Бас келісімнің мақсаты ИЫҰ-ға мүше елдердің арасындағы сауда-экономикалық және ғылыми ынтымақтастықты жүзеге асыру қағидаттарын құқықтық бекіту болып табылады. «Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдер арасындағы Экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде арнайы баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов құжат аясында Ислам елдерінде капиталдық қарым-қатынастан бөлек, ғылыми ынтымақтастыққа да басымдық беру көзделетіндігін атап өтті. «Қазіргі кезде мұнай экспорттаушы елдер аталған шикізаттың экспортына негізделген даму үлгісін барынша өзгертуге тырысуда. Әсіресе, олар ақпараттық-коммуникациялық технологияларға сүйенетін экономиканың озық секторларын қаржыландыру арқылы экономикалық жаңғырту саясатын жүргізуде. Сондай-ақ, біз елімізге білікті сарапшылар тарту арқылы бірлескен зерттеулер жүргізу мен білім беру стипендияларымен тәжірибе алмасуды мақсат етудеміз. Мәселен, 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің жабылуы күндері Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Ұйымның Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитін өткізу жоспарланып отырғанын атап көрсеткеніміз жөн», деді Т.Сүлейменов. Жиында аталған тақырыпқа қатысты қосымша баяндама жасаған сенатор Асқар Бейсенбаев біздің еліміздің қолданыстағы заңнамасының ережелеріне және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының, Кеден одағының және Еуразиялық экономикалық одақтың еркін сауда аумағы шеңберіндегі Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне қайшы келмеуі үшін және ықтимал коллизияларына жол бермеу мақсатында Қазақстан бас келісімге мәлімдемемен және ескертпелермен қол қойғанын алға тартты. Айта кетейік, бас келісім халықтардың игілігі мен өркендеуін қамтамасыз етуге бағытталған ортақ мүдделерге қол жеткізу үшін Қазақстан мен ИЫҰ-ға мүше елдердің бірлескен күш-жігерін шоғырландыруға мүмкіндік береді. Сенатор Асхат Күзеков біздің еліміз үшін ИЫҰ-ға мүше елдер ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізетін нарық ретінде ықылас туғызатынын атап өтті. Ол, сондай-ақ, Қазақстан Бас келісім арқылы сауда, инвестиция, ғылым мен технология салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниеттеніп отырғанын жеткізді. Сенаторлар, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасына қатысты да шешім қабылдады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов таныстырған құжат бойынша Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінен 80 миллион АҚШ доллары көлемінде қарыз алу қарастырылады. Ал министрдің мәлімдеуінше, бұл қаражат әлеуметтік медициналық сақтандырудың ұлттық жүйесін енгізуді қолдау мен медициналық көмек көрсету жүйесін нығайтуға және әлеуметтік медициналық сақтандыру стратегиясының жобасына мониторинг жүргізу әрі бағалау жұмыстарын жүргізуге жұмсалатын болады. Жиында заң жобасын қолдап сөз сөйлеген сенатор Серік Бектұрғанов уәкілетті орган – Денсаулық сақтау министрлігінің алдында азаматтардың денсаулығын қорғау ісіне алғашқы дәрігерлік көмек пен министрлікке дейін барлық деңгейде қатысушылардың тұтас жүйесін жаңадан қалыптастыру міндеті тұрғанына тоқталды. «Оны тұрғындар үшін қосымша мәселе туындамайтындай етіп жасау маңызды», деген сенатор жоба мақсатына қол жеткізу үшін уәкілетті орган небәрі төрт көрсеткішті белгілеген болса, онда Келісімнің барлық бағыты бойынша 19 міндетті шешу жоспарланғанын көпшіліктің қаперіне салды. Осылайша, заң жобасына қатысты қаулыны дауысқа салу нәтижесінде сенаторлар тарапынан бірауыздан екі құжат та толық қолдауға ие болды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»