• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
23 Мамыр, 2017

Сыртқы саясаттың қазақстандық үлгісі

203 рет
көрсетілді

Сыртқы саясат – диплома­тия саласындағы қандай да бір әрекеттердің жиынтығы ғана емес, ол  биліктің ұлт құн­д­ы­лық­тарын сыртқы байланыс­тар­да дәріптеп, дамытып, елдің жан-жақты бәсекелік қабілеттілігін нығайту есебінен оны байыта түсудің тәсілі болып табылады. 

Осы орайда, Қазақстанның біре­гейлігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың өз ұлтын тоталитарлық саяси жүйе­ден демократиялық жүйеге, жос­парлыдан нарықтық экономикаға, дәстүрлі мәдениеттен модернистік мәдениетке жетелеп, дамытқанына негізделеді. Президенттің  жүргізіп келе жатқан сыртқы саясатының арқа­сында біздің еліміз аймақ деңгейінде ғана емес, барлық әлемге ықпалды мемлекетке айналды. 

Елбасы берген анықтама бойынша сыртқы саясат саласындағы қазақстандық үлгінің үш сипаттамасын бөліп көрсетуге болады.  Біріншіден, Қазақстан әрдайым өзінің географиялық орналасуын ұтымды пайдаланып отырды. Бір жағынан, Қазақстан көпорталықты Еуразияның проекциясына айналды. Сонымен қатар, Қазақстан өзін Орталық Азияның бір бөлігі ретінде қарастырды. Ол әдетте Орталық Азия елдерімен байланысты алға шығаруға, олармен өзара жауапкершілікті қа­ты­настар құруға, Ауғанстанға көмек көрсету сияқты гуманитарлық мақ­сат­тарын іске асыруға негізделді. 

Орталық Азия әлемдік өркениет кеңістігінің маңызды аймағына айнала білді.  Бүгінгі күні Орталық Азия – бизнес пен қаржы ағымдарының бір бөлігі. Осы өңір негізінде халық­аралық қаржы қорын құруға болады, ал оны Астана халықаралық қаржы орталығы жобасының шеңберінде жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Қа­зақстан аймақтағы елдермен әріп­тестік құрудағы оңтайлы сыртқы саясатының арқасында елшілік хабтың рөлін атқарып отыр. Мұнда халықаралық ұйымдардың негізгі кеңселері орналасқан. Қазақстан инвестициялар мен инновацияларды тартып, оларды ұтымды игерудің орталығына айналды. Осы орайда заман талаптарына сай білім беру және медицина мекемелері құрылды. 

Орталық Азияның мүдделерін қорғау мақсатында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ жобаларына да бастамашылық танытылған болатын. Мұның барлығы бүгінде сәтті жүзеге асып, Орталық Азияның субъектілігін, оның Еуразия мен бүкіл әлемдегі маңыздылығын жоғарылатып отыр. 

Екіншіден, Қазақстан кеңістікті дұрыс трансформациялап, оны әлем­нің оңтайлы қабылдауына жол ашатын іс-қимыл жасай білді.  Осы орайда, С.Хантингтің баршаға мәлім өркениеттер қақтығысын қарастырып өтуге болады. Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ көпұлтты құрамымен жанжалдар  аймағы деп қабылданды. Бірақ бұл болжам мүлде теріске шықты. Ол тұрмақ, біздің еліміз жаңа тәуелсіз мемлекеттердің өзара қатынастарын трансформациялап, бейбіт өзгерістер енгізуге мүмкіндік берген ТМД-ны құру туралы келісімнің жасалуына ұйытқы болды. Сөйтіп, ТМД посткеңестік мемлекеттердің қайта бірігуінің құралына айналды. Осылайша Достастықтың құрылуы Орталық Азия елдері арасындағы байланыстардың үзілуіне де  жол бермеді. 

Үшіншіден, Қазақстан мәдениет, сауда мен коммуникациялар саласын жаңа құрамдастармен толықтыра түсті. Сонымен қатар, еліміз тарихи Ұлы Жібек жолының аумағы  ретінде өзінің коммуникациялық рөлін мүмкіндігінше қайта қалпына келтіре алды. Бұл жерде ең алдымен, Қазақстан жаңа энергетикалық және азық-түлік орталығы  бола алғанын да айта кету керек. Әсіресе, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолын салу арқылы көне Жібек жолының көліктік магистралі қалпына келтірілді. Сондықтан Қазақстан ендігі жерде аймақтық биг дата орталығына айналғалы отыр деп нық сеніммен айта аламыз.

Зарема ШӘУКЕНОВА,  Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры, ҰҒА  корреспондент мүшесі