«Хабар» агенттігі қазақтың біртуар ұлдары мен қыздары, ұлы тұлғалары туралы тарихи-танымдық картиналар түсіруді жалғастыруда. Көрерменге Бауыржан Момышұлы, Күләш Байсейітова, Нұрғиса Тілендиев сынды дарабоздар жөнінде туындыларын тарту еткен арна жақында «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқов туралы фильмнің тұсауын кеседі. Төрт бөлімнен тұратын драма ұлы сазгердің өмір жолы мен шығармашылығынан сыр шертеді.
Оның әндерін еңбектеген баладан бастап, еңкейген шалға дейін жақсы біледі, талай адам «Есейіп кетсем де, Мен саған сәбимін. Көңіліңді көктемдей, Көзіңнен танимын», деп анасына деген махаббатты әнге қосып жеткізсе, талай ғашық «Әнім сен едің кешке салатын, Содан жас жаным бақыт табатын», деп сүйген жарға іңкәр сезімін білдірді. Ал дүйім қазақ жұрты «Менің Қазақстаным» әнімен таңды атырып, еліміздегі бүкіл маңызды шаралар дәл осы әнмен ашылады. Иә, Шәмшіні қазақ бекер «патшаға» баламаған болар. Оның музыкасы әлі күнге дейін миллиондаған жүректі тебірентіп жүр, алдағы сан ғасыр ұмытылмасы да анық. «Ақ бантик», «Арыс жағасында», «Қайықта», «Бәрінен де сен сұлу», «Дүнген қызы» сынды лирикаға тұнған туындылары тыңдаушының құлақ құрышын қандырып, байтақ өлкемізді әсем әуенмен көмкерген.
Осы орайда «Хабар» агенттігі қазаққа 300-ге жуық ән сыйлаған, көрнекті сазгер, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқов туралы телехикая ұсынбақ. Картинаның режиссері көрерменге Күләш Байсейітованың өміріне негізделген «Күләш» телехикаясы арқылы жақсы таныс Жасұлан Пошанов. Сонымен қатар, Ж.Пошановтың «Шлагбаум» фильмінің режиссері болғаны да қалың жұрттың есінде болар. Дәл сол туынды Мароккода өткен кинофестивальде лауреат атанған еді. Режиссердің айтуынша, «Ән аға» хикаясының соңғы түсіру жұмыстары жүріп жатыр. Фильмде көрермен қазақ вальсінің королі, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмір жолын тамашалайды. «Сонымен бірге, біз халықтың көңілінен шығып, осы уақытқа дейін ұмытылмай келе жатқан әндердің шығу тарихы туралы сөз етеміз. Мәселен, оның «Ана туралы жыр» әнінің тарихы тереңде жатыр. Шешесінің науқастанып жатқанын білмеген сазгер ауылына, анасы қайтқаннан соң, жеті күннен кейін келеді. Сол, қайғылы күндері анасының алдында мәңгілік қарыздар баланың әні дүниеге келген. Туындының атақты болғаны соншалық, қырғыздар, татарлар, башқұрлар өз әндері деп санайды», – деді Жасұлан Пошанов. «Хикая шынайы шығу үшін түсіру жұмыстарының біраз бөлігі Шәмшінің туған ауылында жүрді. Оның балалық және бозбала шағын Отырарға барып түсірдік, қалған ғұмыры Алматы қаласымен байланысты болғандықтан, осы шаһарда жалғасын тапты», деп ойын жалғады режиссер.
Фильм Шәмшінің дүниеге келуінен басталады. Оңтүстік Қазақстан облысының Шәуілдір ауылында Әнәпия есімді ұстаның отбасында туған Шәмші бала күнінен елгезектігімен көзге түседі. Жеті жасынан бастап мандолинада ойнап, Ақан серінің «Балқадишасын» орындаған. Есейген соң Ташкент музыкалық училищесіне түсіп, алғашқы әндерін жаза бастайды. Оның дарынын алғаш опера әншісі Жамал Омарова байқап, оған туған жері Қазақстанға қайтып, өз елі үшін еңбек етуге кеңес береді. Атақты әншінің кеңесінен кейін шабыттанған Шәмші Құрманғазы атындағы консерваторияға түскен. Дегенмен, композитор оқу орнын аяқтай алмай, ғұмырының соңына дейін «әуесқой сазгерлердің» қатарында жүреді. Тау тұлғаның бейнесін ашу үшін фильмде Шәмшінің образын үш бірдей актер сомдайды. Яғни, бала Шәмші, жас Шәмші және қарт Шәмші. «Әртістерді таңдау кезінде актерлердің әртістік шеберліктерімен қоса, ұлы сазгерге түр-әлпетінің ұқсас болуын да ескердік. Баланың рөлін «Анаға апарар жол», «Шалғайдағы оқиға» фильмдеріне түсіп, елімізге танылып үлгерген кішкентай актер Нұрбол Мейрамбай сомдаса, жас Шәмшіні Астана қаласы Жастар театрының актері Дәурен Серғазин бейнелейді. Ал сазгердің егде жастағы бейнесін ашу Шәмшінің жерлесі, Отырар ауданы мәдениет үйінің білікті актері Мейірбек Қауымбаевқа жүктелді», дейді режиссер Жасұлан Пошанов.
Бұл жөнінде Мейірбек Қауымбаев: «Шәмші Қалдаяқовтың образын сомдау екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін дүние. Ұлы адамды сомдау өте қиын. Дегенмен, бар мүмкіншілігімізді салып, дайындалдық. Бұған дейін де Отырардағы халық театрында қойылған «Сыған серенадасы» қойылымында Шәмшінің образын сомдап жүрдім. Ол енді сахна, камераның алдында оңай емес екен. Бір ауылдың топырағында туғаннан болар, түр-әлпетіме қарап, ұқсататындар бар. Ал мінезіміздің қаншалықты ұқсайтынын білмеймін. Бағасын көзі қарақты көрермен берер», деп өз әсерімен бөлісті.
Сценарий авторлары – «Жау жүрек мың бала» фильмінің сценарийін жазған Жайық Сыздықов пен Мұхамед Мамырбеков. Картинаны келесі жылдың басында «Хабар» арнасынан көріңіздер!
Гүлнұр ӨТЖАНҚЫЗЫ