білген соң айтасың демекші, сондай адамның айт­қанынан қайтпайтын табандылығы мен туған жері мен елі үшін басын қатер­ге тіге білетін қайсарлығы ядролық сы­нақ­тарға қарсы күрес барысында айқын аңғарылды. Сөйтсек, сол шақта Кешекең іштен тынып жүрген секілді ғой. Иә, осы өңірде туып-өскен азаматтың елдің басына төнген қасіретті білмеуі мүмкін емес-ті. Ал ол облыс тізгінін қолына алған сексенінші жылдардың ортасында мұнда жағ­дай тіптен ушығып тұрған болатын. Ай­та­лық, екі мыңнан сәл ғана астам халқы бар Семей атом полигонының нақ эпи­центрін­дегі бір ғана Саржал ауылында сол жылдары жиырмадан астам адам өзі­не өзі қол жұмсапты. Ал бұл одақтық көр­сеткіштен екі есеге жуық артық екен. Жал­пы өңір бойынша балалар мен аналар өлімінің артуы дабыл қағарлықтай дең­гей­ге көтерілген еді. Соған қарамастан, дәрігерлерге науқас жандарға нақтылап диагноз қоюға рұқсат етілмеді. Бұл өз кезегінде ел ішінде наразылық тудырды. Сөйтіп, жариялылық тұсында жылдар бойы жинақталған өкпе-реніш сыртқа шыға бастады. Соның бір-екеуіне ғана тоқталайын. Сол шақта Семейге білім жетілдіру курсына жиналған мұға­лім­дер балалар өлімінің жоғарылап кеткеніне, ақыл-есі кем нәрестелердің өмірге көптеп келе бастағанына және тағы да басқа толғақты мәселелерге байланысты үндеу қабылдай келіп, сынақ аймағын­дағы нақтылы радиация мөлшері туралы анықтама талап еткені әлі есімде. Әлгі үндеуге бақандай 60 ұстаз қол қойған екен. Ал одан кейінгі тағы бір оқиға, сол кездегі өлшеммен алғанда, тіптен де сорақы болды. Яғни, облыстық партия комитетінің кезекті пленумының жұмыс аралығында жергілікті ақын Вячеслав Кобрин «Ядролық сынақтарға жол берілмесін!» деп жазылған плакатпен шыға келсін! Міне, енді айқайға аттан қосылып, бір дүрбелең басталатын шығар деп үрпиісіп қалғанбыз. Әйтеуір, абырой бол­ғанда сол күні де, одан кейін де ты­ныш­тық бұзылмады. Бәрі бірінші басшыға бай­ланысты десек, Бозтаев ендігі жерде елдің ыңғайына қарай жығыла берген секілді. Оны айтасыз, бұдан кейін ол енді нартәуекелмен өзі көш бастауға айналды. Соның айқын айғағындай, кейіннен «Семей полигоны» атты кітабында өзі жазғанындай, 1989 жылдың ақпан айында бір апта ішінде қатарынан екі рет жасалған жарылыс ендігі жерде бұға берудің жөні жоқ екендігіне көздерін жеткізді. Сол себептен де Кешірім Бозтайұлы бастаған облыс басшылығы одақтық әскери ведом­ствоға қарсы бітіспес күресті бастап кетті. Дегелеңдегі сынақ алаңында екінші жарылыс жасалған күні облыс басшысы обкомның идеология жөніндегі хатшысы Г.Мищенкомен бірге мені өзіне шақырып алып, нақты тапсырма берді. Ол кезде мен обкомның насихат және үгіт бөлімі мең­герушісінің орынбасары болып қызмет істейтінмін. «КОКП Орталық Комитетіне, Горбачев жолдастың тіке өзіне сынақты тоқтату жөнінде шифровка дайында­ңыз­дар, – деді ол бізге. – Нартәуекел, оған өзім қол қоямын. Бізді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы қолдап отыр!» Келесі күні, нақтылап айтқанда, сол 1989 жылдың 20 ақпанында әлгі шифрограмма КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысының алдында жатты. Оның көшірмесі менде әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Бүгінде тарихи маңызды құжаттың қысқаша мазмұны төмендегідей. Яғни, облыс басшысы Бас хатшыға Семей өңі­рінде алғашқыда ашық аспан астында, ал 1963 жылдан бері жер астында атом сы­нақтары үздіксіз жүргізіліп келе жат­қа­нын айта келіп, осы қырық жылда бұл өңірдегі халық саны үш есе өскенімен, оған ешкімнің мән беріп отырмағанын ашық мәлімдеді. Ал одан әріде жыл сайын 14-18 жарылыс жасалып келе жатқаны, сынақ аймағындағы жер әбден тозып кеткендіктен, орта есеппен әр үшінші жарылыстан соң радиоактивті газ сыртқа шығып кетіп жатқанын жасыр­мады. Тіпті оны айтасыз, обком КОКП Орталық Комитетінің алдына сынақты уақытша тоқтату, немесе оның жиілігі мен қуатын азайту, ал болашақта оны қолайлы басқа жерде өткізу туралы нақты ұсыныс жасады. Бұл енді қазір ғана айтқанға оңай. Сондықтан Бозтаевтың ядролық сынақ­тар­ды тоқтату жөніндегі алғашқы ресми құжатқа қол қоюын көзсіз ерлік демеске болмайды. Сол шақта әр бірінші басшы мұндай батыл қадамға бара бермегені еш дәлелдеуді керек етпейді. Рас, алпы­сыншы жылдары Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Сужиков полигонға қарсы сөз айтамын деп жылы орнын босатуға мәжбүр болғаны бар. Соны Кешекең білмеді дейсіз бе? Енді мына бір қызық жәйтке көңіл аудармасқа болмайды. Мәскеуге, Кремльге жолданған жоғарыдағы шифровка туралы сол кездегі Қазақстанның бірінші басшысы Г.Колбин Горбачевтің өзінен арада үш күн өткен соң барып естиді. К.Бозтаев содан кейін барып оған Семей атом полигоны жөнінде толық ақпар жолдаған болатын. Ол ақпар да менің жеке мұрағатымда сақтаулы тұр. Осы орайда сол тұста республика Үкіметінің тізгінін қолында ұстаған Нұрсұлтан Назарбаев қажырлы қайрат танытпағанда, әлгіндей шифровканың Мәскеуге жөнелтілуі де мүмкін емес екендігін айтпасқа болмай­ды. Одан кейінгі жерде де Кешекеңді қана­тының астына алып қамқорлық танытқан да Нұрекең еді. Қысқасы, 1989 жылдың ақпан айы осындай қарбалас оқиғаларға толы бол­ды. Осы айдың 28-і күні Алматыда ядролық сынақтарға қарсы «Невада-Семей» халықаралық қоз­ғалысы өмірге келді. Оның алғашқы жиы­нын­дағы ақиық ақыны­мыз Олжас Сүлей­ме­новтің жалын­ды сөзі баршамыздың есімізде. «Тауларды аласартпай, даламызды асқақтатай­ық», деп сүйік­ті ақы­ны­мыздың өзі айт­қандай, ортақ мақсат жо­лын­дағы күресте әркімнің өз орны бар. Бірақ со­лар­дың бәрі сол тұста жа­сындай жарқылдаған жас басшы Нұр­сұл­тан Назар­баевқа арқа сүйегені дау­сыз ақиқат. Бозтаевтың табанды­лы­ғы­мен сол жыл­­дың шілде айында Семейде осы өңірдің экологиялық жағдайын талқыла­ған ғылы­ми-практикалық конференция өткізілді. Сол алқалы жиында ядролық сынақтардың денсаулыққа зиян­ды­лығы, сондықтан оны тоқтатып, жергілікті тұр­ғындарға көмек көрсету жөнінде шешім қабылданды. Кү­рес­кер басшы ақыр соңында Семей поли­гоны айма­ғындағы тұрғындардың әлеу­мет­тік-эконо­микалық жағдайын жақсарту жөніндегі КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің арнайы қау­лысының қабылдануына түрткі болып, со­ның нәтижесінде орталықтан Семей об­лысына 5 миллиард сом қаржы бөлінді. Уақыттан бұрын озып айтатын болсақ, Кешірім Бозтайұлы, сондай-ақ Қазақстан Рес­пуб­ликасының 1992 жылдың соңында қабыл­данған ядролық сынақтар салдары­нан зардап шеккендерді әлеуметтік жа­ғы­нан қорғау туралы заңына да бірден-бір себепкер болды. 1989 жылдың 28 қыркүйегінде Боз­таев­тың тарапынан Мәскеуге, Горбачевтің атына тағы бір шифрограмма жолдан­ға­нын да жақсы білемін. Іле Семейден одақ­тық Министрлер Кеңесі мен КСРО Жоға­р­ғы Кеңесінің төрағалары атына да жеделхаттар жолданып жатты. Облыс басшысы мұнымен де тынбай, ведомствоаралық үкіметтік комиссия құруға қол жеткізді. Сол тұста Нұрсұлтан Назарбаев тағы да өзі­нің ұстанымына берік екендігін көр­сете білді. Ол әскери өнеркәсіп кешенінің жоғары шенді басшыларына «Семейге барып ондағы халықпен кеңесіңіздер, сонда қырық жыл бойы орын алған әділетсіздікке өздеріңіздің де көздеріңіз жетеді», деп бетке айтты. Ал арада екі жылдан соң, 1991 жылдың 29 тамызында өзінің Жарлығымен ажал аждаһасының аузына құм құйды. Бұл кезде алып империя әлі ыдырап үлгермегенін ескерсек, бұл теңдесі жоқ оқиға, көзсіз ерлік еді. Сөз соңында кейінде біздің кейіп­ке­ріміздің қаламынан «Қайнар синдромы», «Полигон – 29 тамыз» атты кітаптарының өмірге келгенін, ал 1996 жылы оның бастамасымен «Полигон – 29 тамыз» атты халықаралық қоғамдық қайырымдылық қоры құрылғанын айтпасқа болмайды. Семей қасіреті туралы соңғы кітабы Жапонияда да жарық көрді. Осылайша Кешірім Бозтаев өмірінің соңына дейін ұстанған бағытынан айнымай, еліне елеулі қызмет ете білді. Владимир ПИГАВАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.