Өткен жылы аудан орталығы Ақтоғайда жылына 8500 тонна өнім қабылдай алатын алып қойма пайдалануға берілді. Жалпы, өңір үшін маңызды бұл нысан еліміздің инвестициялық жобалары санатына енді. Жобаның жалпы құны – 311 миллион 680 мың теңге, оның 245 миллион 414 мың теңгесі «ҚазАгроҚаржы» АҚ тарапынан бөлінді. Аудан орталығында ашылған бұл қойма облыс бойынша картоп өсіруді қолға алған кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Игорь Головашов басқаратын «Ақтоғай-АГРО» серіктестігіне қарайды.
Біз, осы серіктестіктің көз жетпес жерді алып жатқан картоп алқабында тұрмыз. Жап-жасыл, кең жайылып жайқалып тұр. Картоп алқабы басында бақшашыларға арналып жатақхана секілді үй салыныпты. Игорь Головашовтың айтуынша, өткен жылы өзі басқаратын «Ақтоғай-Агро» серіктестігі суармалы жердегі осы біз келіп тұрған 348 гектар алқаптан 5 мың тоннадай картоп жинап алыпты. Биыл да жақсы межеге қол жеткізбек. Ауа-райы да жақсы қабақ танытып тұр. Қыс-көктем айларында аудан жұртшылығын картоппен қамтамасыз ету мақсатында қоймаға 2900 тонна картоп салынған көрінеді. Өнімнің бағасы да тұрақты. Өздері өсірген қап-қап картоптарын алды облыс орталығы, Екібастұз, Ақсу, соңы Астана, Омбы жаққа дейін сатуға апарады. Биыл «Валлей» атты жаңбырлатқыш және «Гримме» атты картоп отырғызатын техниканы, өнімді қайта өңдейтін шетелдік техникаларды өз қаражаттарына сатып алыпты. Жаңа техникасыз мынадай кең даланы игеріп, іске жарату, одан пайда көремін деу мүмкін емес.
– Мына жағалау бойында «Невский», әрі қарай «Алладин», одан кейін голландиялық деген картоптың әртүрлі тұқымдары өседі, мұны олардың ақшыл, сиякөк гүлді түрлерінен, жапырақ жаюынан айыруға болады, – дейді Игорь. Алқап бойындағы арықшалар басында осы тұқымдар аттары жазылған тақтайшалар да көрінеді. – Серіктестікте негізінен ауыл тұрғындары, жалпы 130-дай адам, ал науқандық уақытта жұмыс орны одан сайын көбейеді, – дейді ол. – Өйткені, мен өзім де ауылдықпын, осы жерде туып-өстім. Бала кезімнен жердің қадірін, күтіп-баптауды, оның игілігі болатынын көріп өстік.
Аудан орталығынан наубайхана аштық. Бидай өсіретін болған соң, оны сақтайтын қойма салдық. Әрі мемлекет қамқорлық жасап отырғанда сол мүмкіндікті пайдалана білу керек деп ойлаймын, қазір міне, он жылдай уақыт болды картоп өсіріп келеміз, табысымыз да жаман емес. Сонымен қатар бұршақ, бидай егеміз. Бұрындары қыс ішінде көкөніс пен картоп сақтауда ала жаздай өсірген өнімдері рәсуа болып, шаруа қожалықтары үшін біраз қиындықтар кездесті. Енді міне, қойма дайын. Ерінбей еңбек етімін деген Игорь сияқтылардың ағыл-тегіл картоп та, көкөніс те өсіре беруіне болады. Ақтоғайдың жері жетеді. Қоймалар мен жылыжайлар қысы қатты солтүстік өңірдің жағдайында аса қажет. Көктем шыға далаға босқа лақтырылған өнімдердің кесірінен баға да шарықтап кетіп, жұрттың реніш білдіретіні де сондықтан. Ал, қазір сол олқылықтың орны толды, жылдар бойы айтылып келе жатқан мәселенің мәнісі шешімін тапты, енді шетелдік технология бойынша тұрғызылған қойма тұрғындар сұранысын қыстыгүні картоп, көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде, дейді бізбен бірге алқапты аралап жүрген аудан әкімі Жұмакелді Қожанов.
Серіктестік бөлген қаражатқа картоп сақтайтын қойма салынды, көкөніс сақтап тұра алатын желдеткіш жүйелері, сонымен қатар, өнімдерді сыйымдылығы 500 тонна жәшіктерде сақтауға арналған мұздатқыш жабдықтары сатып алынды. Бұған қоса, ауыл шаруашылығына, оның ішінде картоп өсіруге қажет арнайы техникалар да бар. Қойманың жоба бойынша жалпы өнімдерді сақтау кезеңі 9-10 айға есептелген, яғни, қыркүйек айынан келесі жылдың маусым айына дейін шыдайды. Қоймаға керекті барлық жабдықтар, техникалар Германиядан, agrotec International компаниясынан әкелінген. Осы шаруашылықтың басшысы Игорь Головашовтың айтуынша, пайдалануға берілген жаңа заманғы көк-өніс қоймасында өздерінің шаруашылықтары өсірген көкөністер, картоптар ғана сақталып қана қоймай, облыстағы жақын аудандардың да өсірген өнімдері сақталатын болады. Тіпті, мұнда арнаулы камераларда қырыққабат, сәбіз, пияз сияқты көкөністер де сақталады. Ал, Игорь бастаған картоп өсірушілер қойма толтыратын мол өнім алатындарына қазірден-ақ сенімді.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы.