• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2011

Басалқыға бағынбайтын бензин бағасы

390 рет
көрсетілді

Одан кімге пайда, кімге зиян?

Бүгінде жанар-жағармай проблема­сы елдегі ең өткір мәселелердің біріне айналып тұр. Сондықтан оның төңі­регіндегі әңгімелер де ауық-ауық өрши түсіп, көпшілік назарын өзіне еріксіз аударып тұрады. Бір айта кетерлігі, жанар-жағармай тапшылығы мен оның бағаларының дүркін-дүркін өсіп кетіп жатуын қалың жұртшылыққа түсіндіру өте қиын түйінге айналуда. Оған біз мұнай өндірісінен әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің санатындамыз, жеріміз көмірсутегі шикізатына бай деп жиі-жиі, кейде орынды-орынсыз қайта­луымыз да себепкер болатын сыңайлы. Өйткені, осындай тоқмейіл сөздерді естіген жұрт шынымен де мұнайға бай болсақ, бензин неге ағыл-тегіл ағып жатпайды, оның бағасы неліктен қым­­­баттай береді деген сауалдар қояды. Ойланып қарасақ, халықтың өкпе-назы нақа негізсіз де емес сияқты. Айналайын немістер мен жапон­дардың ескі-құсқы машиналары біздің ағайындарға жарық күнде қолыңа май шам алып іздесең таптырмайтын оңай «олжа» болды. Көнені менсінбейтін кірпияз шетелдіктердің мерзімі өтті деп «утильге» тапсырған автомобильдерін «жұмыртқадан жүн қырыққан» алып­са­тарлар сутегін дерлікке алып келіп, үстіне 2-3 есе үстеме қосып біздерге сатады. Біз болсақ, азғантай ақ­­­ша­мыз­дың жеткеніне тәубе деп, жерден жеті қоян тапқандай қуанамыз. Сөйтіп, бі­реу­лердің «тастандысы» екенінде ша­руа­мыз жоқ, «иномарка» міндік деп шіренеміз. Ал ол «иномаркаға» бензин керек. Машинаны арзанға ал­ғанымызбен, оның күнделікті «тама­ғы» қымбаттап барады. Осыдан келіп шу шығады... Бензинді Үкімет белгілеген бағадан жоғары бағаларға сатып, бұрмалау­­шы­лыққа жол берудің 112 фактісі анық­талды, деп мәлімдеді BNews.kz студия­­­сында өткен онлайн-конференция ба­­­ры­сында Бәсекелестікті қорғау агент­тігінің төрағасы Мәжит Есенбаев. Төр­ағаның айтуынша, тек ірілер ғана емес, сонымен бірге жанар-жағармай сатумен айналысатын компаниялардың бә­рі де осындай бұрмалауларға, яғни тәр­тіп бұзушылықтарға жол берген. Сөй­­­тіп, жанар-жағармайдың әр литріне 2-3 теңгеден қосылып отырған. Осындай жәйттерді айта келіп, М.Есенбаев бұл сияқты тәртіп бұзушыларды жазалау керек екендігін де ескерте кетті. Бірақ бағаларын күн сайын дерлік құбылтып тұратын автомобильдерге май құю стансалары қожайындарының жазалаудан қаймығатын түрлері көрінбейді. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов шілде айында өткізген онлайн-конференция барысында-ақ жанар-жағармай сатумен айналысатын кейбір компания­лардың қызметтерін тексеріп, бағаның көтеріліп кете беру жағдайын анықтау жөнінде тапсырма берген болатын. Бә­секелестікті қорғау агенттігі төраға­сы­ның жоғарыдағы жәйттерді 22 тамыз тамыз күні айтқанын ескерсек, саудагер компаниялардың ескертпелерден қо­­­рытынды шығаруға асықпайтыны кө­рініп-ақ тұр. Бір қызығы, жанар-жа­ғармай сатушылар небәрі 2-3 күнге ғана бағаны өсіргеннің өзінде шаш-етектен пайда тауып шығады екен. Автомобиль иелері болса, амалсыздан әмиян­­дарын жұқартады. Ал ондай кез­дердің болға­нын біз жақсы білеміз. Бұл да бүгінгі заман тудырған қулық­тардың бірі. Бәсекелестікті қорғау агенттігі елдегі мұнай өңдеу зауыттарын да жаза­ламақ ниетте. Сөйтсе, олар көтерме бағамен сатушыларға жанар-жағармай бермей қойыпты. Сондағы айтатын­дары, біз егін орағы науқанына жұмыс істеп жатырмыз деген желеу көрінеді. Бұл туралы да жоғарыда өзіміз келтірген онлайн-конференция барысында бел­гілі болды. Мұнай өңдеу зауытта­­ры­­­ның мұндай әрекетін агенттік олар­дың өз үстемдіктерін пайдалану арқы­­­лы ры­­нок субъектілеріне қысым жасау­шылы­ғы ретінде бағалап отыр. Сон­дықтан бұл мәселе бойынша да тергеу жүргі­зіл­мек. Төрағаның айтуынша, өңір­лердің әкімдері күзгі жиын-терінге қа­­­жетті дизель отыны мен жанар-жағар­майды кем дегенде 90 пайызға қамта­ма­сыз еткен. Олай болса, бұл тұрғыда еш­қандай проблема туындауға тиіс емес. Айта кету керек, қазақстандық жа­нар-жағармай құю стансалары баға бой­ынша өзара ымыраластыққа барып отыр деген әңгіме бұған дейін де естілген. Ол нендей ымыраластық? Ол дегеніміз, жанар-жағармай құю стансала­ры­ның ортақ бір бағаға өзара келісуі деген сөз. Әрине, ол бағаның Үкімет бел­гілегеннен аз да болса жоғарырақ екені түсінікті. Мәселен, өткен шілде айында «Аурика», «Асқар Мұнай Трейд» ЖШС-лар мен «Гелиос» ЖШС филиа­лы­ның АИ-92 бензиніне өзара «ауызжа­ласа» отырып баға қоюда бәсеке­лес­тікке қарсы әрекеттерге барғаны белгілі болған еді. Әлгі компаниялардың бірі бензиннің сатып алу құны 1,1 пайызға кө­терілген кезде осы бензинді 10,7 пай­­­ызға өсіре отырып сатуға шығарған. Осы ретте, олар бағасы 1,1 пайызға кө­те­ріл­­­ген бензинді сатып алған кезде, олардың өздерінде бұрынғы баға өспе­­ген кезде алынған бензиннің қалғанын да ескеру қажет. Іс жүзінде ол бензин де қымбат­­­та­тылған бағамен сатылған. Тексеру қо­­ры­­тындылары биылғы жылдың мамыр-шілде айларында АИ-80, АИ92/93, АИ95/96 маркалы бензиндер мен дизель отынына өзара ымыралас­қан баға белгі­леудің Ақмола және Қа­рағанды облыс­та­рында да орын алға­нын анықтаған. Бензин бағаларының 112 теңгеден 130 теңгеге дейін жетіп, орын алған тапшы­лық салдарынан кейбір өңірлерде үлкен сұранысқа ие бензин маркаларының талонмен берілгені де дәл осы шақ. Мә­селен, шілде айында Оңтүстік Қазақ­стан, Солтүстік Қазақ­­стан және Маң­ғыс­тау облыстарында осындай жағдай­дың қа­лып­тасқаны бізге мәлім. Қалай дегенде де, жанар-жағармай бағалары төңірегіндегі әңгіменің басы­лар түрі байқалмайды. Осыдан сәл ға­на бұрын Қазақстан Үкіметі қыркүйек айы­­нан бастап, жанар-жағармайдың бөл­­­­шек сау­дадағы шекті бағасын 12-14 пайызға өсірмек ниетте деген де қауе­сет тараған. Олай болған күнде жиі қолданылатын АИ-92 маркалы бензин­нің 1 литрінің бағасы 120 теңгеге жетуге тиіс еді. Күні кеше ғана Мұнай және газ министрлігі қыркүйекте республика аумағында бензин бағасының қым­баттамайтындығын хабарлады. Мұн­дай ақпаратты аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасай оты­рып, Tengrinews.kz сайты таратқан. Сөй­­­тіп, қыркүйек айында да, егер министрлік уәдесінде тұрса, АИ-92 бен­зинінің бағасы (1 литр үшін) 106 теңге, АИ-80 – 86 теңге, дизель отыны­ның литрі 90 теңге болып қала бермек. Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төр­­­ағасы М.Есенбаев жоғарыда өзіміз атап көрсеткен онлайн-конференцияда агент­тік­тің Ресеймен шекаралас аймақ­тарда бензиннің талон бойынша саты­лып жат­қанына көз жұма қарап отыр­ғанын да жасырған жоқ. Іс жүзінде рынок субъек­тілеріне қысым жасау­шы­лық болып са­налатын мұндай әрекет­тер жазалануға тиіс. Дегенмен, шекаралас ай­­­мақтарда ішкі рынокты қорғау­дың өз­гедей тетіктері табылмаған­дық­тан агенттік осындай қадамға баруға мәжбүр болып отыр. Осы ретте мәселенің екінші бір қы­ры бой көрсетеді. Ол – ресейліктердің Қазақстанға келіп арзан бензинді жаппай сатып алып жатуы. Мұндай жағ­дайдың әсіресе, шекараға жақын өңір­лер­де жиі орын алатындығы айтпаса да түсінікті. Ресейлік алыпсатарлар Қа­зақ­станда бензин тапшылығын туғы­зып отыр деген қауесеттің шығуы да осындай себептерге байланысты болса керек. М.Есенбаевтың айтуынша, ішкі рынокты қорғаудың бірден-бір жолы жанар-жағармай шығару көлемін ба­рынша ұлғайту. Бірақ ол үшін уақыт пен қаржы қажет. Төраға ахуал ушыға берсе әкімшілік шараларды пайда­ла­нуға баратынын да жоққа шығармай­ды. Өйткені, бүгінде Қазақстандағы бензин бағасы Ресейдегіге қарағанда 30 пайызға төмен болып отыр. Көр­ші­лердің көзқұртына айналып отырған да бағадағы осындай айырмашылық. Ортақ Кеден одағына бірігіп отыр­ған елмен арадағы бағаның ала-құла болуы, әрине, проблема тудырмай қала алмайды. Өзгені былай қойғанда, мұн­дай жағдайдың алыпсатарлыққа кең жол ашу ықтималдығы да үлкен. Шекаралас өңірлердегі жанар-жағармай са­­тушы компаниялардың өз тауарын қа­зақ­стандық тұтынушыларға арзан ба­ғаға сатқаннан гөрі, ресейліктерге аз да болса қымбатыраққа сатқанды жөн көр­­­­ме­сіне кім кепіл? Оның үстіне өз­де­рін­дегі бағаның одан қымбат екенін білетін және өзге мемлекеттің азамат­тары бо­лып табылатын ресейліктер Қа­зақстан­да жанар-жағармай қымбат деп ешкімге шағым да жасап жат­пайды. Осы орайда Ресейде баға неліктен қымбат деген сауал туындамас үшін, ол елде еңбекақы мен зейнет­ақы­ның да жоғары екенін еске сала кету орынды. Сол себепті де кейбіреулердің Ресейде жанар-жағар­май бағалары жо­ғары, біз де солай жа­сауымыз керек деген сөздері көңілге қонымды бола қоймайды. Мойындауымыз керек, жоғарыда кел­тірілген деректер Қазақстанда неліктен жанар-жағармай бағалары ара-тұра болса да көтеріліп кетіп жатады деген сауалға толыққанды жауап бере алмайды. Анығы біреу, ол – осы іске жауапты компаниялардың бағаны жа­сан­ды түрде өсіруі. Осындай бұрмалау­ларға бара отырып, олар тіпті Үкімет­тің ескертуіне құлақ асуды да қажет деп таппай отыр. Бәлкім осы жерде біз білмейтін, түсінбейтін басқа да бір сыр бар шығар? Рас, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының ішкі рынокты толық қамтамасыз ететіндей өнім шы­ғара алмай отырғаны бұрыннан белгілі. Біз бұл жерде бірқатар көрші елдердің бензиннің экологиялық жағынан таза болып табылатын Еуро-4 және Еуро-5 стандарттарына көшіп жатқанын тіпті айтып та жатқан жоқпыз. Біздің көн­те­рілі тұты­ну­шылар да бізге жоғары са­палы бензин тауып бер деп ешкімді ма­залаған емес. Дәл қазір олай болмайды да. Мә­селе, тек ішкі рынокты мұнай өнімдері­мен қажетті көлемде қамта­ма­сыз ету жөнінде ғана болып отыр. Ал оған тағы не кедергі? «ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­­па­ния­сы­ның 2011 жыл­дың бірінші жарты­жыл­ды­ғында өндір­ген мұнайы мен газ конденсатының көлемі 0,5 пайызға кеміп, 10,67 миллион тон­наны құраған. Бұл мәліметтер ком­панияның қаржы-шаруашылық қыз­метінің қорытынды­лары баяндалған бас­пасөз-парақша­сы­нан келтіріліп отыр. Оны таратушы – «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың баспасөз қыз­меті. Онда үсті­міздегі жылдың 1 шілдесіне қарасты мұнай өңдеудің шоғыр­ландырылған кө­ле­мінің 7,4 миллион тон­наны құра­ғаны, оның өткен жыл­дың тиісті мерзімімен салыстырғанда 5 пайызға аз екені де көрсетілген. Бірақ бұл жәйттер де елдегі жанар-жағармай көлемінің аза­юы­на, әсіресе, бағаның өсуіне себепкер бола алмайды. Олай болса, мәсе­ленің мәнісі неде? Әлде осының бәрі елде бензин шығарудың кеміп кетуінің салдарынан туып отыр ма? Олай дейтініміз, ҚазТАГ Статистика агенттігінің ай сайынғы есебіне жүгіне отырып, осы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанда бензин шығару көлемі 1,48 миллион тоннаны құрады, ал ол 2010 жылдың тиісті кезе­ңіне қарағанда, 15,9 пайызға кем деген ақпарат тарат­қан. Керосин шығарудың 24,5 пайызға азайғаны туралы да дәл осы құжатта келтірілген. Бұл көрсет­кіш­тердің ішкі рынокты жанар-жағар­май материалда­ры­мен қамтамасыз ету ісіне қанша­лық­ты әсер ете алатыны бізге, әрине, бей­мәлім. Белгілісі – осы шағын мысал­дардың өзінен-ақ аңға­рыл­ғандай, кө­мір­сутегінің мол қоры бар елдің бензин тапшылығын сезінуі. Ал оны қан­дай да бір себеп-сылтау­лармен дәлел­деп алудың қиын екендігін де айрықша атап көрсеткен жөн. Сонау кеңестік кезден келе жатқан үш мұнай өңдеу зауытына соңғы жиырма жылда жаңа­дан, ең құрығанда, бір кәсіпорынның қосылмауын да үлкен олқылық ретінде қабылдаған дұрыс. Иә, жанар-жағармай төңірегіндегі әңгімелердің әзірге саябырситын түрі жоқ. Оған, осы мақаланың басында өзіміз тоқталып өткендей, отандаста­ры­мыздың шетелдік көнерген көлік­тер­ді арзанға сатып алып, бас-басына машиналы болуы да өз «үлесін» қосып жатқан болуы мүмкін. Сонымен бірге, осы автокөліктердің көптеген ағайын­да­рымыз үшін күнкөріс құралына ай­на­лып отырғаны да шындық. Авто­мобильдің елді мекендердің бәріне бірдей автобустар қатынай бермейтін қа­зіргідей заманда таптырмас көлік екенін былай қойғанда, біреулер онымен жолаушылар тасымалдап табыс тапса, енді біреулер, әсіресе, ауылдардағы жұ­мыссыздар шалғайдағы елді мекендерден өздері өндірген өнімдерін қала­ларға жеткізіп, саудалау арқылы күн­делікті ішіп-жемін айыруда. Демек, орыс ағайындар айтқандай, автомашина бүгінде сән-салтанат үшін емес, тіршілік үшін қажет қозғалыс құралына айналып отыр. Олай болса, жанар-жа­­ғармай бағаларының қымбаттай беруі­нің «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқтықтан жүгенсіз кеткен алыпса­тар­лардың қалталарын қалыңдатқанымен, қарапайым халыққа едәуір соққы бо­лып тиетіні де еш құпия емес. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.