Ал ауруханалардың фельдшерлік-акушерлік пункте айналуы, медициналық көмек көрсетудегі қызмет аясын тарылта түсті. Аз-мұз жалақысы уақтылы қолына тимегеннен көптеген дәрігерлер дипломдарын жиып қойып, саудаға шықты. Салаға қажет мамандардың тапшылығы сезілді. Аудан орталығындағы ауруханаға дер уақытында жете алмай қаншама науқас қиналды, қарапайым соқырішек екенін білмей, операция үстеліне жеткенше көз жұмғандар болды. Тіпті, сол кездердегі статистикалық деректер босанған 1000 әйелдің 67-сі қайтыс болғанын келтіреді. Қаншама шарана дәрігер жоқтығынан көктей солды десеңізші?! Уақыт азған сайын халық денсаулығын қорғауға қатысты түбейгейлі өзгеріс бұл саланың өсіп- өркендеуіне жол ашты. Көптеген елді мекендерде ауруханалар, емханалар салынып, озық технологиялар мен халықаралық стандарттарға жауап беретін құрал-жабдықтар және шет елдерде тәжірибеден өткен мамандардан жасақталған ұлттық медициналық орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары пайдалануға берілді. Бұрын шет елдерде жасалатын күрделі операциялар, емдеу шараларындағы озық технологиялар іс жүзіне асып, науқастарға сапалы көмек көрсетіле бастады. Әрине, тұтас салаға керекті білікті мамандардың қажеттілігін өтеу, әсіресе, ауылдардағы ФАП жүйесін, ауруханалар мен емханаларды дәрігерлермен қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Бұл тұрғыда мемлекет жыл сайын грант бөлу арқылы Алматы, Астана, Қарағанды, Семей, Ақтөбе, Шымкент қалаларындағы жоғары оқу орындарында жастарды үзбей оқытумен айналысып келеді. Және жыл сайын оларды жұмысқа орналастыру жөнінде жәрмеңкелер өткізіліп, әр облыс өздеріне қат мамандар қатарын жастармен толықтыруға мүмкіндік алып жүр. Жуырда осындай жәрмеңке Астана медицина университетінде өтті. Биылғы интернатураны аяқтаған 758 түлектің 721-і мемлекеттік грантпен оқыған екен. Осы жылы 1000-нан астам жас «Астана медицина университеті» АҚ дипломын алмақ. Олардың ішінде 7 мамандық бойынша 758 интерн, 19 мамандық бойынша 106 резидент және 211 мамандықта бакалавр-қоғамдық денсаулық сақтау, мейірбике ісі, медициналық-профилактикалық іс, фармация мамандықтары бойынша жинаған білімін халықтың денсаулығын жақсартуға жұмсайды деген сөз. «Түлектердің бос орындар жәрмеңкесі-2017» шарасына Астана қаласы мен Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарының 150-ден астам жұмыс берушісі қатысты. Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының өкілі Қарлығаш Ілиясова: «Бүгінгі таңда облыстағы денсаулық сақтау мекемелеріне 316 маман керек. Яғни, 125 – ауылдық жерлерге, 191 – қаладағы ауруханалар мен емханаларға. Бізде қазір еңбек етіп жүрген мамандардың көбі зейнет жасына таяп қалған адамдар. Жастар келіп, солардың білгенін үйренбесе, ардагерлер көп жылғы жинақтаған тәжірибелерімен бөліспесе, сабақтастық қалай сақталады? Қоғамның әрбір мүшесін толғандыратын дүние болғандықтан облыс басшылығы бұл іске үлкен мән беруде. Әрбір жас маман тұратын орынмен қамтамасыз етіліп, 200 АЕК көлемінде көтерме ақы алады. Өте қат маман болса оның резидентурада білімін жетілдіруіне қажет қаражат 100 пайыз төленеді, ал өзгелеріне 50 пайыз көлемінде бөлу көзделген. Негізінен бізге уролог, хирург, акушер-гинеколог сынды арнайы мамандар көбірек керек», десе, Ақмола облысының Жарқайың аудандық ауруханасының бас дәрігері Ғосман Ахметбеков пен оның Есіл ауданындағы әріптесі Қабдырашит Әлмағанбетов лор, окулист, анестезиологпен қатар жалпы практикадағы дәрігерлерге сұраныс жоғарылығын айтады. Жәрмеңкеге келген жастардың жүздері жайдары. Бір-бірімен «Қайда баратын болдың?!» деп қауқылдасқан олар жұмыс берушілерді бар зейіндерімен тыңдайды. «Әйеліміз екеумізге де жұмыс тауып бере аласыз ба?», деп келген жас жігітке Қостанай облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркен Дәуітбаев: «Әрине, біз үшін «дәрігерлер отбасы» деген бір ауыз сөздің керемет қуаты бар. Қуана-қуана қабылдап, әрі қарай резидентурада оқытып, білімдеріңізді жетілдіріп, өздеріңізге үй, балаларыңызға балабақша беріп, көтерме ақы төлейміз, дейді. Түлектердің бос орындар жәрмеңкесі нәтижелі өтті. Соның арқасында жас мамандардың 97 пайызы жұмыс берушілермен шарт жасасты. Олардың басым бөлігі, яғни 51,4 пайызы Астанадағы емдеу мекемелеріне жұмысқа қабылданбақ. Ақ халатты жастардың қалған шоғыры еліміздің өзге аймақтарына аттанады.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»