Неоклассика биінің үздік үлгісі саналатын «Серенаданың» аңызға бергісіз туу тарихы сонау 1934 жылғы америкалық балет мектебінен бастау алады. Осы балет мектебінің негізін салушы балетмейстер Джордж Баланчиннің төл шәкірті Виктория Саймон Астанаға ат басын арнайы бұрып, астаналық труппаны күндіз-түні жаттықтырып жатыр. Баланчиннің америка балет мектебінің оқушылары үшін арнап жазған «Серенада» балеті осылайша «Астана Балет» сахнасында алғаш рет қойылмақ.
– Ресейлік жас жігіт Джордж Баланчин небәрі жиырма жасында Нью-Йоркке қоныс аударып, жаңа өмір бастады. Сергей Дягилевтің «Орыс балеті» труппасында өнер көрсете жүріп, бай тәжірибе жинады. Баланчиннің Америкада алғаш қойған спектаклі осы «Серенада» еді. Студенттерге арналған балет қойылымын қазір кәсіби бишілер сахналап жүр. Мистер Баланчинді алғаш көргенде сегіз жаста едім, – дейді В.Саймон.
Джордж Баланчиннің П.Чайковскийдің шекті аспаптар оркестріне арналған музыкасына қойылған «Серенада» балеті Джордж Баланчин қорымен бірлесе жасалып отыр. Баланчиннің көзін көрген Виктория Саймон ұстазының стилі мен қою техникасын мүлтіксіз сақтай отырып, астаналық көрермендерге бұрын-соңды көрмеген спектакль тарту етпек.
– Астаналық балет труппасының деңгейі өте жоғары. Сырт қарағанда қарапайым көрінгенімен, «Серенада» – техникалық, музыкалық және стильдік тұрғыдан өте күрделі би. Ғажайып, мәңгі өнерге бір табан жақындаған көрерменнің жүрегі елжіреп, толқи түседі. Мұны көзіқарақты көпшілік міндетті түрде көруі тиіс, – деген режиссер еліміздегі балет мектебінің техникасы мен деңгейі туралы да сөз қозғай кетті.
– Байқауымша, негізінен мұнда орыс балет мектебі кең қанат жайған екен. Одан бөлек француз, америка балеттерінің үрдістері де ию-қию араласып жатыр. Орыс балет мектебі өте жақсы, дегенмен, өзгелермен тәжірибе алмасқан да дұрыс. Орыс балет мектебі 25 жылға кейін қалып қойған. Өзге елдердің қойылымын сахналарда техникалық, музыкалық ерекшеліктерін сақтай отырып жеткізген дұрыс, – дейді ол. Сонымен бірге, жас хореографтардың музыкамен ілесіп жұмыс істеуі де кәсібилікке жетелей түспек дегенді айтады. Қазақстанға сапары туралы, әсері жөнінде де ой бөлісті.
– Астананың өзіндік модерн стилі мені шабыттандырды. Көптеген мәдени орындарын араладым. Жаңа, жас қала. Жаяу жүргенді ұнатамын. Саябақтар көптеп салынып жатқаны қуантты. Мамыражай мамыр кезінде тап болғаным үшін қуанып отырмын. Мұнда келерімде алда не күтіп тұрғанын білмедім. Нью-Йорктің сапырылысқан өмірі Америка туралы толық мәлімет бере алмайтынын ескерсек, Астана да Қазақстанның кішкентай бір бөлшегі. Елдің оңтүстігі таулы деп естідім, – деген режиссермен жылы қоштасып, «Қайшылық» хореографиялық композициясына дайындық барысына бас сұқтық. Бізді қарсы алған бразилиялық Рубен Терранова – бұл күнде Италия, Испания, Аргентина, Куба елдерінде өнер көрсетіп, жүзден астам балет қойып, еңбекқорлығымен атағы шыққан танымал хореограф. Ол «Қайшылық» балетін қоюға Астанаға арнайы келіп отыр. Иісі бұрқыраған кофесі мен қызылды-жасылды, думанды карнавалымен дүйім жұртты арбаған, атақты Пеле мен Роналдоны дүниеге әкелген Бразилия бұл жолы классикалық балет биімен баурамақ па деп таң қалдық.
– Бразилиядағы әртүрлі би мектептері мен консерваторияларда бас хореограф болып 50 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Жас әріптестеріме айтарым, ең бастысы, бір орында тұрып қалмау керек. Классикалық балетпен шектелмей, үнемі үйреністе, ізденісте болу өте маңызды, – дейді спектакльдің қоюшы хореографы Рубен Терранова.
Рубен Терранованың «Қайшылық» балеті жарық пен көлеңкені, қиял мен шынайы өмірді қарама-қарсы қояды. Мұнда бәрі бар: «Бұл – эмоцияға толы, заманауи балет. Өмірдің өзі ақ пен қарадан, күнгей мен көлеңкеден, қуаныш пен қайғыдан тұрады», дейді ол.
Оның айтуынша, Бразилияда опера және балет өнеріне мемлекет тарапынан аста-төк қолдау жоқ. Мемлекет балет өнеріне жеткілікті қолдау көрсетеді деп айта алмаймын. Бразилияда талантты бишілер өте көп. Әлемнің кез келген елін алып қарайтын болсаңыз, екі-үш биші міндетті түрде бразилиялық болып шығады, – деген тәжірибелі биші мұндай халықаралық мәдени байланыстардың өз кезегінде сахна кеңістігін жаңаша игеруге мүмкіндік беретіндігін айтады.
Ая ӨМІРТАЙ, «Егемен Қазақстан»