Кеше Корея Республикасы Президентінің елімізге мемлекеттік сапары аясында екі ел ынтымақтастығын кеңейту әрі тереңдету үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етуі тиіс Екінші Қазақстан-Корея партияаралық форумы болып өтті.
Мұндай маңызды шараның өткізілуі жайдан жай емес. Өйткені, Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы стратегиялық әріптестер болып табылады. Қарым-қатынастар негізін президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Ли Мен Бак қалап отырғандығын айта кеткен жөн. Форумда сөйлеген сөзінде «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин бұл туралы былай деді: «Елбасымыз, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты тек екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды тереңдетіп қана қоймай, сонымен бірге, партияаралық ынтымақтастықты да белсенді түрде дамытуға мүмкіндік береді».
Партияаралық деңгейде әріптестік қатынастар нығаюда. «Нұр Отан» мен «Ханнара» – билік партиялары. Сонымен бірге, партиялар ел дамуын жаңа деңгейге көтеруге ұмтылған саяси ұйымдар ретінде белгілі. Екі партия арасында қол қойылған былтырғы хаттама ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілуге негіз қалады. «Ханнара» партиясы жетекшісінің орынбасары Хван Джин Хан бұл тұжырымды қуаттады. «Қазақстан Республикасының көшбасшы партиясымен әріптестік қатынастардың орнығуы біз үшін аса маңызды. Қазіргі уақытта «Нұр Отан» мен «Ханнара» арасында қабылданған өзара әріптестік туралы хаттама тиімді жұмыс істеуде. Біздің қарым-қатынастарымыз ұзақ мерзімге созылып, екі ел игілігі үшін қызмет ететініне сенімдімін», деді ол өз сөзінде.
Тарихы тамырлас екі ел арасында қазір барлық мәселелер бойынша өзара тиімді ынтымақтастық аясы кеңейе түскен. 2009 жылы Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бактың Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында энергетика, көлік, құрылыс, коммуникациялық технология және өзге де салалардағы ынтымақтастық құжаттарына қол қойылған-ды. Ал Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылы Кореяға жасаған мемлекеттік сапарында мұнай химиясы, атом өндірісі, мәшине жасау және энергетика салалары бойынша 23 келісімге қол қойылған болатын. Қазіргі таңда қазақ жеріндегі 330-ға тарта кәсіпорында корейлік капиталдың үлесі бар. Жалпы, Кореядан тартылған тікелей инвестиция көлемі 3,5 миллиард АҚШ долларына жетіп отыр.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.