Уақыт атты тарихи-филологиялық ұғым тұрғысынан келсек, белгілі бір мерзім аясында ғұмыр кешіп, артында өшпес мұра қалдырған ірі тұлғаның адами, өнерпаздық болмысын ешқандай құдіретті күштің көмескілендіре алмайтыны анық. Ендеше, сондай ірі тұлғаға мына фәни дүниеде небәрі қырық төрт жыл жасап, халқының ыстық сүйіспеншілігіне бөленген Қасым Аманжоловты жатқызуымыз еш дау туғызбайтыны заңдылық. Себебі, Қасым мұрасын Тәуелсіздік атты ұлы ұғымнан бөлек қарауға болмайды. Қ.Аманжолов – қылышынан қан тамған тоталитарлық заманның өзінде-ақ тәуелсіздікті аңсап, тәуелсіздікті жырлаған күрескер ақын. Ол өз шығармашылығы арқылы сөз өнерін, онда да қазақтың ұлттық поэзиясын шырқау шыңға шығара алды. Зерделі жан оның поэзиясын жалпыадамзаттық құндылықтар қатарынан ойып тұрып алған ерекше құбылыс деп бағалайтын уақыт туды.
Ол адамзат тарихында өшпес із қалдырған, азат ой-сананы қамауда ұстаған КСРО атты алып империяның тоталитарлық жүйесінен туындаған аса қуатты саяси-әлеуметтік идеология салтанат құрып, өктемдік жасап тұрған уақытта ғұмыр кешті. Сол қоғаммен, оның саяси жүйесімен кереғар қарама-қайшылықта болды. Ақындықтың, онда да халық бостандығын, ұлт тәуелсіздігін аңсаған жырларының сол қоғамның ұстаным-ұстынына сәйкес келе бермейтінін білсе де, сол қауіпті жолды таңдады. Тәуелсіздік, азаттық ұғымдарын шығармаларына арқау еткен азат ойлы ақын-жазушылардың аянышты тағдырын Қасым жан дүниесімен сезген.
Ресейдің руханият тарихында ерекше орны бар ақын Рылеев азаттық идеясын көтергені үшін патша жарлығымен дарға асылған. Лермонтов небәрі 27 жасында, Пушкин 38 жасында дуэльде өлді. Грибоедовты Тегеранда бауыздап кетті. Самодержавиелік билік Веневитиновты 22 жасында мерт қылды. Кольцов 33 жасында көз жұмды, аштық пен жоқшылық зардабын тартқан Белинский 35 жасында дүниемен қош айтысты, Баратынский 12 жыл айдаудан соң азаппен өтті. Сібір каторгасынан кейін Бестужев Кавказда жап-жас күйінде қайтыс болды. Патшалық Ресей саясатының бірден-бір заңды мұрагері кеңестік биліктен Есенин, Ахматова, Цветаева, Окуджава, Матвеева, Галич, Высоцкий, сәл бертініректегі Рождественский, Евтушенко, Вознесенский, т.б. зардап шекті. Қазақ тарихындағы А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, т.б. атылып кетті. Салыстырмалы түрде алғанда, сәл тыныштау дейтін уақыттың өзінде Ә.Марғұлан, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Е.Бекмаханов, Қ.Жұмалиевтер қуғынға түсті.
Қандай қоғамда болса да, елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, негізінен, азат ойлы зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар болып келгені тарихтан белгілі. Үнділік М.Гупта, М.Чатурведи, Д.Прасад, африкалық Эме Сезар, Рене Мениль, Леон Дамас, латынамерикалық Андрес Белью, Пабло Неруда, т.б. сондай-ақ, биік лауазымға ие болып, тәуелсіздік саясатын жүргізген түрлі ірі тұлғалардың басым бөлшегі ақындар болатын.
Міне, бүгінгі күн биігінен үңілсек, тәуелсіздіктің қаншалықты қиындыққа түсетінін, осынау қасиетті ұғымды жырлаудың сол өткен заманда қатерлі әрекет екенін байқау қиын емес. Ендеше, Қасымның ұлы ақын болып қалыптасуы, ақындық ұстанымы тәуелсіздікті жырлау идеясынан бастау алып еді дегеніміз абзал. Тәуелсіздікті жырлау үшін ұлттық идеяға кәміл сенімділік керек. Қасым Аманжолов бойындағы күрескерлік поэзия осынау қасиетті ұғымдарды болмысына терең сіңіргенінің арқасында ғана туындаған еді. Ол, ең алдымен, жеке бастың, келе-келе қазақтың бостандығын жыр арқауына айналдырса, уақыт өте келе мұзарт шыңға көтеріліп, жалпы, адамзат баласына, тәңірдің өзіне, тіпті пешене атты шетсіз-шексіз абстрактылы ұғым – жазмышқа тайсалмай тіл қатты.
«Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені?
Мен - қазақтың баласы!..
«Тағы» емеспін, тағы айтам,
Адаммын – деп бұрыннан.
Адаммын деп жылағам,
Адаммын деп қырылғам.
Тәкаппар ұлы дүние!
Қазақ деген – мен деймін.
Мылтығыңды ұсынба,
Қолыңды ұсын, кел деймін!»
Өзі ғұмыр кешкен қоғам ақын жанын түсінбеді. Ақын – адам мен Алланың арасындағы елші рөлін атқаратын тұлға деп қанша жерден мақтасақ та, Қасым ақын мейірімсіз жүйе аясында өмір сүрді. Жаратушының мол мейіріміне бөленіп, ақын деген киелі атқа ие болса да, ол шын мәнінде қорғансыз еді, жалғыз еді. Қоғамдық жүйеден таяныш, тірек іздеді, аялы алақанның жылуына ынтық болды. Ол өз сана сезімінің, таланты мен дарынының арқасында ел тәуелсіздігі туралы түпкі ойын астарлап, емеурін, ишарамен жеткізуге тырысты. Сол әрекетінің өзімен-ақ тоталитарлық саясаттың үстемдігінен гөрі, рухани игіліктің биік болуына қызмет етті.
Дәл сол тұстағы уақыт аясында Қ.Аманжолов шығармашылығы жайлы ірілі-ұсақты мақалалар жазылды. Қасым поэзиясына күйе жағушылар көбейді. Алайда, ақын поэзиясын кемсіту ұлы тұлғаның әдебиеттегі орнын түкке тұрғысыз етіп көрсету, пенделік қызғаныш, көреалмаушылықтан еді деу қисынсыз екенін баса айтқымыз келеді. Соғыстан кейінгі, әсіресе, елуінші жылдардың басындағы КСРО-да орын алған саяси қуғын-сүргіннің жаңа толқыны алапат өзгерістер әкелген еді. Дәл сол тұста Қ.Аманжолов, Ә.Тәжібаев, Қ.Бекхожин сын садағына ұшырады. Қасым ақын партиялылығы қаралатын қаһарлы жиналысқа ауруы меңдеп тұрса да келген. Сол жолғы жиында болған жәйтті айтпай кетуге болмас. Құдіреті күшті жүйенің көшбасшысы – партия ұйымынан арнайы нұсқау алған сол кездегі жас сыншы, қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының дарабозы, академик С.Қирабаев өз баяндамасында тағдыры қыл үстінде тұрған ұлы ақынды жардан құлатпай, сынаған болып тұрып, оның табиғи талантын, ақындық қуатын жан-жақты дәлелдеп, алапат қатерден аман алып қалғанын бүгінгі буын біле бермес. Осылайша 1950 жылғы «Әдебиет және искусство» журналының 10-нөміріндегі мақаласында Серік аға Қирабаев, Қасымдай ақынға арашашы болған еді. Шынайы таланттың найза ұшында жүретіні анық. Кезінде М.Жұмабаев туралы терең баяндама жасаған Ж.Аймауытов секілді С.Қирабаев та Қ.Аманжоловты тікелей төнген қатерден алып қалды. Сөйтіп, ақынның да, қазақ әдебиетінің де намысын қорғады. Қасым ақынға С.Қирабаев баяндамасында берілген шынайы баға халқының ақынға деген ыстық махаббатынан туындаған еді. Қасым Аманжоловтай ұлы ақынның шығармаларын толық күйінде жинап, оның мәтіні ақын қолжазбасымен, бұрынғы үлгілерімен салыстыра қарап, кеңестік идеологияның пәрменімен өзгеріске ұшырап кеткен тармақтарын қалпына келтіріп, көптомдығын жариялауды басты міндет деп баспасөз бетінде үн қатып жүрген осы Серік аға Қирабаев екенін бүгінде айрықша атаған абзал.
Қасым Аманжолов – күрескер, дауылпаз ақын. Ол әрекетсіз өмірді ұнатпайды. Сананың кемелденуіне үлес қосқан тұлға деп М.Горькийді, А.Маяковскийді, А.Пушкинді, Ш.Руставелиді, Абай, Сұлтанмахмұт, Жамбыл, Бауыржан, І.Омаров, М. Әуезов, Е.Ысмайылов, тағы басқаларды санады, оларға өлең арнады.
Тосындау көрінсе де, айтарымыз мынау. Қасымның Қасым болуына алғышарттар жасаған сол тұстағы тоталитарлық, большевиктік-коммунистік жүйенің өзі еді. Осы жүйе оны күрескерлік жолға түсірді. К.Маркстің: «Құлдық дәуір болмаса, грек мемлекеті, грек өнері мен ғылымы болмас еді; құлдық дәуір болмаса, Рим империясы болмас еді. Ал, Грекия мен Рим қалаған іргетассыз қазіргі Еуропа дүниеге келмес еді» дегеніндей, сол кеңестік империя, оның ғаламат идеологиялық саясаты болмаса, Қасым ақын атанар-ау, алайда, дәл қазір бәріміз жабылып жазып, мадақтап жатқан ұлылық биігіне көтеріле қоюы неғайбылдау болар еді. Өзі кереғар қарым-қатынаста болған қоғам оның ішкі рухани бұлқынысын тудырды, намысын оятты, жігерін жаныды. Осының нәтижесінде ақын әлемдегі бірде-бір елдің руханият тарихында кездеспейтін қазақ жырауларының бұлқыныс атты ұғымдардан бөлек қоя алмайтын Махамбет дәстүрін, дүниеге ойшылдықпен үңілген Абай кемеңгерлігін, қысқа ғана мерзім ішінде қазақ тәуелсіздігінің даму бағдарламасын жасап берген Алаш арыстарының, әсіресе, Мағжан ұлылығын игере алды. Игеріп қана қойған жоқ, оларды өз таным-түйсігімен шебер дамыта алды, жаңғырта алды. Намысқой ақын қазақ руханияты бастау алған Ұлы Дала өркениетін, ұлт табиғатындағы сөз өнерінің қасиет-қадірін өнерпаздық болмысына шебер сіңіре білді.
Егер XIX ғасырдағы Ресейде ұлттың тілінен гөрі, шетел тілін, әсіресе, француз тілін құрметтеу, сол тілде сөйлеу белең алғанда, бұған намыстанған зиялы ақындардың қарсы күреске шыққаны тарихтан мәлім, XX ғасырдағы қазақ тілінің хал-ахуалына Қасым ақын да қатты назырқанды. Оның ұғымында ұлттың тілі тек қатынас құралы ғана емес, сананы сілкінтіп, серпілтер ұлы күш еді. Сондықтан да ол ұлт тілінің барлық мүмкіндігін мейлінше толық пайдалануға тырысты. Ана тілінің қуатты уыз-мәйегінің арқасында өлмес туындыларын дүниеге келтірді. Қазақ тілінің ұлылығын баршаға паш етті. Ақын ана тілін асқақтатты. Ана тіліміз ақынын аспандатты. Қасым Аманжоловтың қазақ ұлтының рухани әлеуетін биіктетуі оның ұлы еңбегі еді.
Ол ғұмыр кешіп, әдебиетке араласқан XX ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап, елуінші жылдардың соңына дейін алып империядағы күңгейі мен көлеңкесі қатар келген уақытты, ірі өзгерістерді өте күшті саяси идеологияның нұсқауымен жырлау, мадақтау басты мақсат болса, тек Қасымдай ақындар ғана тоталитарлық жүйенің нұсқау, пәрменін салғырт тыңдады. Ол ұлттық руханиятты асқақтату үшін жанын салды.
«Хантәңірі –
қарт Тянь-Шаньнің жүрегі...
Хантәңірі –
көк аспанның тірегі...
Хантәңірі –
көп жасаған қария, –
Хантәңірі –
жер жүзіне жария.
Хантәңірі –
жүрегі – тас, қаны – сел,
Хантәңірі –
лебі – боран, демі – жел.
Хантәңірді –
қабағынан қар жауған,
Хантәңірі –
балағынан қан тамған...
Хантәңірі –
ешкімге бой бермеген,
Хантәңірі –
еш бағынып көрмеген.
Хантәңірі –
бағынбасқа серт қылған,
Хантәңірі –
қарсылассаң мерт қылған.
Хантәңірі –
күнге ғана табынған,
Хантәңірі –
хабар алған сағымнан».
Мұнда Қасымның күрескерлік рухы көрінеді. Бұл – сол күрескерлік рухтан туған жыр жолдары. Ақын халқымен ашық диалогқа барды. Халқымен сырласты, елінің рухани сұранысына жауап беруге тырысты. Жоғарыда да айттық, ол тағдырдың ауыр тауқыметін аз тартқан жоқ. Есейе келе азат ойды шығармаларына арқау еткендіктен қоғам оны бөгде адамға айналдырды. Сұрапыл соғысқа қатысты, майданнан оралған соң пәтер ала алмай шаршады. Қасым ақын бір тұста:
«Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды,
Сонда да тастамаймын астанамды», –
деді. Бұл жыр жолдары арқылы ол қара ормандай қазағын тастамайтынын, Алланың ғана емес, ұлтының құлы болуға ант еткені еді.
Қасым Аманжолов – кеңестік дәуірдегі қазақтың ұлттық поэзиясына терең мазмұн, келісті пішін әкелді. Яғни ақын болмысы, күрескерлік рухы, көркемдік категориясы атты үштаған қазақ поэзиясынан берік орын алды. Осындай ізденіс жолында оның мызғымас авторлық ұстанымы қалыптасты. Автор – эстетикалық, мәдени-әлеуметтік категория. Ол аз туындылары арқылы «мен» ұғымын орнықтырып, көркемдік дара танымын дәйектеді. Қасым даралығы оның ұлт рухын биіктетуге бағытталған өршіл романтикасында, берік оптимизмінде, еркін де азат ойларында көрініс тапты. Поэзия әлемі – сыршылдыққа бастайтын эстетикалық әлем. Қасым поэзиясында сол сыршылдық философиямен, нәзік лиризммен, өршіл де отты романтизммен астасты. Егер Абай замана сұрқына ойлылықпен үңіліп, сол тұста қалыптасқан қоғамдық-әлеуметтік, саяси, тарихи жағдаяттарға сай ұлт алдында тұрған міндеттерді парықтап, лириканың сатира жанрына көбірек жүгінсе, Қасым ақын сыршыл лирикаға ден қойды. Даналыққа бастар Абай ойшылдығы мен тереңдігі Қасымда эстетика мен философияның жігі бөлінбес тұтастығына ұласты.
«О, тағдыр, мені сауықтыр!
Айтатын жыр, ойым бар.
Көңілім саған ауып тұр,
Алда бір қызық тойым бар.
Бір өзім, емес көп үшін
Көкірегім толы күйім бар.
Сау болып соны шертейін,
Ауыра берсем – қиындар.
Өлең мен күйден жаралған
Мен де бір адам ғажайып.
Құтқаршы, ауру, жараңнан,
Жазылып бір жыр жазайық.
Көңілдің күйін төгейік,
Арманда кеттік демейік,
Бәрін де беріп ел, жұртқа,
Қарыздар болмай өлейік».
Қазақта дариға дейтін сөз бар. Осынау сөзді құлпыртып түрлендіру Қасымның және оны өзіне ұстаз санаған Мұқағали ақынның ғана пешенелеріне жазылғандай әсер қалдыратыны және анық.
«... Келмейді өлгім,
Келмейді өлгім.
Қайратым қайда
келші осындайда»
Дедім де тұрдым, жүгіре бердім,
Қолымда найза,
шағылып айға.
Жеңдік қой жауды,
Арман не, құрбым,
Күркіреп күндей,
өтті ғой соғыс.
Таба алмай жүрмін,
Айқайлап ән сап,
Қайда екен, қайда,
Дариға, сол қыз?!»
Ақын іздеген Дариға – өмір мен өлімнің күресі. Жақсылық пен зұлымдықтың шарпысуы. Арзан сезіммен құштарлықтың беттесуі. Ақынның өмір атты тағдырға үңілуі. Өз болмысына, парызы мен қарызына ой жіберуі.
Өлеңде ақын он буынды өлшемнің сұлу кестесін өмірге әкелді. Толқынды мәнер туындап, сағыныш, іңкәрлік бірінші кезекке шыққан. Жалпы, Қасым ақын қазақ поэзиясының дәстүрлі өлшемдерін сабақтастыру арқылы өлең интонациясының түрленуіне қол жеткізді.
Ағылшын жазушысы Теодор Драйзер өмірден кеткенде, бір әдебиетші замандасының: «Драйзер өлді. Артында азды-көпті мұрасы қалды. Уақыт өтер, заманалар алмасар. Әдебиетке жаңа толқын, жаңа буын өкілдері келер. Олар өз үнімен, өз қолтаңбасымен келмек. Олардың творчествосы, жазу мәнері де түрліше болмақ. Драйзер стиліне ұқсамауы, одан мүлде алшақ болуы мүмкін. Алайда, бір даусыз шындыққа жүгінген абзал, ол – кейінгі келер жас қаламгерлердің бәрі де жеткен жетістіктері үшін Драйзерге қарыздар екендігі» – деп келетін сипаттағы пікір бар. Сол айтқандай, аға буын өкілдерін айтпағанда кейінгі танымал таланттар Т.Айбергенов, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырза-Әлі, Т.Молдағалиев, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов, Ж.Ерман, С.Иманасов, К.Мырзабеков, Т.Медетбек, Е.Раушанов, С.Ақсұңқарұлы, Ж.Бөдеш, Ғ.Жайлыбай, И.Сапарбай, Иран-Ғайып, т.б. жаңашылдық сипатты Қасым рухынан алғандар.
Қасым әлемі – тылсым, терең әлем. Оны жай ғана шолып өткеннің өзінде де бүкіл болмысына байлай алмайсыз. Бұл Қасымның ұлылық феномені. Осы феномен ел тәуелсіздігінің арқасында ашылып, ақын жырының рухы асқақ естілуде.
Мәуен ХАМЗИН, филология ғылымдарының докторы, профессор.