• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
03 Қыркүйек, 2011

Тәуелсіз елдің өркендеуіне үлес қосамыз

2150 рет
көрсетілді

Ертең – Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні «...Біз өзіміздің индустрияландыру және экономиканы техноло­гия­лық тұрғыдан дамыту жөніндегі жоспарларымызды нақпа-нақ айқындап алдық. Біздің бағдарламаларымыздың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын нығайту...» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.

* * *

«ҚазМұнайГаз» ҰК Басқарма төрағасы Қайыргелді ҚАБЫЛДИН: «ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ ҮЛЕС ҚОСАМЫЗ» Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығына сәйкес мұнай-газ кешенінің қызметкерлері өздерінің төл мерекелерін ресми түрде қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде атап өтеді. Мұнай саласы – ел экономикасын дамытудың өзегі. Қара алтынды өндіру бойынша 112 жылдық тарихын артқа тастаған Қазақстан әлемдік рынокта көмірсутектің стратегиялық қорына бай мемлекеттердің қатарына енеді. Болашақта Қазақстан әлемнің ең ірі мұнай өндіруші елдерінің ондығына кіретін болады. Қазақстан Республикасы мұнай-газ кешені қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында тәуелсіз еліміздің болашағы үшін аса маңызды осы саланы дамытуда ерекше орын алатын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ Басқармасының төрағасы Қайыргелді Қабылдинмен әңгімелескен едік. – Қайыргелді Мақсұтұлы, Қазақстан Рес­публикасының мұнай-газ кешені қыз­мет­керлерінің кәсіби мерекесін биыл қандай жетістіктермен қарсы аласыздар? – Биыл мұнайшылар үшін мерейлі жыл. Өйткені, әйгілі Доссор кен орнының 100 жыл­ды­ғы, Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы, Құм­көл кен орнының 25 жылдығы ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Ұлттық компания өзінің кәсіби мерекесін осындай мерейтойлармен қатар жақсы нә­тижелермен қарсы алып отыр. 2011 жылдың басынан бері мұнай және газ конденсатын өндіру 10,67 млн. тоннаны құ­ра­ды, ал табиғи газ өндіру 1,4 млн. тонна болды, бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыс­тыр­ған­да 2 пайыз артық. Еліміздің үш мұнай өңдеу зауытында шоғырландырылған мұнай өңдеу көлемі 5,3 млн. тонна шамасында. Ұлттық компанияның өндірістік қызметінің қорытындысы оның қаржылық нәтижелеріне де оң әсер етті. Жалпы ҚМГ бойынша, алдын-ала мәліметтерге қарағанда, 2011 жылдың қаң­тар-шілде айларында үлестік әдіс бойынша шо­ғырландыру қағидатымен есептегенде ел бюд­жетіне 251,7 млн. теңге салық және басқа міндетті төлемдер төленді, мұның өзі өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 16 пайыз артық. Жалпы, елімізде «қара алтын» өндіру 20 жылдың ішінде жылдық мөлшерін төрт есеге көбейтті. «Қара алтынды» өндіру мен экспорт­тау­дың әлемдік деңгейдегі жаңа орталығын Қа­зақстан дәйекті түрде қалыптастырып келеді. Ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды шараға «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың қосып отырған үлесі қомақты. Біздің болжам бойынша, 2020 жылға дейін «ҚазМұнайГаздың» мұнай өндіру деңгейі 2 есеге дерлік ұлғаяды. Алдағы 5 жыл ішінде шоғырландырып өн­ді­ру көлемі, компанияның бірлескен кәсіп­орын­дардағы қатысу үлесін ескергенде, негізінен «ескі» кен орындарындағы өндіру есебінен жылына 22-23 млн. тонна деңгейінде болады деп ойлаймыз. 2016 жылдан бастап жаңа кен орындары­ның енгізілуі есебінен «ҚазМұнайГаздың» мұ­най­ды шоғырландырып өндіруін жыл сайын ұл­ғайтып отыру жоспарлануда, бұл ретте 2020 жылға дейін ол жылына 33,7 млн. тонна болады. Осы орайда Қазақстан экономикасының жетекші саласының берік негізін салуға еңбегі сіңген мұнайшы ардагерлерге шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. – «ҚазМұнайГаз» компаниясының ха­лық­тың әл-ауқатын арттыруға ерекше мән бе­ретіні көп­шілікке аян. Осы орайда Аты­рау облысының әлеуметтік ахуалын жақ­сартуға қандай үлес қосасыздар? – Біздің компания мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуіне ғана емес, сонымен бірге, еліміз­дің әлеуметтік дамуына серпін беретін жоба­лар­ды іске асыруға атсалысып келеді. Сол себептен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы жолдауларынан туындайтын басым бағыттарды іске асырудан шет қалған емес. Осы орайда мынаны айтар едім, отандық компания демеушілік, қайырымдылық көмектен басқа, жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Және еліміздің әр аймағында бой көтеретін әлеуметтік нысандар құрылысына қомақты қаржы бөледі. Жалпы, соңғы жылдары әлеуметтік маңызы басым 34 нысан іске қосылды. Олардың ішінде Атырау қаласындағы спорттық-сауықтыру кешені, Астана қаласындағы «Думан» қонақжай-ойын-сауық кешені, Атырау қаласы мен Маңғыстау облысында газбен жабдықтау жүйесі сияқты ірі нысандар бар. Біз тұрғын үйлер мен басқа да әлеуметтік нысандарды қаржыландыруды тоқтатқан емеспіз. Ал нақты Атырау облысы бойынша айтар болсам, 2002 жылдан бері Атырау қаласы мен Атырау облысында әлеуметтік мақсаттағы 21 нысанның уақытында салынып, пайдалануға берілуіне үлес қостық. Биыл да Доссорда балабақша, Мұнайшы кентінде, Жаңаөзенде мектеп, Кендірлі демалыс аймағында Меди­ци­на­лық-оңалту орталығы мен балалар сауық­тыру лагері, Жетібайда спорт кешені, өнер мектебі мен балабақша және мұнайшылар жатақханасы салынып, пайдалануға берілді. – Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша «Қаз­Мұ­най­Газ» компаниясында іске асырылып жатқан жобалар халыққа не береді? – Бұл бағдарлама бойынша біз үш жобаның іске асырылуына қатысып, осы мақсаттағы ны­сандардың құрылысын ырғақты жүргізу үшін жұмыс істеудеміз. Бірінші жоба – Елбасының өзі арнайы қатысып, іргетасын қалаған Ақтау қаласындағы жол битумдарын өндіру зауыты. Ол іске қосылған соң жылына 400 мың тонна жол битумын өндірмек. Зауыт құрылысын жүргізу барысында уақытша 900 жұмыс орны ашылмақ, ал зауыт іске қосылған соң 325 тұ­рақты жұмыс орны құрылады. Екіншісі – «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырының құрылысы. Оның іске асырылуы Қазақстанның оңтүстік өңірін газбен үздіксіз қамтамасыз етіп, елімізді көршілес Өзбекстаннан алынатын газға тәуелді­лік­тен арылтады. Және бір маңыздылығы сол, бұл жоба Қытай бағытында жаңа экспорттық бағыт ашуға мол мүмкіндік ашқалы отыр. Газ құбыры Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағы арқылы өтеді. Қазақстандықтарды қолжетімді газбен қам­та­масыз ету үшін «ҚазМұнайГаз» компаниясы «Қа­зақ­стан-Қытай» магистральдық газ құбырының үшінші желісін, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» ма­гис­тральдық газ құбырын салуды жоспарлауда. Үш облысты қосымша газдандыру бүкіл елде газ тарату желісін кеңейтеді. Бұл орайда газды ішкі жылдық тұтыну 2020 жылға қарай 23,8 млрд. текше метрге дейін өседі. Бұл үшін табиғи ресурстар бізде жеткілікті. Қазіргі уақытта газдың белгілі бір көлемі көрші елдердегі «Газпром» ААҚ және «Өзбек­мұ­найгаз» ҰМК газ көлігі ұйымдарымен өнім алмасу операциялары шеңберінде біздің им­порт­қа тәуелді деп аталатын облыстарға: Алма­ты, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына жеткізіледі. Осы жақында ғана Түркістанда «Бейнеу – Бозой – Шымкент» желілік газ құбырының құрылыс жұмыстарын бастау және газ тарату стансасының құрылысына капсула салу рәсімі өткізілді. Бұл – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Тәуелсіздіктің 20 жылдығына қосқан тағы бір үлесі. Газ құбырын салу кезеңінде 3 мыңнан астам маман жұмысқа орналастырылады, ал оны пайдалану кезінде 600-ге жуық тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда. Үшінші жоба – Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту шеңберінде іске асатын, жалпы сомасы 1 млрд. 130 млн. АҚШ доллары болатын хош иісті көмірсутектерін өндіру кешенінің құрылысы. Аталған зауытта бұған дейін де Елбасының тікелей қолдауымен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жанар-жағар май өндіру сапасы жақсарды. – «ҚазМұнайГаз» компаниясының елімізде игеріп жатқан жаңа кен орындары жайлы айтып берсеңіз. – Біздің мақсатымыз – мұнай қоры және мұнай өндіру бойынша әлемнің 30 ірі мұнай-газ компанияларының қатарына ену. Бұл бағытта біз ресурстық база мен мұнай өндіру көлемін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мәселен, өткен жылы Лиман барлау блогында мол мұнай қоры табылды. Мұны ұзақ жылғы жоспарлы жұмыстардың, кешенді зерттеулердің және қомақты инвестициялар­дың нәтижесі деп айта аламыз. Алдын-ала есеп­теулерге қарағанда, жаңа блоктағы өнді­рі­летін қор көлемі 8,5 млн. тоннаны құрайды. Сондай-ақ, сейсмикалық барлау жұмыс­та­рын­да инновациялық әдістерді қолданудың ар­қа­сында ағымдағы жылдың мамыр айында Ақ­төбе жанындағы Өріктау кен орнындағы КТ-2 карбонат қабатынан алғаш рет мұнай және газ ағыны алынды. Перспективалы геологиялық қор ауқымы 200 млн. тоннадан астам болып отыр. Бұл соңғы 20 жыл ішіндегі құрлықтағы бірінші жетістік. Меніңше, мұны еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктер «қоржы­нына» қазақстандық геологтар мен мұнайшылар қосқан лайықты үлесі деуге әбден болады. – Ұлттық мұнай компаниясының қаты­суы­мен іске асырылатын Каспий құбыр тар­ту консорциумын (КҚК) кеңейту жобасы жөнінде айтып өтсеңіз. – Каспий құбыр тарту консорциумын (КҚК) кеңейту жобасы – Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығында қол жеткізген аса маңызды жоба­лардың бірі. Бұл жоба Каспий аймағының ірі кен орындарын дамыту үшін де аса маңызды. «Теңіз-Новороссийск» құбыры мұнай та­сы­мал­дау шығындарын балама экспорттық бағыт­тар­мен салыстырғанда айтарлықтай азайтады. Бұл құбыр қазақ жерінен, соның ішінде, Каспий жағалауындағы кен орындарынан өндірілген мұнайды әлемнің мұнай базарына төте жолмен тасымалдауға арналып отыр. Оның жобалық қуатын арттыру үшін 2010 жылғы 15 желтоқсанда Мәскеу қаласында КҚК акционерлері жобаны инвестициялау жөнінде кесімді шешім қабылдады. КҚК-ны кеңейту жобасы Қазақстан мен Ресей мұнайының күннен-күнге артып отырған көлемін экспорттау үшін магистральды мұнай құбырының механикалық өткізу қабілетін жылына 28 млн. тоннадан 67 млн. тоннаға дейін арттыруды көздейді. Аталған жоба үш кезеңде жүзеге асырылып, 2015 жылы аяқталмақ. Мұнай құбыры екі елдің аумағы арқылы өтеді. Жалпы, Атырау облысы­ның экономикасына 1 миллиард доллар шама­сын­да инвестиция құйылады. Жобаны жүзеге асыру барысында 3000-нан астам уақытша жұ­мыс орындары және кейіннен жоба аяқта­л­ған­да 350 тұрақты жұмыс орындары құрылады. Кеңейту жобасының жүзеге асырылуы Қазақ­стан-Ресей елдерінің энергетикалық саладағы ынтымақтастығының дамуына белсенді әрі серпінді ықпал ететін болады. – Қайыргелді Мақсұтұлы, қазақстандық үлесті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс жөнінде не айтасыз? – «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы-2020» сияқты бағдарламалар негізінде жаңадан қолға алы­нып жатқан қай өнеркәсіп, өндіріс орны бол­масын машина жасау саласының өнімдеріне үлкен сұраныс танытып отыр. Осы орайда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компа­ниясының отандық мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға басым мән беріп отыр­ғандығын атап өту қажет. Биылғы жылдың ақпан айында 2011-2013 жылдарға арналған Қазақстан Республикасын­да мұнай-газ машина жасау саласын дамытуда «ҚазМұнайГазға» қолдау көрсету бағдарлама­сы бекітілді. Бағдарламаға сәйкес Қазақстанда 35 жаңа жабдықтар түрін шығаруды ұйым­дастыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыс істеп тұрған отандық өндіріс өніміне сұранысты арттырып, жаңа өндіріс орындарының ашы­луы­на, жұмыссыздар санын азайтуға, сондай-ақ аталған сала өндірістерінің арзан бағаға әрі жақын жерден қажет құралдарын алуына септігін тигізеді. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Қазақ­стан машина жасаушылар одағымен бірлесе отырып, мұнай-газ машиналарын жасауды да­мы­ту жөнінде үлкен жұмыс жүргізуде. Осының нәтижесінде Қазақстанда мұнай-газ машина­ларының 350 түрін шығару жолға қойылды. Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Ғылыми-техникалық кеңесі де бұл мәселеге ерекше мәртебе беріп, 2011-2015 жылдарға арналған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ инновациялық-технологиялық дамыту бағдар­ла­масын бекітті. Бұл бағдарламаның мақсаты өн­діріс тиімділігі мен еңбек өнімділігін арт­тыру үшін инновациялар енгізу болмақ. Негізгі міндетіміз өндірістің технологиялық үрдісінің деңгейін арттыру болып табылады. – Қазіргі кезде ғылыми-техникалық және ин­новациялық жаңалықтар басты назарда еке­ні белгілі. Осы орайда «ҚазМұнайГаз» ком­па­ниясының жаңа технологиялар мен ин­но­ва­ция­ларды тарту бойынша қандай жоспарлары бар? – Иә, табиғи ресурстарды жаңа технология­ларсыз игеру мүмкін емес. Бұл ретте «Қаз­Мұ­най­Газдың» 2015 жылға дейінгі даму жоспа­рын­да жалпы сомасы 45 млрд. теңгеге инно­ва­циялық жобалар әзірлеуге шығыстар көзделген. Біз «ҚазМұнайГаз» инновациялық ұйымдар тобын, яғни инновациялық кластер құруды жоспарлап отырмыз. Біріншіден, бұл жаңа технологиялар қол­да­ну жөніндегі қызметкерлеріміздің біліктілігін арттыруға әрі студенттерді оқытуға мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл жаңа технологияларды өнеркәсіптік сынаудан өткізу, өзіндік ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу мүмкіндігі. Бұл орайда рентабельділігі төмен кен орындарын жаңа технологияларды сынақтан өткізетін полигондар ретінде пайдалану ұсынылады. Үшіншіден, оның оң нәтижелерін өндіріске кеңінен енгізуге болады. Компания қабылдаған инновациялық-тех­но­логия саясаты шеңберінде ғылыми-техни­ка­лық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс­тар­ға шығыстарды күрт көтеру жоспарлануда – 2015 жылы 8,9 млрд. теңге, 2020 жылы 11,5 млрд. теңге. 2015 жылға қарай инновациялар есебінен 2 млрд. доллардан астам мөлшерде, ал 2020 жылы 2,9 млрд. доллар дерлік қосымша табыс алу күтілуде. Инновациялар есебінен еңбек өнім­ділігін арттыру 1 адамға шаққанда 521 мың АҚШ долларын құрайды, яғни 2010 жылға қарай 2 еседен астам өсім береді. Осы мақсаттарға жету үшін «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында Мұнай және газ ин­женериясы институты мен Ақпараттық технологиялар институтын, сондай-ақ Қазақ мұнай және газ институты жанында ғылыми-зерттеу орталығын құру жоспарлануда. Институттар бір мезгілде 2000 студентті, магистрантты және докторанттарды оқытып, 250 зерт­теу­ші­нің жұмысын қамтамасыз етуге есептелген. Осы жобалардың негізгі міндеттері – ин­но­ва­циялық технологиялар құру, мұнай-газ сала­сын­дағы отандық ғылыми-зерттеу және тәжі­ри­белік-конструкторлық әзірлемелерді дамыту, өндірістік үдерістерді автоматтандыру, мұнай­газ және басқа да салаларға арналған техно­ло­гияларды қолдану болып табылады. – Барлық іске асырылатын және көз­де­ліп отырған жобалардың табысты болуы бас­қа­ру­шы және өндірістік персоналға бай­ла­ныс­ты. Өткен жылы «ҚазМұнайГаздың» атына кадр саясатына қатысты бірталай сын ай­тылды. Осы уақыт ішінде қандай өзгеріс бар? – Компания табыстарының басты фактор­лары – қазіргі заманғы инновациялар енгізу, еңбек өнімділігін және бәсекеге қабілеттілікті арттыру, оның ішінде қызметкерлеріміздің біліктілігін арттыру. Қазіргі таңда «ҚазМұнайГаз» компаниясы тобында 64 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді, олардың 89 пайызы – өндірістік персонал. Өзінің өндірістік қызметін компания Қазақ­станның барлық аймақтарында жүргізуде. Не­ғұрлым өкілдігі басым аймақ, әрине, Маң­ғыстау, Атырау облыстары. «ҚазМұнайГаз» компаниясы тобындағы персоналдың орташа жас мөлшері 37 жас, мұнай-газ саласындағы жұмыс өтілі – 16 жыл, персоналдың 49 пайызында жоғары білім бар. Персоналды жұмысқа қабылдауды ашық жүргізу, қойылатын талаптарға сай болуы, бар­лық үміткерлерге бірдей мүмкіндік беру мәселесіне үлкен көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда «ҚазМұнайГаз» ҰК ресми сайтында (www.kmg.kz) барлық бос орындар туралы жарияланым беріледі, онда кез келген ниет білдірген адам үміткерлерге қойылатын талаптар бойынша толық ақпарат алып, өз түйіндемесін он-лайн режімінде толтыра алады. Үміткерлерге тест жүргізуді «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті жүргізеді, бұл үміткерлердің кәсіби сапасын бағалауда әділдік сақтауға мүмкіндік береді. 2008-2010 жылдары кезеңінде компания 1 218 жоғары оқу орындары түлектерін жұмыс­қа қабылдады, олардың ішінде 951-і – отандық жоғары оқу орындарының түлектері, «Бола­шақ» бағдарламасы бойынша жұмысқа қабыл­данған түлектер – 70 адам. 2009 жылы «ҚазМұнайГаз» компаниясы «KAZENERGY» қауымдастығы қызметінің шең­берінде мұнай-газ саласына арналған кәсіптік стандарттар әзірлеу жөнінде қанат­қақты жобаға бастама жасады. Жобаның негізгі мақсаты – әртүрлі маман­дық­тар бойынша қызметкерлерге олардың біліктігі мен құзыреттілігіне қойылатын қазіргі заманғы талаптар белгілеу. Қазіргі кезде жиынтықтап алғанда, қара­пайым жұмысшыдан бастап мұнай-газ өнді­ру­ші кәсіпорын директоры қызметіне дейін 160 лауазымды қамтитын «Мұнай және газ өндіру» бизнес бағыты бойынша 55 кәсіптік стандарт әзірленді. Қанатқақты жобаның нәтижесіне Еуро­одақ сарапшылары жоғары баға берді. Олар­дың пікірінше, кәсіптік стандарт әзірлеу әдістемесі инновациялық қағидаттың қатаң сақталуымен ерекшеленеді, өйткені ол кәсіптік қызметті кешенді түрде зерттеуге негізделген. Сөйтіп, компания тәуелсіз Қазақстанның біліктілік жіктемесінің ұлттық жүйесін құруға өз үлесін қосуда. Бұдан басқа «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Қа­зақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қолдау министрлігі, Қазақстан «Атамекен Ода­ғы» ұлттық экономикалық палатасының қол­дауымен өткізілген «Ең үздік жұмыс беруші – басқарушы компания» номинациясы бойынша «Сенiм-2010» байқауында жеңімпаз атанды. – Тәуелсіздік жылдары қазақстандық ком­паниялар ұлттық рынокта табысқа жетумен қатар, жалпы дүниежүзілік рынокты мойындата алды. Әлемдік рынокта бәсекеге қабілетті болу үшін оның ішінде басқару саласындағы халықаралық стандарттарды енгізу қажет екені белгілі. Осы ретте жаса­лып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз. – Иә, көптеген компаниялар, олардың ішінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, қазіргі басқару әдістерінің біразын қайтадан қарап шықты. Халықаралық бәсекеге қабілеттілікті қалыптастыруда, біздің компания, менің ойым­ша, халықаралық талаптарға сәйкес корпоративтік басқаруды дамытуда едәуір рөл атқарды. «Корпоративтік басқару» дегеніміз не? Бұл – дамыған елдерде қабылданғандай, сыртқы дүниемен – акционерлермен, инвесторлармен, жұртшылықпен қатынас жасау ғана емес, сонымен бірге компания ішіндегі басқару және бақылаудың тетіктері мен рәсімдері. Корпоративтік басқаруға сенімділікті арт­тыру және оның деңгейін көтеру мақсатында ең озық халықаралық тәжірибе талаптарына сәйкес «Standard&Poors» рейтингі агенттігі «GAMMA» 4+ деңгейінде корпоративтік басқа­ру рейтингін белгіледі. Бұл ретте ашықтық деңгейінің жоғарылауы және ішкі аудит жағдайының жақсаруы нәти­жесінде «Ашықтық, аудит және тәуекелді бас­қа­ру» құрамдас бөлігі бойынша баллдың осы­ның қарсаңында “5”-тен “5+” дейін көтеріл­гендігін айта кеткен жөн. «ҚазМұнайГаз» компаниясының басқару деңгейінің жоғары екенін қаржылық көрсет­кіш­тер де дәлелдейді. Мысалы, 2010 жылы жиынтық пайда 305 млрд. теңгеден асты, бұл жоспарға қарағанда 235 пайызды құрайды және 2009 жыл­ғы пайдадан 2,7 есе артық. Бұл ретте, мұнайға баға конъюнктурасының әлемде қолайлы болғанын атап өту керек. Компания қызметінің рентабельділігі 2010 жылы жос­парланғаны 6,7 пайыз бола тұра, 14,8 пайызды құрады. Корпоративтік басқаруды дамытудың маңыз­ды екенін ескере отырып, біз одан әрі де корпоративтік басқаруды ең озық әлемдік тәжірибе үлгілеріне дейін жеткізуге, яғни одан сайын жетілдіруге атсалысамыз. Осы мәселе, әсіресе, «ҚазМұнайГаз» компаниясының кейбір еншілес ұйымдарының қор рыногына алдағы уақытта шығуына байланысты өзекті болып отыр. – Елбасы Жарлығымен биыл Тәуелсіз­діктің 20 жылдығы аталып өтіледі. Осы кезеңде еліміз экономикалық жетістіктерге қол жеткізіп, үлкен асуларды бағындырды. «ҚазМұнайГаз» компаниясының осы жылдардағы жұмысына көңіліңіз тола ма? – Еліміз Тәуелсіздігіміздің 20 жылын айту­лы жетістіктермен қарсы алып отырғанына бәріміз куәміз. Еліміздің экономикасы дағда­рыс­тан шы­ғып қана қойған жоқ, индустрия­лық-иннова­ция­лық даму жолына батыл қадам жасады. Бұл – Елбасымыздың көреген саяса­тының арқасында дұрыс жолға қойылған ба­ғыттың нәтижесі. Біздің компания да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Ел еңсесін тік ұстауға мұнай-газ саласының қосар үлесі ауқымды болғандықтан, бізге артылып отырған үміт те, жауапкершілік те үлкен. Әңгіменің басында айтқанымдай, биыл Доссор кен орнындағы өнеркәсіптің 100 жыл­ды­ғының, Маңғыстау облысында мұнай-газ кен орындарының 50 жылдығының, Құмкөл мұнай көзі ашылуының 25 жылдығының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келуі де тарих сабақтастығы, жақсылық үндестігі болса керек. Жаңа кен орындарын барлау, өндіру, ашу және игеру, еліміздің негізгі магистральдарын салу, халықаралық рыноктарға шығу, осындай ұшан-теңіз байлықты игеру – біздің маңдайы­мызға жазылған, еншімізге тиген аманат. Біздің міндетіміз – барған сайын кеңейіп келе жатқан мұнай көкжиегін ел мүддесіне, мұқтажына жарату. Кезінде аға буынның салып кеткен ізінен жаңылмай, олардың өнегелі істерін, дәстүрін, еңбек жолдарын абыроймен жалғастырып, теңдессіз алып кеніштерді игеріп жатқан мұнайшыларға зор денсаулық, баянды бақыт және ұзақ өмір, еліміздің ертеңі жолындағы еңбектеріне жаңа жетістіктер тілеймін. – Әңгімеңізге рахмет. Мереке құтты болсын! Әңгімелескен Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.