• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Қыркүйек, 2011

Достастық елдеріндегі бірегей мектеп

318 рет
көрсетілді

Жаңа оқу жылының бас­та­луынан бір күн бұрын Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев «Haileybury Astana» халық­ара­­лық мектебіне барып, ара­лап көрді. Британияның 200 жылдық тарихы бар ең әйгілі дербес оқу орын­да­ры­ның бірі болып табылатын аталмыш мектептің алғаш­қы­сы осыдан үш жыл бұрын Алматыда ірге көтерген болса, енді мінеки, Астанада есігін айқара ашып отыр. 2009 жылы құрылысы бас­тал­ған «Haileybury Astana» мектебі Президенттік саябақ ауда­нында орналасқан. Мектептің жалпы ау­ма­ғы 13 гектар, оқу ғи­мараттары 21 мың шаршы метр­ді алып жа­тыр. 53 сынып, 6 зертхана, 3 ды­быс жазу сту­дия­сы, 1 шеберхана, 10 музыкалық сынып, 1 спортзал, 2 бассейн, 600 орындық асхана, 4 теннис корты, 1 футбол алаңы, 780 орын­дық театр, би студиясы бар мектепте 640 оқушы оқитын бо­ла­ды. Соның ішінде 160-ы бас­тауыш мектепке барса, 160 оқу­шы орта буында және 320-сы жо­­ғары сыныптарда білім ала­ды. Са­бақтар аптасына бес күн, таң­ер­теңнен кешке дейін жал­ға­сады. Биылғы оқу жы­лының ал­ғашқы кезегінде 1 сыныптан 6 сыныпқа дейінгі 220 жеткіншек оқуға қа­был­даныпты. Оқушы­лар­ға 61 мұ­ғалім сабақ берсе, олар­дың 27-сі шет­елден шақыр­тылып, қалған 34-і өзіміздің отан­дық ұстаздар екен. Мектеп басшыларының сөзде­ріне сүйенсек, жалпы құрылысқа 46 млн. АҚШ доллары жұмсалса, бұл қаражатты «Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тұңғыш Президенті­нің қоры» қоғамдық қоры мен елі­міздің бірқатар жетекші кәсіп­кер­лері көтеріп алыпты. Ал мек­тептің оқу бағдарламаларына келер болсақ, оқу жоспары Ұлы­бри­танияның оқу жос­па­ры стан­дартына негізделген екен. Бірақ мектептің Қазақ­стан­да орналас­қа­ны ескеріле оты­рып, акаде­мия­лық бағдар­ла­ма Қазақстан Рес­публи­ка­сы­ның Мемлекеттік жал­пы­ға мін­детті білім беру стан­дарт­та­рына мүмкіндігінше сәй­кес­­тен­дірілген. Жоғары сынып­тар­дан бастап оқыту халық­ара­лық бакалавр дипломына ие болу үшін аккредиттелген бағдарлама бойынша жүргізіледі. Мектеп ғимаратымен танысу барысында Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев мектептің оқыту бағ­дарламасындағы кейбір ерекшеліктерге тоқталды. «Қазақстанда біз үш тілді дамытамыз деп отыр­мыз. Бірінші орында, ең бастысы – қазақ тілі. Ол – мемлекеттік тіл. Сосын ағылшын, орыс тілдерін оқытамыз. Бұл барлығына түсі­нікті болу керек. Мен өзім біздің елде осындай мектептер болуы үшін бәрін жасадым. Алматы­да­ғы мектеп те, осы мектеп те Қазақстан аумағында орналасқан. Сондықтан, әрбір бала біздің хал­қымыздың тарихын, әдебиетін, мәдениетін біліп шығуы тиіс», – деді Елбасы. Білім ордасын аралап шық­қан­нан кейін Елбасы осында білім алатын оқушылардың ата-ана­ларымен де кездесіп, «Hailey­bu­ry» мектебі туралы пікірін ор­таға салды. ТМД аумағында небәрі екі-ақ «Haileybury» мектебі бар екенін және екеуі де Қазақ елінде екендігін тілге тиек етті. «Haileybury Astana» мекте­бі­нің болашақтағы оқу үрдістері жай­лы білмек оймен мектеп ди­ректоры Эндрю Остерді сөзге тарт­қан едік. Оның айтуынша, білім беру жүйесінде ең басты құрал – мұғалімнің біліктілігі. «Ұс­таз мықты болса, шәкірт те білімді болады. Сол үшін де мектепке білімді әрі білікті ұстаз­дар­ды жұмысқа алуды қатты қада­ға­лап отырмыз. Сабақтар ағылшын тілінде жүргізілгенімен, қазақ және орыс тілдеріне де басым­дық­тар беретін боламыз», – деді ол. Қытайдың «Бір жылдық жоспар құрған – күріш егер, он жылдық жоспар құрған – ағаш отырғызар, өмірлік жоспар құрған – ұрпағын біліммен сусындатар», деген мәтелі бар. Елдіктің ертеңін өр тұлғалы, білімді, мақсаткер жастардың бойынан көруге асыққан киелі Қазақ елі де дәл осы мәтелдегі айтқан терең оймен өз өрен­де­рін жан-жақты оқытып, олар­дың білім алу жолында қар­жы­ны да, қайратты да еш аямақ емес. Өйткені, біз елдік жолында жастардың жігері­не нық сенген халықпыз. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.