• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Қыркүйек, 2011

Дүбірге толы дүние

324 рет
көрсетілді

ЖАПОНИЯ: ҮКІМЕТ КЕТТІ, ҚИЫНДЫҚТАР ҚАЛДЫ Демократияға тақ тұратын Жапонияда тағы да үкімет ауысты. Биліктегі Демократиялық партияның басшы­лы­ғы­­ның құрылтайында партияның жаңа көсемі сайланды. Де­мек, ол үкіметті басқаруды да қолға алады. Елдің тәр­ті­бі сондай. Іле-шала парламент те үкіметтің жаңа басшысын бекітті. Кеткен – де­мо­крат­тардың ел та­ны­ған қайраткері Наото Кан. Келген – сол Кан үкі­ме­тін­де қаржы министрі бол­ған Йосихико Нода. Бұл елде пар­тиялардың қа­тып қал­ған көсемі бол­май­ды. Әдетте биліктегі пар­тия­ның төр­ағасы үкіметті басқарады. Парламент үкіметке сенімсіздік білдірсе немесе үкімет басшысы өзі кетуді жөн көрсе, дереу пар­тия­ның жетекшісі қайта сайланады. Бұл жолы премьер-министр Наото Канның өзі кеткісі келді, өзі өтініш білдірді. Басқа бір елдердегідей емес, бұл елде билік үшін ешкім де қасарысып кү­рес­пейді. Сенімнен айырылып бара жатса, өз қадірін кетірмей, үкі­мет басшысы кететінін мә­лім­­дейді. Тіпті Канның әлі де жұмыс істеуіне болар еді. Жа­қын­да ғана парламентте үкімет басшысына сенім туралы мәселе қаралып, онда үкіметке сенім білдірілген. Кетудің жөнін сұрағандарға Наото Кан жалтармай жауап бер­ді: жалпы халық сенімі тө­мен болып тұрғанда, өзінің билікке жармас­пай­ты­нын айтты. Қоғамдық, сон­дай-ақ зерттеу ұйымдарының сау­ал­дамасына қа­рағанда, оның та­ны­малды­лы­ғы тым төмендеп кеткендіктен, бұл қызметте қала ал­май­тынын мәлімдеді. Сонымен бірге, Кан «мынадай қатыгез жағ­дайда қо­лымнан келгеннің бәрін істедім, аянып қалғаным жоқ», деді. Үкіметке сенім мәселесі пар­ламентте қаралып, ол шешілген кезде-ақ Наото Кан кететінін айтып, парламенттің алды­на екі заңды қабылдау жөнінде шарт қойған: энергияның қай­та­ла­ма көздері туралы және мемлекеттік облигациялар шығару ту­ра­лы заңдар. Парламент те бұл шарт­ты орындап, өткен жұмада шешім қа­былдап еді, Кан да жұмыс орнын бо­сатты. Канның қызметінен, сондай-ақ партия төр­аға­лы­ғынан кету жө­ніндегі мәселе кө­те­рілісімен-ақ оның орнына талас бастал­ған. Партия басшылығына жеті адам таласты. Бұл да жапон елінде си­ректеу кездесетін жәйт. Әдетте бұл екі тұлға­ның, әрі кетсе, үш-төрт адамның күресі­мен шектелер еді. Бәлкім, олар­дың көпшілігі бұл жолы бол­ма­ғанмен, алдағы кезеңдерді ой­ла­ған шығар. Бұл елде соңғы кезде үкімет басшыларының ауы­суы тым жиілеп кетті. «Ә» де­ген­ше-ақ кезегі де келіп қалуы мүм­­кін. Міне, соңғы бес жылда үкімет алтыншы рет ауысып отыр. Үміткерлер ішінде бұрынғы сыртқы істер министрі Сейдзи Мазхара мен қазіргі қаржы министрі Йосихико Нода өз бағ­дар­ламаларымен ерекшеленгендей болған. Дауыс беру кезінде бұл біршама басқаша көрінді. Алғашқы турда ешкім басым көп­шілік дауысқа ие болмай, соң­ғы турға Нода мен эконо­ми­ка, сауда және өнеркәсіп министрі Банри Кайэду шыққан. Демократтар алғашқысын қалады. Жұрт оның елдің «жасам­паз­дық күшін» қайта жаңғыр­та­мын, басқа елдердің Жапонияға деген сенімін қайтарамын деген сөзіне көбірек ұйыған сияқты. Әрине, мұның әсте де оңай бол­майтыны белгілі. Қазіргі ұрпақ көріп-білмеген экологиялық апат Жапонияға, оның халқына оңай тиген жоқ. Наото Кан емес, оның орнында басқа адам болғанда, сол апаттың зардабы жеңілірек соғар еді деп ешкім де айта алмайды. Әлем жұртшылығы сол кешегі жойқын апатта жапон халқының қажыр-қайратына, қиындықты қайсарлықпен көтергеніне тәнті болды. Қашан да жұрт жаңа үкімет­тен жақсылық күтеді. Үміт жа­пон­дарды да алдамасын дейік. * * * АБХАЗИЯДАҒЫ САЙЛАУ НЕГЕ ТАНЫЛМАДЫ? Жұма күні Абхазия Республикасында кезектен тыс президенттік сайлау өтті. Оның республиканың бұрынғы президенті Сергей Багапштың қазасына байланысты болғаны да белгілі. Қазір республика президенті болып вице-президент қызметін атқарған Александр Анквабтың сайланғаны да белгілі болып отыр. Бірақ бұл сай­лауды алдымен НАТО, онаң соң Еуроодақ мойын­да­майтынын мә­лім­деп үлгерді. Ал олар Еуропадағы жетекші елдердің атынан сөйлеп, және демалыс күндеріне екеніне қарамай, өз мәлімдемелерін өте шұғыл жасады. Әдетте, қазір қай елде сайлау өтсе де, оған басқа елдерден, халықаралық қауымдастық­тар­дан, түрлі ұйымдардан бай­қау­шылар қатысып, оның қалай өткендігі жөнінде өз пікірлерін білдіріп жатады. Әсіресе, оның демократия талаптарына сай өтуі­не, билік тарапынан қысым бол­мауына назар аударылады. Көбіне диктатуралық тәртіп үс­темдік ететін елдердегі сайлауға бай­ланысты сындар да айтылады. Ал Абхазиядағы сайлауға келсек, Ресей Федерациясы мен тағы да сонау Латын Амери­ка­сындағы екі-үш ел және мұ­хит­тағы аты жұртқа белгісіз бір-екі шағын ел ғана таныған, халық­аралық қауымдастық тарапынан қолдау таба қоймаған бұл елге ешкім де өз байқаушыларын жібере қойған жоқ. Сөйтсе де, мұнда сайлауда бұрмалаушылық орын алды деуге де бола қой­мас. Оған қатысушылар тара­пы­нан шағым да түспеген. Демократияға тән мұнда ба­ламалық та бар еді. Президенттік қызмет үшін бұрынғы вице-президентпен қатар, респуб­ли­каның премьер-министрі Сергей Шамба, сондай-ақ оппозиция­ның өкілі Рауль Хаджимба кү­рес­ке шықты. Халықтың сай­лау­ға қатысы да белсенді болды. Елдегі тәртіп бойынша сайлау­шылардың 50 пайызы дауыс беруге келсе, сайлау заңды деп саналады. Ал бұл сайлауға ресми хабарларға қа­рағанда, 72 пайызы қатысып­ты. 54,9 пай­ыз дау­ыс алған Александр Анкваб ал­ғаш­қы турда-ақ жеңіп шықты. Сайлауда бұр­ма­лаушылық бол­ды деген әңгіме де шыққан жоқ. Еуро­одақ­тың шетел істері және саясат жөніндегі өкілі Кэтрин Эш­тон­ның мәлімдемесінде бы­лай делінген: «Еуроодақ Абха­зия­да­ғы сайлаудың консти­ту­ция­лық және заңдық шектерін мойын­да­май­ды». Жалпы сай­лау­дың қа­лай өткеніне олар мән де бермейді. НАТО-ның мәлімдемесі нақ­тырақ, «Мұндай дауыс беру Гру­зияда қазір қалыптасып отыр­ған жағдайды бейбіт жолмен және жүйелі түрде шешуге жеткізбейді, – делінген онда. – Солтүстікатлантикалық альянс Грузияның халықаралық қауым­дастық мойындаған қазіргі ше­карасындағы егемендігі мен аумақтық тұтастығын толықтай қолдайтынын тағы да мәлімдей­ді». НАТО Абхазияны Грузия­ның бір бөлігі санайды және одан айнығысы жоқ. Сайлауды мойындамайты­нын АҚШ та мәлімдеді. Оның бағасын қайталайтындар да та­былар. Әңгіме сайлаудың қалай өткенінде емес, жалпы, бұл сай­лау­дың өтуіне қарсылық жайын­да екен. Оның ұшы 2008 жылғы Грузия-Ресей соғысына барып тіреледі. Сол үшін айып Ресейге тағылады. Бұл әңгіме айтыла-айтыла жауыр да болған. Оның түбіне жету де қиын. Көрші елдегі сепаратизмге қарулы күшпен қол­дау көрсеткен Ресейдің ақта­ла­тындай жөні жоқтай. Оның тәуелсіздікке ұмтылған Чешенстанмен он жылдай соғысқанын да жұрт ұмыта қойған жоқ. Бірде былай, бірде олай саясат елдің беделін түсіреді. Мамадияр ЖАҚЫП.