Бас прокуратураның ресми өкілі Ж.Өмірәлиев хабарлағандай, прокуратура органдары көші-қон саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аудара бастады. Соның арқасында жүргізілген тексерулердің нәтижелері Қазақстанда шетелдіктердің заңсыз сайран салуының көптеген деректерін ашып берген. Елімізге келу мерзімдерін сақтамайтын олардың басынғандықтары соншама ел аумағынан аластату туралы сот шешімін орындамайды, өздерінің жеке бастарын растайтын құжаттарды (төлқұжаттарын) ішкі істер органдарына тіркемейді, заңсыз жұмыс істейді, тіркелген мекен-жайда тұрмайды және бұған қоса түрлі заң бұзушылықтарға барады екен. Мәселен, Алматы қаласында, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарына келу ережелерін бұза отырып, заңсыз жұмыс істеумен айналысқан 400-ден астам шетелдіктер анықталған.
Оны айтасыз, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында ғана шетелдіктер 726 қылмыс және шамамен 60 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған. Тіптен «әй» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа жоқ секілді. Қостанай облысында Ресей Федерациясы тарапынан мемлекетаралық іздеуде жүрген Хабрахманов деген Ресей азаматы тұрып келген. Ал оны, сенсеңіз де, сенбесеңіз де айтайық, Қостанай облыстық (Жітіқара аудандық) көші-қон полициясы әлгіні ағасының төлқұжаты бойынша заңсыз тіркеуге қойыпты. Содан Хабрахманов елімізде тайраңдап жүріп адам өлтіріп ұсталмағанда анықталмайды екен. Оны сонда осыншама тайраңдатып қойған кім? Алдымен сол жауапты адамдарға жаза қолданылуы керек еді ғой. Сол сияқты Қырғызстан азаматы Кочкорев 2010 жылдың шілдесінде сот шешімі бойынша елімізден шығарылып жіберілсе де, артынша Қазақстанның мемлекеттік шекарасын емін-еркін 15 рет кесіп өткен. Бұған кім жауап береді?
Әкімшілік заңнамалардың қолданылуын тексеру Астана және Алматы қалалары, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында шетелдік құқық бұзушыларға тиісті шаралар қабылдамау, олардың әрекеттерін дұрыс сараламау деректерін ашқан. Соның салдарынан заң талаптары бұзылып, кінәлілер жауапкершіліктерден құтылып жатқан көрінеді. Петропавл қаласының әкімшілік соты 3 материалды толық болмауына байланысты ішкі істер органдарына қайтарған. Ал ішкі істер органдары жауапкершілікке тарту мерзімінің аяқталуына байланысты іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарған. Осыны пайдаланған шетелдіктер із жасырған. Батыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері бұдан да асып түсіп, соттан Өзбекстанның 9 азаматына қатысты әкімшілік материалдарды пысықтауға алған да, іс жүргізуді тоқтатқан және шетелдік құқық бұзушыларға олардың төлқұжаттарын қайтарып берген. Міне, бұдан кейін шетелдіктер заң бұзбағанда қайтеді?
Александр ТАСБОЛАТОВ.