• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
31 Тамыз, 2011

Ислам әлемі жаңғыруға тиіс

371 рет
көрсетілді

Мұсылман мемлекеттері даму көшінің соңында келеді. Неге? Ислам әлемі – шексіз әлем. Ал ислам діні – ғаламшарға тамырын терең жайған ек­­­інші орындағы қуатты дін. Бірінші орында Христиан діні. Ал Иудаизм болса, осы аталған монотеистік үш діннің ішіндегі ең алғашқысы, бірақ ол дінді ұстанатындардың саны 16 миллион ғана. Исламның да, Христиан дінінің де, Иудаизмнің де арғы тегі бір. Себебі, монотеистік үш діннің түп тамыры Ибрагим (Ыбырайым, Авраем) пайғам­бар­дан бастау алады. Тарихқа үңілсек, пай­ғам­барлардың арғы тегі Ибрагим пайғамбарға келіп тіреледі. Мұхаммед пайғамбар Ибрагим пайғамбардың үлкен ұлы Исмаилдің ұрпақтарынан тараса, Мұса мен Иса пайғамбарлар Ибрагим пайғамбардың кіші ұлы Исаактан тараған. Мұсылман әлемінің киелі қаласы Мек­кенің негізін қалаған да Ибрагим пайғамбар. Меккедегі миллиондаған мұсылмандар сиы­натын Қағбаны да о баста Ибрагим пай­ғамбар мен Исмаил тұрғызған. Бірақ, өкі­ніш­ке орай, аталмыш шындықты бұл күнде көп жұрт біле бермейді әрі білуге де ты­рыс­пайды. Сондықтан батыс әлемінің оңшыл саясаткерлері әлгі діндердің арасындағы ортақ құндылықтарға баса назар аударудан гөрі олардың арасындағы айырмашы­лық­тарға көбірек басымдық беріп, Ислам дінін кемсітіп, мұсылмандарды шеттетуге дайын тұрады. Ол ол ма, тіпті Исламды әлемнің ең ықпалды діндерінің бірі деп танудың ор­ны­на оған кеселді идеология деп айдар тағады немесе оны экстремизм, терроризм немесе фундаментализмнің ұясы деп, адамзатты Исламға қарсы бағыттауға және аталмыш діндердің арасына от жағып, оларды ұста­на­тын халықтарды бір-бірімен қақтығыс­ты­ру­ға тырысатындар да табылады. Ислам мен мұ­сылмандарға деген мұндай жаңсақ көзқа­рас Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымына мүше елдердің арасында да орын алып отырғаны жасырын емес. Мы­салы, Мұхаммед пайғамбарды келемеждейтін карикатура тарату, мұсылмандардың кие­лі кітабы Құранды өртеу немесе биылғы жазда мұсылмандарды шеттету мақсатында Норвегияда орын алған террористік жары­лыстар мен қанды қырғын жоғарыдағы теріс пиғылдың іс жүзіндегі көріністері. Ал мұсылмандар тарапынан әлгіндей айуан­дық­қа барып, өзге діндегілердің киелі кітап­тарын өртеу немесе пайғамбарларына күйе жағу, оларды даттау еш уақытта болған емес. Ал шындап келгенде, Ислам мен Ислам әлемінің ұстанымы терроризммен де, экс­тре­­­мизммен де, фундаментализммен де үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Мұсылман­дардың киелі кітабы Құранда жамандықты уағыздайтын сүре немесе аят атымен кездеспейді. Керісінше, Мұхаммед пайғамбар ар­қы­лы Алладан жеткен әділеттікке шақы­ра­тын төмендегідей нақылдар бүкіл адам­затқа ортақ құндылықтар екені күмән ту­дырмайды. Мысалы, “Басқаларды мүсірк­е­меген адамды Құдай мүсіркемейді”, “Өзі тоя ішіп-жеп, көршісі аш жүрген пенде Құ­дайдың құлы емес”, “Басқаны ұрып жыққан мықты емес, ашуын ақылына жеңдірген адам мықты” немесе Құранның 60-сүресінің 8-аятындағы: “Алла дініңе қарсы соғыс ашпаған, бас­панаңнан айырмаған адамдарға қайырымды болуға тыйым салмайды. Алла әділетті пенделерді сүйеді” деген ғибратты құндылықтар Ислам дінінің нағыз толе­рант­ты дін екенінің нақты дәлелі. Құранда Иса пайғамбарға да үлкен құрмет көрсетілген. Сосын Мұхаммед пайғамбар өзінен бұрын­ғы пайғамбарлардың бәрін де сыйлаған, олар туралы ғайбат сөз айтпаған. Ең басты­сы, Алладан Құран түс­кеннен бері он төрт ғасырдан астам уақыт өтсе де, киелі кітап­тағы 114 сүре мен 6346 аяттың бір әріпі де өзгеріске ұшыраған емес. Олар еш уақытта бұрмаланған да емес. Бұл күнде Ислам әлемінің 57 мемлекеті бір тудың астына біріккен. Бұл туды Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы берік ұстап келеді. Биыл еліміз тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғын мерекелеп жатқан Қазақ елі үшін Ислам Ын­тымақтастығы Ұйымына төрағалық ету­дің тарихи маңызы өте зор. Өйткені, әлем­дік қау­­іпсіздік, бейбітшілік, ынтымақтастық және өркениетаралық үнқатысуды дамыту үшін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мәні мен қажеттілігі күннен-күнге артып отыр. Бүгінгі таңда Ислам әлемі үлкен қиы­н­дық­тарға тап болуда. Африканың солтүс­ті­гінде, Таяу Шығыс елдерінде орын алып отырған қақтығыстар мен соғыстар ешкімді бейжай қалдырмайды. Сондықтан дәл қазір ислам қауымдастығына жаңғыру қажет, ғылыми-техникалық даму мен білімге бет бұру ауадай керек. Оларды іске асыруға мұсылман мемлекеттерінің мүмкіндіктері жеткілікті, себебі Ислам әлемінің жиынтық экономикалық әлеуеті ұшан-теңіз. Ендеше, осы мүмкіндіктерді шегіне жеткізе пайдалана отырып, Ислам әлемі иық тірестіре күш біріктірсе, экономикалық қарым-қатынас­тар­ды күшейтіп, өзара көмектің ең тиімді тетіктерін іске қосса, дамудың жаңаша жо­лына түсетіні сөзсіз. Сондықтан Ислам әле­мін үлкен реформа күтіп тұр. Ол реформа басталып та кетті. Оның бір сипаты мына­дан байқалады. Бұдан былай Ислам Кон­фе­ренциясы Ұйымы мұсылман мемлекет­те­рі­нің келешек мақсат-мүдделеріне сәйкес, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) болып қайта құрылды. Бұл тарихи шешім Астанада қабылданды. Ислам әлемін реформалау жөніндегі со­ны бастаманы, тайға таңба басқандай етіп, үстіміздегі жылы Астанада өткен Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кеңесіне төр­аға­лық еткен еліміздің Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев көтерген болатын. Елбасы ИЫҰ-ның ең басты қағидасы ретінде сауда-саттықты жандандыратын инвестициялық, технологиялық, әлеуметтік және ғылым-бі­лім салаларын қамтитын пәрменді бағдарла­ма­ларды бірлесе отырып іске асыруға жол сілтеді. Сонымен қатар ИЫҰ-ның іс ба­сын­дағы төрағасы Ислам әлемін кері тартып отырған негізгі факторларды да айшықтап атап өтті. Мәселен, бүгінгі таңда Ұйымға мүше елдердің жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) көлемі тоғыз жарым мың АҚШ долларын құраса, бұл көрсеткіш Еуропа елдерінде жиырма төрт мыңға те­ңе­летінін алға тартты. Ұйымға мүше елдердің даму үрдісінде де айтарлықтай айырмашы­лық бар екеніне назар аударып, жан басына шаққанда ІЖӨ-нің ең дамыған мұсылман елдері мен дамуы кенжелеп қалған мұсыл­ман мемлекеттеріндегі айырмасы 100 есеге жететініне назар аударды. Дәл қазір ИЫҰ елдері әлемнің энергетикалық байлығының 70 па­йы­зын иемденіп отырса да, ол елдерге әлем­нің ІЖӨ-нің 7,5-ақ пайызы келетінін және әлемдік тауар айналымының 11 пайы­зы ғана тиесілі екенін батырып айтты. Бұл кемші­лік­тердің Ұйымға үлкен сын екенін әрі мұндай жағдайдан құтылу үшін Ислам мемлекет­те­рінің әрқайсысы белсенділік танытып, бәсе­кеге төтеп бере алатын жеке қабілетін кү­шейтпесе болмайтынын шегелей келіп, осы­лардың негізінде ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер экономикалық дамудың бірлескен стратегия­сын жасақтауы керектігін баса айтты. Нұрсұлтан Назарбаев, сонымен қатар, Ұй­ымға мүше елдердің сыртқы істер ми­нистр­лерінің назарын Астанада биыл өткен жетінші Әлемдік ислам экономикалық фо­румында жариялаған ұсыныстарына аудар­ды. Өйткені, әлгі форумда Елбасының бас­тамалары қолдау тапқан болатын. Өзекті де нақты бастама ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Ислам әлемінің ең дамыған 10 мемлекетінің басын біріктіріп, исламдық үнқатысу ала­ңын ашу керектігін министрлердің назарына қайта ұсынды. Айтса айтқандай-ақ, бүгінгі таңда Ұйымға мүше мемлекеттердің ең да­мыған ондығымен бүкіл әлем есептеседі. Өйт­кені әлгі ондық күллі ИЫҰ мемлекет­те­рі­нің жиынтық өнімінің 80 пайызын өндіреді. Әлемдік азық-түлік қауіпсіздігіне төніп тұрған қатерлерді ескере отырып, Елбасы ИЫҰ аясында өзара азық-түлік көмегін ұсы­­на алатын БҰҰ-дағы ФАО (Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) секілді аймақ­тық қор жүйесін қалыптастыру мәселесін де көтерді. Қазақстанның азық-түлік экспорт­таудағы әлеуетін ескере отырып, ондай ұй­ымның штаб-пәтерін біздің елде орналас­ты­руға да әзір екенімізді алға тартты. Әлемге төніп тұрған энергетикалық кауіп-қатер де Елбасының назарынан тыс қалмады. Халық­аралық энергетикалық агенттіктің бағам­да­уы бойынша, 2030 жылға дейін энергети­ка­лық ресурстарды өндіру мен тасымалдауды қамтамасыз ету үшін 17 триллион АҚШ дол­лары керек болады екен. Осы мәлімет­тер­ді негізге ала отырып, Елбасы біздің елде “Болашақ энергиясы” деген тақырып ая­сын­да әлемдік “ЭКСПО - 2017” көрмесін ұйым­дастыру туралы бастама көтеріп, оның ИЫҰ тарапынан қолдау табатынына сенімді екенін жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев ИЫҰ сыртқы істер министрлерінің кеңесінде жасаған баян­да­ма­­сында Ислам әлемін реформалаудың жол картасын жан-жақты айқындап берді. Президент ұсынған төмендегі ұсыныстар жо­ға­рыда айтылған уәждің бұлтартпас дәлелдері. Біріншіден, мұсылман мемлекеттерінің ал­дын­да тұрған мәселелердің шешімін сол мем­лекеттердің өздері айқындап ұсынуы керек. Екіншіден, Ислам әлемі дамудың ши­кі­заттық векторынан шығып, индустриялық-инновациялық деңгейге көтерілуі қажет. Үшіншіден, ИЫҰ шеңберінде ұсақ және орта бизнесті қолдайтын озық жүйе қалып­тас­тыру керек. Ол үшін Ислам даму банкі­нің аясында ұсақ және орта бизнесті қол­дай­тын арнайы қор құрылуы ләзім. Қар­жы­ланды­ру­дың исламдық үрдісі мен тиімді құралдарын Ислам әлеміне кеңінен енгізу парыз. Төртіншіден, ИЫҰ аясында энергетика саласы бойынша технологиялық және ин­вес­тициялық әріптестіктің бірлескен жоспа­рын жасап, Халықаралық инновациялық орталық құру бүгінгі күннің талабы. Бесіншіден, исламдық банк жүйесінің қызметіне басымдық беру үшін арнайы халықаралық конференция ұйымдастырып, Алматы қаласын исламдық қаржы орталығы ретінде дамыту керек. Алтыншыдан, Ислам әлемі өзінің басым­дығы болып саналатын демографиялық әле­уе­тін тұрақты экономикалық дамудың ең ма­ңызды тетігі деп қарауы қажет. Халық­аралық сарапшылардың болжамына қара­ғанда, 2030-шы жылдары мұсылмандардың саны 2,2 миллиардқа жетіп, әлем халқының төрттен бірін құрайтын болады. Демек, жетіншіден, соншама адамды бі­лім-ғылыммен қамту үшін білім мен ғылым деңгейін көтеріп, жаңа идеяларды туды­ра­тын, сөйтіп, ислам өркениетінің жаңғыруы мен қайта өрлеуін қамтамасыз ететін интел­лектуалдық элита тәрбиелеу қажет. Бұған Ислам әлемінің әлеуеті жететініне ешбір күмән болмауға тиісті. Себебі, орта ғасыр­ларда Ислам әлемі адамзат өркениетіне математика, химия, астрономия, медицина, архитектура, философия және поэзия салала­рында үлкен жаңалықтар ашып, адамзат, оның ішінде Батыс өркениетіне өз үлесін еселеп қосқан болатын. Бағдад, Кордова, Толедо, Александрия қалалары ол замандарда бүкіл әлемнің интеллектуалдық орталық­тары болатын. Сегізіншіден, ИЫҰ-ны реформалау мен жаңғырту аясында оның институттары мен органдарының тиімділігін арттыру қажет. Ол үшін Ұйым терең сараптамалық жұмыс­тардың негізінде алдын-ала жоспарлар мен зерттеулер жасай алатын арнайы Институт немесе Орталық ашуға тиісті. Тоғызыншыдан, соңғы 10 жылда Ауған­стан­да өндірілетін героин мен есірткі тасы­малдау он есеге өсіп кетті. Ал Ұйым болса, есірткімен күрес жүргізуде өз мүмкін­дік­те­рін толық пайдалана алмай отыр. Сон­дық­тан Ұйым аясында Ауғанстанға көмек беруді үйлестіріп отыратын арнайы жүмыс тобын құру қажет. Оныншыдан, бүгінгі таңда Ислам мен Ислам әлеміне интернет арқылы жабылатын жала мен қысымға төтеп беру үшін әрі Исламның толерантты әрі бейбіт дін екенін бүкіл әлемге паш етіп отыратын е-ISLAM интернет ресурсын қалыптастыру қажетті­гін күн тәртібіне қою керек. ИЫҰ елдерінің сыртқы істер минис­тр­ле­рінің кеңесіне басшылық еткен Президент Н.Ә.Назарбаев Ұйымды реформалауға ба­ғыт­талған жоғарыда белгіленген іс-шара­лар­мен қатар Ислам әлемінің намысын қай­райтын кейбір ащы шындықтардың да бетін ашып, келешекте олардан тиісті қорытынды шығаруға жетелейтін мына бір мәнді де астарлы сұрақтарды көлденең тартты: “Бүгінгі таңда Ислам мемлекеттері сон­шалықты мол табиғи, адами әрі қаржы ре­сурс­тарына ие бола отырып, неліктен әлем­дік даму көшінің соңында келеді? Ислам әлемінің университеттері әлемдік жоғары білім саласында неліктен басқа­лар­ға үлгі көрсете алмай отыр? Соңғы 20 жыл ішінде мұсылман елдерінде табиғаттану және техникалық ғылымдар саласында бірде-бір әлемдік мәні бар жаңа­лықтың ашылмау себебі неліктен? Бұл ол­қы­лықтар көзге ұрып тұр. Сондықтан олар­ды байқамау мүмкін емес”, дей келіп, өзі төтесінен қойған әлгі сұрақтардың жауабы ретінде: “Бәлкім, озық идеялардың пісіп-жетілуі және әлемдік мәні бар ғылыми жаңа­лықтардың ашылуы үшін ақша мен табиғи байлықтардың мол болуынан гөрі, ең ал­ды­мен, интеллектуалдық орта мен қоғамдық-саяси климат қалыптастыру қажет шығар”,  деген түйінді уәжді көлденең тартты. Бұл сұрақтар мен берілген жауаптың астары Ке­ңеске қатысқан министрлерге терең қозғау салды. Олай болмауы мүмкін емес. Ислам әлемінің сыртқы істер министрлері Астанада өткен Кеңестен үлкен сабақ ал­ып қайтты деуге толық негіз бар. Егер Ке­ңес­те ұсынылған Ислам әлемін рефор­ма­лаудың жан-жақты ойластырылған тетіктері бас­шылыққа алынып, тез іске қосылатын болса, мұсылман мемлекеттерінің иннова­ция­лық әрі тұрақты дамудың сара жолына тү­сетініне ешбір күмән жоқ. Ол жолдың біз­дің елге де тікелей қатысы бар. Ендеше, Ислам әлеміне және оның бөлінбес қанатына ай­налған әрі үстіміздегі жылы егемендігінің 20 жылдығын атап өтіп жатқан өз елімізге де ақ жол тілейік, ағайын! Әділ АХМЕТОВ, сенатор,  ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының мұсылмандарды кемсіту және шеттетумен күрес жөніндегі жеке уәкілі.