• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 12 Мамыр, 2017

Адам ұрпағымен мың жасайды

446 рет
көрсетілді

Халқымыздың репродуктивті, яғни ұрпақ өрбіту денсаулығын, ана мен баланың өмірін қорғау – Елбасымыз Н.Назарбаев белгілеген еліміздің стратегиялық бағытының аса маңызды бөлігі. Денсаулық сақтау жүйесінің жоғары деңгейін қамтамасыз еткенде ғана әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу мүмкіндігі туатыны анық. Бүгінде әлеуметтік жаңғырту түпкілікті өзгерістерді, денсаулық сақтау жүйесінің қайта құрылуын және денсаулығымызға деген көзқарасымызды өзгертуімізді де талап етеді. Елімізде заманауи емханалар салынуда, медициналық көмекке бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын өсуде. Медициналық кадрлардың әлемнің дамыған елдерінде білім алу, біліктілігін жоғарылату мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр.

Әрине, отандық медицина саласының жылдан-жылға өркендеп келе жатқан жолында жетістіктер де байқалады, бас ауыртатын мәселелер де жеткілікті. Бұл орайда жасанды түсіктер, бедеулік мәселесіне айрықша  тоқталу керек. Бедеулік репродуктивті жастағы отба­сы­лардың 15-16 пайызында кездеседі. Бұл көр­сеткіш азаяр емес және оған душар бол­ған әйелдердің 75 пайызына жуығы аборт жасағандар. Халқымыздың көпшілігінің өз ден­сау­лығына байланысты сауатының тө­мен­дігі, ор­тақ жауапкершілігінің жоқ­тығы, алдын ала тексеруден өтпеуі қынжылтады. Ас­қынған жағдайда заманауи медицина да өмірді сақтап қала алмайды, яғни бе­деу­ліктің асқынған түрлерін де емдей ал­майды. Бедеулікті емдеу көрсеткіштеріне әсер ететін басты мәселелер – әйелдер мен ер­лер­дің денсаулық индексінің төмен көр­сеткіші, кадрлар біліктілігі деңгейінің тө­мендігі және әлеуметтік мәселелер. Кө­бі­несе әйелдер әртүрлі қабыну ауруларымен, со­нымен қатар, қан аздық және тағы басқа со­зылмалы аурулармен ауырады. Сүт бездері, жатыр мойны онкологиялық аурулары да елімізде азаяр емес. Осы орайда ерте диагностика жасаудың маңызы үлкен. Бұл ретте мемлекеттен көлемді қаражат бөлініп, профилактикалық тегін тексеруден өту мүмкіндігі кеңінен қарастырылған, бірақ оған әйелдердің өздері мән беріп, дер кезінде қарала бермейді.  Бедеулік мәселесіне келсек, әрбір 5-6-шы отбасы осы мәселемен бетпе-бет кез­деседі. Көбісі 10-15 жыл бойы емделіп, уа­қыт жоғалтады, жұбайлардың жасы ұл­ғаяды, сол себептен емнің нәтижелілігі кү­рт төмендейді. Алайда, сауатты ем қол­данған жағдайда, бұл мерзімді 5-6 есе азайтуға болар еді. Қазіргі заманда әлеу­меттік бедеулік деген жаңа ұғым бар. Жас­тар уақытында отбасын құрмайды не­месе отбасын құрса да ұрпақты болуға жа­ратылыстың берген мүмкіндіктеріне мез­гілінде ие болмай, ата-ана болуды 30 жас­тан кейінге шегереді. Осының бәрі қолдан тапқан бедеулікке алып барады да, кейін емделуге көп жылдар, көп қаражат кетеді. Ем қолжетімді емес, емдеуге мемлекет жауапты деп көпшілігі үкі­метке ренжіп отырады. Амал жоқ, со­ның нәтижесінде жоғары қосалқы реп­ро­ду­ктивті технологияларға жүгінуге тура ке­леді. Оның да нәтижелілігі тікелей жұ­байлардың жасына байланысты күрт тө­мен­дейді. Жоғары медициналық техноло­гия – денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) әді­сін қажет ететін отбасыларына квота са­ны жетіспейді, себебі, бұл технология дү­ние жүзінде қымбат. Бір әйелге бір рет ДТҰ бағдарламасымен ем өту үшін 1 квотаға орта көлемде мемлекеттен 800 мың теңгедей қаражат бөлінеді, бірақ бір бағдарламаға ол жете бермейді, өйткені, 400-600 мың теңгеге жуығы тек дәріге жұм­салуы мүмкін. Оның үстіне, бұл әдісте қол­данылатын барлық құрал-саймандар, жаб­дықтар шет елде атақты фирмаларда ға­на шығарылады, яғни біздің елде тек ва­лютаға алынады. Және қолданылатын шет­елдік дәрілердің бағасы да тым жоғары. Бірақ бұл дәрілердің бағасы көрші Ресейде бізге қарағанда анағұрлым төмен, өйткені олар құнсыздануға қарамастан арнайы баға саясатын ұстап отыр. Бедеулік мәселесімен айналысатын жоғары дәрежелі мамандар саны әлі де көп емес, бедеулікті анықтап, емдейтін арна­йы бөлімдер мен орталықтар өңірлерде жоқ­тың қасы. Арнайы орталықтар көбінесе Ас­тана, Алматы және кейбір ірі қалаларда ға­на орналасқан. Біз өз тарапымыздан өңірлерде бедеу­лік­ті барлық заманауи әдістермен емдеуді халыққа қолжетімді ету үшін Шымкент, Атырау, Ақтау, Тараз қалаларында орта­лық­тар аштық, мамандар дайындадық. Со­ның арқасында жергілікті ел емді тұр­ғылықты жерінде, алысқа бармай ала­тын бол­ды. Бедеуліктің өте қиын түр­­лерінде бұрын Астана, Алматы орта­лық­тарына 1 ай­ға баратын болса, енді осы орта­лық­тар­дың арқасында 4-5 күнге ғана барады немесе толықтай емді жергілікті орталықтарда алады.  Еркектердің бедеулігі де жылдан-жыл­ға бүкіл әлемде де, елімізде де өсуде. Со­ң­­ғы 30 жылдың ішінде 2-3 есеге аталық ұрық­тың саны да, сапасы да төмендеген. Білікті андролог мамандар көбінесе үлкен қалаларда орналасқан. Жергілікті андролог дәрігерлер әлі де аз және бедеулікті дұрыс анық­тауға, емдеуге заманауи біліктілігі жете бермейді. Жалпы, еліміз бойынша аборт көр­сет­кіші әлі де жоғары. 2014 жылы 83 709, 2015 жылы 81 440 түсік жасалған. Елімізде ба­ла туатын жастағы әйелдердің 38%-ы ға­на контрацептивтер қолданады және бұл көрсеткіш соңғы 5 жылда өспеген. Аборт жасауға әсер ететін факторлар қа­та­­­рына халықты ақпараттандырудың, от­ба­­­сын жоспарлау мәселесі бойынша сау­атты­лығының төмендігін, контрацептив­тер­­ге қолжетімділіктің төмендігі мен ба­­ғаларының қымбат болуын айтуымыз ке­рек. Жасөспірімдер мәселесі аса өткір тұр. Республика бойынша 2014 жылы 15-18 жастағы жасөспірімдер арасында 1,5 мың аборт жасату орын алды (2010 жылы – 3,3 мың). Мұндай көрсеткіштердің орын алуы жалпы денсаулық, рухани-жыныстық мәселелер бойынша сауатты тәрбиелеудің жетіспеушілігінен немесе мүлдем жоқтығынан болуы мүмкін.  Жоғарыда атап өткен мәселелерді шешу жолдарын қарастыру қажет. Өзінің денсаулығына ортақ жауапкершілігін, отбасын жоспарлау және ұрпақ өрбіту мәселелеріне қатысты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықтың сауаттылық деңгейін жүйелі түрде көтеру керек. Жаппай консультациялық медициналық көмек көрсетуді, әсіресе, шалғай ауыл-аймақтарда жылжымалы медициналық кешендер қарастырылып, профилактикалық тексерулер ұйымдастыруды кеңінен қолданған жөн деп ойлаймыз.  Балабақшадан бастап мектептерде 1-11-ші сыныптар аралығында «Денсаулық сабағы» арнайы білім беру бағдарламасын енгізу туралы 2015 жылы қараша айында Астана қаласында өткен «15-19 жастағы жасөспірімдер мен жастардың ре­продуктивті денсаулық мәселелері жайы­нда хабардарлығын арттыру үшін Қазақстанда адамгершілік-жыныстық білім беруді енгізу жолдары» атты Пре­зидент жанындағы Әйелдер істері жә­не отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның БҰҰ тұр­ғы­лықты халық саласындағы қорымен (ЮНФПА) бірлесіп өткізген конференциясында Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасалған еді. Отбасын жоспарлау және бедеулікті анық­таумен және емдеумен айналысатын орталықтар ұйымдастыру, гинеколог-репродуктолог, андролог мамандардың заманауи біліктілігін жүйелі түрде жоғарылату керектігі заманның талабы. Бедеулікті ем­деудің заманауи алгоритмін жаппай жергілікті гинеколог дәрігерлерге қа­да­ға­лап енгізуді қолға алса, көптеген отбасы­лар жоғары технологияны қажет етпей-ақ сәбилі болар еді. Медицина қызметкерлерінің еңбегін ын­таландыру үнемі талқыланып жүрген, бірақ әлі де толық шешімін таба алмаған мәселе. Жүрек қалауымен дәрігер маман­ды­ғын таңдап, оқуға 10 жыл өмірін, жі­гер-қайратын арнап, көз майын тауысып, инемен құдық қазғандай білімін шың­д­а­ған маманға берілетін аз еңбекақы көптеген жастардың көңілін суытады. Ақтауға барған іссапарымызда дәрігер тапшылығын қатты байқадық. Сол жақтың бірнеше бас дәрігерлері бізбен бірге ұшақпен ұшқанда әңгімелесіп, олардың дәрігер іздеп Қарағанды, Алматы, Астана, Ақтөбе медициналық университеттерінде биыл резидентура бітіріп жатқан мамандарын шақыруға бара жатқанын білдік. Бұл мәселенің бір ұшы қазіргі уақытта ел ішінде қалыптасқан, БАҚ арқылы бас-аяғын білмей жатып дәрігерлерді кінәлау, дәрігерлерге деген сенімсіздікті тудыратын материалдардың көптеп жарық көруі бұл мамандыққа жастардың баруына ынтасын жоюға алып баруда. Бір таңғалатын жайт, тек айыптау жағы жазылады, ал неге біз көптеген озық мысалдарды көрсетіп, өлім халінен аман алып қалған, қаншама адами, кәсіби ерлік көрсеткен дәрігерлерді насихаттамаймыз?! Өткенде ел танитын бірнеше азаматтың жол апатынан, басқа да қиын жарақаттардан аман қалып, жазылып кеткенін естіп, оқып жатырмыз. Бірақ солардың біреуінде де дәрігерлердің жанкешті еңбегі туралы айтылмайды, тура өздерінен өздері аман қалғандай, тіптен не өздері бір алғысын айтқанын естімейсің, не бір елдің жазған ой-пікірінен медицина қызметкерлеріне деген жылы сөз де көрмей таңғаласың.  Әрине, адамдардың да, дәрігерлердің де бәрі бірдей емес. Дегенмен, адамның өміріне арашашы болған, денсаулығына үлкен көмек көрсеткен игі мысалдарды да ұмытпаған жөн деп ойлаймыз. Бірер жыл бұрын АҚШ-та болғанымызда бір әйелден «Ұлыңыз кім болып істейді?» деп сұрағанымызда, ол кеудесі тола шаттанып, ерекше мақтанышпен: «Менің ұлым – дәрігер!» деп айтқанын естідік. Бұл мамандықтың аталған елде құрметті екенін байқадық. Сондықтан біз үздік оқып жатқан жастарды дәрігер мамандығына ынталандыруымыз қажет. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз отбасыларға тегін және қолжетімді бедеулікті емдеу мүмкіндіктерін қарастырған абзал. Осы орайда елімізде қолға алынып жат­қан міндетті медициналық әлеуметтік сақ­тан­дыру жүйесін толық енгізгеннен кейін мүм­кін болады деп ойлаймыз. Осындай жүйе­ні бірнеше жыл бұрын ен­гізген Ресейде әрбір ДТҰ-ға мұқтаж отбасы мемлекеттік және жергілікті қаржы­лан­дыру арқылы жылына 1-2 рет осы әдіс­пен емделе алады. Бұл бағдарламаны Қа­зақстанда енгізу нәтижесінде елімізде де бедеулікті белсенді емдеу мүмкіндігі артып, халық саны едәуір көбейеді деген үлкен үмітіміз бар. 

Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Экомед» адам ұрпағын өрбіту клиникаларының ғылыми директоры, биология ғылымдарының докторы