Отан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты алғашқы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға 12 мемлекеттің өкілдері қатысты. Олардың ішінде Түркияның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Лале Улькер ханым, Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Харад Юдзо, Корея елшілігінің консулы Квон Донг-Сок және Рессей Федерациясы елшілік істеріндегі уақытша сенімді өкіл Сергей Тарасенко, ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы, ғалымдар, жазушылар бар. Бұл іс-шараның басты мақсаты – кенді Алтайдың мәдени құндылықтарын насихаттау, облыс аумағында мәдени-туризмді дамыту, Берел және Шілікті қорымдарының маңызын өзге жұрттарға таныту.
Соңғы ғылыми-зерттеулер көрсеткендей, Алтай – Қиыр Шығыстан Еуропаға дейінгі аралықты мекендейтін сан-алуан халықтардың кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Берел қорғанындағы қазба жұмыстар адам өркениетінің ең ежелгі қоныстары осында орналасқанын тағы бір айшықтай түсті. Белгілі археолог Зейнолла Самашев бастаған ғалымдар Берел қорғанын одан әрі зерттеу үстінде. Елімізде тұңғыш рет өтіп отырған ғылыми-практикалық конференцияны ашқан және осы маңызды іс-шараны өткізуге мұрындық болған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев осы жәйттерге тоқтала келіп, конференция жұмысына АҚШ, Қытай, Моңғолия, Түркіменстан, Өзбекстан, Түркия, Польша, басқа да мемлекеттердің өкілдері қатысып отырғанын айтты.
– Алтай – ежелгі түркі халықтарының кіндік жұрты болып саналады. Ол тек түркі әлемінің ғана емес, Шығыс Азия мен Сібірдің арасын мекен еткен халықтардың отаны. Археологиялық зерттеулер мұны нақты дәлелдеп берді. Мұның маңыздылығы сонда, Елбасы Н.Назарбаев «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық тұңғыш конференцияға қатысушыларға өз құттықтауын жолдады, ол «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды, деді.
Елбасы құттықтауын Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай оқып берді. Ол бұдан соң бүгінгі іс-шараның маңызды жақтарына тоқтала келіп, менің ойымша, мәдени мұраларды насихаттау, этнотуризмнің дамуына серпін беріп, еліміздің барлық жерлеріне инвестиция тарту маңызды шара болып табылады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша елімізде соңғы 2-3 жылда көптеген игілікті істер атқарылды. Соның бір нақты дәлелі, Өр Алтайдың төріндегі жүзеге асырылып жатқан маңызды осы шара болса керек. Қатонқарағай ауданының аумағында тарихы мың жылдармен астасқан сақ қорғандары бар. Осынау баға жетпес құнды мұраны түркі әлеміне ғана емес, дүние жүзінің жұртшылығына паш ететін уақыт жеткен сияқты. «Алтайтану» пәндері жоғары оқу орындарының бағдарламасына енсе ұтарымыз анық, деген ой байламын алға тартты.
ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасеиновтің сөзін жиналғандар ынта қойып тыңдады. Алтай төрт мемлекеттің шекарасымен шектесіп жатыр. Атап айтқанда, Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Қытай мемлекеттері Алтайдың қазба байлықтарының игілігін бірге көруде. Әйтсе де, Алтайдың ауқымды бөлігі бізге тиесілі. Берел қорғаны орналасқан Төр Алтайдың түркі әлемі халықтары үшін алатын орны ерекше. Алдағы уақытта осындай мәдени іс-шараларды өткізіп, түркі халықтарының арасында байланысты тереңдете беру үшін Кенді Алтайда түркі халықтарының мәдениетін дамыту орталығы құрылады деген ой бар. Келешекте осындай алқалы жиынды екі жылда бір рет өткізіп тұрамыз, деп сөз аяғын түйді Дүйсен Қорабайұлы.
Көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбайұлының толғамы тереңдігімен көпшілікті ойға батырды. Өскелең қала Өскеменде бас қосып отырған түркі әлемін зерттеуші ғалымдар мен мамандарды бүгінгі маңызды іс-шараның ашылуымен құттықтаймын. Кезінде Ш.Уәлиханов Алтай тауларының асқақтығы мен табиғатының көркіне сүйсініп, жазбаларына арқау еткен, Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша елімізде көптеген шаралар жүзеге асырылды. Ал бүгінгі тұңғыш ғылыми-практикалық конференция келешекте де өз жұмысын жемісті жалғастыра береді деген ойдамыз, деді Әбіш Кекілбайұлы.
М. Әуезов атындағы мәдениет және өнер институтының директоры, академик Сейіт Қасқабасов тарихқа шолу жасады. Сонау 1926 жылы Ресей халықтарының бірінші мәдениет съезі Бакуде өткені белгілі. Арада 50 жылдан кейін түркі әлемін зерттеу жөніндегі съез өткіземіз деген бастаманы Мәскеудегі «көкелеріміз» тұншықтырып тастады. Ақыры ол конференция аясында өтіп тынды. 1980 жылы Тәшкентте, 1985 жылы Ашхабадта, ал арада 4 жылдан кейін Бішкекте түркі әлемін зерттеуге арналған жиындар өтті. Енді, міне, 22 жылдан кейін Өр Алтайдың төрінде 12 мемлекеттің ғалымдары мен тарихшылары бас қосып алқалы мәжілісті өткізіп жатырмыз. Бұл үшін ең алдымен Елбасына алғысымызды айтқымыз келеді, деді академик.
Түркияның Ерджиес университетінің профессоры, ғылым докторы Тунжер Гуленсой, Польшадағы А.Мицкевич атындағы Познань университеті Алтай кафедрасының меңгерушісі Генрик Янковский, Қытайдың Үрімші қаласынан келген қоғам қайраткері Сұлтан Жанболатов, ресейлік этнограф-ғалым В. Васильев, Әзербайжаннан келген профессор Этибар Энанджаның баяндамалары да салиқалы болды. Әсіресе, Польшадан келген профессор Г.Янковскийдің қазақ тілінде жатық сөйлеуі, Алтай әлемі мен тілін зерттеу жөніндегі құнды ойлары жиналғандарды елең еткізді. «Мен қазақ, орыс, поляк, басқа да бірнеше тілді жетік меңгердім. Осы елдер арасында Алтай тілінің ерекшеліктері жақсы сақталып қалған. Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі, сондықтан оны бағалауымыз керек», деп қазақ тілінде ағынан жарылды.
Бердібек Мәшбекұлы Г.Янковскийдің қазақ тілін жетік меңгергеніне ризашылығын білдіріп, басқа ұлт өкілдерінің одан үлгі алуы қажет екендігін атап айтты.
Маңызды форум 3 кезеңнен тұрады. Он мемлекеттің фотосуретшілері Кенді Алтайды аралап, өз шығармаларын көрмеге қойды. Кейін осы суреттердің басын қосып фотоальбом, ТҮРКСОЙ-мен бірігіп кинофильм, кітаптар шығарып, көптеген мемлекеттерге тарату ойда бар. Ал екінші кезең екі күннен бері Өскеменде өтіп жатыр. Ертең форум делегаттары, шетелден келген қонақтар атақты Берел қорғанына барады. Ол жерде мәдени іс-шаралар, атап айтқанда, түркі тілдес халықтардың ән кеші өтеді. Фестиваль аясында Берел қорғанынан табылған жәдігерлерден көрме ұйымдастырылып, тіл үйірер қымыз бен балдың сан түрі ұсынылған жәрмеңке өтеді. Қонақтарымыз қазақтың қыз қуу, көкпар, теңге алу сияқты ұлттық ойындарын тамашалап, қазақтың салт-дәстүрімен танысады. Халықаралық форумның қарары қабылданып, онда аталмыш жиынды екі жылда бір рет өткізіп тұру, Алтай халықтарының мәдени-тарихи мұрасын сақтау мен таныту, этнотуризмді дамыту, басқа да мәселелер әңгіме арқауына желі тартты.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.