Елордадағы К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Тілге құрмет – елге құрмет» атты Қазақстан халқы тілдерінің ХІІІ қалалық фестивалінің ашылу салтанаты өтті.
«Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде артық не бар екен!», – деген Елбасы Н.Назарбаевтың бұл сөзінен кейін, ана тілімізге деген құрметіміз одан әрі күшейе түспек. Рас, бүгінде қазақ тілінің аясы кеңейіп, өрісі өсіп, құлашы кеңге жазылып келеді. Бұл бірінші кезекте, тәуелсіздігіміздің, екіншіден, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғандығының арқасы.
Жыл сайын ұйымдастырылып, бүгінде дәстүрге айналған фестивальдің ашылу салтанаты ерекше өтті. Бұл күннен бастау алған іс-шара бір айға жалғасып, Тіл мерекесінде қорытындыланбақ. Осы уақыт ішінде еліміздің барлық өңірлерінде тіл насихатталып, айтарлықтай көңіл бөлінетін болады.
Фестивальдің ашылу рәсімінде Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Құрманбай Шерубайұлы ізгі тілегін білдірді. Ол өз кезегінде: Бүгін міне, еліміздің барлық облыстарында тіл фестивалі басталды. Одан өзге, республиканың бас қаласы Астанада айтулы мерекеміздің салтанатты ашылуы өтіп жатыр. Мемлекеттік тілімізді тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде орындайтын күн туғандығын мойындап, оған қолдау көрсету бәрімізге парыз деді. Ал осы шараны ұйымдастыруға тікелей ұйытқы болған Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы: Ата заңымыздың 7 бабында республика аумағындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі делінген. Тіл басқармасын басқарған алты жылда алдыма өз құқығын қорғау мақсатында, мемлекеттік тілдің қолданысқа енуі турасында «Қазақша қойған сұрағыма қазақ тілінде жауап қайырмады, мені ана тілімізде қабылдамады деп бірде-бір астаналықтың сотқа жүгінгендігін көрмедім. Әкімшілік кодекстің 81 және 82-баптарында егер сен қазақша сөйлесең, саған ол тілде жауап бермесе, оны жауапқа тартатын бап бар. Бұл ретте астаналықтардың әлі де болса оянып, қазақ тілінен рухани қуат алу үшін осындай фестиваль ұйымдастырып отырмыз, – деп мемлекеттік тілді насихаттаудағы өз ойын ортаға салды.
Мерекелік кешке жиналған қауым бұл күні оқу-білімге, ғылымға, халқын, елін сүйіп қызмет етуге, адамгершілікке, қайырымдылық пен мейірімділікке, еңбек етуге шақырған ұлы ағартушы ғалым Ыбырай Алтынсариннің, ұлы Абайдың, сондай-ақ қазақтың біртуар ұлы, баһадүр, батыр әрі қаламгер Бауыржан Момышұлының бейнелерімен қауышты. Ғұламалардың сөздері арқылы тіл, дін, діл насихатталып, патриоттық өлеңдер оқылып, қазақтың әндері шырқалды.
Биылғы тілдер фестивалінің Рамазан айымен тұспа-тұс келуінің өзін жақсы ырымға жоруға болады. Кеште жарапазан, ауыз әдебиетінің озық үлгілері айтылды. Халық қаһарманы Б.Момышұлы: «Үш нәрседен қорқамын. Біріншісі, бесік жырын айтпаған анадан қорқамын. Екінші, немересіне ертегі айтпаған әже мен атадан қорқамын, үшінші, қазақ қазақпен қазақша сөйлемегеннен қорқамын», – деген ғой. Сол өсиетке адалдық болар дәстүрлі тілдер мерекесі бағдарламасына бесік жыры да енгізілген екен. Төл өнеріміз ақындар айтысы да назардан тыс қалмады. Зал толы көрермендер Жақсылық Орынбасар мен Мейіржан Әлібековтың мемлекеттік тілдің жай-күйі туралы сөз сайысын тамашалады.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.