• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Тамыз, 2011

Ата Заң ұлықталған кеш

360 рет
көрсетілді

Қазақ үшін баға жетпес ең басты құндылық ел Тәуелсіздігі десек, осы ойды әр азаматтың көкірегіне ша­шаусыз шегелеген мемлекеттің мерейлі құжаты – Конституцияның ор­ны қашанда биіктен сайлануы жара­сымды. Дала тіршілігінің өрбуіне өзек болған Ата Заңды асқақ рухпен аспандатқан думанды кеш шымыл­ды­ғының Тәттімбет атындағы акаде­миялық қазақ ұлт аспаптар оркес­трінің орындауындағы Нұрғиса Ті­лен­диевтің «Махамбет» симфония­лық күйімен ашылуының өзінде үл­кен мән бар. Дәл бүгін қазақтың кең даласы азаттық аңсап өткен сол бұ­рынғы Махамбет сынды наркескен бабалардың үнін қайта жаңғыртып, елдік пен бірліктің туын тіктеп жат­қанын нақышты бояуымен қапысыз бедерлеген күй құдіреті ерекше әсер­лендіреді. Кешегі саз бен бүгінгі ұр­пақтың тың сарыны қатар өріле келіп, бойды серпер сезім билейді. Осы шалқыма күйдің соңынан М.Мақатаевтың сөзіне жазылған Т.Ра­қымовтың «Қазағым-ай» әнін Еркін Шүкімановтың орындап шыққаны күллі тыңдарманды күміс көмей үн­нің сиқырына бөлеп тастады. К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера жә­не балет театрының труппасы мың бұралып «Айжан қызды» билегенде жазира дала көк кілемін құлпыра жайып тастағандай келісті кесте өрнек төкті. Артынша Сарыарқаның сазы сайын белді қуалап, кешегі күннен бір үн тіріліп тіл қатқандай еді. Ол Болат Есімханов орындаған Мәдидің ел арасына кең тараған «Қаракесек» әні болатын. Жеке орын­даушының дауысына Б.Бай­қадамов атындағы академиялық капелла мен астаналық опера және балет театрының хоры қосыла өң бергенде, бұл шығарма тіпті үлкен сахнада орындалатын классикалық інжу-маржанға ұқсап кеткені шындық. «Дала сазы» деп аталатын ән топтамасы құлақтың құрыш етін қандырар тәтті әуездермен сусын­датып, қазақтың халық әндерін Би­бігүл Сауытова, Анар Құмарова, Гүл­дана Ноғайбаева, Венара Қар­жау­баева, Гүлім Алшынова наз толы нақышпен нәрлендірді. Жас орындаушылар Нарұл Тойкенов пен Эмиль Ерғали Қазақстан композиторларының әндерінен топ­та­маны ұсынса, іле-шала оркестр Түркештің «Көңіл ашарымен» өз өнерін қорытындылап шықты. И.Штраустың «Жарқанат» оперет­та­сынан Адельдің шумақтарын К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры симфониялық оркестрінің (дирижері – Айдар Әб­жақанов) сүйемелдеуімен орындаған Мәдина Исламованың, А.Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебінің «Ақ тілек» балалар хорымен бірге Г.Подэльский мен И.Назалевичтің «Люблю тебя, мой край родной» әнімен шыққан КСРО халық әртісі Әлібек Дінішевтің, әскери әндерден попурри ұсынған Медеу Арынбаев, Айқын және Рүс­тем Нұржігіттің өнері кеш ажа­рына көтеріңкі леп бергендей. Н.Назарбаев пен А.Қоразбаевтың «Сарыарқа» әнін Степанида Басюк, Наталья Кочкина, Андрей Трегубенко мен Игорь Благодарный өзіндік талғаммен өңделген үлгіде паш етті. Эстрада әншісі Ділназ Ахмадиева бастап шыққан жастар тобы И.Грибулинаның «Астанасын», Дәулет, Жасұлан мен Бақытжан сынды жасөспірім өрендер «Ақ тілек» пен «Елігай» балалар хорымен  бірге Ә.Ысқақ пен А.Ахметбекұлының «Көк тудың желбірегені» әнін, Азамат Жылтыркөзов, Бауыржан Әндір­жанов пен Андрей Трегубенко Қ.Жүнісовтің «Егемен Қазақстан» әнін патриоттық рухта көкке сам­ғатқанда, Ата Заңның құрметіне төгілген шуақ елорда төрін еңселендіріп жіберген. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.