Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы жүзеге асырылуда
Елімізде тұрғын үй қорын жақсартудың таптырмас мүмкіндігі жасалып отыр. Енді, тұрғындар үй-жайларын жөндеп, ескірген коммуникациялық желілерін қалпына келтіре алады. Бұл ел Үкіметінің бекіткен 2020 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы аясында мүмкін болуда. Оған сәйкес, көп қабатты үйлердің тұрғындары мемлекет тарапынан қомақты қаржылай көмек ала алады. Кейін аталмыш қаражатты коммуналдық қызмет төлемі ретінде, біртіндеп қайтаруы тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, пайызсыз несие түрінде жүзеге аспақ. Тек ол үшін тұрғын үйді мекен еткен барлық тұрғындардың келісімі керек. Атап өтерлігі, бүгінде Павлодар қаласы бойынша қырыққа жуық үйдің тұрғындары аталған бағдарламаға қатысуға ниет білдірген. Бірқатар мекен-жайлар бойынша жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Бірақ, қолбайлау болып отырған мәселе де бар.
Қазақстанның қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуы кезеңінде ұлттық экономиканың барлық салаларын модернизациялау маңызды стратегиялық бағыт болып табылады. Тұрғын үй шаруашылығы қоғамдық қатынастарға тікелей әсер ететіндіктен, ұлттық экономиканың маңызды әрі күрделі саласы болып саналады. Бұл қызметтің сапасы – тұрғындардың өмір сүру деңгейін анықтаушы негізгі фактор.
Нарықтық қатынастар басталғанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында жүргізілген реформалар мен жаппай жекешелендіру үдерісі барысында жаңа қатынастар пайда болды. Сонымен бірге, тұрғын үй шаруашылығы саласын дамытуда белгілі қиындықтар қалыптасты. Көп пәтерлі үйлерді тиімді басқарудың жағдайы, меншік иелерінің құқықтық сауаттылықтарының төмендігі, тұрғын үй қорын қалыпты жағдайда ұстап тұру және ғимарат ішіндегі инженерлік жүйелерді күрделі жөндеу тетіктерінің анықталмауы, тұрғын үй қорына мемлекеттік бақылаудың болмауы, тағы басқа да мәселелер туындады.
Жалпы, мемлекетіміз тұрғын үй-коммуналдық секторды жаңғыртып, дамыту үшін көп жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, мұндағы кешенді проблемаларды шешуге бір ғана бюджеттің қаржысы аздық етеді. Әлемдік тәжірибеде әлеуметтік маңызы зор бұл сектордағы түйткілдерді мемлекет пен жеке меншіктің әріптестігі негізінде еңсеру ең тиімді әдіс саналады. Ол үшін екі тараптың бір-біріне деген өзара сенімін қалыптастыратын жүйелі бағдарлама қажет. Елбасы өз Жолдауында Үкіметке ортақ мүлікті жөндеу мен қалпына келтіруге қаржы жинақтауды ынталандыру мен қосымша қаржыландырудың тетігін жасауды тапсыруы да осыдан туындап отырғаны белгілі.
Қазір Павлодар қаласында барлығы мыңға жуық көп қабатты тұрғын үй күрделі жөндеу жұмыстарын талап етеді. Бұл – облыс орталығындағы жалпы тұрғын үй қорының шамамен тоқсан пайызға жуығы. Олардың көбісінің пайдалануға берілгеніне кем дегенде отыз жылдан асқан.
Жоғарыда аталған бағдарлама аймағымызда екі бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. Біріншісі, «Павлодар» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы болса, екіншісі «Горкомхоз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қатысуымен іске асырылады. Аталмыш екі бағыт бойынша республикалық бюджеттен барлығы шамамен төрт жүз миллион теңге қаражат бөлінген.
Мысалы, бағдарлама аясында Павлодардың Ермак көшесіндегі №19, 21, 23 және Российская көшесі бойындағы №18, 20, 22 тұрғын үйлердің инженерлік желілері жөндеуден өткізілуде. Бұл мақсатта тұрғындар «Горкомхоз» МКК арқылы жеті жылға бюджеттен 5 миллион 363 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат алған. Оған сәйкес, алдағы уақытта бір пәтер иесінің ай сайынғы төлемінің орташа құны 450 теңгені құрайды. «Бұл аса тиімді. Себебі, біз, тұрғындар, өз күшімізбен мұндай қомақты қаржыны жинай алмайтын едік. Ал үйіміздің коммуникациялық желілері әбден тозды. Қыс болса жақындап қалды», – дейді қала тұрғыны Галина Фрик. Атап өтерлігі, коммуналдық желілерді жаңарту барысында қолданылатын құбырлар жергілікті «АрИнвест» ЖШС-да шығарылады.
Осылайша, қаладағы бірқатар тұрғын үйлердің коммуналдық инфрақұрылымдарын қалпына келтіру мақсатында ауыз су, кәріз және бірқатар жылу жүйелері жөндеуден өткізілуде. Алайда, өкінішке қарай, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан тұрғын үйлердің кейбір тұрғындары мұндай жағдаймен келіспейтіндерін білдіріп отыр. «Күнделікті жарық, жылу, су сияқты коммуналдық төлемдерге қаражатты әрең тауып отырғанда қосымша шығынды төлей алар ма екенбіз?» – дейді олар. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Олег Кругтың айтуына қарағанда, бұл тұрғындардың әлі де болсын мән-жайды толық түсіне қоймағанының салдары болса керек. «Бағдарлама әзірге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жақсартудың бірден бір тиімді жолы болып табылады. Жұртшылықтың мұны түсініп болуы үшін біраз уақыт қажет. Сондықтан, насихаттық шараларды көптеп жүргізуге тырысудамыз. Негізінде, бұл бағыттарға мемлекет қазынасынан қаржы алу үшін көп қабатты үйлер тұрғындарының басым көпшілігінің келісімі болса болғаны. Қаражат бөлініп, қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалады. Ал оған келіспеген тұрғындар бәрібір де тиісті төлемді бірге өтейтін болады. Бас тартқан жағдайда мәселені сот арқылы шешуге тура келеді», – дейді ол.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ, Павлодар.