• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
31 Тамыз, 2011

«Сұрторғай, неткен сұм торғай» – деп зарлайтын күннің келгені ме?

831 рет
көрсетілді

Жазылған жайдың жаңғырығы _______________________ Ойды ой қозғайды. Бірдеңе оқыған соң ойыңа бірдеңе түсіп жатады. Алты жасымызда мектепке барып, қырық екі әріпті түгел танығалы кітап жастанып жатамыз. Бәрін оқимыз. Оның ішінде Мархабат Байғұтты да. Бастапқыда: ол кісі жаза, біз оқи бастағанда Байғұтов пен Олжаев едік. «Жалын» альманағына жарияланған, бас кейіпкері қосалқы кейіпкерімен баласының тілімен айтқанда, перпендикуляр болатын алғашқы хикаясынан-ақ сүйікті жазушылардың сапына кірген. Тағы бірде Балдыберек ауылынан шыққан үш дос туралы хикаясына тамсандық. Онда бас кейіпкер жол бойында сауысқан ататын. Жолаушылар дамылдауға түсіп жатқан автобустың алдынан мылтығын кезеп шыға келіп, автокөлікке соғылып өлген қанаттасының денесін шоқып жатқан сауысқанды жалп еткізетін. Қолымызда құзырет тұрса, Мемлекеттік сыйлықты ойланбай беретін туынды еді. Одан беріде үлкенді-кішілі қаншама шығармасы бар. Түстеп-түгендеуге әдебиет сыншысы емеспіз. Жаяу жарыстың шаңын шығарып жүрген спортшыны штанга көтеруге қатыстыра қоймайды ғой. Кейін Мархабат көкеміздің «Егемен Қазақстандағы» мақалаларын оқығанда, көзіміз қызыққаны не, қолымыз қыши бастаған. Кезінде біз жайлаған өріс еді. Өнерде өрістің бәрін бірдей меншіктей алмайсың, енді бәсекелес емес, тілектес болып қала бердік. Бәсекелестің сұмдығын қазір жазамыз.

«ШИЕМ, КІМ СЕНІҢ ИЕҢ?»

Сұрторғайға қатысты бірінші сауал осы.

Сол Мархабат көкеміз бауыр басқан «Егеменінде» 2011 жылдың 16 тамызы күні «Күлесің, кейде күрсінесің...» деген тақырыппен бір шо­ғыр шағын мақалаларын жариялады. Жанры – этюд. Тілі жеңіл. Бояуы қанық. Өмірден сол қалпы ойып алған көріністер. Шоғырдың басқы төр­теуін езу тарта оқи салдық. Бесіншісі «Ала­қанат. Алаяқ. Алапат» деп аталады екен. Мұны оқыдық та, атып тұрдық. Денеңді сол­қылдатқан сыз­дауығыңды біреу байқамай, бірақ аяусыз басып кеткендей. Ол түбі зиян емес, пайдаға шығады. Өзіңнің қолың батпай жүрген бітеу жараң жарылып, соқтасы ағып, сосын жазылып кетеді. Оқырман, тіпті, Мархабат ағамыздың өзі теңеуі­мізді кешірер, біздің бітеу жара тура осы «алақанат» болатын. Оқырманбыз дедік. Аздап жазарманбыз. Қол­ға диплом алғалы қызметкерміз. Осының бәрінен қол қалт еткенде бақша егеміз. Алма­тының у-шуын алдыңғы, ер жеткен балаларға қалдырып, қала іргесінде үй салғалы бері. Бақшаға жұмыстан кейін кешкі бірер сағат, қызметке кетерге дейін ертеңгі бірер сағат бар. Жексенбіде кешке дейін. Кеш – қазақтың әйтеуір, бір тойы. Бармасаң өкпелейді. Себебін айтып «бақша суғаратын едім» десең, масқара, галстугіне асылып қалуы мүмкін. Бақшаның көлемі алты сотық. Баяғы кеңес­тік өлшем. Одан үлкенін игеруге уақыт жет­пейді. Сонда әр қызметкердің шамасы артық-кемі жоқ алты сотық жерді игеруге келерін дәл есептеген совет өкіметі қандай ақылды болған. Кекеген емес, имандай шынымыз. Ал, мүйізіміз шықса, кеңесті талай кекеп едік. Бақшаға мынау аяр тіршіліктен кірлеп кіріп, тазарып шығамыз. Басқа небір тұнық идеялар келеді. Сол үшін кетпен ұстаймыз. Марқұм Қа­дыр ағамыз ақын ғана емес, әулие кісі еді: Тамаша, тамаша емес бірақ туыс, Бір ауық қолға күрек ұстамаса. Мархабат көкенің мақаласындай шағын бау-бақшамыздың ермектен кейінгі керегі – кенже балалар мен оларға тетелес өсіп жатқан немерелер өсіргеніңді таласып-тармасып жейді. Негізі осы үшін-ақ өсіруге болады. Алдымен құлпынай піседі. Құлпынайдан кейін – шие. Шиеден соң кезек қызылқатқа келеді. Жеміс-жидек ішіндегі ең берекелісі. Қарақат қы­зылқаттан сәл кейін піседі. Ал солтүстік жақ­тағы қоршаудың ішкі күн көп түсер түстік беті – жаппай таңқурай. Алғашқы үш жыл бері қа­рай шабуылдап, ортадағы қияр, помидор, бұл­ғар бұршағы, баклажан, пияз, сәбіз сынды кө­көніс­тің мазасын кетірген. Таңқурай – тамы­ры өскін беретін қу. Әр жыл­да алғашқы еккен тұстан кемі бір қадам жерді жаулап отырады. Айтпақшы, қарақат пен таңқурайдың арасында тошала піседі. Бала кезіміздегі ең сүйікті жидегіміз. Тарбағатайдың қапталын құрайтын Өк­петі, Қызылтас сынды қойнаулары кең, өзен-бұлағы көп тауларынан қарақат, тошала, таң­қурай, долана, мойыл, итмұрын теретінбіз. Бақ­ша­да тошала мен қарақаттың арасынан шыққан будан бұтаның жеті түбі және бар. Бұл жеуге болмаса, тосапқа жарамайды. Әйтеуір, жегенге тәтті. Жылқының буданын бала кезден білетінбіз. Кейін жастар газетіне тілші болып, тың облыс­тарын аралағанда бидайдың буданы туралы біраз мақала жазсақ керек. Енді ұмыт бола бастаған Азаматтық пен Аграрлық партиялар қосылғанда саясаттың буданын да көргенбіз. Біздегі будан қожақат пен таңқурайдың ара­сынан шыққан. Сондықтан орысша аты – «ежемалина». Мұның әкесі таңқурай жайын жоға­рыда біраз жаздық. Шешесі қожақат та бізде өсіп тұр. Бұл буданнан кейін жеміс-жидектің соң­ғы кезегі – жүзімде. Шығыс жақ шетке, дуалдан бір жарым метр берірекке үш түбін еккенбіз. Міне, осынша санамалап шыққан жеміс-жидек біздің балалар мен немерелердің аузына өскен қалпы тисе, шіркін. Оған кейінгі бес жылда жау пайда болған. Ол – сонау Шымкент­тегі Мархабат көкемізді күрсіндіріп отырған алақанат. Немерелеріміздің жасында талай тақпақ білетін едік. Соның бірі: Шие-шие, шиемін, Піскенде бас иемін. Піспей тұрып тиіссең, Тіліңе удай тиемін. Тура сол тақпақтағыдай, біздің бақшадағы шиеден жүзімге дейін бас иіп, жемісін ұсы­нады. Бірақ, иіліп тұрған жемістің көбін ертелі-кеш әлгі Мархабат ағамызды күйіндірген, күрсіндірген алақанат, ел ішінде «афганка» аталатын сүйкімсіз сұрторғай тонап жүр!

 «ҚАРЛЫҒАШЫМ, КЕТТІҢ БЕ?»

Сұрторғайға қатысты екінші сауал осы.

Бізді орнымыздан атып тұрғызған мақала­сында Мархабат көке «Мінекиіңіз, шілденің соңында құс базары қызып жататұғын Құлбай­шоқының баурайын аралап жүрміз. Киелі саналар көкқұс, құрқылтай, қарлығаш, нәурізек, кептер атаулыдан түк те жоқ. Бәрінің ұяларын да, үйлерін де, қуыстарын да алақанат, қоңыр­қошқыл құс жайлап алған» деп жазады. Сосын «Тоқ­саныншы жылдардың соңына таман Ты­нымбай Нұрмағамбетұлы мен Жүсіпбек Қор­ғас­бек сынды суреткерлеріміз осы қаскөй құс туралы керемет әрі қорқынышты көркем әңгімелер жазған-тұғын... Жүсіпбек пен Ты­нымбай жазғалы бергі кезеңде бұрынғыдан да бетер жетіліп, өңдене, өзгере түскен» депті. Жет­пей тұрғаны Мұхтар Мағауин шығар. Кеззеп тұмсығынан кеспірсіз тырнағына дейін құстан түк қалдырмай сипаттаса; берідегі жа­зықсыз туысы бозторғайдан арыдағы әзір қамсыз ағайыны кептерге дейінгі жеті атасын түгендесе; біз сияқты бір бақшаның қор­ша­уында қалмай тұтас ұлтқа әкелген залалдарын санамаласа – ашып тұрған жараға кілегей жағып бергендей риза болып қалар едік. Әттең! Дон мен Дунайдан әрі асып кеткен ағамыздың әлде жекеменшік бақшасы жоқ, әлде бұдан гөрі бұлты қалың ұлыстық тақырыптардан қолы тимей жатыр-ау, сондықтан өзіміздің тыр­бануымызға тура келеді. Тырбандық. Алдымен ала таңнан көрінетін қарақшы қойдық. Бала кезімізде Ақсуаттың шет жағына бақша салатын немістер сөйтетін. Ол кездегі құстар қарақшыдан қорыққан шығар, ал ала­қанатыңыз түс ауа қарақшының басына қонып отырды! Советтермен соғыс кезінде тағы бір аэродромға ие болған фашистерден кем масайраса, кәне. Өзімізге ұқсатып жасаған, біркиер демесек те, иыққа ілуге жарайтын киімімізді кигізіп қойған қарақшының қауқары жарты күннен аспады. Екінші жолы тас лақтырып қумақ болдық. Атқан тасымыз олардың бізден қашып қонақ­тайтын биік ағаштың басына жетпеді. Ол дарақ алты сотықтың батыс жақ шетінде өсетін. Түс ауа көлеңкесі бүкіл бақшаны жауып тұратын болған соң бірнеше жыл бұрын қабығын балтамен қы­рып, сүрегін жарты метрдей жалаңаштап тас­тағанбыз. Кәнігі көршілердің кеңесі рас екен. Қурады. Бақша меншігіміз болса да ың­ғайсыз­дандық. Қараағаштың бодауына сыртқа, көше жақ бетке бес түп тұт, үш түп қайың, оны қоршап тоғыз түп тал ектік. Жауын тыйылған маусымнан бастап он күн сайын суғарып жүр­дік. Тұт пен қайыңды тамыр тұрмақ, бір күбі болар туған топырағымен отырғыздық. Талды егу оңай, бажамыздың күрек пен айырға сап болар деп өсіріп отырғанынан ілгеріде бір метрден кесіп алып, қарақаттың шығыс жағына қаға салғанбыз. Олар үш жазда көлеңкелі нуға айналған. Енді содан және кесіп, бақша сыр­тына қақтық. Рас, екеуін мал айдағандар суы­рып алыпты, оқа емес, басқа жетеуі жайқалып кетті. Тағы бірде үш қайыңның бірін әлдекім ортан белінен сындырды. Өкінішті еді, басқа бұтағы белсене шығып, байғұс өсіп кетті. Ал, тағдыры таразының екінші табағында қалған қураған дәу қараағашты жаппай «афганка» жайлапты. Бізден үріккенде сонда жиналады. Өздері бір партиялы парламенттей ұйым­шыл. Шұрқырасып жатып, төменге қарай саң­ғытады. Жартысы топырлап біздің жерге түсіп, жартысы батыс жақ көршінің жазғы шатырына тиіп, тыр­сылдап жатқаны. Біздің шептен бом­былауға ұшырайтын – тоғыз қатар құлпы­найдың шеткі екі қатарының етегі, шамамен он­шақты түп; құлпы­найдың қаламшаларын шектеп тұрған темір қалқанның жиегіндегі «түн ханшайымы» атты бір түп гүлге қалқа бол­сын деп егілген, балалар «пальма» атайтын, анық аты белгісіз, жапырағы жайылған қол­шатырдай жалпақ, жуан сабағы тобылғыға ұқсас күрең, ұшындағы шоғыр түйін­дері арша­ның қылқанын еске салатын, ондағы шағын күлтелі қызыл гүлдері қоңыз тәріздес үш сәндік өсімдіктің екеуі; сосын жылда басқаларды ащы етіп жібермесін деп бақшаның шетіне егілетін бес ащы қызыл бұрыштың екі түбі. Майдан командирінің «донесениесі» осылай болар, білем. «Афганкамен» аяусыз ұрыс жүргізіп жат­қанда амалсыз әскери терминге жүгінесің. Күні бойы шие жеген құстың саңғырығы қысыммен атылып шығатындықтан сәндік өсімдіктің жалпақ жапырақтары шұрқ тесік, жағал-жағал. Түскен дағын сумен жуармыз-ау, ал жапы­рақтың тесігін қайтып жамап берерсің?! Сөйтіп, қараағаштың басына лақтырған тасың жетпейді, ал қарсыласың саңғытқан шие­нің сүйегі байқамасаң көзіңді шығаруы мүмкін. Бақшаны ұрлайтыны аз болғандай. Сосын жазушы Танаш Дәуренбеков марқұм­ның ертеректе қолымызға тиген «Сыр бала­лары» атты кітабында егінге тиіскен торғай­ларды сақпанның тасымен ататыны еске түсті. Әлгінде тілге тиек болған Қадыр ағаның сақ­панмен торғайды көздеп, терезені қиратқан бала туралы өлеңі бар еді: Балалардың сөз десе Тілі қышып тұрмай ма? Терезені көздесең Тиер деді торғайға. Қош, бала кезінде тентектеу болған балды­зымызға сақпан, яғни рогатка жасаттық. Енді тас жететін болды. Әттең, жапырақсыз қалса да бұтақтары бар ағашта кедергі көп екен, тимейді. Аналар шұр-шұр етіп ұшып кетеді. Бірақ, қалай біз үйге қайтамыз, солай бақшаға үймелейді. Тағы қайтпек керек? Тұзақ. Баяғыда әкелеріміз аттың қылынан жа­са­ған тұзақпен кекілікті жыпырлатып ұстай­тындары туралы айтқандары есте. Көршіміз әл-ауқатты кісі, алпыс-жетпіс жылқы байлайды. Әйелі біздің елден екен, жезделігін көлденең тар­тып атқорасына кіріп, жуас деген биенің құйрығынан ұзын қылды жұлып алдық. Тұзақ құрылды. Бір уақытта құлпынайдың үсті апыр-топыр болғанын көріп, жүгірдік. Біз барғанша жабылып тұзақты тұмсықтарымен қырқып, кепілге кете жаздаған туыстарын құтқарып алыпты. Енді бәрі қараағаштың басында соңғы жаңалықты талқылап жатыр. Қақпан. Бар еді. Үйге әлдеқалай қаңғалақ­тап кіріп кеткен жалғыз тышқанды ұстап бергелі керексіз жатқан. Алып шығып ортасына шиенің қып-қызыл дәнін салып, ашықтау тұсқа құрып тастадық. Түсті. Біреуі. Басқасы қорқып ұшқан не, бұл жолы да көмекке келді. Екеуі ананы екі қанатынан тарт­қыласа, үш-төртеуі қақпанның жүзін тұмсықпен ұрғылап жатыр. Бірақ, пластмасса қақпан аттың қылы емес, жібермеді. Сөйтіп, тірі біреуі қолға түсті. Мұны басқаларға үлгі болсын деп, баяғы қарақ­шымыздың басына ілдік. Ежелгі Қытайда ма, Парсыда ма, басқа жұртты шошыту үшін көте­рілісшілерді көшенің көрнекі жеріне дарға асып қоятын. Бақшамызда өзіміз – император, қалған құс қорықсын дедік. Атасының басы. Жарты күннен соң «афганканың» шабуылы қайта басталды. Бұрын­ғыдан өшпенділікпен тиісетін болды. Пәлелер тұзақ пен қақпанға жола­майды. Ал алты сотықтың әр шаршы сантиметріне қақпан мен тұзақ құру мүмкін емес. Анау, алдымен қақпанға түсіп, соңынан дарға асылған сорлының сасып, құрттай бастаған денесін өзіміз құрттық. Ендігі амал – мысық. Қаңғып жүрген жерінен сылап-сипап бақшаға жібердік. «Көшеде жүрген пақырды, Әкім бол деп шақырды». Ұмытпасақ, Әуезов театры осындай атпен қойылым көрсе­тетін. Соның кері болды да шықты. Бастапқыда үйренсін деп сүт, сосын дүкеннен «Вискас» беріп баулыдық. Жерсінді. Егеуқұйрық ұстап алғанын көрдік. Ұрғашы екен, сол бақшада туды. Екеуі өзіне тартқан көкшулан, бірі сірә, еркек мысыққа тартса керек, қап-қара үш марғау пайда болды. Балалар қайта сүт тасыды. Әттең, бұл мысық бақшаны «афганкадан» қорғау орнына бүкіл әулетімен бас сауғалағаны. Қалай мысық ашық тұсқа шығады, сұрторғайлар шұрқырасып соған шүйіледі. Мынада еш қайран жоқ, күндіз баспалап балаларымен қарақат ішінде жатады. Қарақатты суғарғанда таңқурайдың арасына кіреді. Тек бақшаға біреу барып, сұрторғай шұрқырап ұшып кеткен соң аяққа оратылады. Солай, мысық жеңілді. Жеңімпаз «афганка» ағаш немесе сым басында «мияулап» мазақ­тағанда мысыққа жер басып жүру қиын шығар дедік. Басқа күрес құралы қалмаған біз де жеңілдік. Төңірекке қарасақ, алдымен адам емес, қарлығаш жеңіліпті. Алғаш үй салған жыл­дары­мызда екі, одан төрт қарлығаш ұя салған. Қадырдың: Құсбегі қарттар көп мұнда Құмарлығы әлі қанбаған. Қазақтың үйі жоқ мұнда Қарлығаш ұя салмаған, – деген өлең жолдары аспанға жат жерлік басқыншы жетпеген мамыражай жылдарды сипаттайтын. Қазір маңайда емге қарлығаш жоқ. Құйқылжыған дауысы, алдыңды орай айналып ұшқаны қандай еді. Сағынасың. Оның ұясын «афганка» тартып алған. Қарлығашым, келдің бе, Қаршығадан саумысың? Аман-есен жеттің бе, Айырқұйрық нау құсым, – дейтін Мұқағали жарықтық. Енді Марал­тай­ларға қарлығашты жоқтап жырлау қалған шығар. Айтпақшы, бірнеше жыл бұрын көкек шақы­ратын. Көктем сайын. Дауысы тамаша еді. Қазір ол да безіп кетіп, жайлы мекенінде тұрпаты ұсқын­сыз, жауыз екені болмысынан байқалатын басқыншы құс бездеңдеп жүр. Ерте келетін қараторғай да көрінбейді. Мүлде. Жиырмасыншы ғасырдың басында әлеу­мет­шіл болған, кейінгі зобалаң кездерінде зерт­теушілер «ағартушы» деген топқа қосып біраз өлеңдерін репрессиядан сақтаған ақы­нымыздың ғажап туындысының бірі: Бозторғай зорлық көріп тұрымтайдан, Таяныш таба алмапты қырдан-ойдан. Болыпты зарын айтпақ, мұңын шашпақ Қырғиды жолықтырып көрсе қайдан, – деп басталатын. Арада тура бір ғасыр өтті, ақын жыры қоғамдағы жағдайды сипаттауда әлі күнге өзекті болса да, мысал ретіңде келтірген оқиғасы мүлде басқаша қалыптасты. Бұл заманда бозторғай тұрымтайдан емес, Ауған тауларынан ауып келген сұрторғайдан зорлық көріп жүр. Жеңілгеннің және бірі – бәбісек. Сыған қа­тынның белдемшелеріндей түрі әлем-жәлем, ба­сында желкілдеген айдары бар ерекше құс еді. Ұясы мүңкіп тұратындықтан, ел ішінде оны «сасық көкек» деп атайды. Жағымсыз иіс шыға­ратыны – қорғаныстың бір түрі. Жырт­қыш құс, жүгірген аң, жорғалаған жылан беттей алмайды. Тұмылдырық тақпасаң, ұядағы балапанын көре алмайсың. Сол бәбісектің ұясын тартып алған «афганкаға» не дауа?! Бұл сұмпайы тіпті, сасық иістен шімірікпейді екен. Бәбісек, қараторғай, көкек, қарлығашты адалап біткен сұрторғайға әзірге сауысқан төзіп тұр. Ол да сүйкімді құс емес, бірақ мы­наның қасында «айналайын» дегің келеді. Байқа­ғанымыз, мына залым бәсекеде сауыс­қан­ның өзін ығыстырып шығатын сияқты. Бірде жұмысқа кетуге киініп жатып сыртқа көз салғанбыз. Алдында ғана итке тамақ құйғанбыз. Біздің ит ыдыстағы тамақтың ішіндегі сүйекті бөлек шығарып қояды. Алдымен тамақты жалап-жұқтап жеп, сосын сүйекті асықпай кеміреді. Оның да өз тәртібі бар. Сүйекті ыңғайлы жерге көлденең салады. Үстіне жұққан тамақты жақсы­лап жалайды. Қалған-құтқан сіңір, шандырын тазалап жейді. Сосын екі аяқпен басып алып, кеміреді-ай келіп. Тура өзің мүжіп жатқандай қарап тұрып рахаттанасың. Бұл жолы бақшадағының бәрін тауысқан «афганканың» енді иттің тамағына ортақтасқысы келгенін бай­қадық. Жалғыз емес, қасында бәсекелесі сауыс­қан бар. Алдындағы тамақтан айрылатын біздің ит те алжыған емес, екі-ақ рет қар басқан жас төбет. Бір көзі ыдыстағы тамақта болса, екінші көзі ыңғалап қойған сүйекте. Біреу-міреу сүйекке жақындаса, тамақты тастап арс ете қалмақ. Жұмыстан он-он бес минут кешіксек те, мына бәсекені бақылау керек болды. Ақыры сауысқан бұл жерден нәпақа таппай, иттен қорқып ұшып кетті. Ал мына сұрқия қайтті дейсіз? Пыр етіп сүйекке ұшып барды. Ит арс етіп солай қарай секіргенде кері серпіліп, ыдыстағы тамақты бір шоқып үлгерді. Ит оралып ыдысқа бас қойғанша дуал үстінде бақы­лап тұрды. Сосын жаңағы әрекетті қай­талап, ыдыстан және бір шоқып үлгерді. Бүйте берсе Мархабат көкенің «алақанат алаяғы» бақшаны тонағанды қойып, итіміздің өзін аш қалдырғандай-ау.

«ӨЗБЕГІМ, ҚАНША СҰМДЫ КӨЗДЕДІҢ?»

Сұрторғайға қатысты үшінші сауал осы.

Бақшаға жаудай тиіп жатқан бұл құстың ғылымдағы аты – майна. Әу бастағы тарихи отаны – Бирма, Үндістан. Әлгі біздің таң алдында атамекенін аңсап шақыратын тауықпен жерлес. Кейін беріректегі Ауғанстанға дейін ірге кеңейткен. Ауызекі тілде «афганка» делінетіні содан. Қара­торғай тұқымдас. Бір патшадан тараған ұрпақ­тардың бір-бірін ығыстырғаны жайында тарихта көп айтылады, мынау соның құс патшалығындағы көрінісі. Өзін ғалымдар жәндіктің синантропты түріне жатқызады. Онысы – адамның маңайында өмір сүреді дегенді білдіреді. Тарақаның мен егеуқұйрығың да сондай. Құста: көгершін, қараторғай, қарлығаш синантропты. Ұзақ жыл Ауғанстанды жайлаған соң Әмуда­риядан ұшып өтіп, өзбек, тәжік тауларына жетіпті. Естеріңізде болса, Темірхан Медетбектің: Шекараны білмейді Шекарадағы торғайлар, – деген өлеңі болған. Ақынның айтқанында еш жалғандық жоқ, жетпісінші жылдары майна кеңестік шекараны мойындамай, бергі бетке ұшып келді. Бастапқыда аз-мазы. Ал Совет Одағы өз-өзімен жатқан Ауғанстанға басып кіріп, жойқын соғыс басталғанда бейбіт халық Пәкстан жаққа қарай ауса, мына құстар керісінше солтүстік жаққа ауады. Осылай келіп қалған майнаны зерттеуге Орталық қаржы да бөлгізген. Одақ ыдыраған соң, зерттеу тоқтады, оның нәтижесі Мәскеуде қалды, бізге белгісіз. Ал, Ауғанстанда соғыс тоқтамады, енді басқа жатжерліктер онда басқа тәртіп орнатпақ. Майна болса бұл кезде Өзбекстан мен Қырғызстанда өз соғысын жүргізіп жатқан. Басқа құстармен арада. Тегі торғай болған соң майна жыртқыштар қатарына жатпайды. Мұныкі – алдап, жасқап жемін бұрын жеп кету, ұясына беймезгіл кіріп, жұмырт­қаларын жарып тастау, сол ұяны босатпай қою. Осы әрекеттер арқылы күші өзімен шамалас, бірақ имек тұмсығы мен өткір тырнағы жоқ қанат­тастарды ығыстыру. Табиғатта бір жерді тұрақты мекендейтін жәндіктің келесі жерге баруына кейде адамдар кінәлі. Картоп егетіндердің түнгі ұйқысын төрт бөлетін Колорадо қоңызының атамекені – АҚШ-тың басқа штаты еді. Ол әлдебір шөп тұқымымен Колорадоға барған соң үйреншікті азығы табыл­май, картоптың жапырағын жеуге үйренеді. Сол қапталған картоппен мұхит көктеп Еуропадан бір-ақ шығады. Азияға енді жыл сайын жылжи ұшып отырып жетіп алғаны анық. Сол сияқты «амери­калық» аталған тарақанды «Мосфильм» кинос­тудиясы АҚШ-тан декорацияға мебель әкелеміз деп Мәскеуге таратты. Немесе итті Австралияға алғаш отарлаушылар алып барды. Басында пайдасы болмаса зияны жоқ үйдің иті. Кейін бірнешеуінің иелері соғыста өліп, бұралқы күйге түсті. Кең даладан азық тапты. Өсті-өнді. Сосын қалталы аңдарды қан қақсатқан Динго атты жабайы ит тұқымы болып шыға келді. Өйткені, оңаша құрылықта оған бәсекелес азулы аң жоқ еді. Мысал көп, бірақ тағылым аз. Жәндіктердің адам араласпай-ақ көшіп жүруі де кездеседі, ол – табиғи құбылыс. Олардың саны бір аймақта шектен тыс көбейген соң жаңа қоныстар қажет. Мысалды алыстан іздемей-ақ қара шегірткені алыңыз. Бір жерді жайпап келесі аймаққа тұтаса ауып жатпай ма. Айтпақшы, майнаның қасиеті – осы қара шегірткені жейді. Сол үшін оның ауыл шаруашылығына пайдасы көп деушілер бар. Майнаның ауыл шаруашылығына пайдасы көп болса, жермен күн көріп отырған Өзбекстан оны қырып тастауға шешім қабылдар ма. Бізде бақша ермектік деңгейде болса, өзбек диқанының бақшасы – күнкөріс көзі. 2003 жылы Өзбекстанда үкімет шешімімен «майна» құсын табиғаттан шектеу тәртібі бекітілді. Оның алдында Ташкент хокимиятында жиналыс өтеді. Өзбекстандық әріптесіміз, тележурналист Әбдимумин Әбді­сама­товтың айтуынша, шие жиналатын тұс екен. Жиналыста сөйлеушілер жатжерлік құстың шие бауларынан түк қалдырмағанына шағымданады. Хокимият халық сөзін үкіметке жеткізеді. Үкімет «қыру керек» деген қатал шешімге келеді. Бір аңшылық маусымда 952 мың құс атылуы керек. «Бұл – республиканы жаулап алған 1 миллион 360 мың майнаның жетпіс пайызы» деп көр­сетіледі аталмыш құжатта. Ташкенттегі ғалымдар болса, үкіметтің қолындағы дерек дәл емес, ел астанасының өзін үш миллион «афганка» мекендейді деседі. Майнаның шие, жүзім және басқа жемістерге жаудай тигені аз болғандай, Өзбекстандағы жабайы құстар арасалмағын өз пайдасына күрт өзгерткені осы мәжілісте сөз болған. Самарқанд мемлекеттік университеті биология факультетінің доценті Сәмен Фундукчиевтің айтуынша, бұдан ондаған жыл бұрын республикада құстың 31 түрі жойылу алдында тұрса, енді ол шекке 48 құс жетіпті. Бұған адам әрекетімен қатар майнаның қаптап кетуі себеп болды дейді ғалым. Осы аймақтағы халықтар жұмақ құсы са­найтын көкқұсты, жазығы жоқ жапалақты құртып жіберген майна көрінеді. Кейбір деректерге қарағанда майнаны ату үкімет шешіміне дейін-ақ қолға алынған. Ел президентінің Дүрмендегі резиденциясына осы құстардан келген зардаптан соң оққағарлар атшаптырым жердегі резиденция айналасын «афганкалардан» аластауды бастаған. Бұрын аңшылар майнаны атпайтын, өйткені, өлексе жеп, қоқыстан тамақ табатындықтан, еті адал құс емес. Енді жағдай өзгерді. Майнаны қыру үшін Өзбекстан үкіметі Ресейден жарты миллион патрон сатып алды. Кеңес Одағы тара­ғалы Өзбекстанның 12-інші калибрлі патрон әкеліп отырғаны осы. Бұл – құс ататын бытыра мылтықтың патроны. Қазақтың «екі үйге – бір көсеу» деген жұмбағы болатын. Сол айтпақшы, екі құсқа – бір патрон. Екі жұп аяғын әкесең бір патрон аласың. Бытырамен бірден төртеуін түсірсең, бір патрон үнемдейсің. Майнаны қыру респуб­ликаның Аңшылар мен балықшылар ода­ғына міндеттелді. Құс ататындарға патрон берілгенмен, жалақы жоқ. Оның есесіне майнаның бес жүз аяғын тапсырсаң, аңшылық жолдамасы жеңілдік­пен беріледі. Мың құстың аяқтарын өткізгендер үшін аңшылық маусым ақысыз. Ереже бойынша майнаны қалаға бір шақырым, басқа елдімекендерге үш жүз метр жақын жерден атуға болмайды. Арақ ішкен, есірткіге елтіген адамдардың құсты атуына тыйым салынған. – Кезінде Өзбекстанда бұл құстың балапанын Ауған жақтан арнайы тормен алып кетіп, шайханаларда ұстаған, – дейді Әбдимумин әріптесіміз. – Шайханаға біреу бас сұқса, сұрторғай «қо­жа­йын, мехман келді» деп өзбекше сайраған. Оны тыңдамаққа шәйханаға келушілер көп болатын. Сөйтіп майна бір кезде құрметке де ие болған деңіз. Айтты не, айтпады не, «афганка» ырғын қыр­ғынға ұшырады. Бірер жылдан кейін өзбектің шие, жүзімі қайта жайқалды. Жоқ жерден пәлеге ұшы­раған сұрторғайдың тұқымы болса, енді Өзбек­станнан өтіп Қырғызстан мен Қазақстанды жайлауға көшті. Бірақ Өзбекстанда мүлде таусыл­ған жоқ. Өйткені, бұл құс бір жазда ... үш рет ұя басады. Әр жолы кемі алты-жеті балапаннан. Бұл құс біздің үйдің шатырын да мекендейді. Өздері ешқашан ағашқа ұя салып әуреге түспейді. Қуысқа, інге, бөрененің басына, сосын басқа құстардан тартып алған дайын ұяларға жұмыртқа басады. Қанша жерден қиянатына ұшырасақ та шатырдағы ұясын бұзуға дәтіміз бармаған. Шамамен қырық күнде бір рет балапандарын баулып жатқаны. Сонда ерте көктемде екеу болып келген құс қоңыр күзде жиырма болып қайтады. Жапа­лақ, бәбісек, көкқұс, қараторғай, көкек, қарлы­ғашта мұндай өсім жоқтықтан олар ығысып жатыр. Табиғатта он есе өсімталдық тарақан мен егеу­құйрыққа тән. Демек, адам неғұрлым қырса, олар соғұрлым шығынның орнын толтыруға тырысады. Қырғыздардың да алақанатқа қарсы амалы жоқ. Жалалабад облысында «афганканы» атуға ниеттенген екен, бірақ аймақтағы мылтық дауысы онсыз да сетінеп тұрған тыныштықты бұзады деп, үкімет рұқсат етпейді. Құсқа емес, атыстан қажы­ған халыққа жаны ашығандық шығар. Қырғыз Ұлттық ғылым академиясы Биология-топырақтану институтының ғылыми қызметкері Анатолий Онищенко Ферғана алқа­бынан басталған майнаның шабуылы Нарын, Шу мен Ыстықкөлді толық жаулап алумен тынғанын айтады. Бұл құс таулардың екі жарым мың метр биіктігіне дейін мекендейді. Демек жазықтағы біз санамалаған құстармен бірге таудағы шақшақай, құрқылтай да сорлап жатқаны даусыз. Қазақта «құрқылтайдың ұясындай» деген әдемі теңеу бола­тын. Рас, оның ұясына мына басқыншы сыя қоймайды. Бірақ, құрқылтай құрыған соң оның ұясы тозады, жоғалады. Жоғалған құспен бірге қазақтың тамаша сөз тіркесі келмеске кетеді. Не амалың бар? Мархабат көкеміздің мақаласы: «Бүгінде бұлар бұлбұлша сайрайды, қараторғай мен қарлығаш секілденіп құйқылжыта әндетеді, нәурізекке ұқсап «сүт-сүйт, сүт-сүйт» деп қояды. Әсірелеп, немесе әзілдеп отырған жоқпыз. Шындығы осылай» деп аяқталған еді. Біз де «афганка» туралы ештеңені әсірелемей, ешкімге әзілдемей көргеніміз бен естігенімізді жазып шықтық. Бұл жазғанымызды саяжайдағы бау-бақша­сының жемісін теріп жей алмай, ашынған адам­ның апшығанына баламасаңыз деймін, ағайын. Бау-бақша деген ең алдымен жан азығы. «Қора­м­са таулар қоршаған қала қапырық, қапырық қала жатады самал шақырып» деп Кеңшілік ақын айтатын Алматының көк түтінге көмілген көшелерінен қажығанда тау баурайына қашып шығып, жан сауғалайтын мекен. Ондағы жеміс-жидек те бәрінен бұрын ой еңбегі мен дене еңбегін жарас­тыруға деген жанталасымыз­дың жемісі.  Қысқасы, азық-түлігіміз алақанат­қа қа­рап тұрған жоқ қазірше. Бірақ... Бірақ, осындай алаяқ жаратылыс­тың – қаныпезер құстың кейінгі кезде айы оңынан туып, әлемнің бір елінен кейін бір елін жайлап бара жатқаны ойландырмай қоймайды. Неге?! Неге осындайлардың жолы болып бара жатыр мына дүниеде?

Қайнар ОЛЖАЙ, Қазақстан – Пәкстан – Ауғанстан – Өзбекстан – Қырғыз Республикасы.