• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2011

Жұлдызы жарқыраған жан

742 рет
көрсетілді

Әркімнің алар биігі әр қиядан көз тартып тұрады. Оны біреу ерте, біреу кеш бағындырады. Біреулері өмір бо­йы бағындыра алмай кетуі де мүмкін. Бақ жұлдызы жанған адамды көргенде ел-жұрттың қызығып, таңырқап жата­ты­ны содан болса керек. Біздің кейіпкеріміз Әбілхан Қастеев секілді дарабоз суретшіні өмірге келтірген Жетісу өлкесінің шағын ғана Шежін ауы­­­лында туған, ал бүгін атақты ғалымға айналған медицина ғылымдарының док­торы, профессор, Ресей меди­ци­на­лық-техникалық ғылым академия­сы­ның академигі, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ертай Сәрсебеков жұлдызы жарқырай жанған жандар­дың қатарынан. Әркімге өзінің туған жері ыстық және қымбат. Ертай Қо­жахметұлына да сондай. Осы шағын ғана Шежін ауы­лының ғажайып табиғатын кезінде қазақтың маңдайалды суретшісі Әбілхан Қастеев сурет етіп салған. Одан бертініректе Шежінге барған атақ­­­ты суретші Гүлфайруз Исмайылова апай: «Бұл жер қазақтың бейнелеу өне­­рінің Меккесі», деп бас игенін көпшілік біледі. Міне, ол сонау түк­пірдегі аядай ауылдың қа­сиеті болса керек. Оның аядай бола­тын себебі де бар. Ол жерде түтін саны 50-60-тан асып көрмеген екен. «Солай бола тұр­­­са да, Жоңғар Алатауының етегіне ор­на­ласқан біздің ауылдан ел-жұрт танып, қадірлейтін кісілер көп шықты, – дейді Ертай Сәрсебеков әңгіме ара­сында. Мысалы, қазақтың тұңғыш халық суретшісі Әбілхан Қастеев, Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова, Жауынгерлік Даңқ орденінің толық иегері Ахмет Сүлейменов, Қазақстан­ның халық мұғалімі Зағира Нүсіп­бе­кова, Қазақстан өнеріне еңбек сінірген қай­рат­кер Әбілтай Қастеев, атақты мүсінші Самат Нұрсапаев Шежінде туып-өскен жандар. Олардан басқа да адамдар бар. Бұлардың тамаша қабі­лет­ке ие болуына жеріміздің әсем табиғаты әсер еткен болу керек деп ойлаймын. Ауылымыздың ерекшелігі де осында. Мен өзім жетінші сыныпта оқып жүргенде қазақтың көп­теген жақсы киносында қолтаңбасы бар режиссер, марқұм Абдолла Қар­сақ­баев біздің ауылға келіп, Тоқаш Бокин тура­лы «Қилы кезең» атты фильм тү­сіргені есімде. Ауылда қонақүй жоқ. Со­дан режиссер отбасымен бірге біз­дің үйде тұрды. Абдолла ағаны кішіпейілділігі, адам баласын жатсын­бай­тыны оны біз­дің үйге ғана емес, ауыл адамда­ры­на түгел етене жақын етті. Бізге ол кезде әртістердің жүріс-тұ­рыс­тары, елден ерек­ше киімдері қызық көрінетін, Әлгі кинодағы эпизодтық көріністерде қылаң беріп қалатыным да соның әсерінен шығар. Алматы облысы, Панфилов ауда­нын­да орта мектепті үздік бітірген соң, Ертай Сәрсебеков Алматы мемлекеттік медицина институтына түсіп, оны 1974 жылы ойдағыдай аяқтады. Ал жұмыс жолын Гурьев (Атырау) об­лыстық онкология диспансерінде ұй­ым­дастыру-әдістемелік бөлімінің мең­герушісі болып бастады. Диспансер 1978 жылы ғылыми-практикалық жұ­мыстар нәтижесінде Бүкілодақтық жүлдеге ие болды, лауреаттар қата­рында Ертай да бар еді. – Сол кездегі Гурьев облыстық онкология диспансерінің ұйымдастыру-методикалық бөлімінің меңгерушісі қыз­­метіне кіріскенімде жоғары оқу орнын енді ғана бітірген жас жігіт едім. Менің жетекшілігіммен және тікелей қатысуыммен өңірде қылтамақ ауруын жан-жақты зерттеу жұмыс­тары бас­­тал­ды, – дейді ол сол бір шақ­­ты еске алып. – Осы зерттеудің нәти­­­жесінде, кә­дімгі қара шайдың құра­­­мы­нан өңеш рагын тудыратын әртүрлі ком­поненттер тап­тым. Біз мұны ұзақ уақыт зерттедік. Қара шай мен көк шайды салыстыру арқылы қара шай­дың зиянының көбі­рек екеніне көз жеткіздік. Өйткені, көк шай негізінен табиғи жағдайда дай­ын­далса, қара шай­­­ды әзірлеу үшін жапы­рақ­тар қуырылып, өзгеріске түседі. Зерт­теу барысында әлем елдерін де шай­­ды дайындаудың және пайда­ла­ну­дың 120-дан аса әдісі бар екенін анықтадым. Ізденгіш, тындырымды ғалымы­ның өңеш рагы туралы бұл жаңалығы Одақтың медицина саласындағы ең беделді «Вопросы питания» журналында бірнеше рет жарияланды. Содан кейін ол зерттеу жұмысын КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің Н.Н.Петров ат­ын­дағы Ленинград онкология ғылыми-зерттеу институтында жалғастырып, 1983 жылы «Өңеш рак ауруының пайда болуындағы әртүрлі тұрмыстық және кәсіптік факторлардың әсері» деген тақырыпта кандидаттық дис­сер­та­­­ция­­ны үз­дік қор­ғап шық­ты. Осылайша ол өзі жұмыс істеп жүрген мекемесінде ғы­лым мен тәжі­ри­бені ұш­тас­ты­ра білді. Ертай Сәр­себеков 1980 – 1990 жылдары Қазақ онкология және радиология ғы­лы­ми-зерттеу инс­­титутында қыз­мет істеді. Ос­ын­да ол КСРОда алғашқы бо­лып Қазақ­стан­да өн­ді­рі­ле­тін ауыр мұ­­най мен мұнай­би­тум­дық тектестіктер жә­­­не ол­ар­­­дың әр­­түр­лі өнім­­­де­рі­нің бластомогендік және нефроток­си­калық қасиет­те­рін жан-жақты зерттеу жұмыстары­мен айна­лыс­ты. Күрделі химиялық және сезімтал спектральдық сараптау негізінде атал­ған заттарда ол 30-дан аса әртүрлі токсикалық және канцерогендік қосы­лымдар тауып, ал лабораториялық ха­йуа­наттардың әр тү­рінде және әрқи­лы әсер ету жағдай­ларында олардың жо­ғары деңгейдегі бластомогендік жә­не нефротоксикалық қасиеттерін ал­ғаш­қы рет дәлелдеді. Оның осы еңбегі КСРО-ның жетекші эксперимент-патолог ғалымдарының жоғары бағасына ие болып, олар «Ауыр мұнай мен мұнайбитумдық тектестіктер және олардың өнімдерінің бластомогендік және неф­ротоксика­лық қасиеттерін жан-жақты бағалау» атты Е. Сәрсебековтің док­тор­лық дис­сер­тациясын 1992 жылы Н.Н.Петров атындағы Санкт-Петер­бург­тің онкология ғылыми-зерттеу инс­ти­ту­тында бірауыздан қорғаттырып шықты. Ертай Қожахметұлы 1991 жылдан Урология ғылыми-зерттеу институ­тын­да жетекші ғылыми қызметкер, ғы­лыми-ұйымдастыру бөлімінің меңге­ру­шісі, директордың орынбасары қыз­мет­терін абыроймен атқарды. 1991- 2006 жылдары оның жетекшілігімен рес­публикада алғаш рет зәр-жыныс мү­шелері ауруларын емдеу-диаг­нос­ти­­­­­­ка­лық шаралары көлемінің меди­ци­на­лық-экономикалық стандарттары және ма­­­мандандырылған урологиялық кө­мектің сапасын бақылау мен тиімділігін бағалаудың жүйесі ғылыми негізде жасалды. Осы және басқа да зерттеу­лер Е. Сәрсебековтің ғылыми жетекшілігімен қорғалған 2 докторлық және 15 кандидаттық диссертацияларға негіз болды. Ол терең білімді және кең көлемді ғалым ретінде осы жылдарда 5 кандидаттық және 3 докторлық дис­сер­тацияға ресми оппонент болып, ғы­лыми дәрежеге жол ашты. Оның жо­ғары білімді ғалым екендігі ескеріліп, 1999 – 2003 жылдар аралығында Қа­зақ­стан Республикасы Жоғары аттес­та­­ция­лық комиссиясы (ВАК) эксперт­тік комитетінің мүшесі болды және жүз­деген кандидаттық, докторлық ди­с­сер­тацияларға сараптама жасап, ғы­лы­ми тұрғыдан баға берді. Е.Қожахметұлы белгілі ғалым ретінде көпжылдық зерттеулерінің негізінде 300-ге жуық ғылыми еңбектер жариялады. Ол 12 монографияның, 8 методикалық әдістемелердің, 5 ғылы­ми өнертабыстық және 3 интел­лек­ту­алдық меншіктік нысандар куәлікте­рі­нің иесі. «Мемлекеттік тіл туралы» Заңды жүзеге асыру бағытында оның редакторлығымен қазақ тілінде «Урология» оқулығы, орыс-қазақ тілінде «Урология терминдерінің сөздігі», қа­зақ-орыс, ағылшын тілінде «Қазақ­стан­­­дық урология» ғылыми-көпшілік кіта­бы жарық көрді және ол Урология ғы­лыми орталығы шығарған 8 ғылыми ең­бектер жинақтарына редактор болды. Денсаулық сақтау істерін ұйымдас­ты­рудағы ғылыми және практикалық жұ­мыстары ескеріліп, Ертай Сәрсе­бе­ков 2006 жылы Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Президентінің Іс басқармасына жұ­мыс­қа шақырылып, оның Медицина­лық орталығы бастығының орын­ба­са­ры болып тағайындалды және оның тікелей қатысуымен осы саланың көп­те­ген маңызды құжаттары дайындалды әрі іске асырылды. Олардың барлығы ме­дициналық көмек алатын контин­гент­тің денсаулығын жақсартуға, көр­се­тілетін медициналық жәрдемнің көлемін ұлғайту мен сапасын көтеруге, мамандардың кәсіби деңгейін жетілдіруге бағытталып, өз нәтижелерін заманауи тұрғыда көрсетті. Осы жұмыстар бірнеше дүркін ұйымдастырылып, өт­кі­зілген халықаралық деңгейдегі конференцияларда оң бағасын алды. Ертай Қожахметұлы өткен жылдың көктемінен бастап Қазақстан Респуб­ли­касы Президенті Іс басқармасының Алматыдағы Орталық клиникалық ау­руханасына ауысып, осында ғылым бө­лімі негізінде Ғылыми-инновациялық орталық ұйымдастырды. Оның бас­шы­лығымен мұнда ғылым, инновация және халықаралық қатынастар сектор­ла­ры құрылып, жаңа қарқынмен жұ­мыс істеуде. Ауруханада атқарылып жатқан істер және көрсетілетін меди­ци­налық көмек халықаралық стандарт­тарға кө­ші­ріліп, ғылыми тұрғыда талдануда. Олардың алғашқы нәтижелері осында өткізілген «Метаболизм си­н­дро­мы: күр­делі мәсе­лелері мен оларды шешу жол­дары» атты ұйымдасты­ры­лып, өткі­зіл­ген халық­ара­лық конфе­рен­цияның негізгі тақырыбы болды әрі оң бағасын алды. Әңгімелесу кезінде біз Ертай Сәр­себековтен дәрігерлік мамандықты таң­дауына не себеп болғанын сұраған едік. «Аты мәшһүр дәрігерлердің бірін үлгі тұттым немесе біздің ауылда осындай бір дәрігер кісіні танушы едім десем, өті­рік айтқан болар едім, – деді ол ағы­нан жарылып. Мені бұл салаға алып келген жеке өмірімдегі оқиғалар. Мектеп оқу­шы­сы кезімде біздің әулеттен бір­неше адам, яғни, атам, әжем, әкем, әкемнің аға­сы, әкемнің екі жеңгесі, өзім­нің жалғыз қарындасым, бір інім қайтыс болды. Осы оқиғаның бәрі үш- төрт жыл ішінде өтті де, біз есеңгіреп қалдық. Бала қиялда: «Мен дәрігер болсам, мұндай оқиға орын алмас еді ғой», деген пікір қалыптасып, қатты жабық­тым. Адам баласының ке­дір-бұдырлы өмір соқпағын кім болжап, өліміне кім араша болады дейсіз? Біздің де қо­лымыздан ештеңе келген жоқ. Әйтсе де, сол оқиғалар мені қатты есейтіп жіберді. Ажалға араша тұра алмасам да, адам баласының өмірін ұзартуға сәл де болса ықпалым тисе екен деген арманмен жетілдім. Сол үміт мені медицина инс­титутына жетелеп әкелді». – Адамның кіндігі туған жерімен байлаулы болады дегенге өз басым сенемін, – деді ол сәл тыныстап алып. – Ауылдан алыстап кеткеніме қаншама жылдар өтсе де, сол жаққа қарағыштап тұрамын. Шежін ауылында бұрын да, осыған дейін де не мешіт, не клуб, не бір дүкен жоқтығы жаныма батып жүрді. Содан ойлана келе сол ауылда туып-өскен кәсіпкер інілеріммен ақыл­да­сып, мешіт салу туралы идея айтқан едім. Ол имандылық үйі 2008 жылы ашылды. Құрылысқа қажетті біраз ақ­ша­ны өзім шығардым. Қалғанын жігіттер жинады. Сонымен, ғимарат 2008 жы­лы 31 тамызда, яғни Ораза алдында пайдалануға берілді. Қазір халыққа қыз­мет етуде. Қарияларымыз қасиетті, ұр­па­ғымыз иманды болсын деген ниетпен бой көтерген мешіттің ел-жұртқа сәу­ле­сі түсіп жатса, мен үшін сол қуаныш. Ертай Сәрсебековтің халық денсау­лы­­ғын қорғау ісіндегі ерен еңбегі әр жыл­­дары бағаланып отырылды. Ол 2005 жылы ғылым саласы бойынша респуб­лика Мемлекеттік сыйлығының лау­реа­ты атағына ие болды. Ал 2008 жылы оған «Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген қай­рат­кері» құрметі атағы берілді. Көп жыл­ғы әрі маңызды ғылыми ең­бектері ескеріліп, Ертай Қожахметұлы 2007 жы­лы Ресей медициналық-тех­ни­калық ғы­лым ака­демиясының академи­гі болып сай­лан­ды және осы академияның Чижевский атындағы алтын медалімен ма­рапат­тал­ды. Ол сондай-ақ Алматы об­лы­сы, Панфилов ауданының құрметті азаматы. Ертай Қожахметұлы – үлкен қайы­рымдылық шаралар көрсетіп жүрген азамат. Оның тікелей ұйытқы болуы­мен және қаржылық жәрдемі арқа­сын­да Шежін ауылында мешіт салғанын жоғарыда айттық. Ол 2007 жылы Шежін мектебінің үздік оқушыларына шә­кіртақы тағайындаған болатын. Бүгін­де оны өз қаражатынан уақтылы беріп келеді. Сол стипендиаттардың ал­ды мектепті үздік бітіріп, осы күні институтта білім алуда. Халық арасында жүргізген әлеуметтік және қайырым­ды­лық жұ­­­мыс­­тары ескеріліп, ол 2010 жылы рес­публикалық «Алтын жүрек» қоғамдық қорының алғыс хатымен марапатталды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Алматы.