• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
30 Тамыз, 2011

Жарқын болашақтың бұлжымас бағдары

451 рет
көрсетілді

1995 жылғы 30 тамызда Қазақстан халқы өзінің тарихи таңдауын жаса­ды. Бұл күні Бүкілхалықтық референдум арқылы Қазақстан Республика­сының Конституциясы қа­был­данды. Бұл шын мәніндегі ха­лықтық таңдау болды, өйткені, осыған дейінгі конституциялар уәкілетті органдардың шешімімен қабылданған болатын. Қазақстан Республикасының Конс­титу­ция­сында тек адамның, азамат­тың, мемлекеттік және қоғамдық құрылыстың мәртебесі ғана емес, сонымен бірге, стратегиялық құқық­тық идеялар да айқындалды. Атап айт­қанда, Қазақстан Респуб­ликасы өзін демократиялық, за­йыр­­лы, құқықтық және әлеу­меттік мемлекет деп, ал оның ең басты құн­дылығы – адам және адам­ның өмірі, құқықтары мен бостандық­тары деп жария­лады. Еліміздің Ата Заңы адамзат бала­сының жүздеген жылдар бойы қа­лыптасқан жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Қазақстан Республикасының конс­титуциясы – бабалардың даналығы мен қазіргі заманның рухын бірлестіріп, үйлестірген, жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың теңдігін тегіне қара­мастан бекіткен ұлы құжат болды. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзiнiң «Қазақстан жолы» атты кiтабында: «Конституцияны қа­был­дау қарсаңында ұзақ мерзiмдi қызу жұмыстар атқарылды. Көптеген конституциялар, әсiресе ХХ ғасыр­дың екiншi жартысында қабыл­дан­ғандары мұқият сараптаудан өткiзiлдi. 1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Егемен Қазақ­станда конституциялық құрылыс ор­на­ту үшiн бұрыннан жинақталған тәжi­рибелер, сондай-ақ бiздiң жағда­йымызға сәйкес келетiн ең прогрес­шiл шетелдiк тә­жiрибелер барынша толық пайдала­нылған едi» деп көрсетті. Ата Заңымыз – мемлекеттiлiктiң барлық арман-мүддесiн толық қамты­ған, елімізде жүзеге асқан және жүзе­ге асатын саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңарулар мен жетістік­тердің құқықтық тұғыры болды. Ол Қазақстанның тәуелсіздігін түбегейлі айқындап, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен бекуінің нық негізін қалады. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы өз күшіне енгеннен кейін кеңестік сипаттағы жалған демократия мен жалаң биліктің белең алуына жол бермей, әлемдік өрке­ниет­­ке тән рухани құндылықтар мен саяси-әлеуметтік және экономикалық өзге­ріс­терге жол ашты. Сонымен қа­тар, еркіндік пен теңдік сезімдері терең, тарихи, мәдени, рухани дәстүрі бай ежелгі қазақ халқының өзіндік ұлттық даму ерекшеліктері де ескерілді. Ұлттық рухымыздың адастырмас темірқазығына айналған Конституция аясында 16 жыл ішінде қабылданған 1700-ден аса заңдар қоғамдық өмірдің әр саласында тиімді қолданылып, ел тыныштығы мен ұлт бірлігінің бекуіне ықпал етті, экономиканың өрлеуі мен халықтың әл-ауқатының жақса­руына жол ашты. Тоғыз бөлімнен тұратын Конституцияда «Адам және азамат» деп аталатын бөлім елдің ең асыл қазынасы – адам және оның құқық­тары мен бостандығын қорғауға арналған. Атап айтқанда, 30-бап адам­ның құқығы мен бостандығы өмірге келген сәтінен бастап, оған тиесілі екенін және оған ешкімнің қол сұғуына жол берілмейтінін бекітеді. Біз адам болып өмірге келеміз, азамат болып қалыптасамыз. Мемлеке­тіміздің мәртебесіне, оның қорғауында болатынымызға сенгенде және өз құ­қық­тарымызды біліп қана қоймай, оны қорғай білгенде азамат екенімізді сезінеміз. Ал Қазақстан азаматтарының Конституциямен кепілдендірілген құқықта­ры мен бостандығының аясы кең, ауқымы зор. Атап айтқанда, ұлты, тегі, түсі, тілі, діні, әлеуметтік жағдайы, саяси көзқарасы бойынша ешкім қуғын­далмауы; сөз және шығармашылық бостандығы; еңбек ету, қызмет түрі мен мамандық таңдау бостандығы; білім алу, отбасы құндылықтарын қорғау, жеке меншігін қорғау құқықтары; жиын­дарға және шерулерге қатысу, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарға мүше болу, мемлекеттік бас­қаруға қаты­су, мемлекеттік басқару ор­гандарын сайлау, сайлану және тағы басқа құ­қықтары халық­аралық құқық норма­ла­рына то­лық сәйкес қорға­лады. Яғ­ни, біздің негізгі заңымыз мыңжылдық та­рихы мен дәстүрі бар өркениетті мем­лекеттердің заңдарымен тұс­палдас. Қазақстан Рес­публи­касы­ның Конс­ти­туциясы адамның құқықтары мен бос­тандық­тарының басымдығын бекітіп қана қоймай, заң шығарушы, ат­қарушы және сот билігінің бүкіл қыз­меті адамның құ­қық­тары мен бос­тандықта­рын қорғауға бағытталғанын нақтылы айқындап берді. Консти­ту­цияның 13-ба­бының 2-тармағына сәй­кес, әрбір қазақ­стандық азамат өз құ­қықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқылы. Демек, осы конституциялық ережелерді негізге ала отырып, кез келген мүдделі тұлға өз­дерінің құқықтары мен бостан­дық­та­рының, заңды мүд­делерінің сот арқылы тиімді қорға­луына қол жеткізе алады. Азаматтардың құқықтарын тиімді қорғау үшін соттар мен судьялардың тәуелсіз және бейтарап болуы басты шарт. Сондықтан Конституцияның 75-82-баптары судьялардың тәуелсізді­гін қамтамасыз етудің қажетті кепіл­діктерінің болуын қарастырады. 2000 жылғы 25 желтоқсанда қабыл­данған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәр­тебесі туралы» Конституциялық заң сотқа қатысты конституциялық кепілдіктерді түбегейлі пәрменді етті. Онда: судьяларға ешкімнің тиіспеушілігі, сотты құрметтемеушілік үшін жауапкершілік енгізу, судьялардың өкі­лет­тіктерін тоқтата тұрудың және тоқ­татудың негіздерін орнықтыру, судья­ның тәртіптік жауапкершілікке тартылу жағдайларынан басқа кезде мәні бо­йын­ша қаралған немесе өндірісінде тұрған істер бойынша қандай да бір түсінік­теме беруге міндетті еместігі, судьяға соттан тыс функциялар мен мін­деттерді жүктеуге тыйым салу қарастырылған. Соттардың заң жүзінде осындай мәртебеге ие болуы олардың тәуелсіз­дігін нығайтып, беделін бекітті. Азаматтардың жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктер мен лауазымды тұлғалар­дың заңға қайшы шешімдері мен іс-әрекеттерін сотта даулауға біржола бет бұруы сотқа деген сенімнің өскенін көрсетеді. Конституцияның негізгі ұстанымда­ры мызғымас берік, тұғыры тұрақты болғанымен оны еш өзгеріс енгізілмейтін, толықтырылмайтын догма деп қа­рауға болмайды. Өйткені, конститу­ция­лық саясат мемлекет және қоғам­дағы даму мен жаңаруға сәйкес дамуы, жетілуі заңды құбылыс. Яғни, консти­туциялық құқықтың дамуы қашанда қоғам мен мемлекет дамуы­ның негізгі кезеңдеріне сәйкес келмек. Ал, қоғам­дық қатынастардың дамуы, әлеуметтік, эконо­микалық және саяси жағдайлардың өзгеруі конституция­лық ережелерді өмірдің жаңа өзге­рістеріне сәйкестендіруді қажет етеді. «Қазақстан Республикасының Кон­с­ти­туциясына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» 2007 жылғы 21 мамырдағы Заң қоғамдағы кең де кешенді пікірталастардың нәтиже­сінде қабылданды және демократия­лық, саяси дамудың жаңа кезеңіне жол ашты. Атап айтқанда, Парла­менттің құрамы көбейіп, құзыреті елеу­лі түрде кеңейді, Мәжіліске сайлау тәртібі түбірімен өзгерді, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару жүйесі жаңартылды. Сондай-ақ, конс­титу­циялық новеллалар мен ұлттық заңнаманы конституциялық реформа талаптарына сәйкестендіру үшін Президент, Үкімет, Парламент және депу­таттардың мәртебесі, Конс­титуциялық Кеңес, сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі, саяси партиялар, сайлау туралы заңдарға түзетулер енгізілді. Қылмыстық заң да бірқатар өзге­ріс­терге ұшырады. Қылмыстық заңды ізгілендіру, сотқа дейінгі және соттағы қылмыстық іс жүргізу нысандарын теңестіру, прокуратураны тергеу мен ізге түсу органынан тек қадағалау органына айналдыру арқылы оның сотқа дейінгі ықпалын күшейту, сот төрелігін жүзеге асыру кезінде сот­тардың тәуелсіздігі мен бейтараптығы қағидаларын барынша бекіту, сот төрелігін айыптау функциясынан то­лық босату осы конституциялық реформа аясында жүзеге асты. Сондай-ақ, Негізгі заңның 16-бабына сәйкес, заңда көзделген реттерде және тек қана соттың санкциясымен тұтқын­дауға және қамауда ұстауға болатыны бекітілді. Тұтастай алғанда, конституциялық реформадан бастау алған сот рефор­масының жетістігі оның қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің әлем­дік, демократиялық стандарт­та­рына жақындай түсуі болып табы­лады. Осы тұста отандық және шетелдік тәуелсіз сарапшылардың кеңес заманынан кейінгі кеңістікте сот-құ­қық­тық реформалар бойынша Қазақ­станның алдыңғы орындарға шық­қанын мойындап, қазақстандық сот төрелігінің тиімділігін жоғары ба­ғалап отырғанын айтуымыз қажет. Елбасы­ның бастамасымен басталған және жүзеге асырылған сот-құқықтық ре­фор­малары еліміздің құқықтық, за­йырлы мемлекет ретінде дамуының сенімді ресурсына айналды. Мемлекет басшысының 2009 жыл­ғы 24 тамыздағы Жарлығымен ма­құлданған 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы сот жүйесінің алдына бірқатар жаңа міндеттер қо­йып отыр және ол сот жүйесін дамы­тудың келешектегі негізгі бағыттарын айқындайды. Қорыта айтқанда, Конституцияда көрсетілген саяси, әлеуметтік эконо­ми­калық және құқықтық міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған мақсат­тар тәуелсіздіктің арқасында еңсесін тіктеген қазақ елінде қай салада бол­сын жемісті жүзеге асырылуда. Бү­гінгі таңда саясаты салмақты, эко­но­микасы еңселі, әлеуметтік жағдайы әлді, халқы тату, қорғанысы бекем, бола­шағы жарқын еліміз Ата Заңның аясында өркениетті елдермен терезесі тең болуды көздеп отыр. «Күллі халықтың талқысынан өтіп, ел игілігіне айналған Ата Заңымыз біздің мемлекетіміздің бас­ты төлқұжа­ты болып саналады. Конституция – арайлы азаттығымыздың ай­ғағы, жар­қын болашағымыздың бұл­­жымас бағ­дары. Ол елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыста­ры­мыздың бастау қайнары», деген Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі әр қазақстандық үшін айнымас ақиқат. Конституция бойынша өмір сүру – біз үшін міндет қана емес, абыройлы парыз. Конституцияны құрметтеу – өз құқығы мен бостандығын ғана емес, өзгелердің де теңдігі мен тәуелсіздігін құрметтейтін еркін де ерікті адам­дардың таңдауы. Бектас БЕКНАЗАРОВ, Жоғарғы Сот төрағасы.