• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Тамыз, 2011

Естелік те ескерткіш

771 рет
көрсетілді

Алдымда таяуда «Атамұра» бас­па­сы­нан жарыққа шыққан бір кітап жатыр. «Сенің алақаныңның жылуы» аталып­ты. Көркем безендірілген кітаптың сырт­қы бетіндегі кісінің бейнесі көзіме оттай басылды. Өзен жағасындағы қой­тастың үстінде ой құшағында отырған Ғалима апай екенін жазбай таныдым. Осыдан екі жыл бұрын дүниеден өткен-тін. Ел алыс, жер шалғай әрі біздің жасымызда қыстың көзі қырауда Қостанай өңіріне жету де оңай емес. Бір уыс топырақ салып, жаназасына қатыса алмасам да, Алматыда қыздары Айгүл мен Әйгерімге көңіл айтқанмын. Ал сөз басын іштегі өз өкінішімді білдіріп, сыр ақтарудан бастауымның себебі бар... Ғалима апаймен әне бір жылы Ал­матыда, кенже қызы Әйгерімнің үйінде танысқанбыз. Осынау орта бойлы, бидай өңді, ойлы көзді, қоңыр дауысты, жасы жер ортадан асса да ажары тай­ма­ған апайымыз бізді жатсынып жатыр­қа­май, баяғыдан таныс-біліс адамдарша ашық-жарқын әңгімелесіп отырды. Біз көбінесе сол кісінің әңгімесіне құлақ түрдік. Ал біз деп отырғаным: Кәрібай, Ақселеу, Серік, Кәдірбек, мен және Әйгерімнің құрбылары Райхан мен Қан­шайым. Әрине, әңгіме көрігін қыз­ды­рып отырған абызымыз Ақселеу. Ғалима апайдың ұзақ жылдар ұстаз болғанын, жолдасы Жәкен Хасенұлы тым ерте – қырыққа жетер-жетпесте қайтыс болып, артында қалған шиеттей тоғыз баласын жетілдіріп, енді міне солардың қызығын көріп жүріп жатқанын өз аузынан естігенбіз. Сол жолы апай бізге: – Балалар, жазушы екенсіңдер, елге шығып тұратын боларсыңдар. Сондайда жолдарың түссе біздің ауылға соғып, қонақ болыңдар, – деген-ді. Сосын маған қарата: – Балам, басқалардай емес, елдес екенбіз ғой. Әулиекөлге барып тұратын шығарсың. Сондайда Меңдіқараға да ат басын тірегейсің, – деп іш тарта сөйлеп, жылы қоштасқан еді. Иә, мен аталмыш кітап туралы пікірімді өткен күндер елесін есіме түсі­ру­ден бекер бастап отырған жоқпын. Аяу­лы анаға арналған бұл кітап та түгелдей – бастан-аяқ естеліктерден құрасты­рыл­ған. Бұл тегі табылған тәсіл. Ардақты ана, ұлағатты ұстаздың тұлғасын таны­тып, бекзат бейнесін бір автордың баяндап шығуына да болар еді. Ол атақты актер, ғұлама ғалым, көрнекті қаламгер болса жарасар да еді. Ал Ғалима апай сияқты соқтықпалы-соқпақты ғұмыр кешулерінен сүрінбей өткен, қатал тағдыр сынына қайсарлық көрсетіп, жеңе білген абзал да қарапайым адамның өне­гелі өмірін өрнектеуге апайды көптен білетін, араласқан, сырласқан, қызмет­тес, тағдырлас болған кісілердің тарты­луы жақсы шешім. Ұлағатты ұстаздың бейнесін осылайша ұжымдаса отырып ортаға салған ұтымды әдеби әдіс. Қалың оқырман кітап арқылы Ға­ли­ма апайдың өмір жолымен танысады. Апайдың арғы аталары Бекі, Бектұр, өз әкесі Қажы да киелі кәсіп – мұғалім болыпты. Өзі де, ағасы Ермағамбет те сол әулеттің жолын қуып, ұстаздықты ұрпақтары да жалғастырыпты. Ол аз болғандай жан жары Жәкен ағай Хасенов те алған білімі мен алғашқы қызметі бойынша оқытушы. Бір қызығы Ғалима апайдың ұлы Асхат та ұстаз. Қыс­қа­сы, кітапта айтылғандай, апайдың әу­леті «өз ұрпағына ғана емес, ұлтына да ұстаздық жасап, мұғалім маман­дығы­ның мәрте­бе­сін көкке көтерді». Сол білімді де білікті, өз кәсібінің қыр-сырын толық мең­гер­ген мұғалім апайдың ерен еңбегінің ерекше жоғары бағалануы, абырой-бе­де­лінің өсуі де құптап-қуанар­лық жағ­дай. Байтақ елімізде өңіріне қос Еңбек Қызыл Ту, Октябрь револю­ция­сы ордендерін қадап, оған қоса «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызмет­кері» белгісіне ие болуы аз ғана ұстаз­дарға бұйырған бақыт еді десем ешкім бекер дей қоймас. Алайда, Ғалима Қажықызының жеке өмірінің қиын-қыстау сәттері көп бол­ған. Кеңес өкіметі орнамай тұрып Ом­бы­ның оқытушылар семинариясын бітіріп, ағарту саласына ерте араласқан әке­сі Қажы сол кездегі қазақтың ұлы ақын-жазушылары Мағжан, Міржақып, Ахметтермен араласып, олардың шығар­ма­ларына арқау болған азаттық идея­ла­ры­ның жаршысы деген желеумен «халық жауы» атанып, итжеккенге айдалып, содан қайтып оралмаған. Ұзамай анасы қайтыс болып, тұлдыр жетім қалған қар­шадай қыз тұрмыс тауқыметін тарта жү­ріп, ақыры арманына жеткен абзал адам. Үбірлі-шүбірлі тоғыз баласы бар үлбі­ре­ген жас келіншектің оларды оқытып, бәріне бірдей жоғары білім бергізіп, ел қатарына қосуы оңайлықпен орындал­ған шаруа емес қой. Тоғыз баланы та­мақтандырып, киіндіріп, оқытудың сыр­тында, әліпті таяқ деп білмейтін бас­тау­ыш сыныптың бүлдіршіндерінің көзін ашу оңай болып па?! Ол кездері ауылда қазіргідей мектепке баратын өспірім­дер­ге балабақша атымен жоқ... Осылайша өз отбасына да, шәкірттеріне де мейірім шуағын шашып, өз өмірінің өнегесін үйретуден жалықпаған ұлағатты ұстаз, асыл ананың ерлікке тең қызметіне қалайша бас иіп, құрмет көрсетпексің?! Жалпы, мұғалім мамандығын исі қа­зақ баласы баяғыдан жоғары бағалаған. Өйткені, өнер-білімнен кенже қалып күн кешкен халқымыз сол олқылықтың орнын толтырып, өзге жұртпен қатар түзуге асықты. Осы арманды жүзеге асы­ру жөнінде ұстаздарға зор үміт ар­тыл­ды және олар осы міндеттің үде­сі­нен шығып, ұлтына қызмет көрсетудің сара жолын салды. Сол киелі кәсіптің иесі, ата-аналар қауымы қадірлеп, төбе­сіне көтерген, үкіметтің сый-құрметінен де құр қалмаған ұстаздардың бірегейі біздің Ғалима апай. Ол кісінің арттағы ұрпағына қалдырған қазынасы – жақсы сөзі, үлгілі ісі, өшпес өнегесі, адам­дар­ды алаламайтын адалдығы. Бұл сіз бен біздің осы кітаптан алар сабағымыз, түйер түйініміз. Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.