• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2011

Кәсіпкерлікке серпін

389 рет
көрсетілді

Облыс әкімі Архимед Мұхам­бе­товтің төрағалығымен өткен жиынға екінші деңгейдегі банк филиалдары мен қоғамдық бірлестіктер басшылары шақыры­лып, онда кәсіпкерлікті уақыт та­лабына сай жаңа арнада дамыту, оны жан-жақты өрістету әңгіме өзегіне айналды. Кәсіпкерліктің дамуына серпін беретін «Бизнес­тің жол картасы-2020» бағдарла­масы қазіргі уақытта төрт бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Бағ­дарлама бағыттарында жаңа биз­нес-бастамаларды қолдау, кәсіп­керлік секторды сауықтыру, кә­сіп­кер­лердің валюталық тәуекел­дерін азайту мен кәсіпкерлік әлеуетті күшейту қарастырылған. Жиында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалованың айтуынша, бағдар­лама­­ны жүзеге асыруға респуб­лика­лық бюджеттен облысқа 2010-2011 жылдарға 2 088,8 млн. теңге бөлу белгіленді. Бұл бағ­дарлама бойынша өткен жылы 567,9 млн. теңге бөлінсе, биыл ол үш есеге жуық артты. Жоба­лардың басым бөлігі агро­өнер­кәсіп саласының еншісінде. Сон­дай-ақ, денсаулық сақтау, жеңіл өнеркәсіп, көлік және жинақтау желілері бойын­ша да кәсіп­керлікті дамытудың игі баста­малары бар. Осы кезге дейін бағдарламаның үш бағыты бо­йынша пайыздық өсімді суб­сидиялауға облыс кәсіпкер­­лері­нің 15,5 миллиард теңге тұратын 66 жобасы қолдауға ие болды. Бұл республика бойынша қолдау­ға ие болған жобалардың 13,2 пайызын құрайды. Бағ­дарлама­ның үш бағыты бойынша өңір­дегі 200-ге жуық кә­сіпорынға қолдау көрсетілуде. Ол жерлерде жұмыс істейтін 4,4 мың адам өз орындарында қалды. Сондай-ақ, осы кәсіпорындарда жобаларды жүзеге асыру аясында жаңадан 2,7 мың жұмыс орнын ашу көзделуде. Бағдарлама ая­сындағы пайыздық мөлшерлеме бойынша жоспарланған субсидия көлемі облыс аумағында 605,0 млн. тең­ге құрайды, бағдар­ла­маға қатысу­шылардан жоспар­ланып отырған салықтық түсім­дер көлемі 1,0 млрд. теңге болады деп күтілуде. Биылдан бастап «Кәсіпкерлік секторды күшейту» бағыты жү­зеге асырыла бастады. Бұл бағыт аясында жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге көмек көрсету, нақ­тырақ айтқанда, талаптану­шы­ларға кәсіпкерлік қызмет негіздері бойынша қысқа мерзімді білім беру, бизнесті жүр­гізуге сервистік қолдау көрсету, шағын және орта бизнес топ-менедж­менті курсын жүргізу, шетелдік әріптестермен іскерлік байла­ныс орнату арқылы өндірісті жаңғырту және кеңей­ту, жастар тәжірибесін ұйым­дастыру сын­ды шараларды жү­зе­ге асыру қарастырылған. Жұ­мыс істеп тұрған бизнесті сервистік қол­дау жобасы бойынша облыс­тағы 94 кәсіпорынға 58,3 млн. теңгеге қолдау жасау белгіленді. «Іскерлік байланыс» жобасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде жеті ақтөбелік кәсіпкер қатысса, екінші кезең­де 19 адам оқу-тәжірибеден өтті. Ал, «Назарбаев университеті» АҚ бизнес мектебі база­сында «Ша­ғын және орта бизнес топ-менеджментіне оқы­ту» жобасы бойынша 18 квота бөлініп, оған ие болғандардың барлығы да оқып шықты. Өңір басшысы биыл жүзеге асырылатын жобалардың ма­ңыз­­дылығын, бұл бағыттағы «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкер­лік корпорациясының көшбас­таушылық белсенділігі қа­жеттігін қадап айтты. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.