Бүгінде уақыт талабына сәйкес жаңарулар үстіндегі маңызды буындардың бірі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы саналады. Оны модернизациялау бағдарламасы аясында атқарылып жатқан іс-шаралар ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Соның ішінде тарифтік саясаттың негізгі бағыттары электр қуаты мен суды үнемді пайдалануды жолға қоюдың экономикалық та, әлеуметтік те мәні бөлек. Бұған байланысты талапшылдық пен жауапкершіліктің күшейтіле түсуі біршама оң өзгерістерге бет түзеткені байқалып та отыр.
Күрмеуі көп, күрделі де шаруашылықтағы іс-ізденістерді жаңғырту жолындағы бұл ұмтылыс жай-жапсары туралы Балқашта өткен кеңесте жан-жақты талқыланды. Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі Агенттік төрағасы Нұрлан Алдабергенов өз сөзінде қатысушыларға тарифтік саясаттың қызмет көрсетушілер мен тұтынушылар арасында жаңа қатынастарды қалыптастыруға қолайлы мүмкіндіктер ашқандығын, ал ол үш бағыттан тұратындығына тоқталды. Атап айтқанда, реттелуші сектордың инвестициялық тартымдылығын, энергия және ресурс үнемдеуді жетілдірудің іске тікелей әсері үлкен. Соның негізінде инвестициялық тарифтер бойынша жұмыс істеушілер санын ұлғайту, тұтыну көлеміне сәйкес саралау тарифтік тетіктерді енгізу, шикізат пен материалдар, отын мен энергия шығыны нормасын оңтайландыру белгіленген. Сөз орайында ортаға салынғандай осы шаралар нәтижесі жаман емес. Мәселен, бұрнағы жылы тұтынушылар тарапынан 284 миллион киловатсағат электр қуаты үнемделсе, бұл тұрғындардың оны жалпы тұтынымы көлемінің 2,3 пайызын құраған екен. Айғағы айдай көрсеткіш. Сондай-ақ 62 мың тонна көмірдің үнемделуі тұтынушылардың 3 миллиард теңге мөлшеріндегі қаражатын артық шығынға ұшыратпаған.
Кеңесте бұл бағытта Балқаш қаласындағы жағымды үдерістерге назар аудартылды. Электр қуатына саралау тарифтерін енгізу арқылы 2010 жылы балқаштықтар 14 миллион теңге үнемдей алған. Аталған тарифтерді қолдану және есептеу қондырғыларының орнатылуы арқасында, мысалы 3 бөлмелі пәтер тұрғындарының электр қуатына, жылуға, ыстық және салқын суға төлемақысы 1018 теңгені құраған.
Тұрғындар үшін тұтыну көлеміне байланысты суға осындай саралау тарифтері қазірдің өзінде бүкіл еліміз бойынша қолданылады, ал Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында ағымдағы жылы саралау тарифтері суды тұтыну бойынша тұрғындарға да енгізіледі. Мәселен, Теміртау қаласында суға тариф бағасы 1,17 текше метрге дейін жан басына айына – 29,50 теңгені, 2,49 текше метрге дейін 34,98 теңгені, одан асса 35,17 теңгені құрайды. Яғни, суды әркім төлем мүмкіндігіне қарай тұтына алады. Бұл тұтынушыларды суды үнемдеуге үйретеді. Есеп бойынша сол арқылы су үнемін 12 пайызға көтеруге болады. Электр қуатын пайдалануға да сондай тәсіл енгізілуінің пайдалы жақтары көп. Ол тек 2010 жылдың өзінде 2 миллиард теңге қаржы үнемдеуге ықпал етті. Айта кетер жәйт, саралау тарифтері топтар бойынша барлық аймақтарда екі деңгейлік жүйеде қолданысқа енгізілді. Бұл реформаның тиімділігі неде: тұрғындар мен өндірістік құрылымдар үшін белгіленген төлемақыда айырмашылық бар. Жалпы тұтынушылар: электр қуаты үшін тариф төмен екендігін атап «күн мен түн» тарифімен немесе тұтыну көлемі бойынша ақы төлеуге құқылы. Алдағы жылдарда үш деңгейлік жүйе енгізіледі. Сөйтіп тарифтік саясат әлемдік озық үлгілерге үйлестіріле түседі.
Кеңес алдында «Қазақмыс корпорациясы» Балқаш жылу электр орталығының жұмысымен танысылды. Оның директоры Мұхтар Сүлейменов баян еткендей Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен жасалған инвестициялық міндеттер ойдағыдай орындалуда. Келісім негізінде 809,7 миллион теңгені құрайтын сомада жабдықтарды қалпына келтіру, жөндеулер жүргізу, толықтай модернизациялау атқарылды. Соның нәтижесінде мәжбүрлі тоқталыстар күрт азайған, өндірістік және экологиялық көрсеткіштер елеулі жақсарған. ЖЭО қыс маусымын мықты дайындықпен қарсы алғалы отыр. Басшысы баса назар аудартқандай электр қуатына тариф кВт сағатына 4,10 теңгені , ал жылуға 1 Гкалорийға 827, 79 теңгені құрайды. Мұндай бағам еліміздегі ең төменгілердің бірі болып табылады.
Кеңесте «Қазақмыс» тобының энергетика департаментінің жетекшісі Н. Коробовский, жылу және электр желілері, электр стансалары департаменттерінің директорлары В. Сибагатуллин, Н.Елмұратов, «Балқашэнерго» кәсіпорнының басшысы Ш. Исатаев тарифтер мөлшерін ыңғайлау, инвестиялық бағдарламалардың орындалуы, нормативті техникалық шығындарды төмендету, тұтыну көлеміне сәйкес ортамерзімді тарифті енгізу нәтижесіндегі үнем, шығынсыз деңгейге дейін жету үшін тарифтерді кезең-кезеңімен көтеру туралы іс-шараларға тоқталып, талқыланудағы мәселеге қатысты пікір-ұсыныстарын білдірді.
Оның қорытындысында айтылғандай ел Үкіметінің бекіткен 2020 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы аясында іс-ізденістер ширатылып, осы саладағы тарифтік саясатты уақыт талабына сай жүргізу өрістетіле түседі.
Кеңеске Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Нығматулин қатысты.
Айқын НЕСІПБАЙ, Балқаш.