• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Қыркүйек, 2011

Қасымды қастерлеу

816 рет
көрсетілді

Қасымды қастерлеу, нәтінде, асылды қас­терлеу деген сөз. Себебі, қазақ үшін қандай құндылықтың болсын орны бөлек. Осы күнгі қазба байлықтарды, тарихи жә­дігерлерді қалай бағаласақ, қазақтың Қасым сынды ғажайып ақындарының өлең-жыр­ларын сондай дәре­жеде ұлықтауымыз керек. Өйткені, Қасым сынды әрбір ақынның өзі де, сөзі де жер асты­нан табылған кен байлығы секілді, ұлттың рухын оятатын халық қазы­насына айналуы қажет. Әрине, бұл тұрғыда мүлде мақұрым емеспіз. Абайды ардақтау, Мұқағалиды мұрат тұту үрдісі үдесінен біраз тәлім-тәжірибеміз бар. Мұның сыртында Әуезов әлемін әспеттеп, Шәкәрім шапағатын сезінуде селкеу түскен жеріміз жоқ. Барды бағалай білудің бір үлгісі осы болса керек. Соның ішінде батырларымызға деген құр­меттің орны ерекше. Бұл біздің тарихымыз бен тағдырымыздың таразысындай, сабыр­мен, сал­мақпен саралай білсек, кейінгі ұрпақ­тың зердесіне ой салар салауатты іс қалды­ра­рымыз хақ. Алайда, «дәстүрдің озығы да, тозығы да бар» дегендей, әсіресе, батырла­рымыздың той-тома­лақ, іс-шараларын өт­кі­зу­де ұлттық үрдістен гөрі, рулық рәсімге қарай бой ұрып бара жатқанымыз жасырын емес. Бұл бір келеңсіз жай – батырларға ғана емес, басқа да тарихи тұлғаларды тануда сыңар­жақтық таныта бастауымыз көңілге көлеңке түсіреді. Әйтпесе, Мұқағалидың тойын тек Жетісу, Қасымның тойын Қарағанды ғана өткізу міндет емес. Мұндай ірі тұлғалардың тойы – жалпақ қазақ жерінде тұтас ұлттың тұғыр­намасына айналуы тиіс. Бұл арада мен Алаш арыстары жайлы жұмған аузымды ашып отырған жоқпын. Ал, айта бастасам, ашынып та, тасынып та кетер жайым бар. Алаш түгілі, ұлттың ұлы ханы, хас батыры – Абылайдың үш ғасырлық тойына деген бүгінгі көзқарасымыз, түптеп келгенде, тарих кешірмейтін күнә екендігін әзірге біліп-сезінер түріміз жоқ. Бірақ, өткен дүниеге өкпең қара қа­зандай болса да түк істей алмайсың. Сон­дықтан келешекке кемел бару үшін, ұлттың ұлы ханын бүгін ұлықтауымыз керек. Жә, ханды да, батырды да қоя тұрып, қазақ әдебиетінде Абайдан кейінгі хас ақынымыз деп қастерлеп келген Қасым Аманжолов туралы бүгінгі бағамыз, қазіргі түсінігіміз қалай? Табалдырықтың алдында тұрған ғасыр тойын қалай өткізуге қам жасап жатырмыз? Аллаға шүкір, той өткізуден азды-көпті тәжірибеміз бар дедік. Оған, басқаны былай қойғанда, кешегі Тәңіртаудың түбінде дүркі­реп өткен Мұқағали тойын мысалға алсақ та жеткілікті. Мұқағалиды бұлай қастерлеу әдебиет үшін, ұлт үшін, әрине, үлкен құрмет. Cолай болуы керек! Сөйте тұра қазақ поэзия­сының қастері, кешегі Мұқағалидың кемел ұстазы Қасымның ғасыр тойына қандай дайындықпен келіп отырмыз? Әлбетте, әр ақын­ның орны бөлек. Әрқайсысының өз тұғыры бар. Бірақ, қазақ халқы батырын да, ақынын да алалаған емес. Әрбір өңірдің өзіне еншілеп алған ақыны жоқ. Бұл арада үнемі ел бірлігін ойлайтын үкімет қос ақынның тойын ұлттық мүддеге сай – мемлекеттік дәрежеде қау­лы шығарып, халықтық мерекеге айнал­дыруы қажет-ақ. Мұқағали тойы өз мәресіне жетті. Ал, Қасым тойының қалай өтуіне – уақыт төреші. Осы орайда алып жазушы Ғабит Мүсі­реповтің әйгілі Әуезов дүниеден өткенде, қабірінің басында тебірене «ат тұяғын тай басар» деген қазақ мәтелі бұл арада дәлел бола алмайды» деп айтқан уәжді сөзі еске түседі. Мұның сыртында, Мұқа­ғалидың өзі де, «Бәрінен де Қасымның десі басым» деп ағынан жарылған емес пе?.. Шынында, бажайлап, барлап қараған кісіге Қасым мен Мұқағали бір ғасырдың ақыны болса да, екеуінің арасын бөліп тұрған жиырма жылда біраз айырмашылық бар. Біріншіден, Қасым қазақ даласына төтелеп келген жиыр­масыншы жылдардан отызыншы жылдардың ортасына дейін ұласқан «ұлы жұт», «зоба­лаң», «зұлмат» деп аталатын алапат жүйені көзімен көріп, жүрегімен сезінді. Ол аз бол­ғандай, «орда бұзар отыз» жасында адамзат баласының басына түскен алапат өртке тап келіп, от пен оқтың ортасынан бір-ақ шықты... Қан майданның ортасында жүріп, күндей күркіреген жасын жырларын жаудырды. Қалың елін қаһарлы жаудан қаруымен де, қаламымен де қорғады. Сол тұста – сұрапыл соғысқа қатыс­қан қазақ қаламгерлерінің ішінде дәл Қасымдай қуатты да құдіретті жыр тудырған талант кем де кем еді. Сол бір сұра­пыл соғыста дүниеге келген өлең-жыр­ларды сұрып­тар болсақ, Қасым туындылары алдыңнан андағайлап ту тігіп шыға келер еді. Солардың ішінде Қасымның «Абдолла» дас­таны мен «Дариға, сол қыз» ән-жырының орны бөлек, шоқтығы биік екені сөзсіз. Осы орайда, қадап айтар бір жай, Қасым өлеңдеріне қанша ән жазылып, халық арасына кең тарап жатса да ақынның өз жүрегінен шыққан музыкалық мұралар тұғырынан бір сәт түскен емес. Уақыт өткен сайын өр рух, өмір­лік махаббат – ғашық сезімге толы өнегелі жыр­лар өмірмен өзектесіп, келер ғасырдың есігінен именбей еніп кетті... Соғыстан соң да Қасымға аз соққы болған жоқ. Қарағайға қарсы біткен бұтақтай, бұқ­пантайы жоқ, батыл да өжет ақынды халық қабылдағанмен әдеби орта құшақ жая қойған жоқ. Тағы да Ғабең сөзімен айтсақ, «майданнан ескен жылы лепті» әкелгенмен, Қасымды суық орта, сұсты сын қарсы алды. Әдеби сында көрген теперіші аздай, үкімет тарапынан да тарпаң мінезге тап келіп, үкі­леген үміті желге ұшты. Жалпы, қазақ бала­сына демей-ақ қояйық, тұғырлы талант­тарға үнемі тарлық жасайтын үй мәселесі – Қасымға қан майданның қасіретінен кем соққан жоқ. Ақыры өлеңмен «өшін алып», өлеңмен «жанын жұбатты». Сол кезде туған: Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын астанамды. Өлеңнің отын жағып асырармын, Өзімді, әйелімді, жас баламды» деп келетін күні бүгінге дейін ақын­дардың мұңы­на айналған асқақ жыр дүниеге келді. Кейде ақын: – Қарабаев жолдас­тың үйіне біз, Қараймыз да сыртынан сүйінеміз, Қашан түсіп қалғанша әкім болмай, Неге ақын болдық деп күйінеміз, – деп зарлы да мұңлы күй кешсе, тағы бірде: «Маскарадтың» шығарып масқарасын Алматыда жортып жүр ерке Қасым. Мазасын ап Қаратай Құрманычтың, Жыр етіп жүр өзінің баспанасын, – деп өзіне өзі достық әзіл жазып, жанын жұбатады. Бұдан басқа Қа­сым­ның «Баспана» деп аталатын бір өлеңі халыққа кең тарамаса да, оқыған кісінің кө­ңіліне күй кіргізіп, жан-жүрегін алай-дү­лей ететін, мұңлы-сазды туынды екендігіне көз жеткіземіз. Бұл өлең тек өзінің мұңымен ғана баурап қоймай, жүрегіңе өр­шіл рух ұялатады. Өлең 1946 жылы Қа­сымның 35 жасында жазылған. Қазір отыз бестегі кейбір жігіттер Қасым сынды бас­па­наға зар болмақ түгілі, минис­трліктің орын­тағында отырып, қос-қостан мәшине мініп, пәтер кілтін уыстап ұстайтын халге жетті. Заман солай, әркім өз рахатын көріп жатқан шығар, алайда нағыз талант­тардың көбі баяғы Қасым салған қасқа жолмен келе жатыр. Баяғы баспана дертінен бұлар да әлі айығып кете қойған жоқ. Өлеңді оқып көрелікші: Баспана деп бастайын бұл  жырымды, Отырғанда жамылып жылы күнді. «Қылыш сүйреп» қатал қыс қысса келіп, Өлең менің тыңдамас бұйрығымды.   Он жыл бопты, жүгірдім астанада, Шақырса да бармадым басқа қала. Алдамшы елес сықылды үміт қуып, Он жыл бойы болдым зар баспанаға.   Қалай салған ағашты, не кірпішті, Баспана бір үй еді төрт бұрышты. Алғашқыда өртенгір жерде еді, Енді бүгін қиял боп аспанға ұшты.   Құзға салған қыранның ұясындай, Ұшпақтағы софының хұжырасындай, Елестейді баспана, Алматының Кең қойнына бір Қасым қойды сыймай.   Он жыл босқа жүгірдім, болмай жолым, Баспалдағын тоздырдым «квартбюроның». Бір ордерге бір бастық қол қойғанша, Үлгеріппін мен жазып өлең томын.   Талай үйдің телміртті терезесі, Алматыны шарладым ерте-кеші. Алғызбады баспана қиын қамал, Көңілімде қалды тек көлеңкесі.   Ақын болдым, жырладым астанам деп, Бос жүгіріп жүрмедім, босқа нан жеп. Солдат болдым, Сағындым, келдім қайтып, Тағы біраз сенделдім баспана іздеп.   Жер сұрадым ақыры күрке салар, Жер де жоқ боп шыққан соң не шара бар?! Жер сұрасам – сілтейді зират жаққа, Өлген жоқпын, хақым жоқ олай барар.   Қойдым енді, сірә мен үй алмаспын. Үйім жоқ деп ешкімнен ұялмаспын. Өгей ұлдай қойныңа сыймасам да, Кете алмаспын, астанам, қия алмаспын.   Аспан мен жер бәрі де үйім менің, Сенің көркің, астанам, сүйінгенім. Кең көшеңде еркіндеп жүрсем басып, Не қиындық болса да – иілмедім! Әсілі, мен өлеңді талдап, түсіндіруді қажет деп санамаймын. Әр оқырман ақын өлеңін өзінше түсініп, өзінше пайымдағаны жөн. Талантты ақынның туындысы қалай болғанда да дұрыс қабылданады. Алайда, оны тұ­шынып сезіну әркімнің өз болмысына бай­ланысты. Қасымның мына баспана жайлы өлеңі күні бүгінге дейін қай жағынан алып қарасаң да, өз оқушысын бейжай қал­дырмасы анық. Мұнда мұң да, зар да, үміт ұшқыны, сезім сыры, ой толқыны, бәріннен бұрын өмірге деген құштарлық құлшынысы басым жатыр. Рухы биік ақынның еңсесі езілмейді. Ақындықтың түпқазығы сонда! Нәтінде Қасым мен Мұқағалидың мұңы да, сыры да – тағдыр-тағылым да бір. Екеуі де кеңестік кезеңде өмір сүрсе де, уақыт үрдісімен кетіп қалмай, азаматтық азат ойдың, еркін қиялдың құшағына қапысыз еніп, мадақ-мақтанның құлы болмай, ұлтының ұлы болу жолындағы ауыр жүк – ақын­дық азапты мұрат тұтқан. Екеуі бір ғасыр­дың екі кезе­ңін­де өмір сүрсе де мұңы да, махаб­баты да, рухы да бір – өз дәуірінің қос алыбы бо­лып, тарих сах­насында қалды. Бір айта кетерлік жәйт, тірлігінде тарпаң тағдырдың тепкісінде қасаң күй кешкен Қасым бүгінгі біз өмір сүріп отырған дәуірде өз тұғырында тұр деп айта ал­май­мыз. Ғасыр тойын да дүркіретіп өткізерміз. Шүлендей үйлес­тіріл­ген бәйгесі де бөлінер. Біріміз мәшине мініп, біріміз жұқа қал­тамызды қалың­датармыз. Ескерткіші де орнатылады деп естіп жатырмыз. Көшеге де, мектепке де есімі беріле жатар. Бұл күнде екінің біріне беріліп жатқан (тіпті көзі тірісіне де) мұндай құрмет Қасым сынды құ­діретке, әрине, аздық етер еді. Қасымға керегі оның артында қалған асыл мұраларды кеңінен насихаттап (тіпті ол ақындығының сыртында композитор ғой) оның ән-жыр­ларын әлемдік деңгейге дейін көтеруге үлес қосып, шығармашылық құді­ретін кеңінен таныту болса керек. Сол үшін оның шығар­маларын молынан шыға­рып, кеңінен тара­тып, рухы күшті, өршіл жыр­ларын бүгінгі жас ұрпақтың санасына сіңі­ріп, биік баға­сын беру қарекетіне көшуіміз керек. Менің өмірде де, өнерде де ұстаз тұтқан қос ағам болды. Екеуі де қазақтың хас талант ақындары – Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбеков еді. Сол ағаларым өздері үлкен ақын бола тұра, қайда барса да Қасымды аузы­нан тастамаушы еді. Қа­сым­ның өлең­дерін жатқа соғады, әсіресе, Ға­фекең ақын­ның әндерін айтқанда мүлде ар­қаланып кететін. Мен өз басым Қасымның «Дариға, сол қызын» домбыраға қосып, дәл Ғафекеңдей айтқан әншіні кездестірген емеспін. Ол «Уа, дариға алтын бесік туған жер, қадіріңді білмей келсем кеше гөр» деп басталатын әнін айтқанда, кәдімгідей бал­қып, шалқып, буса­нып сала беретін. «Жата алмас ем топы­рағыңда тебіренбей, ақын болмай, тасың болсам мен егер», деген жеріне келгенде демігіп барып бір тоқтап, кең тыныс алып, күрсінген кезінде көзін сәл-пәл жас шылап, артынша-ақ рахат сезімге бөленіп, өзіне өзі разы болғандай, жазылып сала беретін. Сосын Қасым туралы естелікке ерік беріп, есіле сөйлеп кетуші еді: – Алғашында, Сырекеңе Қасымға таныс­тырыңызшы, деп қолқа салдым. Қасекеңді көрмей тұрып-ақ біраз өлеңдерін жатқа білуші едім. Ол кезде екеуі де майданнан келген жа­уынгер, ел ішіндегі абыройы мүлде бөлек еді. Бір күні Сырағаң: «Жүр кеттік, Қасым­ға!»  десін. Іштей қуанып кеттім. Бірақ, соншалық шаттығымды Сырағаңа сездірмедім. Қаланың тау жақ шетіндегі бір тар үйде тұрады екен. Тар деп қазір айтам, мен барғанда сол үй маған кең сарайдай көрінді. Әсіресе, аула­сындағы қызыл-жасыл гүлдер мен көктемде бүр жара бастаған алма ағашы мүлде ажарланып кеткен. Қасекең есік ал­дында отыр екен. Бізді көріп, ұшып түрегеліп құшағын аша түсті. Қаршыға мүсінді қыран тектес кісі екен. Бірден жатсынбай ба­уырына басты. «Бұл – Ғафу», деп Сырекең таныс­тырғанша, «Қайыр­беков қой, жақсы білемін», демесі бар ма! «Ана жолы сен мақ­тағаннан кейін өлеңдерін сұрас­тырып оқып едім, бекер айтпаған екенсің. Әдетте, жерлестер бірін-бірі мақтай береді ғой, деп мән бермеп едім. Екеуміздің соңымыздан қосыла ұшатын бір қараторғай елестеді көзіме. Торғайдың қара­торғайы бұл!». Сырағаң Қасым сөзіне «Міне, көрдің бе?» дегендей ертіп әкелгеніне разы болғандай рахат сезіммен маған бір қарап қойды. «Мұның ән салатыны да бар!» – деді Сы­рағаң одан сайын үстемелетіп. «Онда ішке кірейік», деді Қасекең. Үйдің ішке кіреберіс шағын бөлмесінің бір қабырғасы тұнып тұрған музыка аспаптары... домбыра, сырнай, скрипка, қасындағы бір көне жәшіктің үстінде ескі баян орныққан. Қасекең қолына баян­ды алды да безілдете жөнелді. Өзіне ғана таныс, бізге беймәлім бір әуенді асығыс тартты да, орнына қоя салып, домбыраға қол жүгіртіп сүйріктей саусақ­тарымен бас пернеден бері қарай қы­дырып келе бере дәл сағаққа тіреліп, қыл­ғынып тұрып алды. Оң қолының саусақ­тары домбыра шектерін қаси тартып, қай­та-қайта қағып қалды да: «Аққайың, жалған-ай, салдым сайран-ай, қолдай гөр Қыдыр ата – ар­ғын-найман-ай», – деп Шашубайдың әуе­нін аңырата жө­нелді. Әні де, сөзі де бұрынырақта естіп жүр­геннен мүлде бө­лек, ес тан­ды­рар­лық­тай ерекше әуен. Ғафекең әң­гіме­сі­нің осы жеріне келгенде аз-кем тыныстап ал­ған­дай, сәл аялдап, осы, «Ақ­қа­йың­ды» кейін талай әншіден естідім, бірақ Қа­сым айтқандай ғажап нұс­қа­сын содан кейін бір естіген емеспін! – деп  тоқтаушы еді, қайран Ғафең. – Ол жолы, алғаш бар­ған­да, Қасымның «Дари­ға қы­зын» айтуға дәтім бар­ма­ды, дейді Ға­фекең әң­гі­месін одан әрі жалғап. – Қой­шы, содан не керек, кейін Қасым өзінің әндерін мені үйіне шақыртып алып, талай тыңдаған еді. Қасекең әнімді ұнатып тыңдаған күні, мен де бір шалқып, өзімді бақыт құшағында жүргендей сезінуші едім. Ал Қасым жайлы Сырағаңмен менің өз басымнан өткен бір әңгіме бар еді. Бір күні Сырағаңа мен: – Сыраға, мен Қасымның сізге арнаған бір екі жол өлеңін білуші едім: – Мұнартып көрінуші еді, Торғай-Тосын, мадақтап айтушы еді Сырбай досым... – деп өлеңдетіп қоя бердім. Сырағаң мұны қайдан білесің дегендей таңқалып қалды. – Торғайда Қызжан деген кісіден естігемін,  дедім мен. – Ә, Қызжан біледі, ол Қайнекейдің қай­нағасы ғой. Әй Қызжан, Қызжан, өзі бір қызық адам, –  деп Сырағаң ойланып қалды. – Қасым ылғи мені Торғайыңа алып баршы, деп мазалаушы еді. Ақыры сәті түспеді. Соңғы жылдары аурудан айықпады ғой, деп күрсінді Сырағаң. Сырағаң Қасымды Торғайға апара алмаса да, кейіннен оның асыл жары Сақыпжамалды өзінің мерейтойы тұсында елге талай рет бірге алып жүрді. Себебі, қазақы жолмен айтқанда, Қасым мен Сырбай құда болды. Сақыпжа­малдың үлкен қызы – Жанна Сырбайдың үлкен ұлы Дүйсенге қосылып, бақытты өмір сүрді. Олардың талай жылғы қызықты қуаныш­тарына біз де ортақ болып едік. Осындай сәтті сапарлардың бірінде мен Сақыпжамал апайдан Қасымның кейбір қы­лық­тары туралы қызыға сұрап қалғаным бар еді. Сондағы бір әңгімесі есімде қалыпты. – Қасым ақындығымен қоса, әулие адам еді, деп тамсанады апай. – Онда біз Орал­дамыз. Бұрынғы күйеуім әскери адам болды. Ән-жыр, өлең-музыканы қатты ұнататын. Өнер адамдарын өте сыйлайтын. Үйімізге сол кездері Орал пединститутының студенттері Жәрдем Тілеков пен Қасым жиі келіп жүрді. Қасымның ойнамайтын музыкалық аспабы жоқ. Пианинода да шебер ойнайтын. Домбырада екі бастан. Олар келгенде күйеуім қуанып қалатын. Кейде «тентек судан» да жүйткітіп алатын. Бір күні, Қасым қызулау, маған келіп: – Сен түбінде менің әйелім боласың! – десін. Жиырмадан жаңа асқан жас кезім ғой. Сырықтай күйеуім бар. Күтпеген сөзім. «Не айтып тұр!» – деп еңіреп қоя беріп, күйеуіме жет­кіздім. Күйеуім марқұм, мені жұбатып жатыр. «Ей, бұл ақындар айта береді, ойын­дағысын ірікпейді ғой бұлар. Сенің сұлулы­ғыңа сүйсініп кеткен ғой. Қайта ақынның қызыққанына қуанбайсың ба?!» – деп жұба­тады. «Келер жылында соғыс басталып, бет-бетімізге кеттік. Ақыры, күйеуім майданнан ажал құшып, айтқандай, Қасымға бұйырдық қой!» – деп отыратын. Әңгіме айтқанда онан сайын ажарланып, ашаң жүзінен имандылық нұры есіп тұрушы еді. Кейіннен Сырағаң Қасымның Қарқаралы­сына талай барды. Қарқаралы, маған алғаш жолықтың Жыры болып Қасым Аманжоловтың, – деп тебірене жыр бастаушы еді-ау, қайран Сырағаң Қасымды жиі еске алып. Адал, ақ махаббаттың иесі – Қасым өзінің жан шуағын, жүрек сырын өлең-жырына мәң­гілік арқау етті. Ол бір ғана Сақыпжамал ар­қылы – жалпы сұлулыққа, көркемдікке, таза табиғатқа деген жан-жүрегінің тылсым сы­рын тереңнен қозғады. Сол арқылы ұлы ақын ұлттық поэзияға махаббаттың – ғашықтық жырының ғажап үлгісін ұсынды. Сақыпжамал! Бір өзіңде – Екі әйелдің аты бар. Күн боп көзің Күлгеніңде, Қабағыңнан ай туар! – деп, асыл жарының жарқын жүзіне ай мен күнді қатар сыйғызады. Сол кез саған қарай берем Көрмегендей мен бұрын. Жанның сырын жатқан терең Оқи берем жасырын.   Сақыпжамал! Атың қандай? «Сәпен» дейміз қысқартып. Жар бола гөр айтылғандай, Сенен қайсы қыз артық?!   Махаббаттан талай жастың Жүректері күюлі. Мүмкін жөндеп сүйе алмаспын, Өзің үйрет сүюді! Біз болсақ әлбетте, «сүйдім, күйдім», «мен­дей сүймес ешкім сені...» дейміз ғой. Ал Қасым болса, мүлде басқаша... Осы арада Қасым Абаймен үндесіп кетеді. Ал ақынның «Әзербайжан қызына» деген өлеңі небары екі-ақ шумақ. Осы екі шумақта бүкіл ендік пен бойлықтың, аспан мен жер арасынан сұлу қыздың тұтас келбеті көз алдыңа келіп, амалсыз айтылған шарасыз қайрат, қауқарсыз қимылдың іс-әрекеті тілдің тылсым жұм­бағын ашады. Атың Сана, көзің қара, гөзал қыз, Жыр жаздырдың жүрегімнен амалсыз. Мен кетермін, альбом ашып қарарсыз, Ақын қазақ ағаны еске аларсыз.   Тавриз – Баку аспанында күн Сана, Күміс Каспий жағасында гүл Сана. Жүрегіңмен жүрегімді бір сана – Айтарым көп, айтқызбай-ақ біл, Сана. Бүтін бір ұлттың гөзал қызына жүрек лебізін білдірген қазақ ақынына разы болмасқа хақың жоқ. Тек қана махаббат тақырыбы ғана емес, Қасым өзі өмір сүрген кеңестік дәуірдің келбетін жырлай отырып, оны кезеңдік қана емес, ғұмырлық тақырыпқа айналдыра біледі. Мәселен, Кеңес өкіметі келмеске кетсе де, сол дәуірдің қызметшісі болған «Социалистік Қазақстан» туралы өлеңінің бастапқы бір шумағын алайықшы: Мектеп бардым, бала көрдім, Қолтығына кітап қысқан, Сол кітаптың арасында – «Социалистік Қазақстан», – дейді ақын. Қандай сүйкімді көрініс, сырлы сурет, риясыз көңілдің разылық сезімі, бала жаны­ның өмірге деген құштарлығы – бір шумақ­тың аясына сыйып тұр. Бас газетіміз туралы ұлттық ұлы ұғымды ұрпақ санасына жеткізудің ғажайып сырын Қасым бізге осылай үйретіп кетіп еді. Мына мақаланы да сол Қасым қастерлеген газетімізге жолдап отырғаным сондықтан. Зерделі кісіге, сындарлы сыншыға, ойлы оқырманға Қасымның ашылмай жатқан жұм­бағы терең. Соны жыр мұхитының түбіне сүңгіп, інжу-маржан асыл тастарын жарқы­ратып алып шығу келешек ұрпақтың үлесі болып қала бермек. Қасым туралы қаншама сын мақалалар, зерттеу еңбектер жазылды. Қасымға арналған өлеңдердің өзі бірнеше томды құрайтын болар. Тіпті, жазушы Сәбит Досанов «Екінші өмір» деген роман да жазды. Мерейлі тойлар қапысыз мерекеленіп келеді. Әсіресе, Қасымның 80 жылдығында салиқалы сөз айтқан Өзбекәлі Жәнібековтің сырбаз үні әлі көңілден кете қойған жоқ. Сол тойда бұрын-соңды болмаған, боямасыз сөз айтып, бүкіл ұлтты ұйытатын ұлағатты баяндама жасаған талантты ақын Серік Ақсұңқарұлының да қыран дауысы әлі де құлағымыздың түбінен саңқылдап естіліп тұрғандай. Тоқсан жылдығы да тойланды. Бірақ, артында қандай із қалды?! Әлі күнге дейін, басқаны былай қойғанда, Қасымның атына мектеп, көше есімдерін сұраған хаттар легі, халық үні естіліп қалып жатады. Мұның бәрі өмір-тірліктің өн бойында жалғаса беретін іс болар. Алайда осы ғасыр тойы қайталанбас хас таланттың қадір-қасиетін арттыратын тарихи белес болар деген ниеттеміз. Қасымды мақтаудың да, мадақтаудың да қажеті аз болар. Біз Қасымды қастерлеудің үрдісін жасап, үлгісін ұсынуымыз керек. Бұрынырақта, Қасым туралы бір өлеңімнің аяғында ерекше бір тебіренген жайым бар еді. «Сұлу жерде тусаң да, сұлу өлең қусаң да, сұлу әйел алсаң да, сұлу жерде қалсаң да, сұлу өмір сүре алмадың, жан аға!» деген едім сол өлеңімде. Ендеше, халқына сұлулық сыйлап, сыршыл поэзияны санасына сіңірген, ұлты үшін ұлылық ізін қалдырып кеткен Қасым ақынды қалай қастерлесек те, тірінің бүгінгі парызы деп түсінуіміз керек. Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, ақын. Астана.