• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2011

Ядролық тұңғиық шетінен аяқ тартайық

467 рет
көрсетілді

Бүгінгі дүние қауіпсіздік саласында айтар­лық­тай қауіп­тер­мен бетпе-бет қалып отыр. Аса қатер­лі пробле­ма­лар­дың бірі – жаппай қырып-жоятын қару түрлерінің одан әрі таралуы мен қолданылу ықтималдығы. Мұндай жағдайда халықаралық қоғамдастық бүгінгі проблемаларды шешудің, таратпау режімінің жаңа тетіктерін нығайтудың жол­дарын іздестіруді бір сәт те назарынан тыс қалдырған емес. Бұл арада саяси көшбасшылықтың ядросыз даму парадигмасына басымдық беретін оң бастамалары туралы да айтпай кетуге болмайды. Міне, нақ сондықтан да әлемде ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартып, 40 жыл бойы ажал шашқан қасіретті полигонды жапқан, сөйтіп, ел атынан ядросыз қару болашағы пайдасына таңдау жасап, кейінгі жылдары белсенді түрде әлемдегі ядролық қатерді төмендету бойынша нақты ұсыныстар айтып келе жатқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ұстанымына қызығушылық арта түсіп отырғаны анық. 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні қарсаңында панъеуропалық «Нью-Юроп» газеті Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Қанат САУДАБАЕВТАН экск­люзивті сұхбат алған болатын. Төменде оқырмандарға аталған басылым тілшісі Костис Геропулостың «Ядролық тұңғиық шетінен аяқ тартайық» деген тақырыппен берілген сұхбатының аудармасын ұсынып отырмыз.  – Қазақстан БҰҰ-ны жақында екінші мәрте аталып өтетін 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қи­мыл­дың халықаралық күні деп жариялау қа­жеттігіне сендірді. Бұл күннің Қа­зақстан үшін ерекше маңызға ие екені күмән туғызбаса керек... – Иә, осыдан 20 жыл бұрын, яғни 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аумағында Кеңес Одағы 40 жыл бойы қуаты жөнінен Хиросимаға тасталған 2,5 мың бомбаға тең 450-ден астам ядролық сынақтар жүргізген Семей ядролық сынақ поли­гонын жабу туралы шын мәніндегі тағ­дыр­шешті шешім қабылдады. Осы дана да ерлікке тең шешімнің маңызын көтеру мақсатында БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жа­риялады. Бұл қарар бүкіл әлемдік қоғам­дастықтың жаһандық ядролық қатерді төмендетуге деген ортақ ерік-жігері мен оның Қазақстанның және біздің Прези­дентіміздің таратпау және қарусыздану ре­жімін нығайту ісіне қосқан үлесін та­ны­ғандығын тағы бір мәрте қуаттап берді. Бұл күнді атап өтудің терең мағынасы бар. Бұл күн, бірінші кезекте, халықара­лық қоғамдастықты 1996 жылы қабыл­данған Ядролық сынақтарға жаппай тый­ым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) іс-қимылын нығайту бойынша күш-жігерді белсенді ете түсуге үндейді. Сонымен бірге, оның айтарлықтай ағартушылық қыз­меті де бар. Бұл ядролық қаруды сынау әлемдік қоғамдастыққа көп зардап әке­летінін түсіндірумен байланысты ағар­ту­шылық іс-әрекеттерден көрінеді. Үшін­шіден, планета халықтарын қауіпсіз әлем жолындағы күресте біріктіруді көздейді. 1945 жылы алғаш қолданылған атом бомбасының аса зор қиратушылық күші мен Семей ядролық сынақ полигонында және әлемнің көптеген басқа полигон­дарында жасалған көп жылғы ядролық сынақтардың зардапты салдары ядролық қарудың «сенімділігін» тексеру үшін тә­жірибе жасауға жол беруге болмайтынын айқын айғақтады. Біз ядролық сынақ­тарды ауыздықтау ядролық қарудан азат әлем құру мақсатына жету жолындағы шешуші құрал болып табылады деп есептейміз. – Өткен жылдың қараша айында Қазақстанда АҚШ-пен және МАГАТЭ-мен бірлесіп жасалған, шамамен 800 яд­ролық бомба өндіруге жеткілікті үл­кен көлемдегі ядролық отынды тасы­малдау мен оның тұрақты сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі жобаның тия­нағы келтірілді. Қазақстанда жү­зеге асырылуы жоспарланған басқа осы тектес жобалар бар ма? Сіздің елі­ңіз тарапынан сезімтал материал­дар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай қадамдар жасалып жатыр? – Қазақстан барлық осал ядролық ма­териалдардың қауіпсіздігін қамтама­сыз ету бойынша халықаралық науқандарға әркез қолдау көрсетіп келді және қолдау көрсетуін жалғастыруда. Қатерді бірлесіп қысқарту (ҚБҚ), яғни «Нанн-Лугар бағ­дар­ламасы» деген атпен де белгілі бағ­дар­лама аясында күні бүгінге дейін ай­тар­лықтай көлемдегі жобалар жүзеге асырылды. АҚШ-пен және МАГАТЭ-мен бірлесіп жүзеге асырылған әрі өткен жылдың соңында табысты аяқталған БН-350 реакторынан пайдаланылған ядролық отынды тасымалдау жобасы Қазақстан­ның осы салаға қосқан кезекті үлесі болды. Бұған қоса, Қазақстан 2006 жылы АҚШ және Ресей президенттері ілгерілеткен Ядролық терроризм актілерімен күрес жө­ніндегі жаһандық бастаманың (ЯТАКЖБ) аса белсенді қатысушыларының бірі бо­лып табылады. Біздің Президентіміздің бастамасымен 2010 жылдың қыркүйе­гін­де Астанада ЯТАКЖБ-нің терроризмді қар­жыландыруға қарсы іс-қимыл туралы конференциясы және Жүзеге асыру мен бағалау жөніндегі топтың алғашқы мәжі­лісі болып өтті. Қазақстан бүкіл әлем бойынша қауіп­ті ядролық, радиологиялық, химиялық және биологиялық материалдар көлемін қысқарту бойынша өткізіліп келе жатқан «үлкен сегіздік» аясындағы шараларға қа­тысуға ниет танытты. Бұл шаралар Жап­пай қырып-жоятын қаруларды та­рат­пауға қарсы жаһандық әріптестік дең­гейін­де жүзеге асу үстінде. Жаһандық әріптестік қызметіне сондай-ақ басқа ел­дердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экс­порттық бақылау мен шекара қауіпсізді­гін күшейту және жаппай қырып-жоятын қарулар өндірісінің технологиялары таралуының алдын алу әрі олардың осы іске тартылған елдер мен лаңкестердің қолына түсуін болдырмау да жатады. – Бірнеше жылдар бойы Қазақстан МАГАТЭ туы астында өз аумағында тө­мен байытылған уран банкін орна­лас­тыру құқына қол жеткізу үшін нау­қан жүргізіп келді. Қазақстан осы мақ­сатына қол жеткізуге жақындады ма? – Қазақстан тұтынушы елдердің кемсітпеушілік және тұрақты негізде ядро­лық отынға кепілдендірілген қолжетім­ділігінің көп қырлы тетігін жасау бой­ынша халықаралық қоғамдастықтың күш-жігері аясында МАГАТЭ туы ас­тын­да Ядролық отынның халықаралық банкін (ЯОХБ) құру туралы Американың «Ядролық қатерді қысқарту жөніндегі бастама қоры» ұсынған идеяны қолдап, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке оны өз аумағында орналас­тыруға дайын екендігі туралы ресми тапсырыс түсірді. ЯОХБ құру екі негізгі мақсатты көздейді: барлық ядролық отын циклын жүзеге асыру үшін жеткілікті ішкі ресурстары жоқ және өз мүмкін­дік­терін дамытпау туралы тәуел­сіз шешім қа­былдаған елдерге қолже­тім­ділікті қам­тамасыз ету, сонымен бір мезгілде, яд­ро­лық материалдар мен техно­ло­гиялардың бақылаусыз таралуына жол бермеу. Аталған банк немесе резервтік тетік делінетін бұл құрылым іс жүзінде ядро­лық отынның қазіргі қолданылып жүрген коммерциялық рынок жұмысын бұзбау үшін жобаланатын болады және МАГАТЭ-ға мүше мемлекеттердің отын­ға өздерінің бейбіт энергетикалық бағ­дар­ламаларын дамыту үшін қалыптасқан ағымдағы баға бойынша сенімді қолжетімділігін қамта­масыз етеді. Өзінің бейбітсүйгіш саясатымен, дақ түспеген беделі әрі таратпау және қару­сыздану режімін нығайту жолындағы күресте нақты іс-әрекетімен танылып отыр­ған Қазақстан ірі уран өндіруші бола отырып және жоғары байытылған уранды төмен байытылған пішінге қайта өңдеу тәжірибесі мен мүмкіндігіне ие бола отырып, ЯОХБ орналастыру үшін тап­тырмас кандидат болып табылады. Біздің әлемдегі барлық елдермен достық қа­рым-қатынасымыз қалыптасқан. Халық­ара­лық істердегі объективтілік және ала­ла­маушылық тұрғысынан келгенде де айтарлықтай сенімге иеміз. Қазақстанда ядролық материалдар мен қосарланған бағыттағы материалдар экспортына ба­қы­лауды қамтамасыз ететін нақты реттелген заңдық база құрылған. Бізде банк орналастыру үшін тиісті инфрақұ­ры­лымдар да бар. Бұл – бұрынғы Семей сынақ полигонының немесе «Үлбі метал­лургия зауыты» АҚ-тың  қолда бар ин­фрақұрылымдарын пайдалану мүмкін­ді­гі. Аталған жайлар ядролық материал­дарды ұзақ мерзімді сақтау талаптарын қанағаттандырып, олардың физикалық қорғалуын қамтамасыз ету жағдайларына жауап береді, сондай-ақ аталған үдеріс­тер бойынша МАГАТЭ-нің кепілдігі бар. Бұған қоса, бізде ядро саласындағы жоғары кәсіби мамандар саны жеткілікті. Біз МАГАТЭ осындай отын банкін Қазақстанда орналастыру туралы шешім қабылдаған жағдайда мұның дұрыс және өзін-өзі ақтайтын шешім болатынына сенімдіміз. – Орталық Азияда ядролық қару­дан азат аймақ құру жағдайы қандай деңгейде? – Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа 2006 жылдың 8 қыркүйегінде қол қойылған болатын. 2009 жылдың 21 наурызында күшіне енген бұл шарттың ғажайыптығы сонда, оның арқасында әзірше алғашқы және Солтүстік жарты шардағы жалғыз ядросыз аймақ құрылып отыр. Шартқа қол қою салтанатының дәл Семейде өтуі­нің терең символикалық мәні бар және мұны әділетті қадам деуіміз керек. Бұл – Орталық Азия елдерінің Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуынан кейінгі және Қазақстан аумағынан Ядролық қару шығарылғаннан соңғы жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосылған кезекті маңызды үлес. Шарт өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті, сондай-ақ ха­лық­аралық лаңкестікпен күресті нығай­ту­ға, ядролық материалдар мен техноло­гиялардың мемлекеттік емес субъек­ті­лердің, бірінші кезекте лаңкестердің қо­лы­на түспеуінің алдын алуға ықпал етуге үндейді. Қазіргі кезде шартқа қатысушы мемлекеттер құжатты ілгерілету бойынша, атап айтқанда, «ядролы бестіктің» оның маңызды құрамдасы болып табылатын Теріс кепілдемесі туралы хаттамаға қол қоюы бойынша одан әрі де іс-қимыл та­нытып отыр. Хаттамаға қол қойған әрбір ядролық держава өзіне шартқа қатысушы елдерге ядролық қару қолданбау және оны қолданамын деп қоқан-лоқы жасамау міндеттемесін алады. – Өткен жылы Вашингтонда өткен жаһандық ядролық қауіпсіздік жөнін­дегі саммитте сіздердің Президентте­ріңіз Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар бастамалар, оның ішінде Ядросыз әлем­нің жалпыға ортақ декларациясы туралы бастама көтерді. Ол сондай-ақ Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құруға қолдау білдірді. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін не жасалып жатыр? – Біздің Президентіміздің аталған бастамасы ядролық қаруға тыйым салу, таратпау саласындағы болашақ күш-жі­герлердің басында тұруы тиіс деген түбегейлі сеніміне негізделген. Ядролық қаруды таратпаудың қазіргі режімі қол­дауға және нығайтуға тұрарлық дегенімізбен, қолданыстағы Ядролық қаруды та­ратпау туралы шарт (ЯҚТШ) әлемді ядролық қарудан аластау үшін қажетті міндеттемелер мен өкілеттіктер кешенін қамтымайды. Алайда, ол барлық мемлекеттер бірте-бірте ядролық қарудан азат бейбітшілік идеяларына жету жолында шешімділік танытуы тиіс. Жалпыға ортақ ядросыз әлем декларациясы үшін негіз қалай алар еді. Бізде бұл құжат қандай болуы керектігі жөнінде нақты ұстанымымыз бар. Қазіргі кезде декларацияның біз жасаған алғашқы жобасы сарапшылар арасында кеңінен талқыланып та жатыр. Біз әлем­дік қоғамдастықта оң көзқарас таны­ты­лып отырған аталған бастаманы ілгерілету бойынша белсенді жұмыс істеу ниетіндеміз. Ал Таяу Шығысты ядролық қарудан азат аймаққа айналдыру мәселесіне қа­тыс­ты айтатын болсам, осындай аймақ­тар қазірдің өзінде Латын Америкасында, Африкада, Тынық мұхиты аймағында және Оңтүстік-Шығыс Азияда бар екенін, олардың 100-ден астам елді біріктіріп отырғанын еске сала кеткім келеді. Осының өзі-ақ тіпті Таяу Шығыс сияқты мазасыз аймақта да мұндай мақсатқа қол жеткізуге болатынын дәлелдемей ме? Біз Таяу Шығыста ядролық қарудан және жаппай қырып-жоятын басқа да қару түрлерінен азат аймақ құру туралы конференция жоспарланғанындай 2012 жылы өтеді деп үміттенеміз. Өз тара­пы­мыздан біз, қарусызданудың жаһандық үдерісіне айтарлықтай үлес қосқан және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалық құ­қығына кіріскен ел ретінде Таяу Шығыс аймағын құру үдерісіне мүмкіндігінше жәрдем көрсетуге әзірміз. – Қазақстан декларациялаған ядро­лық қарудан азат әлем құру мақсаты шындыққа қаншалықты сәйкеседі? – Қазақстан алдына мақсат етіп қойып отырған ядролық қарусыз әлем құ­ру мақсаты ядролық жарылыстардың бар­лық қасіретін толықтай басынан өт­керген бүкіл Қазақстан халқының жоға­ры алаңдаушылық деңгейін көрсетеді. Өйткені, АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Үндістан, Пәкстан және КХДР сияқты сегіз ядролық держава арсеналдарында бар деп мәлімделген 20 000 бірлік ядролық қарудан өзге адам­заттың жарқын да қауіпсіз болашақ құру­ға деген ұмтылысына үлкен қатер төн­діретін не бар? Осы қару бірліктерінің көп­шілігінің қуаты Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбалардың қуатынан жүздеген есе артық. Шалыс басудан немесе жауыздық ниетінен бір кезде біздің өркениетіміз өмір сүруін тоқтатуы мүмкін. Бірақ біздің ұмтылысымыз үмітсіздік немесе торығушылық сезімінен туындап отырған жоқ. Керісінше, ядролы елдер «жаһандық нөлге» қол жеткізу үшін көпжақты келіссөздер жүргізуі қажет деген нық сенімге негізделген. Бізге ядро­лық қарудың таралуы болмай қой­майтын үдеріс, себебі, ядролық қаруды қолдану­дан бәрібір қашып құтыла алмаймыз деп есептейтіндердің ұста­ным­дары жат. Шын мәнінде, Қазақстан және басқа да көптеген елдер насихаттап отырған ядролық қарудан азат әлем құру мақсаты көп уақыттан бері игілікті, бірақ уто­пиялық деп есептеліп келді. Алайда, жаңа геосаяси өмір шындығы «қырғи-қа­бақ соғыс» уақытындағы ой қорытудың күні өткенін көрсетті. Бүгінде беделді америкалық саяси қайраткерлер – Сэм Нанн, Генри Киссинджер, Уильям Перри және Джордж Шульцтің бірқатар пуб­лицистикалық мақалалары мен мәлім­де­мелерінде айтылған ядролық қарусыз­дану идеясын қолдау осы мақсатқа жетуге бағытталған жаңа шамшыл баста­маларға екпін берді. Ресей және АҚШ президенттері Дмитрий Медведев пен Барак Обаманың аталған үдерістерге жаңа серпін қосуға ұмтылыстары да үл­кен оптимизм туғызады. Өйткені, әлем­дегі аса ірі ядролық державалар өздерін­дегі ядролық арсеналдарды қысқарту туралы шартқа қол қоюға ниетті екендіктерін танытып отыр. «Жаһандық нөлге» өсіп келе жатқан қолдау қазірде әлемдік қоғамдастыққа тамаша мүмкіндік ұсынуда. Бүгінде атал­ған проблеманы шешуге бірлесіп қадам басудың алғышарттары жасалған. Нақ сондықтан бізде әлемдік қоғамдастықтың жаппай қырып-жоятын қарудың таралуы­мен күресте өсе түсіп отырған күш-жі­герінің арқасында ақыр соңында ядролық қарудан азат әлем құруға әкелетін осы саладағы халықаралық ынтымақтас­тық­тың жаңа парадигмасы ашылатын бола­ды деп ой түюге сенім де, негіз де бар.