Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «20 жарқын іс» акциясы аясында ұйымдастырылған тағы бір ұлағатты шара «Шығыс шынары-2011» атты ІІ халықаралық мүшәйра «Этноауыл» кешенінде өтті.
Өткен жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен өмірге келген бұл шара алғаш рет ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен, шетелдердегі қандастарымыздан 170 ақын қатысқан болатын. Мақсат – еліміздің шұрайлы да шырайлы өлкелерінің бірі Шығыстың ғасырлар қойнауындағы тарихын, ата-баба ерлігін, тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктерін, табиғат көркін жырға қосып, жас ұрпақтың санасына отансүйгіштік рух ұялату, дана Абай туған өлкенің кешегі, бүгінгі тарлан ақындарының ізбасарларын түлетуге саяды. Биылғы мүшәйраға еліміздің әр түкпірінен Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай қатарлы шетелдерден, барлығы 108 ақын қатысты. Ақындардың шалқар шабыттан туған салқар жырлары бірінен-бірі асып түседі. Шырайлы Шығыстың мақтаныштары мен ғажайыптарын шебер тілдерімен жүректерге жеткізе білді. Мүшәйра мәресіне жетіп, қазылар алқасы жүлделі орындарды жария етті. Жиналған қауымның көкейінде «Бас жүлде кімге бұйырар екен» деген сауал тұрғаны анық. М.Мақатаев атындағы, мемлекеттік «Дарын», «Жастар» сыйлықтарының лауреаты Бауыржан Жақыпты қошеметшілер сахна алдына ақбоз атпен әкелді. Бас жүлденің дипломы мен ақшалай сыйлығын облыс әкімі өз қолымен тапсырды. Бірінші орынға – «Жас қазақ үні» газетінің редакторы Қазыбек Иса, екінші орынға – алматылық Жарас Сәрсек пен астаналық Жанат Әскербекқызы ие болды. Үшінші орынды ақын Жәркен Бөдеш, Жүрсін Ерман, Ұларбек Дәбей еншіледі. Ақын Әлия Дәулетбаева, Бақыт Беделхан, Кәдірбек Құныпиялар арнаулы сыйлыққа, Азамат Тасқара, Динара Маликова, Асан Қадыр Мырзабек, Қорғанбек Аманжол ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Дүбірлі жыр додасының көрермендері сұлу жырмен сусындап қана қоймай, Шығыстың әр үйінің төрінде тұрар құнды туындылар, биыл жарық көрген «Демократия салтанаты», «Шығыс жұлдыздары», «Шығыс шынарлары» атты кітаптардың тұсаукесер рәсіміне де куә болды. Әр кітапқа арнайы тоқталып өткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: – Биыл көктемде өткен Қазақстан Республикасының Президент сайлауы бастамасын біздің көтергенімізді жақсы білесіздер. Осы кітапта елімізде демократиялық үрдістің іс жүзінде қалай орындалып жатқаны, оған біздің қосқан үлесіміз жөнінде тұшымды материалдар жарияланған, – деді. – Ал «Шығыс жұлдыздары» деп аталатын кітапта өңірімізден түлеп ұшқан, бүгінде есімі ел-жұртқа белгілі 581 өнер, мемлекет, қоғам қайраткерлерінің өмірбаяндары, жеткен жетістіктері қамтылған. Үшінші кітап – өткен жылы бірінші рет өткен «Шығыс шынары» атты халықаралық мүшәйраға қатысқан алпыстан астам ақындардың өлеңдерінен тұрады. Жиын соңында облыс әкімі қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиевті Абай атындағы арнайы сыйлықпен марапаттады. Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Юсуповті, мемлекеттік «Ақ жауын» камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, күйші, сазгер Секен Тұрысбековті биылғы жылдың мерейтойы сыйлығы иегері ретінде марапаттап, иықтарына шапан жауып, бағалы сыйлықтар ұсынды.
Ондасын ЕЛУБАЙ.
* * *
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖЫР МҮШӘЙРАСЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ ЖЫРЛАЙДЫ
Бауыржан ЖАҚЫП, бас жүлде АЛТАЙ
Әр үйге өр Алтайдың кұты келіп, Бәйгеде атымызды үкіледік. Шомылып ерке Ертістің толқынына, Алтайдың өстік біздер сүтін еміп. Кеудесін кербұғыдай керген Алтай, Жау шапса, айбарымен жеңген Алтай, Батырдай дулығалы төнген Алтай. Ағу Алтын йышым – Алтын тауым Күлтегін, Тоныкөкті көрген Алтай. Беу, Алтай, бабалардан қалған Алтай, Қазаққа алтын бесік болған Алтай, Қиын кезде шығарып салған Алтай, Азат күнде қарсылап алған Алтай. Көрмеген әрбір жанға арман Алтай, Биікте бақ жұлдызы жанған Алтай, Қорғасын, мыс пен мырыш, алтын-күміс Қойны-қоншы бай кенге толған Алтай. Еліне бауырында өскен сенген Алтай, Тағдырдың салғанына көнген Алтай. Таусылмас қазына етіп, нәсіп етіп, Құдайым қазағыма берген Алтай. Қар басын ақ сәлде бұлт шалған Алтай, Құзына ақиығы қонған Алтай. Бейуақ мұзарт басын мұнар басып, Кей уақ қалың ойға шомған Алтай. Жасанған сәукелелі сұлу Алтай, Төгесің жарық Алтай, жылу Алтай. Аузыма асыл сөзді сен сыйладың, Ешқашан таусылмайтын жырым Алтай. Сенде бар тілім, ділім, салтым, Алтай, Ұлтымның алтын тәжі – Алтын Алтай. Мәңгілік қазақ саған қорған болып, Қорған боп сен тұра бер халқыма, Алтай.
* * * Қазыбек Иса, бірінші орын ЖАПАНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҮЙ
Жалғыз үйді көргенде жапандағы Құлазимын... бір мұңға батам-дағы... Сонда барып оңаша тұрар ма еді, Сарылтады ой осындай сапардағы, Ашылмаған жұмбақтай жаһанда әлі, Жалғыз үйге құмармын жапандағы... «Жалғыз ағаш жапанда егіледі, Жапырағы жел соқса, төгіледі...» Мұнар мұңға малынған төңірегі, Жалғыз үй тек алыстан көрінеді... Қара бала қараса қара жолға, Қарап тұрып қабырғам сөгіледі... Түсінер жан бар ма екен тегі мені, Сұраңдаршы, сол бала не біледі... Қарашада қара үйде қара бала, Қара өлеңін тыңдайды дала ғана... Қара талдай сарғайған жапырақпен, Қарайлайды қарайған сағанаға Қарашада қара үйде қара бала. Қара жолға қарайды ол күнде неге?.. Қияны аңсап... Қиялмен түрлене ме... Ал мен неге құмармын жалғыз үйге, Жетіспейтін көңілде бірдеңеге Жету үшін... Жетер кез бір келе ме?.. Қара жолға қарайды ол күнде неге?.. Жалыққаным у-шудан шығар тағы, Жабыққаным – жалғыз үй құмартады Жалғанған жол жүрекке ...тартады ылғи Кетіп қалсам... Кім маған кінә артады... Мұңға батқан құмдағы үй мұнартады... Жаным неге жапанды ұнатады, Жанарыңды жасқа да шылатады... Кешпен бірге қызарып, ойға батып, Нұрға бөлеп оятар құба таңы... Жаным неге жапанды ұнатады... Ойдан кетпей осы бір күй кешегі, Шақырады қырдағы үйге сені... Ат үстінде тербелсең... бүлкілімен Дүрсілі де жүректің үйлеседі... Кеңістіктен кеткенде бас айналып, Тыныштықтан туған бұл күй деседі... Өзімді өзім қамаймын торға қалай, Бір амалдың қайтейін болмағаны-ай... Түсіп бара жатамын түсімде ылғи, Жалғыз үйге жеткізер жолға қарай... * * *
Жарас СӘРСЕК, екінші орын ДАУЫС Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында іргедегі көрші елдің диаспорасы Қазақстанның шығыс аймағын өз жеріне балап байбалам салғаны әлі естен кете қойған жоқ. Сондай-ақ, 1992 жылы Өскемен қаласында шешендердің қазақтың төрт бірдей азаматын мерт қылғаны да жадымызда. Қаһарына мінген халық оларды Өскеменнен әрі асырып жібергені де есімізде.
Күн шығатын жағымды ғайып қылам деді ме, Күн сүйетін тәнімді майып қылам деді ме? Көлденеңдеп көк атты көңілімді қалдырды, Аздығымды бетіме айып қылам деді ме? Кететіндей өңгеріп жерді жеңіл дейді ме, Кейкитіндей кем көріп елді жеңіл дейді ме? Етегімен ертеде өзін желден қорғаған Бұл Қазақтың төзімін енді темір дейді ме? Құмғанынан су берген, Құнарынан жер бөлген, Табу қиын бөтен жұрт Қазақ дейтін елден кең. Оңтүстіктен оқ шашсам, Солтүстіктен от шашсам, Батысымнан жел тұрса – жағдайыңыз нөлмен тең. Өшіккенді жайменен өткізетін өңешпіз, Обалсызға опынып оғаш болды-ау демеспіз. Көңіл қарыз болсақ та, Өмір қарыз болсақ та, Біз ешкімге тарихта жермен қарыз емеспіз...
* * * Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ, екінші орын ШЫҒЫСТАН ШЫҚҚАН КҮН...
Шығыстан күлімдеп шыққан күн, Шырайлы жүзіңе сұқтандым. Шыққанда төгілген күлкіңмен Батқанда... Егілген мұңыңды ұққанмын. Тірліктің ып-ыстық демі едің, Алтайды қолтықтан демедің. Самалын сәлем қып жіберген Сауыр мен Сайқанға не дедің? Қалбатау жолыңда көлбеген, Қара Ертіс – толқыған ол да өлең. Сарғаяр Шорғаның жазығы Қобыздың үніне шөлдеген. Жарылқап аспан-жер арасын, Зайсанға шуақ боп тамасың. Сырласып Толағай-тауменен Бір сәтке мұнартып қаласың. Маңырақ маңынан маңасың, Сеңгірді қимастай қарасың. Сағыныш-нұрыңмен тербейсің Марқаның мөп-мөлдір шарасын. Төгілтер бозторғай таңғы әнін, Барқытбел – Аршалы ардағым. Білесің, Шыңғыстау бөктерін Мекендеп мәңгі өлең қалғанын. Шығыстан шыққан Күн арайлап, Нұрыңа шомылар бар аймақ. Тұлпар тау, Сұңқар тау биігін Тұрсың ба қия алмай қарайлап?!
* * * Жүрсін ЕРМАН, үшінші орын ӨСКЕМЕН
Қалдырып кетпесем де ештеңемді, Қимайды көңіл неге Өскеменді? Былдырлап тілі шыққан балам құсап Шықпайтын болып алды естен енді. Қол созып махаббаттың жүлдесіне Шомылсам шолпылдатып Үлбісіне Өскемен келіншек боп көрінеді Оранған үлдесі мен бүлдесіне. Жұлдыздай зерлі аспаннан үзіп алған, Түнгі оттар шыға келсе жүзіп алдан. Көңілдің айдынында ағараңдап, Қаяудай құс жолының ізі қалған. Қияқтай ай боп көкте тұрса қылыш, Кетеді жүрек жібіп, жұмсарып іш. Дүбірлеп түркі атының тұяқтары, Сібірлеп оянады бір сағыныш. Күн нұры тозаңдатып гүлдер шаңын, Көшкендей көз алдымда күндер сағым. Санамды сілкілейді сақ кезімде, Сары алтын сауыт киіп жүрген шағым. Сайы жоқ саясында гүл өспеген, Самалы сыбырлайды бір ескі өлең. Киесін Алтай-әжем құрмет тұтқан, Бабамның бөркі шығар бұл Өскемен. Жеңіспен жалғансын деп жортуылдар, Еңістен ереуілдер еркін ұлдар. Ішінде қарағайдың қаптап жүрген Қайдасың, қаратайлар, төртуылдар? Тарихын тергесеңдер Өскеменнің, Жұрты бұл жөңкіп бұлттай көшкен елдің. Алтайым – ақ бесігі Ата қазақ Кіндігін қылышпенен кескен ердің. Тағдырын кешкен сол ұл Көрғұлының, Тәңірім, енді ұзартып бер ғұмырын. Шығыстың шаңырағы жүрген сынды Шайқалып шүйдесінде Кербұғының. Рахман суыңда да ырыс қайнап, Майлайсың мұртыңды енді, мырышты аймақ. Түбінде қазаныңның тұрсын қаспақ, Қыр асып, қиыр шетке жылыспай бақ.