Қазақстанда ара шаруашылығы серпінді дамып, ауыл шаруашылығының табысты әрі стратегиялық маңызды саласына айналып келеді. Соңғы деректерге сүйенсек, былтыр бал экспорты 2,5 есеге артып, отандық өнімге халықаралық сұраныстың жоғары екенін айқын көрсетті, деп жазады Egemen.kz.
2025 жылдың қорытындысы бойынша шетелге 1 477 тонна бал жөнелтілді. 2024 жылы бұл көрсеткіш небәрі 603 тонна болған еді.
Негізгі экспорттық бағыт – Өзбекстан. Бұл елге 1 264 тонна, яғни жалпы көлемнің 85,6 %-ы тиесілі. Сонымен қатар отандық бал Канада, Қытай, Сауд Арабиясы, Ресей және Америка Құрама Штаттарына экспортталды. Биыл алғаш рет Оманға да өнім жеткізілді.
Сырттан бал әкелу көлемі керісінше күрт азайды: 2024 жылғы 1 663 тоннадан 262,4 тоннаға дейін төмендеді. Бұл ішкі өндірістің ұлғайып, отандық өндірушілердің нарықтағы орны нығайғанын аңғартады.
Бал арасы – бақуаттылықтың бастауы
Өндірістік әлеуетҚазір Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарында 241 мың ара ұясы тіркелген. Оның 90,2 мыңы – асыл тұқымды.
Елімізде жыл сайын шамамен 5 мың тонна бал өндіріледі. Соның 46,5 %-ы (2,3 мың тонна) – жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесінде болса, 54%-ы (2,7 мың тонна) – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тиесілі.
Мемлекеттік қолдау және заңнамалық негізМемлекеттік қолдау аясында бал өндірісінің шығынын азайту мақсатында өткізілген әр килограмм өнімге 200 теңге субсидия қарастырылған.
Саланы жүйелі дамыту үшін 2025-2027 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Сонымен қатар «Ара шаруашылығы туралы» және «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заңдарға өзгерістер әзірленіп, 2025 жылғы сәуірде Парламент қарауына ұсынылды.
Осы жылдың 11 ақпанында ара шаруашылығы мәселелері бойынша заң жобасын талқылайтын жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.
Қабылданатын түзетулер саладағы есептіліктің ашықтығын арттыруға, өндіріс тиімділігін күшейтуге және отандық балдың сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған. Бұл өз кезегінде экспорт көлемін ұлғайтып, ауылдық аумақтардың экономикалық дамуына тың серпін бермек.
Ара, түкара, әрене жәндіктерінің неше түрі бар