БІРДЕ…
«Тірі Мұқағали артық»
Мұзафар Әлімбаевтың «Балдырған» журналында бас редактор болып қызмет істеп жүрген кезі болса керек. Ол кезде аты да, атағы да дүркіреп шығып тұрған болатын. Бір күні әлдебір шаруамен Жазушылар одағына бас сұғады. Алдынан арқырап-жарқырап арқалы ақын Мұқағали Мақатаев шығады. Ақынға ақын жолыққан соң не туушы еді? Әрине, бір шумақ өлең. Сондай өлеңнің бірін Мұқаң оқып кеп жібереді.
«О, Мұзаға, өлтірмесең он сом бер,
Жан-жағымнан шаншып жатыр семсерлер.
Сол он сомды бересің ғой түбінде,
Өліп қалып, көмсеңдер».
Мұқағалидың табан астында шығарған мына өлеңіне риза болған Мұзағаң:
– Өлі Моцарттан тірі Мұқағали артық, – деп он сомды Мұқаңның қолына қыстыра беріпті.
ӘЙТПЕСЕ ӘРТІС БОЛА МА?
«Той десе, қу бас та домалайды» демекші, Алматы облысына қарасты Нұра елді мекенінде бүркітшілер мен саятшылардың сайысы өтетін болып, сол жиынға белгілі әнші-әртістер Нұрлан Өнербаев пен Байғали Есенәлиевтер бармақ болады. Ақпан айының іші болса керек. Күн суық, жол дегенің бейне көк мұз. Екеуі екі темір тұлпарды «ерттеп» мініп, адам қарасы жиылар сауыққа тартып кетеді. Алда әрі аға, әрі бастық – «Джип» мінген Нұрлан. Оның ізін қуалап, інілік ізетпен Байғали келе жатады. Нұрекең жолдың тайғақтығына қарамастан қатты жылдамдықпен жүреді. «Адасып қалмайын, қалып кетпейін» деген оймен Байғали да газды барынша баса түседі. Байқаса, жылдамдық жүзден асып жығылады. Байғали жарығын жағып-өшіріп, «тоқта» дегендей белгі береді. Нұрекең оны қаперіне де алар емес. Қайта газды баса түсіп, жылдамдықты жүз қырыққа жеткізеді. Жарыс өтетін жерді білмеген соң, «адасып қалмайынмен» Байғали да жылдамдықты үдете түседі. Бірақ қорқып келеді. «Ойпырым-ай, мына жолда апатқа ұшырасақ, қазақ маңдайына біткен екі арысынан айырылып қалады-ау. Ел-халық шулап, масқара боламыз ғой» деген де ой бар Байғалида. Соны ойлаған сайын маңдайы шып-шып терлейді. Ол ой Нұрекеңе кіріп-шықпайтын сыңайлы. Әйтпесе, бұлай жүрер ме еді?
Тозақтың қыл көпірінен өткендей болып екеуі межелі жерге жетеді. Байғалиды көлік емес, көлікті Байғали сүйреп келгендей алқынып тұрып:
– Нұреке, мұныңыз не? Зәрем зәр түбіне кетті ғой. Ақырын жүрсеңіз қайтеді? «Апатқа ұшырап, масқара боламыз ба» деп қорықтым, – дейді.
– Соны айтам. Ойбай-ау, өзің өңмеңдеп, соңымнан қалар емессің...
– Қайдан білейін, сізден адасып қаламын ба деп баса бердім.
– Өйтіп адасқаның бар болсын! Сәл тежесем, мені сүзіп алғалы келе жатырсың. Сосын қорыққанымнан сенен қаша бердім, газды баса бердім. Жанымды шүберекке түйіп, әрең жеттім, – депті Нұрекең де ентігіп. Сөйтсе, екеуі бір-бірін түсінбей, ағасы қашып, інісі қуа берген екен ғой. Әйтпесе, әртіс бола ма?»
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ.
Алматы.
_______
ТҮЙРЕГІШ ТҮЙІНДЕР
Елтігеннің ерінін ит жалайды.
* * *
Үрейлінің бәрі – өтірікші.
* * *
Салқын шайдан салқын қабақ танылар.
* * *
Жалған сөйлеуші жазасын өзі тартады.
* * *
Толғақтың тақсыретін бедеу білмес.
* * *
Ақымақтан сүбе жегенше,
Ақылманнан дүре же.
* * *
Жасырғанмен тесік барын кемеде,
Долы мұхит капитанға көне ме?
* * *
Жас шағында сайраншыл,
Жас ұлғайса ойбайшыл.
* * *
Зәредей зәрлі сөз де зәбірлейді.
Алматы.
_______
ТІКЕНЕК СӨЗ
Айлықтан айлыққа жету қиын-ақ. Ал бір параны алып, келесісін алғанға дейін тіптен қиын!
* * *
Итті майлы сүйекпен ұрсаң, қыңсыламайды.
* * *
Өмірді спорт десе де болады. Біреуге ауыр атлет те, ал біреулерге мәнерлеп сырғанау сияқты болып келеді. Ал жолы болмай бордай тозатындарға штангіні конки тағып алып көтеруге тура келеді.
* * *
Әйелді бақытты ету тіптен оңай, тек қымбатқа түсетіні болмаса...
* * *
«Мен тірі жан атаулыны, әсіресе, аң-құсты өте жақсы көргенім сонша, тіптен әйеліме де қол көтеруге батылым бармайды».
* * *
Біздің оңтүстігіміз кейбіреулер үшін міндетті түрде солтүстік болып саналады...
______________
«КЕДЕЙ» ӘКІМ
– Таптым, таптым, – деп Жапақ есіктен ентелей кірді.
– Нені таптың?
– Нені емес, кімді де.
– Ал, дедік?
– Ей, осы сен де түк білмегенсіп, аңқаусынып қалатының-ай! Күні кеше екеуміз кедей әкім «бар ма», «жоқ па» деп бәстескенімізді ұмыттың ба?
Қайбір күні әңгімеден әңгіме шығып, кедей әкім жөнінде қырғиқабақ сөзге келіп, ақырында бәстесіп тынғанбыз. Ол соны айтып тұр.
Жапақ: «Кедей әкім бар» десе, мен: «Жоқ» деймін. Бәске тігер қалтамызда көк тиын жоқ. Сондықтан мен:
– Егер, кедей әкім бар болса, мұрнымды кесіп берейін, – дедім.
Ол:
– Егер, жоқ болса, екі көзімді ойып берейін, –деді де, – жо-жоқ, сенің су мұрның мен менің көзім тең емес, ақым кетіп қалады, одан да екеуміз де бір-бір көзден тігейік.
– Бұған келіспеймін, өйткені, менің бір көзім екі көзге татиды. Сенікіндей өшейін деп тұрған жоқ.
– Әй, сен олай менің қос шырағымды кемсітпе... жарайды, сен мұрныңды, мен бір көзімді...
– Келістік.
Жапақ та, мен де «Кедей әкімнің бар-жоғын анықтаймыз» деп тәнімізден ет кесуге дейін барып, «басымыздың піскені не, осыны доғарайық» деп, езеуреген екпінімізді баса қоймадық. Әйтеуір, кедей әкімнің табылмасына сенімдімін. Бірақ, сенімімнің алдағанын қарашы!
Міне, Жапағымның екі езуі екі құлағында, кедей әкімді тапқанына, менің мұрынсыз қалатыныма мәз бола қасымда тұр. Тақа бір мұрнымды кестіру үшін әлдекімнен тапсырма алғандай.
Итпен іздесең таптырмайтын «кедей әкімнің» табыла кетуі зәре-құтымды қашырып, пұшық атану қаупі меңдеп алды. Бәрінен де мұрнымды кесер кездегі тән қиналысын ойлағанда денем тітіркеніп, жүрегім мұздап, қалшылдап кетемін. Бұл Жапақ бәстен жеңсе, мұрын түгілі басыңды жалмаудан тайынбасы белгілі. Оның үстіне маған кеткен есесі қаншама?! Соларды қайтармай тынбайды. Не істеу керек? Әрі-бері ойланып: «Бұл жай әншейін Жапақтың көбік сөзінің бірі шығар, әлгі байғұс әкімді көзіммен көрмей қалай сенемін» дегендей көмескі үміт қылаң беріп, өзімді-өзім жұбатқансыдым.
Жапақ: «Жүр де жүр, дәл бүгін көрсетемін» деп бөлмеден дедектете сүйрей жөнелді. Жапақтың шайтан арбасына мінгесіп кедей әкімнің үйіне келіп те қалдық.
Жапақ:
– Осы жерден аңдимыз. Оның тіршілігін көзіңмен көресің, – деді.
Бақылап отырмыз. О, тоба, шынында кедей әкім бар екен. Таңданыстан таңдайым тақылдап, басымды шайқай бердім, шайқай бердім. Әне, бір ауданның дүркіреген әкімі жыртық-жыртық күртешесін иығына ілген күйі бүкшеңдеп, көрші бизнесменнің ауласын сыпырып, балалары тезек теріп жүр, ал әйелі тақия жамап, күнесте отыр. Өз көзіме өзім сенер емеспін. Мұрыннан айырылар азаптың тықыры таянғанын мойындамасқа не шара.
Кәдімгі әкім, о, тоба! Мұндай да болады екен-ау!
– Ал, Жапақ, мұрнымды кесе берейін, – дедім.
Ол болса:
– Жо-жоқ, кеспей-ақ қой. Өйткені, осыған өзім де сенбеймін, – дейді.
– Айналайын, Жапағым, сөйтші, сөйтші, шынында адам сенбейтін нәрсе ғой, – деп, мұрнымның орнында қаларына, бәсекелесімнің рақымшылық жасағанына қуанғаннан жылап, артынша жуып жібердім.
Оу, халайық, бізде кедей әкім бар екен, бірақ, бәрібір бұл сөзіме сіздер түгілі өзім сенбеймін. Иә, иә, сіздер сенбейсіздер. Алайда, біреу-міреумен бәстесе қалсаңыздар мұрындарыңызды құрбандыққа шалып жүрмегейсіздер.
Жолдыбай БАЗАРОВ.
Астана.
______
ШЫМШЫМА ШУМАҚТАР
Құбылмалы
«Тәрбие туралы толғанса» деп тебіренеді,
Былай шыға шатынап, шайтан түрге енеді.
Кім неден қорқады?
Біреулер биіктен, шыңнан қорқады,
Біреулер тоғы бар сымнан қорқады.
Біреулер жыннан қорқады,
Енді біреулер сол жындармен араласып жүрсе де,
Орынды сыннан қорқады.
Бұл кім?
Ішіп алса бас салып сүйе береді,
Сау кезінде жұдырығын түйе береді.
Жаны ашу
Жақыны өлгенде
«Күйік үшін» деп ішіп жүрді.
Бастығының баласы шетінеп еді,
«Ой, бауырымайлап» жылап –
Көзге түсіп жүрді.
Патрульдік полицей
Маскүнем машинаға сыймай қалып кетті,
Сыра ішкен галстукті ағайды «құрметпен» алып кетті.
Ойнап отыр, ойлап отыр
– Арыстаным, айбарлым, – деп,
– Жаны жомарт жайдарлым, – деп,
Бір жас сұлу шалдың тізесінде,
Сақалымен ойнап отыр.
Байлық шіркін арды да адастырар,
Соңындағы дүниені ойлап отыр.
Үйленген соң...
Қыз кезінде қасынан қалмады,
Қызықтырып сиқыр сөзбен арбады.
Қазір енді жерініп отыр,
Қосағы оған мыстан боп көрініп отыр.
Намыс
– «Ұлттың саны өте аз» деп уайым жеп,
Бір қыз отыр некесіз туайын деп.
Барлау
Қос құдағи бірі қызын, бірі ұлын мақтап отыр,
Бірін-бірі талап тастауға шақ қап отыр.
Бір ару көрдім көшеде
Бүгін де кешке, кеше де,
Бір ару көрдім көшеде.
Расында, өзі хас сұлу,
Бірақ мас сұлу.
– Атым – Сымбат, – деді,
– Құным – қымбат, – деді.
Қымсынудан жұрдай,
Өзі жалаңаш дерлік тырдай.
Бетті бастым,
Тұра қаштым.
Қорыққанымнан жүрегім тоқтап қалды,
Әлгі ару соңымнан боқтап қалды.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ.
Шымкент.
_________
Мүйісті жүргізген Берік САДЫР.