Бұдан бірнеше күн бұрын тұсауы Өскеменде кесілген, үш кезеңнен тұратын «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форум өткен сенбі күні Катонқарағай ауданындағы атақты Берел қорғанында жалғасты. Арғы ата-бабалары ықылым заманда осы өңірде өсіп-өнген өнерлі халықтың ұрпақтары ата салтын жалғастырып, асқар таулар мен қарағайлы жоталар көмкерген Алтайдың аясын ән мен күймен тербетті.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы, белгілі қаламгер Қойшығара Салғараұлы, академик Сейіт Қасқабасов, археолог Зейнолла Самашев, халықаралық «Түрксой» ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Америка, Жапония, Түркия сиқты алыс-жақын шетелден келген қадірлі меймандар мінген тікұшақ әйгілі Берел қорғаны орналасқан Алтайдың асқақ шыңдары арасындағы, Бұқтырма өзені сағасына келіп қонды. Тау баурайында ақшаңқан киіз үйлер сап түзеген. Биік тау беткейінде жазылған «Алтай – менің алтын бесігім» деген айшықты жазу ата-баба жерін көруге ынтыққан қонақтарға «Жеттіңіздер ме?» деп тұрғандай.
Катонқарағай, Күршім, Көкпекті, Зырян, Ұлан аудандары еңселі ақ орда тігіп, дастарқан жайған. Әр аудан шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той дегендей қазақтың ұрпақ тәрбиесіне қатысты салт дәстүрлерін көрсеткен шағын қойылым әзірлеген. Әр шаңырақта ән қалықтап тұр.
Берел қорғанынан табылған бабаларымыз тұтынған тұрмыстық және шайқас құралдары, ер-тұрманды сәйгүліктер сұлбасы сияқты жүздеген жәдігерден ұйымдастырған көрме көргендерді тамсандырмай қоймады.
Фестиваль шымылдығын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасы ауқымында іске асып жатқан, ұмыт бола бастаған ата салтымызды, өнер-мәдениетімізді жаңғырту. Мақсат – жастарға отаншылдық рухта тәрбие беру, деді.
Мұрат Әбуғазы мен Айгүл Батырқайырованың күй тартысымен басталған өнер фестивалі шарықтау биігіне біртіндеп емес, бірден көтерілді. Қазақтың қара қобызы, сыбызғысы, қарақалпақтың қомузы, әзербайжанның сазы, өзбектің тамбуры, тываның добшылуры, башқұрттың қурайы дегендей саз аспаптары бірін бірі толықтырып жатты. Әсіресе, тывалық көмейші Ногон Шумердің добшылуур үнімен астасқан көмей әуені бірде жіңішке, бірде жуан мақаммен шырқау биіктерге көтерілді. Алматылық әнші Қазыбек Әдікей қара қобызбен үнін астастырып, «Гүлдариғаны» егіле шырқағанда, көрермендер көзіне жас алды. Ерлан Рысқалиев Әсеттің «Інжу-маржанын» төгілдірді. Ал Сахадан келген Альбина Айархан темір қомызбен тебірентті. Түрік текті халықтардың сан түрлі саз аспабының сүйемелдеуімен өнерпаздардың бірігіп шырқаған «Ағажай Алтайдай» әні барша көрерменнің жүрек қылын шертті.
Меймандар мұнан соң Берел қорғанында жатқан бабаларының басына барып, тәу етіп, бас иді, құран бағыштатты.
Қонақтарға сақ бабаларымыз қорғанының қыр-сырын осы киелі шаруаға саналы ғұмырын сарп етіп келе жатқан Ә.Марғұлан атындағы археология институтының қызметкері, ғылым докторы Зейнолла Самашев таныстырды. Оның айтуынша, 70-тен астам оба қорымның археологтар бүгінге дейін 24-ін қазып, зерттепті. Алтынмен апталған екі бірдей сақ патшасының бальзамдалған мүрдесі табылған. Арғы ғасырлардан сыр шертетін өзге құнды жәдігерлер де жетіп артылады.
– Біздің алдағы мақсатымыз, – деді ғалым Зейнолла Самашев, – қалған қорымдарды қазу емес, қазылған қорғандарды қалпына келтіру, аспанасты мұражай жасау. Ол үшін әуелі атшаптырым қорым аумағы қоршалады. Оған облыс әкімі биыл қаржы бөліп отыр. Ал келер жылы алтын адам табылған қорғанды қайтадан қалпына келтіріп, жер асты кесене жасалады, мүрде салынған ағаш табыт бұрынғы орнына қойылады. Болашақта ұрпақтарыңыз көне өркениетпен танысқысы келсе, осында атбасын бұратын болады.
Сөйтіп ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне арналған «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» форумы өз жұмысын сәтті аяқтады.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ, журналист.
Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы.
–––––––––––––
Суретте: Берел қорғанында өткен жиынға қатысушылар.
* * *
ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫЛАР ПІКІРІ
Дархан Мыңбай, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі:
– Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форум жұрт есінде қалатындай елеулі оқиға болды деп айта аламыз. Ең алдымен, әлем жұртшылығы назар аударған маңызды оқиға ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. 12 мемлекеттен жиналған қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен мамандар төр Алтайдан тараған түркі жұртының салт-дәстүрін, мәдени байлығын терең зерттеп, аманшылық болса бүкіл әлемге таратуды көздеп отыр. Енді мұндай маңызды шара екі жылда бір рет аталып өтіледі.
«Түрксой» ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, халық жазушысы Әбіш Кекілбай, белгілі қоғам қайраткері, тарихи шығармаларды насихаттап жүрген Қойшығара Салғараға алғысымды айтқым келеді.
Бақберген Сырымбетов, (Қарақалпақстан):
– Қобыз – біздің ұлттық аспабымыз. Әкем қобызшы еді. Бұрын Алтайды картадан білетін едім. Енді көріп, күллі түркі жұртының тараған жері дегенге ден қойдым. Табиғат сұлулығына қайран қалдым. Осы жерді ғасырлар бойы қорғап келген қазақ халқы қандай ержүрек. Қонақжайлық та ерекше екен. Бұл – тәуелсіздіктің арқасы.
Біздің ата-бабаларымыз жатқан Берел қорғанын келешекте бүкіл әлем халықтары тамашалайтын болады дегенге сенемін.
Игорь Көшкендей, (Ресей Федерациясы, Тува Республикасы):
– Мен мұндай ауқымды форум, фестивалға алғаш рет қатысып отырмын. Бүгіндері Саян жотасында өмір сүріп жатсақ та арғы бабаларымыз Алтай тауы баурайында ғұмыр кешкенін білеміз. Түркі текті көптеген елдің өнер шеберлерімен таныстым, киелі мекенді көрдім. Тәңірден осында қайта-қайта келуді жазсын деп тілеймін. Сіздер атажұрттан кіндік үзбеген бақытты халық екенсіздер.
Альберт Қасанов, (Ресей Федерациясы, Татарстан):
– «Қазан» вокзалында қарапайым жұмысшы болып істеймін. Бірақ, өнерге басымды иемін. Сырнайымды қолдан тастамаймын. Мен Қазақстанға осымен биыл екінші рет келіп тұрмын. Маусым айында Астанада өткен фольклорлық фестивалға қатысқанмын. Астананың шырайын көріп, таң қалғанмын. Енді, міне, Алла жол беріп, бабалар мекені қасиетті Алтайды көрдім. Табиғаты қандай көркем. Татар, қазақ халықтары түркі тектес халықтардың ішінде тіптен жақын деп ойлаймын. Тіліміз де, әніміз де, салт-дәстүріміз де ұқсас. Біздің «Сабан той» атты мейрамымыз сіздерде де бар. Қазақстан бақытты ел. Тәуелсіздік құтты болсын!