• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
31 Тамыз, 2011

Абай ұрпақтарына құрмет

619 рет
көрсетілді

Жақсыдан қалған жақсыға құрмет көрсету, ілтипат таныту, көңілге медеу болатын мұрасы болса, оған сергек қарау кейін­гінің парызы деп білеміз. Сондай бір әдемі іске жақында Семейдегі Абайдың мемлекеттік қо­рық-мұражайы ұйытқы бол­ған еді. Ұлтымыздың ұлығы, ұлы ақыны Абай Құнанбай­ұлы­ның талантты баласы Ақылбай Абайұлының 150 жылдығы мен оның кіндігінен жаралған талант Әубәкір Ақ­ыл­байұлының 130 жылды­ғы­на ар­налған әдеби-танымдық кеш соның дәлелі деп білеміз. Иә, Абайдың асқар биігін, баға жетпес асыл мұрасын шә­кірттерінің шығармашылығы да толықтырып отырғаны тарихтан мәлім. Оның айналасында Ақ­ыл­бай, Мағауия, Шәкәрім, Көк­бай, Әріп, Әсет, Уәйіс, Бейсенбай, Әубәкір, Кәкітай, Әбіш си­яқты жас талап ақындармен қа­тар, Мұқа, Мұхаметжан, Әлма­ғам­бет ертекші, Баймағамбет тә­різді әнші-күйшілер жүрген екен. Ақылбай (1861-1904) – Абай­дың тұңғыш ұлы әрі талантты шәкірті. Ол ата дәстүрімен үл­кен әкесі Құнанбайдың бауы­рында тәрбиеленген. Жақсының тайтұяқтай ұлынан қалған поэ­малары әдебиетіміздің алтын қа­зынасына қосылуымен бірге, өзге жұрттарға да танылған. Оған ағылшын жазушысы Генри Райдер Хаггардтың Ақылбай шы­ғармаларымен танысуы мы­сал болса керек. Ал ән өне­рін­дегі айтулы туынды саналатын «Ақылбайдың әнін» бар нақы­шымен Жәнібек Кәрменов, Жұ­мабек Қамбаров, Келденбай Өл­месеков орындап, ел арасына танытты. Ал Әубәкір Ақылбайұлы (1881-1934) – текті тұқымнан та­раған дарынның бірі еді. Ол да атасы мен әкесі секілді өлең­нен өрнек салған ақын. Кеште мұрағат қорынан ал­ынған Ақылбай Абайұлы мен Әубәкір Ақылбайұлының өмі­рі­не қатысты құжаттар, ұрпақ­та­ры жайлы деректер, тарихи суреттер көрсетіліп, өмірі мен шы­ғар­ма­шылығы жөнінде сөз болыпты. Ақылбайдың ұрпағы Л.Байма­ғам­бетова сөз сөйлеп, мұражай ұжымына алғысын білдірді. Абайдың мемлекеттік тари­хи-мәдени және әдеби-мемо­ри­ал­дық қорық-мұражайында ұлы ақынға арналған тағы бір шара «Абай және өнер» деп аталған. Онда ұлы тұлғаның қазақ өне­ріне қосқан шығармалары жан-жақты сөз болған. Осы бас­қо­суда мұражай директоры Жандос Әу­бәкір, профессор Арап Еспембетов, белгілі композитор Тұр­сынғазы Рахимов ұлы ақын­ның ән өнері туралы ой өрбітті. Сүлеймен МӘМЕТ.