Таяуда орталық басылымдардың бірінен мынадай бір ақпаратқа кезіктім. Екі жүз жылдық тарихы бар АҚШ конституциясының қолмен жазылған нұсқасы әр қалада 1952 жылға дейін сақталып келген екен. Қолжазбаны Пенсильвания Бас ассамблеясының қатардағы қызметкері Джейкоб Шаллус дайындап, ол үшін оған бар-жоғы 30 доллар көлемінде сыйақы берілген көрінеді. Бұл құжат сәл кейін Вашингтондағы ұлттық мұрағатқа орналастырылған әрі барынша мұқият қадағалауға алынған.
Жай күндері бұл қолжазба қазынаның бірінші және төртінші беттері оқ өтпейтін арнайы шыны қорапқа салынып көпшіліктің назарына шығарылып отырады. Қағаздың сапасын сақтау үшін қорапша іші гелий және су буымен толтырылған. Түнде қағаз беттері жерасты қоймасына түсіріліп, оларды атом жарылысына төтеп бере алатындай шамада жасалынған бес тонналық есіктің аржағында сақтайды. Конституцияның толық мәтінімен дүйім ел тек жылына бір рет – 17 қыркүйекте, яғни осынау құжатты құрастырушылардың қол қойған күніне орай таныса алады.
Әрине, біз өз Конституциямызға мұндай жоралғы жасап отырғанымыз жоқ. Алайда, бұл қазақстандықтар елдің Ата Заңына сыйластықпен әрі зор құрметпен қарамайды дегенді әсте білдірмейді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Оразақын Асқардың «Ата Заңым» атты өлеңінің мына бір шумағында айтылғандай:
«Әлемге ел пейілін таныстырған,
Заңым – ең адамгершіл, халықшыл заң.
Тілім тұр онда айтыста әділ жеңіп,
Мәртебе мемлекеттік алып тынған.
Қорғалар елім тұтас, жерім бүтін,
Қол сұғып ешкім сырттан айтпас үкім.
Заңда айқын міндеттерім, құқықтарым,
Ақтайтын ел үмітін, ана сүтін».
Сайып келгенде, 1995 жылы қабылданған еліміздің ең басты құжаты Отанымыздың тарихында Қазақстанды жаңаша бір даму сатысына көтеретін айрықша да айтулы оқиға болды. Қоғам мен жеке адам мүдделерін барынша жақындататын, біріктіретін демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік ерікті қоғам құруға толықтай жол ашылды. Экономикада нарықтық қарым-қатынастарды, саясатта саяси-идеологиялық әралуандылықты орнықтыруға мүмкіндік туды. Мемлекеттің негізгі әрі бірден-бір құндылығы ретінде адам, оның өмірі, құқы және бостандығы заңдылық тұрғыдан толық мойындалды.
Маңыздысы сол, Конституция айқындаған мақсаттардың көпшілігіне бүгіндері Қазақстан қол жеткізіп отыр. Айталық, еліміздің зайырлы мемлекет ұстанымына деген беріктігі Қазақстанда діннің мемлекеттен бөлектенгенімен ғана емес, сондай-ақ қоғамдық қатынастарды реттеуде ұлттық ізгіліктермен, дәстүрлермен және заңдылықтармен қатар діни құндылықтардың да маңызды орын алатынымен ерекшеленеді. Қазір елімізде 130 этнос пен 40-тан астам конфессия бейбіт қатар өмір сүруде. Осындай ымыра-біршіліктің, тынымсыз тіршіліктің арқасында Қазақстанда бейбітшілік, қалыптылық нық орнығып, экономикада әлем таңқаларлық оң өзгерістер орын алуда. Нақтырақ айтсақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кезіккен қиындықтарды абыроймен еңсере алдық.
Бәрімізге белгілі, қазір Батыс елдерінің кейбір мемлекеттерінде дефолт жағдайы орын алып, еңбекақы мен зейнетақы азаюда, зауыттар тоқтауда, кәсіпорындар жабылуда, мемлекеттік шығыстар қысқаруда. Ал, Қазақстанда 2010 жылдан бері Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Сол жылы 152 нысан беріліп, 25 мың жұмыс орны құрылды. Биыл алғашқы жартыжылдықта 114 млрд. теңгені құрайтын 75 инвестициялық жоба іске асырылды. Жыл соңына дейін тағы 129 жобаны іске қосу көзделіп отыр.
Жалпы, ішкі және сыртқы саясатымызды сауатты жүргізе келе қазақ деген ұлтты, Қазақстан атты жаңа тәуелсіз мемлекетті дүние жүзіне паш еттік, сөйтіп, күллі әлемге таныта білдік. Соның нәтижесінде, алпауыт мемлекеттер Қазақстанды посткеңестік аумақта бірінші болып нарықтық экономикасы бар мемлекет деп мойындаумен қатар біздің елдің тәуелсіздігіне, шекарасының тұтастығына, бейбітшілігіне кепілдік беретін құжатқа қол қойды. Мұнан соң Қазақстан қазба және өзге байлықтарды экспорттауға халықаралық деңгейде шек қоятын «Джексон-Венс» қара тізімінен сызылды, сөйтіп, өзінің әлемдік рынокқа кедергісіз шығуына мүмкіндік алды.
Сөз жоқ, кез келген қоғамдағы сияқты біздің жас мемлекетімізде де өз шешімін күтіп жатқан өзекті мәселелер жеткілікті. Жұмыссыздықпен күресу, инфляцияны тежеу, еңбек өнімділігін арттыру, шикізаттан гөрі қайта өңдеуге ден қоя отырып отандық бәсекелестікті күшейту, тарифтерді реттеп бағаның шектен тыс өсіп кетуіне тосқауыл қою – солардың бір парасы ғана. Сонымен қатар, қоғамдағы орын алып отырған жемқорлық, парақорлық, жағымпаздық, көзбояушылық, тамыр-таныстық тәрізді кеселдерді түбегейлі жою да бүгінгі күн тәртібінің міндеттерінің бірі. Осы орайда, кемшіліктерімізді термелеп, бір-бірлерімізге түрлі айыптар тағып жататынымыз, істің байыбына бармай тұрып қызбалыққа салынатынымыз жасырын емес. Иә, осындай көңіл-күйге берілген кісілердің туған елінің болашағына, балаларының ертеңіне шын жүректерімен алаңдайтындықтарын білдіретіндері түсінікті жәйт. Дегенмен, туындаған мәселені дабырмен емес, сабырмен шешуге және ол тек заңдылық шеңберінде атқарылуы тиіс. Ең мәдениетті қоғам – заңмен өмір сүретін қоғам десек, Эммануил Канттың «Мемлекет дегеніміз – құқыққа бағынған адамдар ұйымы» деген сөзі ойға оралады. Ендеше, құқықтық тәрбиенің күшейтілуі қажет.
Неге америкалықтар өз елінің негізгі заңына аса ыждағаттылықпен әрі мақтанышпен қарайды? Себебі, сәби туғаннан бастап отбасында, балабақшада, мектепте оның бойына құқықтық мәдениетті қалыптастыру басты міндет болып саналады. Америкалық фильмдерде: «Сіз адвокат шақыруға құқылысыз, еш нәрсе айтпауға құқылысыз. Әр айтқан сөзіңіз өзіңізге қарсы қолданылуы мүмкін...», деген сөздердің айтылатыны әрбірімізге етене таныс. Негізгі заң оларда АҚШ мемлекетінің қарқынды дамуының бірден-бір кепілі ретінде таныстырылады. Ал, Америка азаматтығын алар тұста: «Сіз Америка конституциясына сенесіз бе?», деген сұрақ қойылады. Яғни, конституция Америкада құтты бір екінші Библия тәрізді күйге көшкен. Олай болса біздер де өзіміздің әрбір қимылымызды конституция талаптары шеңберінде жүзеге асыра отырып, заңдылықтары мүлтіксіз сақталатын құқықтық мемлекетті орнатуға атсалысуымыз қажет. Сонда ғана біздер Ата Заңымызда анықталған биік межелерді бағындыра аламыз.
Ең асыл мұратымыз еңселі ел болу еді. Кейінгі, тек екі ғасыр ішінде қазақтың өз бостандығы жолында екі жүзден астам ұлт-азаттық көтеріліске шыққаны соның дәлелі. Мұнан 20 жыл бұрын қазақ жерінде атқан тәуелсіздік таңы Алтай мен Атырау және байтақ Сарыарқа арасын алып жатқан дархан даланың төсін қанымен, терімен суарған ата-бабамыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі емес пе? Сондықтан да, тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Оған Ата Заңымыз кепіл.
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы.
Астана.