• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2011

Элеваторлар жауапкершілігі ерекше

481 рет
көрсетілді

Орақ – 2011

Егін орағы басталар алдында диқан қауымының әзірлікті бір пысықтап алатын әдеті бар. Об­лыс орталығында өткен келелі жи­ынға автокөлік мекемелері мен астық қабылдау кәсіпорындары­ның басшылары қоса шақыры­лып, облыс әкімі Серік Біләлов оларға да үлкен міндеттер жүк­те­ді. Көктемде ылғалдың мол бо­луы, жаздың жаңбырлы келуі егіннің пісуін едәуір кешеуілдетті. Жергілікті синоптиктердің бол­жамына қарағанда, орақтың на­ғыз қарқын алар тұсы – күз де қабақ бермейтін тәрізді. Талай сын сәттерде ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп жүрген солтүс­тікқазақстандықтар үшін 3,9 миллион гектар алқаптың бітік егінін ысырапсыз жинап, кемі 6-6,5 мил­лион тонна өнімді қамбалап алу міндеті тұр. Мұндай берекелі өнім 1992 жылы болғанға ұқсай­ды. Олай болса, астық тасымал­дау мен сақтау дайындығына баса назар аударылуы тегін болмаса керек.

Облыстық ауыл шаруашы­лы­ғы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жанар Мұсақұ­ло­ваның айтуынша, облыс егін орағына жоғары дайындықпен келіп, жаңа егінді жинауға кірісіп кеткен. Қолдағы 6 мыңнан астам автокөлікпен қоса жекелеген кә­сіпорындар мен фирмаларды та­сымалдау ісіне жұмылдыру көз­делген. Астық қабылдауға жалпы сыйымдылығы 3,3 миллион тон­на­ны құрайтын 50 элеватор атса­лысады. Олар тәулігіне 150 мың тонна астық қабылдап, 120-140 мың тоннаға жуығын кептіріп, тазалай алады. Былтыр «Еңбек-Нан» ЖШС 60 мың тонналық эле­ваторды пайдалануға берсе, биыл «KID Trade» ЖШС 52 мың тонналық астық қабылдау кәсіп­орнын іске қосты. «Зенченко және К» серіктестігі салып жатқан 30 мың тонналық элеватор таяу арада бой көтереді. Бұдан тысқары аг­роқұрылымдардағы қоймалардың сыйымдылығы 2,4 миллион тонна­ны құрайды. Ірі шаруашылық­тар­дың астықты полиэтилен қойма­лар­да сақтау технологиясын мең­ге­ріп алғаны құптарлық. Бұл әдіс шығынды 20-25 пайыз азайтуға мүмкіндік береді. Жергілікті эле­ва­торларда жарты миллион тоннадан астам былтырғы астықтың сақ­таулы жатқанын ескерсек, еліміз­дің өзге аймақтарына орналас­ты­ру­ды барынша жеделдетпей бол­май­ды. Әйтпесе, ертең іске қолбайлау туғызуы әбден мүмкін. Астықты сақ­тау және кептіру қызметі баға­ла­рын негізсіз өсірмеу жайы да ой­ластырылған. Жауапты науқанға қа­жетті 75 мың тонна дизель оты­нын тасып-жеткізу тиісті опера­тор­ларға жүктелген. Егін оруға жаппай кіріскен аудан­дардың бірі – Ақжар. Мұнда аймақ басшысы С. Біләлов болып «Богби» компаниясына қарасты «Ақниет Ақжар», «Жаңа ауыл», «Киевское Север» ЖШС-ы мен «Бұланбай шаруа қожалық­тары­ның жұмысымен танысты. Компания директорының орынбасары Мұхтар Арынғазин жанар-жағар­майдың жеткіліктілігін, астық дестелеп, бастыруға «Джон Дир», «Класс» тәрізді 130-ға тарта шетелдік комбайн тартылғанын жеткізді. – Былтыр қуаңшылық жылы гектар берекелілігін 13 центнерден айналдырсақ, биылғы межеміз – 20 центнер. Бұл Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған тартуымыз болмақ. Биылғыдай мол астыққа 15 жылдан кейін кенеліп отырмыз, – дейді   аудан әкімі Ағзам Тастеміров. Серік Сұлтанғазыұлы одан кейін Аққайың, М.Жұмабаев аудан­дарына келді. «Базе-Север» серіктестігінде орақтың қызып сала бергені байқалады. «Қыр кемелері» белуардан келетін, маса­ғы кереқарыс егінге шалғы түсі­ріп, адам құшағына сыймайтын атжалдар артта қалып барады. Шаруашылық жетекшісі Фрунзик Акопян күлім қағады. Әзірге түсім 25-27 центнерден айналуда. Берекелі гектарлар әлі алда. Күн райын берсе, жоғары өнімді техникалармен жинап алу қазір-ақ, дейді ол қолын сермей сөйлеп. Александр Штах иелігіндегі ша­руа­шылық диқандарының да қи­мылы ширақ. 17 мың гектар ал­қап­тың астығын жинауға бәрі бір кісідей кіріскен. «Майбалық» ЖШС 24 мың гектар жердің ас­ты­ғын дестелеп, бастыруға 4 «Джон Дир», 5 «Класс» және бір-бірден «»Дон-1500», «Вектор» комбайндарын қосқан. Қай ша­руа­шылықта болмасын комбайн­шы­лар мен механизаторлардың қалыпты жұмыс істеуіне жағ­дайдың жасалғаны бірден бай­қалады. Егіс басында асханалар ұйымдастырылған. Еңбекке ын­таландырудың шаралары белгіленіп, материалдық жағына баса көңіл бөлінген. Облыс әкімі жауапты нау­қан­ды ұйымшылдықпен өткізуге билік орындары тарапынан барлық жағдайдың жасалатынын, егіншілер үшін әр күнді тиімді пайдалану қажеттігін тағы бір еске салды. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.