• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2011

Тәуелсіздіктің тамаша табысы

485 рет
көрсетілді

Осы тарихи оқиғаға орай «Егемен Қазақстан» га­зетінің тілшісі «Қазақстан» телерадио корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджановамен сұхбаттасқан еді. – Нұржан Жалауқызы, «Қа­­зақстан» телеарнасының то­лық қазақ тіліне көшуі ту­ралы ақпаратты біздің оқыр­мандар қуанышпен қабылдап жатыр. Осы игі қадамның мән-ма­ңызына тоқталып өті­ңізші? – Жүз пайыз тек мемлекеттік тілде хабар тарататын арна – Қазақстан мемлекеті үшін жа­ңа­лық болғанымен, әлем үшін үй­реншікті нәрсе. Қазіргі спут­никтік-сандық технология ар­қы­­лы кез келген елдің телеар­на­ларын қарап шығыңыз. Бәрі елдегі титулды ұлттың тілінде сөй­леп тұрады. Ал біздегі жағ­дай басқаша. Қазақстан тәуел­сіз­дік алғанға дейін алдымен отарлық, сосын «советтік ха­лық» жасау саясатын бастан өт­кізді. Сол кездегі билік жергілікті ұлтпен санаспай, келімсектерді қазақ жеріне тоғытқаны тарихтан белгілі. Сол келген этнос өкілдері Қа­зақ­стан азаттығын алған тұста жаңа мемлекеттің азаматына ай­налып, Қазақ елі­нің тұр­ғын­дары болып қалды. Олар­дың ішінде орыстар және орыс тілділер басым екені белгілі. Со­сын жоғарыдағы кеңес­тік саясат тұсында қазақтың өзін орыс тілінде сөйлетудің небір әре­кет­тері жа­салды. Нәтижесінде ата жұртын­дағы ұлттың жартысы тұрмыс пен қызмет үшін орыс тілін тұтынды. Осындай себептерге орай, бұқа­ра­лық ақпарат құралдарында тек қа­зақ тілінде жазу мен сөйлеу мүм­кін бол­ма­ды. Енді ғана мемлекеттік теле­арна­лардың біреуін то­лық­тай мемлекеттік тілге көшіру­дің сәті түсті. Бұл орайда тапсырма Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев тарапынан бол­ға­нын қалың қауым жақсы біледі.  Президент 2011 жылғы 1 нау­рызда өзінің жыл сайынғы дәс­түрі бойынша елдегі ең ықпалды ақпарат құралдары өкіл­дерімен сұхбаттасу кезінде «Қазақстан» телеарнасы үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап тек қазақ тілінде хабар таратуға көшеді деген пікірін айтты. Сосын ма­мыр айының соңына қарай Дүниежүзі қазақтарының кезекті төртінші құрылтайында тағы осы шешімін тиянақтай түсті. Әр елден келген қандастарымыз бұл ізгі ниетті қошеметпен қарсы алды. Мемлекеттік тілде хабар тарата­тын арна – біздің Тәуелсіздігіміздің тағы бір жарқын сипаты деп са­наймын. Бұл – мемлекеттік тілді асықпай, бірақ түбегейлі орнықтыру жөнінде Елбасы табандап жүргізіп отырған үлкен істің кезекті сатысы. Таза қазақ тілінде сөйлейтін ар­на­ны көруді барша қазақ армандады. Зиялы қауым өкілдері мұны талай айтқан. Міне, Президенттің сарабдал саясаты осы арманды ақиқатқа ай­нал­дырып отыр. Қараңыз, мемлекетімізде ешкім «Қазақстанның» қазақша сөй­леуіне наразылық танытқан жоқ. Жүйелі саясаттың жемісі деген осы. Біз бір кезде төл теңгеміз шыққанда қалай қуанып, жаңа Астанамыз жар­қы­ратып тұсаукесерін өткізгенде мәр­тебеміз асқақтады. Көрші елдермен шекарамыз мәңгілікке шегенделгенде төңірегіміз түгенделді дедік. Мына игі қадамның маңызын әлгін­дей тарихи оқиғалардың қатарына жатқызуымыз керек. – Телеарнаның бірден толықтай мемлекеттік тілде хабар таратуына бұрыннан келе жатқан әлеуеті мен базасы жеткілікті ме? Осыған байланысты қандай дайындық жұмыстары жасалды? – Базаға қатысты мынаны айтуы­мыз керек. Бейне мен дыбыс жазатын және жеткізетін техника үшін қандай тілде сөйлеп тұрғаның бәрібір. Біздің эфир уақытына берілетін мемлекеттік тапсырыс өзгермегендіктен, тәулі­гі­не 20 сағат хабар көрсетуге базамыз мығым. Оған алаңдамауға болады. Басқа елдерден сатып алынатын көр­кем, деректі фильмдер мен сериал­дарды аударып беретін бүкіл еліміз бойынша ең жетілген техника бар. Бұрын корпорацияда бір дубляж ап­па­раты жұмыс істесе, қазір оның қата­рына екіншісі қосылды. Біз орыс, ағылшын ғана емес, түрік, корей және басқа тілдерден бірден қазақшаға аудара аламыз. Мамандарымыздың қабілетін, әлеуетіміздің қаншалықты екенін осы­дан байқауға болады. Аударма дү­ниелер эфирдің 30 пайыздан астамын құрайды. Мультсериалдар, корей мен түрік сериалдары өз көрерменін тап­қаны жұртқа мәлім. Дегенмен, күн­де­лікті эфирдің 70 пайызға жуығы өзі­міздің төл бағдарламалардан тұрады. – Нұржан Жалауқызы, мен тура осыған орай бір сауалды көлденең тар­тсам деп едім. Ертеден келе жат­қан тәмсілге жүгінсек, іс тетігін қа­шан да кадрлар шешеді ғой. Осы рет­те қазақ тілді білікті, сауатты, бі­лімді журналистерге зәрулік бай­қалып жатқан жоқ па? – Қазақ тілді журналистерге біздің қоғамда зәрулік болмауына кейінгі жылдары аймақтарда ашылған журналистика факультеттері тәуір үлесін қос­қаны белгілі. Тіпті, кейбір өңір­лерде бір емес, бірнеше жоғары оқу орындарында журналистер даярлан­ды. Рас, Қазақстанның осы мамандық бойынша тәжірибелі, ғылыми атақ­тары бар профессор-оқытушы құрамы әрі кеткенде үш факультетке сабақ беруден аспасы белгілі. Сонда көптеген оқу орындарының дипломдары жоға­ры делінгенмен, қарым-қабілеттері та­лапқа сай емес журналистер даярла­ғаны рас. Кейбір лицензиялардың алы­нып, факультеттердің жабылуы біздің сөзіміздің растығын дәлелдейді. Меніңше сауатты, білікті журналистер жалғыз біздің корпорацияға емес, бүкіл елге қажет. Айталық, телеарна эфирден көрсететін өнімді тек өзі әзірлемейді. Біз эфирдің бір бөлігін түрлі продюсерлік орталықтар мен жеке студиялар дайындап әкелетін өнім­дерге арнауды жоспарлап отыр­мыз. Яғни, теледидар тілімен айт­қан­да, аутсорсингте әзірленген жобалар­дың санын арттырмақпыз. Қазірдің өзінде корпорацияның «Балапан» ар­на­сы осы тәсілмен жұмыс істеп жа­тыр. Ұлттық арнаның көпке таныс «Көршілер», «Пай-пай шоу» бағдар­ламалары да – аутсорсинг өнімдері. Демек, қазақ тілін жетік білетін, өзінің жұмысын сапалы атқаратын журналистер бізге ғана емес, осы жеке орталықтар мен студияларға да қажет. – Әрине, «Қазақстан» арнасы­ның басты мақсаты тек қазақ тілінде сайрай беру деп санауға болмас. Төрі­міз­дегі теледидар – тәуелсіздік за­ма­нын­дағы тәрбие құралда­ры­ның бірі. Олай болса, бағдарлама­лар­дың идея­лық-саяси, тарихи-та­нымдық, тағы­лымды-ғибраттық, қыз­ғылықты-думандық тұрғысы­нан алғандағы талаптарға сай жа­са­луына да үлкен көңіл бөліп жатқан боларсыздар? – Сіз көрермендер тарапынан қой­ы­л­атын барлық талапты бір-ақ тізіп бердіңіз. Және ол – жеке немесе бір топ көрерменнің емес, сонау Алтай мен Атырау арасындағы қалалар мен ауылдардағы миллиондаған адамдардың талабы. Байқасаңыз, біреуге тарихи-танымдық хабарлар ұнаса, енді біреу сізше сипаттағандай: «қызғылықты-думан­ды» бағдарламаны көргісі келеді. Баяғы «Байғұс Изаура» кезеңінен бері тек сериалдар көруге бейімделген адамдар бар. Сонда қайтпек керек? Көрермендердің жас аралығын ескеруіміз қажет. Ай­та­лық, 17-45 жас немесе 25-65 жас ара­лы­ғын қамтимыз дегендей. Оны «арнаның әлеуметтік-демографиялық бағыты» дейді зерттеушілер. Қазақстанның теле­нарығында ұзақ жылдар қызмет істеген тәжірибеме сүйенсем, бұл – зер салуды қажет ететін тақырып. Меніңше, әрбір арна өзін көретін адамдардың жас ерекшелігін ескеріп, солардың көңілінен шығатын бағытты табуы тиіс. Алдағы уақытта біз кімдерге керекпіз, біздің мақсатты аудиториямыз кімдер деген күрделі сауалдардың жауабын анықтаймыз. Әзірге әрбір бағдарлама тартымды, қызғылықты болуына күш жұмсаудамыз. Меніңше, эфирден айтыл­ған әрбір сөз бен көрсетілген әрбір көрі­ніс халыққа себін тигізуі керек. Жайдан-жай көрсетілетін хабар мен сюжет болмауы тиіс. Басты өлшемге «Осыдан халыққа қандай пайда келеді?» дегенді алдық. Бұл – Алматыдан шығатын апталық бағдарламалар ғана емес, Астанадан күнделікті бірнеше рет берілетін жаңалықтар үшін де басты талап. – Мемлекеттік тілге көшу бары­сында көрермендердің біраз бөлігін жоғалтуларыңыз мүмкін ғой? – Шынымды айтсам, осы сұрақ жиі мазалайды. Теледидар нарығында орыс тілді ортаны тастап шығу бізге елеулі қаржылық қиындықтар әкелуі мүмкін. Өйткені, корпорация тек бюджетке ма­сыл болмай, біраз шығынын жарнама­лық түсім арқылы жауып отырады. Ал, жарнама берушілердің саясатта шаруасы шамалы. Олар өз жарнамаларын барын­ша кең аудитория көруін қалайды. Бұл орайда біз сапаға барынша күш саламыз. Тек жасалуы ерекше, өте сауатты және биік мәдениетті қазақ тілін қолданған хабарлар арқылы мемлекеттік тілді сый­лайтын немесе үйренемін дейтін көрер­мендерді сақтап қалуға әрі көбейтуге тырысамыз. Жарнамадан басқа тағы бір жәйт, бұған дейінгі жасалған халықаралық келісімдер. Айталық, біздің корпорация футболдан 2012 жылғы Еуропа чемпио­натының бірқатар ойындарын көрсету үшін шартқа отырған. Дәстүр бойынша екі тілде хабар беруіміз керек еді... Егер осындай халықаралық терминде айты­латын форс-мажор орын алып жатса, көрермендер бізді түсінеді және қол­дайды деген сенімдемін. Бұған еліміздегі екі тілде қатар өтетін қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени алуан түрлі шаралардан жүргізілетін тікелей эфирді қо­сыңыз. Орысша жаңалықтар жабылған соң іскер және саяси аудиторияда тағы ой­сырау болуы ықтимал. Бәлкім, бастапқы кезеңде қазақша жаңалықтардың астына орысша жүгіртпе жол беріп тұрармыз. Бұл өзі уақытша шара болса да, көптеген ықпалды көрермендердің қазақша толық түсініп, сөйлеп кетуіне мүмкіндік жасар. – Қазақтың тілі ғана емес, ділі, жандүниесі, алдағы мақсат-мұрат­та­ры ұлттық идеямен сабақтаса көрі­не­тіндей қандай жаңашыл бағдар­ламалар ұсынасыздар? Елбасымыз­дың сарабдал саясатын ауылға, ха­лық­қа кеңінен әрі түсінікті жеткізу орайында қандай жобалар жүзеге ас­пақшы? Қазақ тілді «Қазақстан» теле­арнасы хабарларының негізгі арқауы  не болмақ? – Сіздің төпелеген сұрақтарыңыз қандай күрделі болса, теледидардың табиғаты одан да күрделі. Оның газеттен немесе радиодан басты ерекшелігі – дай­ындалуға кететін уақыттың ұзақты­ғында. Бір күнде декорацияны немесе бағдарламаның графикалық безендірілуін жасап тастау мүмкін емес. Оның сыртында музыкасы, киім, титры, ЛЭД экраны дегендей ондаған сабақтас жұ­мыстар атқарылады. Ең бастысы, жаңа бағдарламаның кілті табылуы керек. Бұл креативті ойлайтын продюсерлердің, сценаристердің, шығармашылыққа жауап беретін басшылардың ұдайы ізденетін өрісі. Әрбір жаңа бағдарламада тың шешім, соны көрініс, бұрын болмаған өзек жатуы тиіс. Жобаларға келсек, олар баршылық. Кейбіреулерінің әзірлігін әріптестерім мен қызметке келгенге дейін бастап кетіпті. Енді оларды жол ортадан доғаруға болмайды. Өйткені, біршама қаржы жұмсалыпты. Жуық арада көрермендерге «Алаң» және «Саз-тол­ғау» бағдарламалары ұсыны­ла­ды. Тағы бір жаңа жоба – еліміздегі барша мұ­сыл­ман қауымының көзайы­мына ай­налатын бағдарлама «Иман» деп ата­лады. Дәстүрлі ислам дінінің өмірлік қағидаларын талдауға арнал­ған, адам бойындағы имандылықты паш ететін жоба бұл. Шыны керек, кейінгі кезде дін саласындағы оқыс оқи­ғалар барша­ны ойлан­ды­руда. Мемлекетте Дін істері жөніндегі агенттік құрыл­ды. Ұлт бо­ла­шағы мен қауіп­сіздігіне қажет бұл та­­қырыпқа өз үлесімізді қосуға тиістіміз. Сайып келгенде, біздің тәулік сайын жиырма сағат беретін барлық хабар­ларымыздың өзегі – халыққа пайдасын тигізу. Кө­рер­менге ой салып, оларды талпын­ды­руға тиістіміз. Сондықтан, әр­бір бағ­дарламаның апталық, ай­лық, тоқ­сан­дық, жылдық ықпалы қан­ша­лықты болды дегенді терең талдаймыз. Соған орай тиісті шешімдер қабылдаймыз. Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев «Қазақ­стан» телерадио кор­по­ра­ция­сы­на үлкен талаптар қойды. Халықпен етене болуды, ел ішінде елеусіз қалып жатқан жақсы істерді көрсетуді міндеттеді. Демек, корпорация құрамын­дағы «Қазақ­стан», «Балапан» және «Мәдениет» телеар­наларының, Қазақ радиосы мен «Астана» және «Шалқар» радиолары­ның, со­сын 14 аймақтық филиалдар­дың жұ­мыс арқауы осы болмақ. – Телеарнаға қазақ зиялылары­ның, ұлтымызға белгілі аузы дуалы қайраткерлерінің қатысуы қай дәре­жеде орын алмақ? Ұлттық салт-дәс­түр, әдет-ғұрыптарымыздың наси­хат­талуы алдағы кезде жаңа сатыға көте­ріліп, соны мазмұнға ие бола ма? – Телеарна қазірдің өзінде зиялы топпен тығыз байланыста. Біздің эфир­дегі «Келбет» пен «Меншікті мекен», «Сыр-сұхбат»,  «Сегіз қырлы» осы зиялы қауым өкілдерін қамтиды. Оның сыртында қазақтың өмірден өтіп кеткен белгілі тұлғаларын еске түсіретін «Сөнбес сәуле» бар. Күніне екі жарым сағат эфирден жүретін «Таңшол­пан­ның» қонақтары мен кейіпкерлері де – өнер мен мәдениет қайраткерлері. Ал зиялы қауым өкілдерін «Қа­зақ­стан» телеарнасы мен Қазақ радио­сы­ның жұмысын ширатуға тарту жағы­нан жоспар жасап жатырмыз. Ақыл­дастар алқасы құрылады. Бұл салада қызмет істеп кеткен тәжірибесі бар Сұлтан Оразалинов, Дулат Исабеков бастаған тұлғаларды жиі жинап, пікірлеріне құлақ түретін боламыз. Ондай кеңесші институтқа әйелдер, дін өкіл­дері, жеке кәсіптің адамдары, ректорлар да тартылады. Сауалыңыздың екінші бөлігіндегі салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар насихатта­луы­на келсек, ол қазірдің өзінде бір­қатар бағдарламалардан көрініс тап­қан. «Қазақстан» арнасында әзірленіп жатқан жаңа «Саз-толғау» жобасының атының өзі-ақ сұрағыңызға жауап беріп тұр. Қыркүйек айының аяғында рес­пуб­ликалық эфирге жол тартатын «Мә­дениет» арнасының барлық 16 са­ғаттық бағдарламалары біздің ұлты­мыздың жақсы сипатын тегіс қам­титын болады. – Нұржан Жалауқызы, теле­ар­наның түгелдей қазақ тіліне көшуі ел тәуел­сіздігінің халыққа сыйлаған тамаша тартуы деп білсек, енді бұған қосымша сіз тізгінін жаңадан қолға алған корпорация Тәуелсіздіктің 20 жылдығына қандай тарту-тарал­ғылар әзірлемек? – Иә, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Президент Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырма­сымен ұлттық арна эфирін толық қазақ тіліне көшірдік. Бұл – шынында елімізге үлкен тарту. Өз кезегінде Үкіметіміз «Қазақстан», «Хабар», «Мир» сияқты мемлекеттік және мемлекетаралық ар­налардың Астанада болуын қарас­ты­рып, Есілдің сол жағалауынан үлкен медиа орталық салып жатыр. Тәуел­сіздіктің 20 жылдығы мерекеленетін күні біз  Байланыс және ақпарат министріміз Асқар Жұмағалиев бас болып, жетекші арналардың сол жаңа орта­лықтан хабар беруін қамтамасыз етпекпіз. Бірер жыл бұрын «Егемен Қа­зақстан» Астанада жаңа қонысқа көшкенде, бүкіл еліміз қуанған. Енді сондай қуанышты сәтті біздер де басымыздан кешпекпіз. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қазір­дің өзінде біздің эфирімізден көрініс тапқан. Енді арнайы түсірілген 20 се­риялы деректі фильмдер желісін бас­таймыз. Биыл бізде тағы бір атаулы күн бар. Ол Қазақ радиосының  90 жылдығы еді. Өзіміз көзін көрген Әнуарбек Бай­жанбаевтың,  тіпті күні кеше республика көлемінде 80 жылдығы аталып өткен Мұқағали Мақатаевтың, ара­мыз­да жүрген ардақтыларымыз Ермек Сер­кебаев, Ескендір Хасанғалиев, Нұр­ғали Нүсіпжанов, Сауық Жақанованың және басқа біртуарларды қара шаңы­рақта басын қосып, тойын арнайы атап өту жоспарымызда бар. Сексеннің сеңгірінен асқан Қасымхан Ерсарин аға­мыз бастаған ардагерлерімізді құр­меттеу де – парызымыз. Кезінде сіз­дердің газеттен бөлініп шығып, қазақ даласындағы электронды ақпарат құ­ралдарының қарлығашы болған Қазақ радиосының тойына баршаларыңыз атсалысады деп ойлаймын. – Әлбетте, еңбектеріңізге жеміс тілейміз. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы. Суретті түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.